«Отырықшылардың көзімен қазақ тарихын зерттеу — үлкен қателік» — тарихшы

43
«Отырықшылардың көзімен қазақ тарихын зерттеу — үлкен қателік» — тарихшы - e-history.kz

Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум кезінде тарихшы, картограф, “Abai Labs” ғылыми-инновациялық паркіне қарасты «Шығыс Қолжазбалар Мұрасы» халықаралық деректану орталығының жетекшісі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Нұрлан Кенжеахметпен сұхбаттасқан болатынбыз. Әңгіме барысында ғалым көшпелі өркениет туралы қалыптасқан қате түсініктер, Алтын Орданың карталары, ғұндардан басталатын мемлекеттілік дәстүрі, «моңғол» атауының тарихи мәні, Жошы ұлысы мен қазақ мемлекеттілігінің сабақтастығы туралы кеңінен сөз қозғады. 

«Көшпелі», «отырықшы» дегеннің өзі – жасанды ұғым

Соңғы ғасырларда әлем тарихы көбіне еуроцентристік көзқараспен жазылды. Өркениет ұғымы қала, тас ғимарат, егіншілікпен байланыстырылып, көшпелі қоғам көбіне төменгі деңгейдегі құрылым ретінде сипатталды. Нұрлан Кенжеахмет мұның түбегейлі қате түсінік екенін айтады.

«Қазір “көшпелі”, “отырықшы” дегеннің бәрі жасанды атаулар. Соңғы замандарда еуроцентристік көзқарас қалыптасты. Еуропалықтар бәрін өздері жаратқандай көрсетті. Басқа халықтарды төмен санады. Соның салқыны бүкіл дүниежүзі тарихына әсер етті», – дейді ғалым. 

Оның айтуынша, адамзат тарихында бұл екі өркениет қатар дамыған. Бірақ дала мәдениеті өзіне тән ерекше өмір салтын қалыптастырды. «Біздің ата-бабаларымыз ғұндардан бастап Кенесарыға дейін ат жалында жүрді. Олар қойдың немесе сиырдың артынан кеткен жоқ. Бүкіл өмір салты әскери, қозғалысқа бейім өркениет болды», – дейді Нұрлан Кенжеахмет. 

Ғұндардың киімі кейін «қытай мәдениеті» болып кетті

Ғалым сұхбат барысында Қытай өркениетінің өзінде көшпелі халықтардың ықпалы зор болғанын айтты. Оның сөзінше, ежелгі Қытай мемлекеттері ғұндардың әскери мәдениетін, киім үлгісін, атқа міну тәсілін үйренген.

«Ғұндардың киімі тар жеңді, соғысқа ыңғайлы болды. Қытайлар соны қабылдады. Атқа мінуді үйренді. Қазір Сианьдағы Цинь Шихуан әскері мүсіндеріне қарасаңыз, көп дүниесі ғұндардың мәдениетіне ұқсайды. Бірақ дүниежүзі оны “қытай мәдениеті” деп қабылдап кеткен», – дейді ол. 

Нұрлан Кенжеахметтің пікірінше, үзеңгінің, ердің, ат әбзелдерінің барлыққа келуі адамзат тарихындағы ең үлкен әскери жаңалықтардың бірі болды.

«Қазақ тарихын отырықшылардың көзімен зерттеу – үлкен қателік»

Сұхбаттағы ең өткір ойлардың бірі осы болды. Ғалым қазақ даласының кең аумағын сақтап қалуда көшпелі әскери мәдениеттің рөлі ерекше болғанын айтады.

«Отырықшылардың көзімен қазақ тарихын зерттеу – үлкен қателік. Осы қазақ жері дүниежүзінде тоғызыншы орында тұр. Осы жерді алып берген – сол ата-бабалардың жауынгерлігі», – дейді ол. 

Оның айтуынша, көшпелілер табиғатты бағындыруға емес, онымен үйлесімде өмір сүруге ұмтылған. «Табиғатты бағындырмаған. Табиғатпен етене болған. “Отқа түкірме”, “ағып жатқан суға дәрет сындырма”, “шөпті жұлма” деген ырымдардың бәрі содан шыққан», – дейді тарихшы. 

«Қытайдың солтүстігіндегі ормандарды адам қолымен жойып жіберген»

Ғалым отырықшы және көшпелі өркениеттердің табиғатқа қатынасын салыстырып өтті. «Қытайдың солтүстігіндегі сары топырақты үстірттер бұрын орманды алқап болған. Адам қолымен жойылған. Ал көшпелілер табиғат заңдылығына қайшы келмеген», – дейді ол. 

Бұл жерде ғалым көшпелі мәдениетті «артта қалған» емес, экологиялық тепе-теңдікті сақтай білген өркениет ретінде қарастыру қажеттігін меңзейді.

Көшпелілердің «қаласы» қандай болды?

Нұрлан Кенжеахмет көшпелілерде де өзіндік «қала» ұғымы болғанын айтады. Бірақ ол бүгінгі түсініктегі тас қала емес. 

«Көшпелілерде де көшпелі қала болған. Оларды алыстан қарағанда бір қала көшіп бара жатқандай көрінген. Саудагерлер мен елшілер соның артынан еріп жүрген», – дейді ғалым. 

1331 жылғы карта және Алтын Орданың нақты шекарасы

Сұхбаттың ең қызықты бөлігінің бірі – көне карталар туралы әңгіме болды. Нұрлан Кенжеахмет 1331 жылы сызылған карта туралы айтты.

«1331 жылы сызылған картада Алтын Орданың шекарасы нақты көрсетілген. Батысында орыстар, черкестер, қыпшақтар белгіленген. Шығысында Ертіске дейін барады. Оңтүстігі Хорезм мен Сайрамға дейін жетеді», – дейді ол. 

Ғалым бұл картаны арнайы зерттеп, 2021 жылы монография жариялағанын айтты. «Қазақ ғалымдары бұл картаға әлі мән бермей жүр», – дейді ол. 

«Моңғол» қазіргі Моңғолия халқы ғана емес

Сұхбат барысында Нұрлан Кенжеахмет «моңғол» атауына қатысты да маңызды пікір айтты.

Оның сөзінше, XIII ғасырдағы «моңғол» ұғымын қазіргі Моңғолия халқымен ғана байланыстыру қате. «Моңғол дегенді қазіргі моңғолмен шатастырмау керек. Ол кезде далалық халықтардың бәрін кең мағынада “моңғол” деп атаған», – дейді ғалым. 

Ол Шыңғыс хан тұсындағы құрылымда найман, керей, жалайыр секілді тайпалардың бәрі бір жүйеге кіргенін айтады.

Қазақ мемлекеттілігі қайдан басталады?

Нұрлан Кенжеахмет қазақ мемлекеттілігін тек Алтын Ордадан бастау дұрыс емес екенін айтады. «Қазақ хандығы Жошы ұлысының заңды мұрагері деп айтуға болады. Бірақ қазақ мемлекеттілігінің бастауын тек Жошы ұлысынан бастауға болмайды. Одан бұрын Қыпшақ мемлекеті, Батыс Түрік қағанаты, Көк Түрік қағанаты, Ғұн империясы болды», – дейді тарихшы. 

Ғалым ғұндардан бастап Кенесарыға дейін жалғасқан мемлекеттілік идеологиясы болғанын айтады. «Алтын ұрық сол кезде “Алаш” деп аталған. Кейін төрелік жүйе соған жалғасты», – дейді ол. 

«Паспорт бізден бастау алған деуге болады»

Сұхбатта Алтын Орда дәуіріндегі халықаралық қатынастар мәселесі де қозғалды. Ғалымның айтуынша, сол кезеңде пайза деп аталатын арнайы рұқсат құжаттары болған.

«Алтын Орда дәуірінде сыртқа шығатын елшілерге пайза берілген. Соның арқасында халықаралық жолдармен еш кедергісіз жүрген. “Паспорт бізден бастау алған” десек те болады», – дейді Нұрлан Кенжеахмет. 

«Ең қымбаты – тәуелсіздік»

Сұхбат соңында ғалым тәуелсіздік туралы ерекше тебіреніспен айтты. «Көп адам “денсаулық – зор байлық” дейді. Мен оған келіспеймін. Ең қымбаты – тәуелсіздік. Тәуелсіз елің болса ғана өзіңді еркін сезінесің», – дейді ол. 

Нұрлан Кенжеахметтің әңгімесінде тек тарих қана емес, тарихи сана туралы үлкен ой жатыр. Ол көшпелі өркениетті бүгінгі өлшеммен емес, өз табиғатымен түсінуге шақырады. Өйткені Еуразия даласының тарихы – тек жаугершілік немесе көшіп-қону тарихы емес. Ол – мемлекеттілік, әскери өнер, кеңістік философиясы, табиғатпен үйлесім және еркіндік рухының тарихы.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз