Қабанбай батырдың Үрімжіге барғаны жалған болып шықты

5330
Қабанбай батырдың Үрімжіге барғаны жалған болып шықты - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Кейбір деректерде Қабанбай батырдың Қытай (Цин империясы) аумағына барғаны туралы айтылады. Нақты айтар болсақ,  1758 жылдың (кей деректерде 1759 жыл делінеді) қыркүйек айында Абылай ханның бастамасымен Қабанбай батыр Цин империясының өкілдерімен саяси және сауда келіссөздерін жүргізу үшін қазіргі Қытай аумағындағы Үрімжі қаласына барған делінеді. Бұл сапарда Қытаймен сауда қатынасын орнатып, қазақтардың Цин патшалығына жылқы сатуға қол жеткізеді.

Қабанбай батыр бастаған қазақ делегациясы Үрімжіге 300-ден астам жылқы айдап барып, екі ел арасындағы алғашқы ресми сауда мәмілесін жасаған. Бұл қазақ-қытай арасындағы бейбіт қарым-қатынас пен шекаралық мәселелерді реттеуге бағытталған маңызды қадам болған. Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысы, Тоғызтарау ауданында «Қабанбай шоқысы» деп аталатын биік тау шыңының сақталуы да батырдың сол өңірлердегі жорықтары мен дипломатиялық миссияларының ізі ретінде тарихта қалған делініп келді. 

Оқи отырыңыз: «Абылай хан қалмақ тілінде сөйлеген» - тарихшы

Алайда кейінгі зерттеулер бұл деректерді жоққа шығарып отыр. Белгілі тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімнің жазуынша, Қабанбай батыр Үрімжіге бармаған. 

«Қабанбай батыр Үрімжіге барған ба...

Жоңғарлар жойылғаннан кейін Қазақ хандығы мен Цин патшалығы 1757 жылы ресми қарым-қатынас орнатты. Бұл қазақтың жыл қайыруы бойынша сыйыр жылына тура келеді. Осы жылдың күзінде Кенжеқара бастаған Абылай мен Әбілпейіздің елшілері Цин ордасына барып, патшамен дидарласып қайтты. Осыдан кейін көп өтпей екі ел арасында сауда-саттық ісі қолға алынды.

Бастабында Абылай мен Әбілпейіз сауда базары Үліңгірде (ШҰАР Бурылтоғай ауданында орналасқан көл) болсын деген өтініштерін білдіреді, бұған Цин үкіметі «жер шалғай, сауда жасауға қолайсыз» деген уәж айтып, сауда жармеңкесі етіп Үрімжі, Еренқабырғаны белгілейді.  

Сөйтіп Цяньлун жылнамасының 23-жылы 9-айдың 17-күні (григориян күнтізбесі бойынш 1758 жылы 29 қазан) Қазақ хандығы мен Цин патшалығы Үрімжіде тұңғыш рет сауда жасасты.

Бұл туралы қытай жазбаларында («平定準噶爾方略 Жоңғарларды тыныштандырудың стратегиясы», «清高宗實錄 Цяньлун патшаның орда күнделігі») былай хатталған:

Нусан қатарлылардың мәлімдеуінше, қазақтың Қабанбайы Букучаханның (布庫察罕 Бұғышаған?) ұлын адам шығарып жеткізумен бірге, 300-ден астам жылқы айдатып, 9-айдың 17-күні Үрімжіде саудалаған.

Ал «清代西北民族貿易史 Цин дәуіріндегі Батыс терістіктегі ұлттардың сауда тарихы» атты кітапта, Нусань мен Юндэ: «Халха жасағының қорғаушысы Батыр мен солон сяоцисяоы Солилар Қабанбайдың ұлы Едіге мен інісі Томтай (Туматай) қатарлы 57 адамды бастап, мініс көліктерімен қоса жиыны 380 неше жылқыны айдап, 9-айдың 17-күні Үрімжіге жетті» деп мәлімдеді делінген.

Қай дереккөзін алсақ та, Қабанбайдың Үрімжіге бармағаны аңғарылады», - деп жазған тарихшы өзінің facebook парақшасында.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз