
Биыл жеңістің 80 жылдығы. Бұл оңай келген жоқ. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында республикамызда 6,2 миллион халық өмір сүріп жатты. Осылардың ішінен соғыс жылдары 1 196 164 адам қан майданға аттанса, еңбек армиясына 700 мың қазақстандық жіберілді. Академик Манаш Қозыбаев 1993 жылы 8 мамыр күнгі «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған мақаласында: «Еліміз көлемінде екінші дүниежүзілік соғыс жылдары 1,9 млн адам соғыс және еңбек майданынан табылды» деп жазады.
Соғыс басталған 1941 жылдың алғашқы жарты жылында елімізден 200 мың адам фронтқа аттанса, келесі 1942 жылы 632 134 жауынгер майдан шебінен табылыпты. Осы жылдары Қазақстанның ауыл-селолық жерлерінде тек соғысқа жарамсыз қарт адамдар мен әйел, бала-шаға ғана қалды. Осы жылдарға тән архивтік құжаттарда: «қазақ ауылдарында соғыстың алғашқы жылдары солдатқа жарамды адамдар түгел майданға аттанды» деген дерек бар.
Осы орайда айтпағымыз, осындай ел басына күн туған алмағайып заманда Қазақстан халқы майданға аттанған боздақтарына арнап 1943 жылдың басында Хат жолдайды.
Бұл Хатқа: Қазақстан К (б) П Орталық Комитетінің Секретары Жұмабай Шаяхметов, Қазақстан К (б) П Орталық Комитетінің секретарі Николай Скворцов, ССРС орденді халық артисткасы, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты Күләш Байсейтова, жазушы Сәбит Мұқанов, халық ақыны Естай Беркінбаев, Қазақ ССР Халық Комиссарлары Советінің Председателі Нұртас Оңдасынов, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Әбдісәмет Қазақбаев, ССРС Ғылым академиясының қазақ филиалы президиумының орденді председателі, Сталиндік сыйлықтын лауреаты, геология-минералогия ғылымдарының докторы Қаныш Сәтбаев, Ақтөбе облысының орденді атақты тарышысы Шығанақ Берсиев бастаған барлығы 2 631 506 адам қол қойыпты.
Хаттың толық мәтіні «Правда» газетіне жарияланып, оның қазақша нұсқасы «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 7 ақпан күнгі санында жарық көріпті.
****
Адамзат тарихындағы аса үлкен қырған екінші дүниежүзілік соғыс тарихынан кейінгі ұрпаққа мұра болып жеткен осы бір Хатта соғыс уақытының зар күйі мен қиын күндердегі халықтың жеңіске деген ынтасы баяндалады. Хат:
– Қазақстанның ардақты ұлдары! Құрметті балаларымыз, ерлеріміз бен туысқандарымыз! – деп басталып ары қарай: «Бұл хатты сендерге жүздеген жыл тар кезең, тайғақ асудан сансыз азаппен өтіп, бақытқа жеткен барлық халқың жазып отыр. Сондықтан, көзбен ғана емес, көкірекпен, еліңді, жеріңді сүйетін жүрекпен оқыңдар, туысқандар. Соғыстың қатал тағдыры қайда апарса, сол жерде оқыңдар, бұл Хатты!
Мұз теңізінің аралдарында, Карельяның гранитті шыңдарында, Кавказдың қар бүркенген тауларында, Смоленщинаның қалың ормандарында, Украинаның бұйратты белестерінде, қысқасы, қасықтай қандарыңды, қадірлі жандарыңды аямай қорғап жүрген қасиетті отанның қай бұрышында бұл хатты алсаңдар да, көз алдарыңа туған жерлерің Қазақстанды елестетіңдер» деп толғапты.
Одан кейін Хатта қазақ халқы талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткергені хақында баяндалып, бірақ қазақ өмір сүруге құштар халық, оған күші де мол, еркі де зор. Бақытқа жету үмітін сан ғасыр сарғая көтергенде, оның белі талған жоқ. Сол іздеген бақытына қазақ халқы басқа да бауырлас халықтармен білек біріктіру арқылы жеткені турасында тебірене жазылыпты. Сонымен қатар, ежелден еркіндікке құштар халық неміс фашизмі сияқты қара ниетті жау жағаға жармасып, еркін елге бұрынғыдай құлдық қамытын қайтадан кигізіп, қайтадан азаптау, тағы да тұншықтырмақшы.
– Сондықтан, - дейді Хатта: – Қазақстанның ардақты ұлдары! Жауды ол тілегіне жеткізбейтіндеріңе мұндағы туысқандарың – біз қалтқысыз сенеміз. Сендердің аттарыңды мақтана атап, күндіз естен, түнде түстен шығармаймыз. Майдан өлкесінде әрқашан көк жиектен көтерілген күнге қараңдар да, туған жерлеріңді еске алыңдар. Селеуі теңіздей тербелген Арқаның адырлы кең далаларын, алтын бұлағы сорғалаған Алтайдың асқар жоталарын, ақбас Алатаудың жеміске безенген сай-салаларын, соншалық кең, туған жерлеріндегі аталарыңның қасиетті қабірлерін, туған-өскен үйлеріңді көз алдарыңа келтіріңдер. Соларды жауға таптатпаймыз деп ант етіңдер!
Ардақты ұлдарымыз, туысқандарымыз! Қырыңдар жауды! Атқан оғың, сілтеген найзаң мүлт кетпесін! Жер алам деп келген немістер жер жастансын! Біздің жер – жаудың көрі болсын! Сендерді туған елің, – қазақ халқы атаңның мынадай нақылымен тәрбиелеген:
Бақыт дәулет орнаса, ырыс қонады,
Ынтымағы еліңнің дұрыс болады.
Ұлың жауынгер болады.
Қызың қырағы болады.
Ағайын қоғам болады.
Бірі оған болса,
Бірі бұған болады.
Топтанып жау қашырады, - деп осы нақылда айтылған бақыт сыпаттарының бәрі де бүгінгі елімізде түп-түгел емес пе, - деп пафосқа толы үндеу тастайды.
****
Жалпы бұл Хат расын айтқанда майдандағы жауынгерлерге рух сыйлағаны анық. Әсіресе, Ленинград қаласы үшін болған алапат шайқаста қала көшелерінде жыр алыбы Жамбыл Жабаев атамыздың «Ленинградтық өрендерім!» атты толғауы әрбір үйдің қабырғасында ілулі тұрды.
Хатта осы оқиға туралы былай деп баяндапты: «Жамбылдың данышпан сөздері түн ішінде Ленинград баспаханаларында басылып болып, таңертең көше біткенге ілініп те қалды. Әйелдер тоқтай қалып оқып, жылап жіберетін еді. Майданға кетіп бара жатқан еркектер ақын сөзін қойны-қонышына тығып әкетеді екен.
Қаласы қамауда тұрған жұртқа данышпан ақынның аузымен бүкіл байтақ ұлы ел «Біз сендермен біргеміз», деді.
Біздің елде өз отанын сүюдің берік негізі – халықтар арасындағы мызғымас берік достықта. Осы күні біздің қазақ Ленинградтың зәулім сарайларына қарап, мол сулы Нева мен Солтүстіктің мүлгіп мұнартқан қалың орманына қарап, не түпті, сонау Қиыр Шығыстың шоқыларына қарап: «Бұл – менің жерім, бұл – менің отаным. Ағайын, туған, көршілер, менің не барым сендердікі, сендердің не барын менікі» – деп әбден айта алады».
****
Хаттың мазмұны құрғақ ұран, жалаң сезімдерге құрылмай, арасында бұрынғы өткен батыр бабаларымыздың ерлік істері жайлы да баяндауды құп көріпті. Хатта: - Қазақтың ардақты ұлдары, - дейді. – Бұдан 500 жыл бұрын жасаған қазақтың атақты батыры Орақұлы Қарасайдың ерлік оқиғасы сендерді ерлік істерге және жеңіске шақырады. Елін, жерін басып алуға келе жатқан жауға қарсы аттанғанда, кейбір қорқақтар «қашайық» деп үрейленгенде 15 жастағы Қарасай батыр былай деп толғапты:
Астымдағы көк бұйра ат,
Қанатым менің болсын деп,
Қымбатқа алып мінгенім,
Үстімдегі көк сауыт.
Кебінім менің болсын деп,
Үстіме алып кигенмін.
Солқылдаған ақ найза,
Басыма сайғақ болсын деп,
Оң қарыма ілгенмін.
Мен анамнан туған күн,
Өлерімді білгенмін.
Не қылғаным қайтқаным,
Жанды құрбан айтқамын... – деп, жаудан жасқанбаған Қарасай батыр өлемін деп емес, өлтіремін, жеңемін деп аттанған емес пе еді. Ол соңына ерген топқа:
Төсегіме төрт кісі,
Жастығыма бес кісі,
Қылышыма қырық кісі,
Найзамның ұшы жүз кісі.
Мылтығыма мың кісі,
Мың сан болсын, мың болмай,
Осынша қырмай, басылман.
Кеудеден кетер жан үшін,
Жерге тамар қан үшін,
Бойымды жаудан жасырман – демеп пе еді!
Бұл жалғыз Қарасай батырдың ғана сөзі мен ісі емес, Қарасайдан 200 жыл бұрын жасаған «ел қамын жеген Едіге» батырдан бастап, халық батыры Аманкелді Имановқа дейінгі барлық қазақ батырларының сөзі мен ісі осы болатын...
****
Батыр аталарың «жаным – арымның садағасы» дейтін. Советтер Союзының Геройлары – Қосаев, Есболатов, Қожабергенов, Сеңгірбаев батырлардың үлгісі мен асқан ерлік істері, майдандағы қазақ жасы, – сендерге, «саны көп деп сескенбе, қаруы көп деп тайсалма!» дейтін аталарыңнан қалған мұра.
Тұтқынға түскен бір фашист былай депті: «Біз шабуылға көшіп едік. Бір қоңыр түсті жауынгерлер бізге қарсы ұмтылды. Олардың аянбай ұмтылып, қасарып алысқандары сонша, біз шыдай алмадық. Бізге бір үрей пайда болды да, кейін шегіндік. Кейін бізбен жағаласқандар қазақтар екендігін айтты. Бұл дүниеде мұндайда қорқа білмес ер ел барлығын біз бұрын білмейтін едік».
Я, фашистер бұрын білмейтін, бірақ, енді мерген көздің қалай көздеп, қалт етпес қолдың қалай атарын, қазақтың кім екенін жақсы білетін болды олар. 227 фашисті жалғыз қырған дала қырғиы сержант Әбдібековтың, гвардия подполковнигі Момышұлы мен Советтер Союзының Геройы Мәлік Ғабдуллиннің аттарын естігенде, жаудың төбе шашы тік тұрып, зәресі ұшады. Бұл екеуі жауынгерлерді соңдарына ертіп алып, немістік қаратүнек қалың қолының ортасын қақ жарып өтіп, 17 күн жүріп, өз бөлімдеріне қосылған. Үсті-бастары арандай қаруланған үш фашистпен жалғыз алысқан жауынгер Расуловты да атай аламыз. Ол жараланған бойы алыс салып, тұтқынға түспей, қоршауға алған үш немістің бірін атып өлтіріп, біреуін жарып өлтіріп, енді біреуін жанбасқа ала көтеріп алып өзенге тастап жіберген.
Біз бұл арада арғы аталары құралайды көзінен ататын, темір шынжырды жіптей үзетін қазақ балаларының бүгін жауды қалай ұрып жүргендіктерінің талай үлгісін келтіре алар едік.
Орта ғасырдың оқымысты жиһанкезі Карпини қазақ даласын көргеннен кейін күнделік дәптеріне сақтандыру сияқты мынадай бір нәрсе жазған: «Бұл даланың халқы жау көрсе бассалады, садақтан оқ жаудырады, қырып болмай тынбайды. Мұны жұрт біліп қойсын». Мұны немістер де ұмытпасын! Бостандығын ерекше сүйетін қазақ халқының батыр ұлдары отанына тиген жауды құртпай тынбайды.
****
Қымбатты жауынгерлер! Сендер жаумен алысып жатырсыңдар. Өз күштеріне еркін сенесіңдер. Бірақ, арқаларыңды тірегендерің ұлы отандарың екені – күштеріңді үстеп, еселей берсін.
Сарыарқа деп аталатын сол жердің таулары мен далаларынан жерде қандай металл болса, соның бәрі түгел табылады.
Шымкент қорғасын заводынан үлкен завод Еуропада жоқ. Қарағанды көмір қоры қазір ССРС-та екінші орын алады. Оның көмірі отанымыздың ондаған заводтарын жемдеп тұр. Қатерлі кезең, мынау ұлы соғыс тұсында Қазақстан не барын майданға беріп жатыр. Бұл сырды Жамбыл қарт былай деп жырлайды:
– Қаратау тола қорғасын,
Көкшетауда қалың мал.
Алтайым жатыр алтын жал.
Қаптағандай күміспен
Шымкентте өскен мақталар.
Қарасам көзім жетпейді
Толқыған шексіз егінге,
Балығы тайдай тулаған
Көлдеріңде, теңізде.
Күні, түн поезд ағылған,
Тиелген қара көмірге.
Өзендей тасып мұнайым
Ағады сыймай өңірге.
Ас пен оғым жетеді
Залым жауды жеңуге.
****
Сирек кездесетін металдардың Қазақстан жерінен шығып жатқандарын танктің бронінде, зеңбіректің мойнында, пулемет пен мылтықтың өңешінде, соғыс кемелері мен самолеттердің денелерінен көресің.
Бұл соғыс – мотор соғысы. Бензиннің жақсы түрлерін, әуе кемесінің моторларына керекті жақсы майларды біздің Ембі мұнайы беріп отыр. Қазақстанда мұнайлы жер жарты миллион шаршы километрлік көлемде деп есептеледі. Еділдің сағаларынан басталады да Ұст-Ұрттың қызыл қырқасына дейін барады. Каспийдің жағасынан басталады да Сыртқа барып тіреледі. Бұл жердің астында жатқан сұйық алтынның есебі жоқ. Жүз мыңдаған тонна мұнайды Ембі осы күні-ақ беріп отыр.
****
Мұндағы ата-ана, аға-іні, апа-қарындастарың да босағада қол қусырып, құр мұңайып, құр қобалжып, босқа отырған жоқ. Олар жаппай соғыс білімін үйренуде, олар заводтарда, шахталарда, егіс үстінде. Олар бұрынғы сендердің істеріңді істеп, орындарыңды ойсыратпай жүр. Ешбір станокті аңыратып жетім қалдырған жоқ. Бір трактор, я бір соқа қалған жоқ далада.
Қазақтың ұл-қыздары аянбай, талмай, ерінбей, жалықпай сол майданда жүр. Жәкен Мұқанов та ескі істер шахтерлермен жарысқа түсіп, забой да жүр. Ол ерекше еңбегі үшін орден де алды.
Кеудесінде Ленин ордені жарқырайтын Шығанақ Берсиев төрт ұлын майданға жөнелтіп, өзі дамылсыз еңбегінің арқасында бір гектар жерден 1200 пұт тары алып отыр. Өздерің білесіңдер, бұл күнге дейін жер бұлай мейірленген емес қой. Лениногор руднигіндегі бұрғышы Хайдиннің бір сменада берген рудасын революциядан бұрын Риддердің бар рудниктері бір күнде бере алмайтын еді.
Иіріліп жатқан алтын мая астықтар, аппақ күріш, ақмамық мақта, майдандағы жас, сендер үшін, біздің жеңіс үшін!
****
Есепсіз мал қысқы жайлауда семіріп жатыр. Жамбыл облысындағы бір ғана «Мойынқұм» жайлауында жарты миллион мал жайылады. Соңғы бес жылдың ішінде малдың саны бұрынғыдан үш есе артты. Соғыстан бергі уақыттың ішінде үш миллионнан артық мал қосылды. Ет, май, жүн, тері заттарын біздің Қазақстан барған сайын үдете беріп отыр. Қызыл кавалерияға әрі берік, әрі жүйрік аттарымызды жіберіп жатырмыз.
Алыстағы елдерің сендердің майдандағы ерліктеріңе осылай жауап беріп отыр. Жауға тиіп жатқан тас шоқпарды осылай қос қолдап бірге сілтесіп жатырмыз.
Қазақ әйелі қашаннан да батыр ерінің жан жолдасы, сенімді серігі болатын.
Қазақтың әйелдері сыбанып жіберіп Қарағандының шахталарына түсті, комбайн тізгінін қолдарына алды, өріс толы төрт түлікке де өздері бас, өздері көз. Әйелдер бригадаларының еңбекте ерлікпен озып алған қызыл тулары желбірейді.
Жауынгер! Туған анаң, сүйген жарың, қара көзді қарындастарыңның айнымас аманатын ұмытпа:
Жеңіп қайтсаң жауыңды,
Анаңның жарық күні сен.
Жеңе алмасаң жауыңды,
Жер жастанғыр қорқақтың
Тумай кеткір бірі сен!
****
Біз, қазақ елі, қоқақтық дегенді білген емеспіз. Егерде орталарыңнан қорқақ шықса, беттескен жаудың алдында босаңдық етсе, ондайларға туған ел қарғысын ғана арнайды. Туған анасы теріс батасын береді, сүйген жары теріс айналады. Қорқақ – өз баласы мен өз анасының, өз жарының жендеті. Оның сыбағасы өлім ғана.
Қазақ ұлы! Жаудың есін жидырмаңдар! Аямай соғыңдар жауды, соңғы демдерің тоқталғанша, тамшы қандарың қалғанша соғыңдар! Қолдан қуат, буыннан әл кеткенше соғыңдар, дұшпанды! Жеңілу қорлығынан алысып өлген артық!
