Абылай ханның хаттарының біразы қалмақ тілінде жазылған. Бұл туралы белгілі тарихшы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы айтты, деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Тарихшының айтуынша, қазақ-жоңғар қатынасы жұрт ойлағандай үнемі қақтығыста, алапат соғыста, қырғи-қабақ жағдайда болмаған. Екі ел тату-тәтті отырған кездері көп болған. Атыс-шабыс, қырғын болды деп айтамыз. «Ақтабан шұбырынды, алқақөл сұлама» деген терминдеріміз бар. Шын мәнінде, тарихи деректерге қарасақ, қазақ-жоңғар қатынасының көп бөлігі бейбіт болған. Шекаралас аймақтарда тілдік байланыс болған.
«Абылайдың қалмақ тілін білуіне осы жағдай да әсер етуі мүмкін. Екіншіден, 1741 жылы жоңғарларға қолға түседі. Үш жылдай отырды. Ол жақта зынданда әлде тұтқында, яғни нақты қайда отырғаны белгісіз. Хатқа түспеген. Осы үш жылда Абылай жай жатпаған секілді. Қалмақтың жазу-сызуын үйреніп келген болуы мүмкін. Себебі, тұтқыннан оралғаннан кейінгі хаттарының бірталайы тот-ойрат тілінде жазылған. Біздіңше, қалмақ жазуы. Көне жазбаларда жазу тілі қалмақша деп беріледі. Мысалы, біздің хаттардың ішінде мұсылманша және қалмақша деп бөлінеді. Қалмақша дегені – тот жазуы, мұсылманша дегені – араб-парсы әліпбиімен жазылғаны.Абылайдың тікелей өзі Цинь патшалығына жазған хаттарының көбі осы қалмақ жазуымен жазылған. Хатында дәрі сұратқан. Тағы бір хатында шекара асып кеткен қашқын-босқын алмасу жайы баяндалады.1768 жылы Қашғар ұлығына жіберілген хатын таптық. Ол да сол 1757 жылғы бір хаты сияқты осылай. Бұдан шығар қорытынды: сол дәуірдегі сарай жазуы, элита өкілдері бір емес, бірнеше тіл білген. Әсіресе Абылай хан», – дейді ол Қазақстан тарихы порталына берген сұхбатында.