Қазақстан аумағында XVIII ғасырдан сақталған азаматтық ғимараттардың бірі – Емельян Пугачев музей-үйі. Ғимарат XVIII ғасырдың орта шенінде қарапайым казак Петр Кузнецовтың үйі ретінде салынған. Кейін бұл үй Емельян Пугачевтің екінші жұбайы Устинья Кузнецова тұрған орын ретінде тарихта қалған. Ендеше бүгін сол музей тарихымен жақынырақ танысайық.
Музей туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар.
Пугачев және Орал қаласы
Емельян Пугачев – XVIII ғасырдағы Ресей империясындағы ең ірі шаруалар көтерілісінің жетекшісі. Ол 1742 жылы Дон өңіріндегі Зимовейская станицасында дүниеге келген. Жастайынан әскери қызметке араласып, Жеті жылдық соғыс пен Ресей–Түркия соғысына қатысқан. Әскери ортада шыңдалған Пугачев кейін патша билігіне қарсы шыққан көтеріліс басшысына айналады.
1773 жылы ол өзін тақтан тайдырылған ІІІ Петр патшамын деп жариялап, халықты өз жағына тарта бастайды. Сол кезеңде Ресей империясының шет аймақтарында әлеуметтік жағдай ауыр еді. Казактар, шаруалар мен түрлі этностар патша өкіметінің қысымына наразы болған. Осы жағдай Пугачев бастаған көтерілістің тез таралуына әсер етті. 1773–1775 жылдардағы көтеріліс кезінде Пугачев Жайық өңіріне келеді. Бұл аймақ көтеріліс тарихында маңызды орын алды. Себебі Жайық казактарының бір бөлігі патша билігіне қарсы болған. Сонымен қатар көтеріліске Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының кейбір рулары, башқұрттар, татарлар, чуваштар және мордва халықтарының өкілдері қатысқан.
Пугачев Оралға келген кезде өзін заңды патша ретінде таныстырған. Сол себепті жергілікті ауқатты казактар оған арнайы резиденция дайындаған. Пугачевке Михаил Толкачевтің үлкен үйі беріледі. Бұл ғимарат кейін халық арасында «Пугачев сарайы» деп аталып кеткен. Тарихи деректерге қарағанда, ол екі қабатты, қызыл кірпіштен салынған үлкен үй болған. Дәл осы резиденцияда Пугачев жергілікті казактармен кездесіп, әскери мәселелерді талқылаған. Кей деректерде көтерілісшілердің маңызды шешімдері осы үйде қабылданғаны айтылады. Өкінішке қарай, Михаил Толкачевтің үйі бүгінге дейін сақталмаған. Ал қазіргі Пугачев музей-үйі Пугачевтің екінші жұбайы Устинья Кузнецова тұрған үй ретінде тарихта қалған. Сондықтан халық арасында бұл жер ұзақ уақыт «казак патшайымының үйі» деп те аталған.

Пугачев Орал қаласында болған кезеңде жергілікті тұрғындар арасында үлкен ықпалға ие болған. Кей адамдар оны шынымен патша деп сенген. Сол себепті көтеріліс қысқа уақыт ішінде Жайық өңіріне кең тараған. Алайда көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін жағдай күрт өзгереді. 1775 жылы Пугачев Мәскеуде жазаланып, артынша ІІ Екатерина арнайы жарлық шығарады. Осы жарлықтан кейін Яик қаласының атауы Уральск болып өзгертіледі. Сонымен бірге Яик өзені де ресми түрде Урал деп атала бастайды. Бұл өзгерістер көтеріліс туралы естеліктерді халық жадынан өшіру мақсатында жасалғаны айтылады.
Устинья Кузнецова тағдыры
Музейдегі ең әсерлі бөлімдердің бірі – Емельян Пугачевтің екінші жұбайы Устинья Кузнецоваға арналған экспозиция. Оның тағдыры XVIII ғасырдағы көтеріліс оқиғаларымен тікелей байланысты. Тарихи деректерге қарағанда, Устинья қарапайым казак отбасында дүниеге келген. Әкесі Петр Кузнецов Жайық казактарының бірі болған. Кейін дәл солардың үйі қазіргі Пугачев музейінің негізіне айналды.
Устинья Пугачевке тұрмысқа шыққанда әлі 17 жасқа да толмаған еді. Неке 1774 жылы Орал қаласындағы Петр мен Павел шіркеуінде қиылған. Сол кезеңде Пугачев өзін ІІІ Петр патша ретінде таныстырып жүргендіктен, бұл үйлену тойы да ерекше жағдайда өткен. Кей деректерде көтерілісшілер Устиньяны «патшайым» деп атағаны айтылады. Өкінішке қарай, бүгінге дейін Петр мен Павел шіркеуі сақталмаған. Қазіргі уақытта оның орнына Александр Пушкиннің ескерткіші орнатылған. Ал Устинья тұрған үй XVIII ғасырдан жеткен сирек ғимараттардың бірі ретінде сақталып қалды.

