Алғашқы Ата заңның негізін қалаған хан

24.04.2026
49
Алғашқы Ата заңның негізін қалаған хан - e-history.kz

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы алғаш рет халықаралық аренада ірі мемлекет ретінде танылды.

Қазақ хандығының тарихында есімі айбынмен аталатын тұлғалар аз емес. Алайда, мемлекеттің іргесін бекітіп, шекарасын айқындап, халқының санын миллионға жеткізген бірегей тұлға - Қасым хан. Тарихшылар оның билік құрған кезеңін (1511–1521 жж.) Қазақ хандығының дәуірлеу шыңы деп бағалайды.

Қасым ханның таққа отыруы

Қасым хан - Қазақ хандығының негізін салушы Жәнібек ханның ұлы. Ол таққа бірден отырған жоқ. Ұзақ уақыт бойы Бұрындық ханның тұсында бас қолбасшы болып, елдің ішкі-сыртқы саясатында үлкен бедел жинады.

Қасым сұлтанның беделінің жоғары болғаны соншалық, Мұхаммед Хайдар Дулатидың жазуынша, Бұрындық хан болса да, халық іс жүзінде Қасымның айтқанымен жүрген. Ақыры, 1511 жылы халықтың қалауымен ол ресми түрде хан сайланды.

Миллиондық армия құрды

Қасым ханның тұсында Қазақ хандығы алғаш рет халықаралық аренада ірі мемлекет ретінде танылды.

Батыста Жайық өзеніне дейін, оңтүстік-батыста Сырдарияның оң жағалауына дейін, солтүстік пен шығыста Ұлытау мен Балқаш көліне дейінгі аумақты қамтыды.

Деректерге сүйенсек, Қасым хан 300 мыңнан 400 мыңға дейін жауынгер шығара алған. Бұл сол замандағы Еуразиядағы ең қуатты әскери күштердің бірі еді.

Қасым ханның тұсында  қазақ халқының саны тұңғыш рет 1 миллионға жетті. 

Қасым хан мықты сонымен бірге мықты әскери стратег болған. Бұрындық хан тұрғанда Қасым сұлтан қазақ әскерінің қолбасшысы болды. «Шайбани-нама» кітабында Қасым ханға «Бұрындық хан әскері ішіндегі атақты баһадүр және белгілі сұлтанның бірі» деп сипаттама берілген. Әрі  «беделі ханнан да күшті болды» деп жазылған.

Алғашқы Ата заңның негізін қалады

Қасым хан тек билеуші ғана емес, ұлы заңгер еді. Ол көшпелі қоғамның ерекшеліктерін ескере отырып, алғашқы заңдар жинағын жасады. Бұл жарғы 5 негізгі бөлімнен тұрды:

Мүлік заңы: Мал-мүлік, жер мәселелері.

Қылмыс заңы: Ұрлық, кісі өлтіру, қарақшылыққа жаза.

Әскери заң: Қосын құру, тәртіп, ту ұстау.

Елшілік жоралары: Халықаралық қатынас, этикет.

Жұртшылық заңы: Өзара көмек, меймандостық, той-жиын ережелері.

Қасым ханның дипломатиясы

Қасым хан Мәскеу кінәздігімен (III Василий тұсында) дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы қазақ билеушісі. 

Еуропа карталарында «Қазақия» атауы дәл осы кезеңде айқындала бастады. Нақты айтар болсақ, XVI ғасырдың басында еуропалық және ортаазиялық дереккөздерде, карталарда қуатты мемлекет ретінде танылды.

Тарихи деректерде, оның ішінде 1562 жылғы Энтони Дженкинсон жасаған карталарда Қазақ хандығы «Cassackia»«Cassak Horda»«Cassaсcia Horda» немесе «Қазақия» деген атаулармен белгілі болған. Карта Лондонда басылған.

Ол Орта Азияның билеушісі Мұхаммед Шайбанидың жорықтарына тойтарыс беріп, Сырдария бойындағы қалаларды қайтарып алды. Бұл қазақтардың экономикалық тәуелсіздігін нығайтты.

Ол аса қарапайым болған. М.Х. Дулати оны «өте әділ, батыл және ақылды билеуші» деп сипаттайды.

Қасым хан 1521 жылы (кейбір деректерде 1523 ж.) Сарайшық қаласында қайтыс болды. Оның денесі Алтын Орда хандары жерленген қасиетті Сарайшық пантеонына қойылды. Бұл Қазақ хандығының Алтын Орданың тікелей мұрагері екендігінің тағы бір тарихи айғағы.

Қасым ханның дәуірі — қазақ ру-тайпаларының біртұтас ұлт болып ұйысқан, мемлекеттігіміздің іргетасы мықтап қаланған кезең. 

Ұлы мемлекет құрған ұлы стратег

Ол тек білектің күшімен емес, ақылдың кенімен мемлекет құрған ұлы стратег. Сол кезеңдегі тарихшылар Қасымды «Жошыдан кейінгі ең күшті хан» деп суреттеген. Қасым ханның беделі мен әскери қуаты туралы замандастары таңдана жазған:

Мырза Хайдар Дулати «Ол Дешті Қыпшаққа билігін таратты... Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл осындай күшті хан болған жоқ»,  - деп тамсанған

Захираддин Бабыр «Қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мыңға жуық адам бар еді», деп жазған.

Қадырғали Жалайыр «Олардың арасында (Жәнібек хан ұлдары арасында – автор) аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысында патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты. Оның хикаялары әр жерде кездеседі, көпке мәлім-мәшһүр», деп жазған. 

Бабыр: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек.». 

Махмұд бен Уәли болса, "Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды" деп баяндайды.

«Тарих-и Сафавие» қолжазбасында Қасым ханды «Дешті Қыпшақ ханы» кейде «Дешті Қыпшақ патшасы» деп суреттелген. 

Қасым хан — кәсіби әскери қолбасшы. Тіпті Бұрындық ханның тұсында-ақ ол әскердің іс жүзіндегі көшбасшысы болды.

Деректерде 200 мыңнан 300 мыңға дейін атты әскері болғаны айтылады. Ноғай ордасының бір бөлігін өзіне қосып алып, шекараны Еділге дейін жеткізді. Оңтүстікте Ташкент маңындағы бекіністерді бақылауда ұстады.

1513 жылы Моғол ханы Сұлтан Сайдтың Ташкентке бірігіп шабуыл жасау туралы ұсынысынан бас тартты. Ол өз елінің қауіпсіздігі мен бейбітшілігін қанды соғыстардан жоғары қойды.

Ел біле бермейтін 5 қызықты факт

Шайбанимен «бөле» болған: Қасым хан мен оның басты қарсыласы Мұхаммед Шайбани ханның аналары туған апалы-сіңлілі болған. Бірақ бұл туыстық Сыр бойындағы қалалар үшін болған қатал бәсекелестікті тоқтата алмады.

Ат спортының білгірі: Қасым хан жылқы өсірудің нағыз шебері, сәйгүліктердің сынын жақсы білетін маман болған.

Еуропамен алғашқы байланыс: Орыс мемлекетімен ресми елшілік байланыстар дәл осы Қасым ханның тұсында орнатылды.

«Қасқа жол» — ұлттық код: Бұл жай ғана заң емес, қазақтың тұрмыс-салтын, әдет-ғұрпын сақтап қалуға бағытталған рухани-құқықтық құжат.

Ол 1521 жылы Сарайшық қаласында қайтыс болып, Алтын Орда хандарының қасына жерленген. Бұл — саяси сабақтастықтың белгісі.

Қасым хан — қазақ баласын бір тудың астына біріктіріп, «Қазақ» деген есімді әлемге танытқан ұлы реформатор. Оның «Қасқа жолы» — бүгінгі Тәуелсіздігіміздің алғашқы заңнамалық негізі.

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз