Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бүгін тарихта

81 жыл бұрын (1934-1986) қазақ жазушысы, белгілі сатирик Әубәкіров Оспанхан дүниеге келді.

76 жыл бұрын Қазақстан композиторлар одағы құрылды

- = -

Халел Досмұхамедұлының туған күні

26399
Халел Досмұхамедұлының туған күні - e-history.kz
Белгілі қоғам қайраткері, профессор, Ресей Ғылым академиясы Өлкетану бюросының корреспондент-мүшесі Халел Досмұхамедұлы Атырау облысының Қызылқоға ауданында туған. Орал әскери-шынайы училищесін, Петербор әскери-медициналық академиясын бітірген. Студенттік өмірі саяси толқуларға толы кезеңмен тұстас келіп, оның саяси білімін жетілдіріп, қалып­тасуына әсер етті. Ол осы жылдары ел ішінде үгіт-насихат жүргізіп, жергілікті «Фикр» (Пікір), «Уральский листок» газеттеріне ма­қа­лалар жазып, саяси толқулардың мән-жайын халыққа түсіндіріп отырды. 1909 жылы академияны үздік дәрежелі дәрігер атағымен, Алтын медальмен бітіріп, офицер ретінде кесімді мерзімдегі әскери міндетін өтеуге жіберілген. Алдымен Пермь губерниясында, кейін 2-ші Түркістан, 2-ші Орал қазақ-орыс атқыштар батальонында әскери кіші дәрігерлік қызмет атқарды. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік - сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» сынды кәсіби, әлеу­мет­тік-саяси тақырыптарда мақалалар жариялап, өзіндік ой-пікірін білдіріп тұрған. Ғалымның «Как бороться с чумой среди киргизского народа» атты кітабы өз кезеңінде оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қам­тыған еңбек болған. Ресейдегі Ақпан төң­керісінен кейін қазақ даласында облыстық, жалпы қазақ съездерін ұйымдастырып, өткізуге атсалысқан. Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсыл­мандар съезіне қатысып, І жалпықазақ съезінен Бүкілресейлік құрылтай жиналы­сына депутаттыққа кандидат ретінде ұсы­нылған. 1917 жылы ІІ жалпықазақ съезінде жарияланған Алашорда үкіметі - Ұлт кеңесі құрамына сайланған. Алаш қайраткерлерімен бірге бірінші кезекте халықты бүліншіліктен қорғайтын ұлттық әскер - халық мили­циясын жасақтауға, Алаш қорын құруға, елден алым-салық қаражат жинау ісіне күш салған. Уақытша үкіметтен билікті күшпен тартып алған большевиктердің үстемдігі нығайған тұста, Кеңес үкіметінің басшысы В.Ленинмен, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен бетпе-бет келіссөздер жүргізген. 1920 жылы тамыздың 21-інде Түркістан рес­публикасы халық ағарту комиссариаты жанынан Түркістан халықтарының оқу-ағарту, мәдени және ғылыми мұқтаждарын өтеу үшін арнайы ұйымдастырылған Білім комиссия­сының мүшелігіне, кейін төрағалығына сайланған. Ташкенттегі халық ағарту институтында оқытушы болған. Орта Азия (Түркістан) университеті медицина факультетінің хирургиялық емхана­сында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі және емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. Орта Азия мемлекеттік баспа алқасының, кейін Қазақ мемлекеттік баспасы Шығыс бөлімінің меңгерушісі, Қазақ мемлекеттік баспа басқармасы меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқара жүріп, отандық ғылымның дамуына да мол үлес қосқан. Оның «Табиғаттану», «Жануарлар», «Адамның тән тірлігі» (қазақша-орысша жаратылыстану сөздігі), «Оқушы­лардың денсаулығын сақтау», «Дене бітімі және оның жұмысы туралы әңгімелер», т.б. оқулықтар мен ғылыми еңбектер жазған. Сонымен қатар қазақ халқының тілі мен әдебиетіне, тарихына қатысты материалдар жинақтап, тілдің дыбыс жүйесінің өзекті мәселесі - сингармонизм заңын зерттеген. «Қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы», «Шернияз шешен», «Алаш не сөз?», «Бұқарадағы Көгілташ медресесін салу туралы әпсана», «Тіллә-Қары мен Ширдор медреселерін салғызған Жалаңтөс батыр шежіресі», «Диуани лұғат ат-түрік», «Кенесарының соңғы күндері», «Қазақ әдебие­тінің тарихы» сияқты, т.б. ғылыми-теориялық еңбектер жазып қалдырған. «Мұрат ақын сөзі», «Исатай - Махамбет», «Аламан» жинақтарын шығарған. 1932 жылы Кеңес өкіметі ұйымдастырған қуғын-сүргін саясаты кезінде тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен Воронеж қаласына 5 жылға жер аударылған. Онда жүріп Денсаулық сақтау және гигиена институтында бөлім меңгерушісі, балаларды ем­деу-сақтандыру амбулаториясы мең­герушісінің орынбасары секілді қызмет істеген. 1938 жылы шілденің 26-ында жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырған. 1939 жылы сәуірдің 24-інде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілген. Ғалымның ісі тек 1958 жылы ақпанның 28-інде Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер алқасында қайта қаралып ақталған. Ғалымға туған жері Атырау облысы Миялы кен­тінде ескерткіш қойылған. Атырау университетіне, Алматы және Атырау қалаларын­дағы көшеге есімі берілген.