Пугачев пен Устиньяның отбасылық өмірі өте қысқа болып, некелері небәрі екі жарым айға созылған. Сол уақыт ішінде Устинья күйеуін шамамен он рет қана көрген. Себебі Пугачев көтеріліс басшысы ретінде үнемі әскери жорықтар мен шайқастарға қатысып жүрген. 1775 жылы көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Пугачев Мәскеуде ұсталып, Болотный алаңында өлім жазасына кесілді. Осыдан кейін оның отбасы мүшелеріне де ауыр жаза қолданылды. Пугачевтің бірінші әйелі Софья мен балалары, сондай-ақ Устинья Кузнецова өмір бойына түрмеге қамалды. Тарихи деректер бойынша олар Кексгольм бекінісінде тұтқында болған. Устинья өмірінің қалған бөлігін қамауда өткізген. Кей мәліметтерде оның шамамен 50 жасында түрмеде қайтыс болғаны айтылады.

Бүгінде музейде Устинья Кузнецоваға арналған арнайы бұрыш жасақталған. Экспозицияда XVIII ғасырдағы казак әйелдерінің киім үлгілері, тұрмыстық заттар, ыдыс-аяқтар мен сол кезеңнің атмосферасын көрсететін жәдігерлер қойылған.
Музейдің ашылуы және ғимарат тарихы
Пугачев көтерілісі аяқталғаннан кейін бұл үй ұзақ уақыт қараусыз қалған. XVIII ғасырдың соңында көтеріліске қатысы бар көптеген нысан бақылауға алынғандықтан, ғимарат та біраз уақыт пайдаланылмай тұрған. Кейін үй әртүрлі иелердің қолына өтіп, бір кезеңдерде қарапайым тұрғын үй ретінде қолданылған. XX ғасырдың басында ғана ғимарат қайта жандана бастайды. Сол кезеңде көне үйдің тарихи маңызына назар аударылып, оны сақтау мәселесі көтеріледі. Кеңес дәуірінде бұл нысан Пугачев көтерілісіне қатысты тарихи орын ретінде таныла бастады. 1967 жылы ғимаратта Пугачев атындағы кітапхана ашылған. Бұл кезеңде үй толық музей болмаса да, тарихи-мәдени нысан ретінде пайдаланыла бастаған. Кейін зерттеушілер мен музей мамандары ғимараттың XVIII ғасырдан сақталған сирек ескерткіш екенін дәлелдеп, оны қорғауға алу туралы ұсыныстар жасаған. 1991 жылдан бастап үй ресми түрде музей ретінде жұмыс істей бастады. Сол уақыттан бері ол Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде есептеледі. Музей ашылғаннан кейін мұнда Пугачев көтерілісіне, XVIII ғасырдағы Орал тарихына және Жайық казактарының тұрмысына арналған арнайы экспозициялар жасақталған.

Ғимарат бірнеше мәрте күрделі қалпына келтіру жұмыстарынан өткен. Реставрация кезінде мамандар үйдің тарихи келбетін мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысқан. Әсіресе XVIII ғасырдан жеткен ағаш бөренелер, терезе жақтаулары мен есік құрылымдарына ерекше мән берілген. Музей қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі үйдің негізгі ағаш конструкцияларының бір бөлігі сол XVIII ғасырдан сақталған. Бұл – Қазақстан аумағындағы өте сирек кездесетін жағдайлардың бірі. Себебі елдегі көптеген көне ағаш ғимараттар уақыт өте толық өзгеріске ұшыраған. Үйдің архитектурасында да сол дәуірдің ерекшелігі байқалады. Қалың ағаш қабырғалар, шағын терезелер мен төмен төбелі бөлмелер XVIII ғасырдағы Жайық казактарының тұрмысын көрсетеді. Музей ішіндегі кей бөлмелер әдейі сол кезеңдегі қалпында сақталған.
Музей экспозициясының алғашқы залдарының бірі түгелдей Пугачев көтерілісі кезеңіне арналған. Бұл бөлімде XVIII ғасырдағы әскери қару-жарақтардың үлкен коллекциясы қойылған. Экспозиция арқылы сол дәуірдегі соғыс техникасы мен Жайық казактарының әскери тұрмысын көруге болады. Мұнда азиялық қылыштар, мушкеттер, пистолеттер, шпагалар, найзалар және шағын зеңбіректер сақталған. Көптеген қару түпнұсқа күйінде бүгінге дейін жеткен. Кейбір жәдігерлердің метал бөліктері мен ағаш саптары XVIII ғасырдан қалған бастапқы қалпын сақтап тұр. Экспозициядағы қарулардың арасында шығыс үлгісіндегі қылыштар ерекше көзге түседі. Музей қызметкерлерінің айтуынша, олардың кейбірі Жайық өңіріне қазақ даласы мен Орта Азия арқылы тараған. Сонымен қатар мұнда казак әскерлері қолданған еуропалық үлгідегі шпагалар мен кремнийлі мушкеттер де қойылған. Кей қарулардың бетінде арнайы гравировкалар сақталған. Онда қарудың кімге тиесілі болғаны және қандай ерлігі үшін берілгені жазылған. Тарихи деректерге қарағанда, Пугачев көтерілісін қолдамай, патша әскері жағында соғысқан казактарға ІІ Екатерина арнайы марапат ретінде осындай қарулар табыстаған.

