«Отырарда 200 мың адам тұрған кезде Лондонда 40 мың ғана халық болған» — тарихшы

61
«Отырарда 200 мың адам тұрған кезде Лондонда 40 мың ғана халық болған» — тарихшы - e-history.kz

«Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы, PhD докторант, Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің магистрі Меруерт Доқтырханқызы Тілебалдиевамен «Тарих söile» жобасында сұхбаттасқан едік. Әңгімемізге Алтын Орданың өркениеттік моделі, көшпелі мәдениеттің ғылыми әлеуеті, табиғатпен үйлесім, заң жүйесі, білім мен тіл мәселесі арқау болды. 

Алтын Орда: өткеннің тарихы ғана емес, бүгіннің де жауабы

Соңғы жылдары Алтын Орда тақырыбына деген қызығушылық айқын күшейді. Бұрын көбіне әскери-саяси құрылым ретінде ғана қарастырылып келген Жошы ұлысының тарихы бүгінде өркениеттік тұрғыдан қайта зерделене бастады. Астанада өткен халықаралық симпозиум да осы жаңа көзқарастың бір көрінісі болды.

Жиынға әлемнің жиырмадан астам елінен келген тарихшылар, археологтар, антропологтар мен зерттеушілер қатысты. Олар Алтын Орданы тек өткен дәуірдің мұрасы ретінде емес, қазіргі адамзат алдында тұрған күрделі мәселелерге жауап бере алатын тарихи тәжірибе ретінде қарастырды.

Меруерт Тілебалдиева да әңгіме барысында осы мәселеге ерекше тоқталды. «Кешеден бері ұйымдастырылып жатқан симпозиумда әлем ғалымдарының ортақ іздеп отырғаны – құндылық мәселесі. Қазір ғылым да, технология да дамыды. Бірақ сол жетістіктерді адамзаттың қажетіне қалай тиімді пайдаланамыз деген сұрақ туындап отыр. Сондықтан әлем ғалымдары дала өркениетіне, Алтын Орда тарихына қайта үңіліп жатыр», – дейді ол.

Расымен, бүгінгі жаһандық дағдарыстардың дені табиғатпен қатынастың бұзылуынан, ресурстың ретсіз пайдаланылуынан, адамның рухани жұтаңдануынан туындап отыр. Ал көшпелі өркениет осы тепе-теңдікті сақтай білген мәдениет еді.

Көшпелі өркениет туралы ескі стереотип неге күйреді?

Ұзақ уақыт бойы әлем тарихнамасында көшпелі қоғам отырықшы өркениеттен төмен тұрған құрылым ретінде сипатталды. Бұл түсінік әсіресе еуроцентристік тарихнаманың ықпалымен орнықты. Алайда соңғы онжылдықтардағы археологиялық жаңалықтар мен жаңа зерттеулер бұл көзқарасты түбегейлі өзгертті.

Меруерт Тілебалдиева сұхбат барысында британдық зерттеуші Ник Филдингтің еңбектеріне тоқталып, Сыр бойындағы ортағасырлық қалалар жүйесін мысалға келтірді. «Ник Филдинг Сыр өңіріндегі су пайдалану жүйесін, ирригацияның қалай жұмыс істегенін зерттеп жүр. Оның айтуынша, сол аймақта бес жүзге жуық қала болған. Мысалы, Отырар қаласының халқы екі жүз мыңға жеткен кезде, сол уақытта Лондон халқы қырық мың ғана болған деген дерек келтіреді», – дейді зерттеуші.

Бұл – жай салыстыру емес. Бұл – дала өркениетінің инженерлік, шаруашылық, ұйымдастырушылық қуатын көрсететін нақты мысал. Көшпелілер табиғатты тек тұтынушы емес, оның заңдылығымен өмір сүретін өркениет болды. Су жүйесін жүргізу, ирригация, қала салу, мал шаруашылығы мен отырықшылықты ұштастыру – мұның бәрі ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибе еді.

Айша бибі кесенесі – органикалық құрылыс

Сұхбаттағы ең қызықты тұстардың бірі – ортағасырлық құрылыс технологиясы туралы ойлар болды. Бүгінде әлем экологиялық таза құрылыс материалдарын іздеп жатқанда, ортағасырлық түркі сәулетінде мұндай тәжірибе әлдеқашан қолданылған.

Меруерт Тілебалдиева Айша бибі мен Бабаджа қатын кесенелерін мысалға келтіріп: «Айша бибі кесенесінде, Бабаджа қатын кесенесінде кірпіш дайындау барысында органикалық өнімдер пайдаланылғаны туралы зерттеулер бар. Тіпті шаш пен тырнақты қосқаны айтылады. Қазіргі химиктер мен инженерлер соны зерттеп жатыр. Неге біз сол тәжірибені бүгін қайта пайдаланбасқа?» – дейді.

Шынында да, ғасырлар өтсе де мызғымай тұрған ескерткіштердің артында тек шеберлік емес, ғылыми негіз жатқанын бүгінде түрлі сала мамандары мойындай бастады.

Алтын Орда және табиғатпен үйлесім

Сұхбат барысында Меруерт Тілебалдиева көшпелі өркениеттің басты ерекшелігі ретінде табиғатпен үйлесімді атады. Бұл жерде ол Шыңғыс ханның «Яса» заңдарына тоқталып, көпшілік біле бермейтін жайттарды айтты. «Көктем мезгілінде балықтардың уылдырық шашатын уақытында балық аулауға тыйым салынған. Құстар жұмыртқалайтын кезде құс атуға болмайды деген заң болған. Бұл – табиғаттың тепе-теңдігін сақтау мәселесі. Яғни олар тек адамды ғана емес, бүкіл жаратылысты бірге қарастырған», – дейді ол.

Бұл сөздердің астарында үлкен өркениеттік таным жатыр. Бүгінде экология, биоалуантүрлілік, климат дағдарысы туралы әлем алаңдап отыр. Ал дала өркениеті табиғаттың заңдылығын бұзбай өмір сүрудің жолын әлдеқашан меңгерген еді.

«Заң халықтың пайдасына жұмыс істеуі керек»

Сұхбаттағы маңызды ойлардың бірі – мемлекет басқару жүйесі туралы болды. Зерттеушінің айтуынша, Алтын Орда дәуіріндегі заңдардың өміршең болуының басты себебі – олардың қоғам мүддесіне қызмет етуінде.

«Заң мемлекеттің мүддесі үшін ғана емес, халықтың, қоғамның пайдасына жұмыс жасаған. Егер заң халықтың дамуына қызмет етсе, халық оны қабылдайды», – дейді Меруерт Тілебалдиева.

Ол сондай-ақ басқару жүйесінде тәжірибелі мамандардың рөліне ерекше тоқталды. «Қоғамға шын жанашыр, тәжірибелі адамдарды алдыңғы қатарға шығару керек. Бізде қазір ғалымдарды, тілді меңгерген, озық ойлы адамдарды көбірек насихаттау қажет», – дейді ол.

Рухани әлеует және кітап оқитын қоғам

Сұхбатта Алтын Орданың рухани әлемі туралы да терең ойлар айтылды. Зерттеуші бұл дәуірді тек әскери немесе саяси қуатымен ғана емес, білім мен кітап мәдениетімен де бағалау қажет екенін айтады.

«Алтын Орда дәуірі материалдық байлықтан гөрі рухани әлеуетті көтерген заман болды деп айта аламыз. Әдебиет дамыды, адамдар араб, парсы, шағатай тілдерін меңгерді. Кітап шығарды», – дейді ол.

Оның айтуынша, бүгінгі қоғамда кітапхана мәдениетін күшейту аса маңызды. «Бізде жастар көбіне ойын-сауық орталықтарында жүреді. Ал кітапханаларда адам аз. Театрды, музейді, кітапханаларды қолжетімді ету керек. Баланың кітапқа өздігінен келуіне жағдай жасау қажет», – дейді ғалым.

«Қазақтың басы бұрыннан ChatGPT»

Сұхбаттың ең есте қалған тұстарының бірі – қазіргі технология мен дәстүрлі таным туралы салыстыру болды. Меруерт Тілебалдиева жастар мен технология тақырыбын қозғай отырып: «Қазір ChatGPT шықты ғой. Бірақ қазақтың басы бұрыннан ChatGPT болған. Оның қолында телефон да, компьютер де болмады. Бірақ бәрін миында сақтады. Жолды жұлдызбен тапты. Жер-су атауларын жатқа білді», – деді.

Бұл сөздің астарында халқымыздың есте сақтау мәдениеті, көру арқылы тану қабілеті, ауызша білім беру дәстүрі жатыр. Шынында да, құйма құлақтық, шежіре сақтау, жұлдызбен жол табу – дала мәдениетінің интеллектуалдық қуатын көрсететін құбылыстар.

«Отырарға барар едім…»

Сұхбат соңында Меруерт Тілебалдиеваға «уақыт машинасы болса, Алтын Орда дәуірінің қай кезеңіне барар едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Ол еш ойланбастан Отырарды атады.

«Әл-Фарабиді дүниеге әкелген, әлемнің екінші ұстазы деңгейіне жеткізген Отырарға барар едім. Отырарды бай кітапханалары болған қала, әділетті, арды жоғары қойған қоғам деп танимын», – деді ол.

Бұл жауаптың өзінен-ақ бүгінгі ұрпақтың өткенге деген сағынышы ғана емес, тарихи тамырдан қуат іздеуі байқалады. Өйткені Алтын Орда – тек шежіре емес. Ол – бүгінгі қоғамға да қажет тәжірибе. Табиғатпен үйлесім, әділетке негізделген заң, білімге құрмет, рухани құндылық, тілдің қуаты, мемлекеттің жауапкершілігі – мұның бәрі дала өркениетінің өзегінде жатқан ұстанымдар еді. Ал бүгін адамзат дәл осы құндылықтарды қайта іздеп отыр.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз