Жошы әулетінің билігі Ұлы даладағы мемлекеттік сабақтастықтың айқын көрінісі.
Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда - дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Жошы ұрпақтары Еуропадағы Габсбургтер секілді ғасырлар бойы Ұлы даладағы түрлі мемлекеттік құрылымдарға билік жүргізді.
«Бұл Жошы хан ұрпақтары құрған мемлекеттік жүйенің тұрақты әрі өміршең болғанын көрсетеді. Соның арқасында әртүрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт әрі тәртіпке негізделген ортада өмір сүрді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда дәуірінде құқықтық және саяси жүйенің ерекше үлгісі қалыптасқанын атап өтті.
«Алтын Орда кезеңінде дала заңы мен ислам қағидалары үйлескен жүйе қалыптасты. Ал құқықтық тәртіптің негізінде Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның Ұлы Ясасы тұрды. Заң үстемдік құрған империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл қоғамдық тәртіптің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді», – деді ол.
Президент тарихи деректерде Алтын Ордадағы басқару тетіктері туралы нақты мәліметтер сақталғанын жеткізді.
«Алтын Орда Еуразияның ұланғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы Дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы, яғни бірде-бір тарихшы күмән келтірмейді. Бұл — мойындалған тарихи дерек. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды. Бұл да дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеулерге арқау болғаны анық. Дегенмен, бұл тақырып әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ендеше, ешқашан жоғалтпайды. Бұл ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе.
Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесі болды. Сонымен қатар құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті. Ұлыстың әлеуметтік құрылымы тұрақты болғанымен, онда қатып қалған қағидалар емес, әділдік басты рөл атқарды. Әскерде де, мемлекеттік аппаратта да тәртіпке, адал қызмет пен жауапкершілікке ерекше мән берілді, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, дәл осы тиімді ішкі және сыртқы саясат Алтын Орданың ұзақ уақыт тұрақты мемлекет ретінде сақталуына мүмкіндік берді. – Алтын Орда Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатты. Тіпті тарихта «Ұлы дүрбелең» деген атпен қалған XIV ғасырдағы саяси дағдарыс кезеңінде де Алтын Орданың мемлекеттік жүйесі тұрақтылығын сақтап қалды. Кейін бұл басқару моделін Еуразия кеңістігіндегі көптеген мемлекеттер басшылыққа алды, – деді Президент.