Экспозициядағы ең сирек жәдігерлердің бірі – ІІ Екатерина патшайымның былғары қолғабы. Ол алтын жіптермен кестеленіп, сәндік өрнектермен безендірілген. Тарихи дерек бойынша патшайым бұл қолғапты Пугачевті Мәскеуге дейін жеткізуге қатысқан атаман Бородинге сыйға тартқан. Музейде сондай-ақ XVIII ғасырдағы оқ-дәрі құтылары, оқшантайлар мен әскери жабдықтар да қойылған. Бұл заттар көтеріліс кезеңіндегі әскери өмірдің қандай болғанын көрсетеді. Кей жәдігерлердің жанында олардың қай жерден табылғаны мен қандай оқиғамен байланысты екені туралы қосымша мәліметтер берілген.

Музейдегі ең қызықты жәдігерлердің бірі – Емельян Пугачевтің сирек портреті. Бұл картина XVIII ғасырдан сақталған ең құпия тарихи туындылардың бірі саналады. Портретті нақты кім салғаны белгісіз. Дегенмен зерттеушілер оның Пугачев тірі кезінде немесе көтерілістен кейін көп ұзамай салынған болуы мүмкін екенін айтады. Картинада Пугачев әскери киіммен бейнеленген. Оның жүзі мен көзқарасы сол кезеңдегі тарихи сипаттамаларға сәйкес келеді деп есептеледі. Сондықтан музей қызметкерлері бұл портретті көтеріліс басшысының шынайы бейнесіне ең жақын суреттердің бірі ретінде таныстырады. Алайда картинаның басты ерекшелігі – оның астында тағы бір бейненің жасырын болуы. XX ғасырдың 30-жылдары белгілі реставратор Богословский картинаны тазарту жұмыстарын жүргізген кезде кенептің бетіне екі түрлі бейне салынғаны белгілі болады. Зерттеушілердің пайымдауынша, бастапқыда кенепте ІІ Екатерина бейнеленген болуы мүмкін. Кейін көтеріліс кезінде немесе одан кейін белгісіз суретші сол кенептің үстіне Пугачевтің портретін салған деген болжам бар. Реставратор картинаны толық тазартуды тоқтатып, оны сол күйінде қалдыру туралы шешім қабылдаған. Себебі қос қабатты бейне тарихи тұрғыдан аса құнды деп танылған. Егер жоғарғы қабат толық алынып тасталса, Пугачевтің сирек бейнесі жоғалуы мүмкін еді.

Музейдегі тағы бір ерекше экспонат – Емельян Пугачевті тасымалдауға арналған темір тордың көшірмесі. Бұл жәдігер Пугачев көтерілісінің соңғы кезеңімен тікелей байланысты. Түпнұсқа темір тор қазіргі уақытта Мәскеудегі тарихи музей қорында сақталған. Ал Оралдағы музейде оның арнайы жасалған көшірмесі қойылған. Тарихи деректерге сәйкес, Пугачев қолға түскеннен кейін дәл осындай темір тордың ішінде күзетпен тасымалданған. Тор темір құрсаулармен бекітіліп, сыртынан құлыпталған. Көтеріліс жетекшісін халыққа көрсету және оның беделін түсіру мақсатында оны осылай арнайы алып жүргені айтылады. Темір тордың көлемі шағын болғандықтан, тұтқын онда еркін қозғала алмаған. Сондықтан жәдігер сол кезеңдегі тарихи оқиғалардың ауыр атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

Музей туралы фоторепортажды арнайы бөлімнен көре аласыздар.
* Материалды әзірлеуде қол ұшын созған Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейіне алғысымызды білдіреміз