Қуаныш пен рахатты күштілер ғана әкеле алады. Осы күш біздің бойымызда, осы күш біздің армиямызда.
Қазақстан ұлдары! Майданнан ылғи жақсы, ылғи қуанышты хабар келеді. Кавказ тауларының қияларында, Еділ бойында, Дон далаларында, Ленинград жанында жауға үстей-үстей ауыр соққылар беріп жатыр.
****
Майдандағы қазақ жауынгерлері! Сендердің талай асқан ерліктеріңді естігенде, төбеміз көкке тие мақтандық. Сендердің ерліктерің, жауға жасаған шабуылдарың, туған елдерің Қазақстанды бір көтеріп тастады. Халық майданға таңдаулы ұлдарын жібергенін қуанышпен мақтан етеді.
Бірақ бұл соңғы айқас емес екенін де жақсы білеміз. Шойнаңдаған жаралы айуан әлі де арпалысады, оған қайтадан бас көтертпеу үшін бір емес, мың соққы беруіміз керек! Жау басына жасын болып түсіңдер! Барлық ашумен, кетпес кекпен қаһарлана соғыңдар!
Сіздердің майдандағы шабуылдарыңа біз елдегі ерлік еңбектерімізбен жауап береміз. Майданға қарай ағылған поездар жүрісін тездете түседі. Шахтадан шыққан көмір мен металл арта береді. Жүздеген өндірістер планнан тыс миллиондаған сомдық өнім беруде. Қызыл тулы Ескене мұнай промыселы жақында тәулік программасын екі жарым есе артық орындады. Бұл Ембі мұнайшыларында бұрын болмағанды. «Майқайың» алтын кендерінде қымбатты металл өткен айлармен салыстырғанда екі есе артық өндірілді. Отан қорғау заводтары Қызыл Армия үшін қару жарақ пен оқ-дәріні күн сайын планнан тыс беруде.
Қазақстанның колхозшылары Тамбов колхозшыларының патриоттық үлгісімен «Қазақстан колхозшысы» деген жойқын бір танк колонналарын жасау қорына 371 миллион сом қаржы берді, әлі жинап жатыр.
****
Қымбатты жауынгерлер! Сендерге жәрдем үшін жүздеген, мыңдаған колхозшылар, колхозшы әйелдер барлық тапқан-таянғандарын түгел беруде. Сіздер бұл сияқты тамаша адамдарды жақсы білулерің қажет. Олар: Бөкенбаев Оразбай, Қаратал ауданындағы «Қызыл бұлақ» колхозының председателі, ол танк колоннасын жасау қорына 300 000 сом берді. Меңдіқара ауданындағы «Жаңа тұрмыс» колхозының председателі Қозыбаев – 190 000 сом берді. Обаған ауданындағы «Коммунистер советі» колхозының тракторисі Байжанов Сафи – 170 000 сом берді, Теңіз ауданындағы Карл Маркс атындағы колхоздың председателі Қадиша Исқақова – 175.000 сом берді. Шаян ауданындағы «Ақбастау» колхозының председателі Беласарова – 167 000 сом берді. Шаян ауданындағы «Ақтас» колхозының председателі Оңдасынова Бектай – 166.000 сом берді, Түркістан ауданындағы «Бірлік» колхозының председателі Жүсіпов Әбдікәрім – 165.000 сом берді.
Қызыл армия үшін күн сайын колхозшылардан, колхозшы әйелдерден мың пұттан астық, ет, май, тағы сондай ауыл шаруашылық азық-түліктері үздіксіз құйылуда. Ұзамай-ақ, мыңдаған алып танктердің арасынан өздеріңнің ата-ана, әйелдерің мен апа-қарындастарыңның қаржыларына жасаған танктерді көресіңдер.
Қазақстанның байтақ даласын жайқалған егінге толтыруға серт береміз, бауырлар. Түгін тартсаң, майы шыққан төрт түлікке толтыруға серт береміз, бауырлар. Қарағандының көмірі мен Ембінің мұнайын майдан қанша тілесе, сонша береміз. «Қасарысқан жауыңа, қанды көбік жұтқызу» үшін қанша қорғасын, қанша мыс керек болса, сонша береміз.
****
Жеңістің ұлы күні жақындап келеді. Фашизмнің өлімін жақындату үшін бар күшті қос-қабаттай жұмсаңдар. Сағынған аналарың мен жас жарларың, үйдегі жас бөбектерің сол күнді асыға күтеді. Қуанған жүректер бірге соғар, қуанған көздер бірге жылар күнді күтеді. Үлкен бақыт күні біздің елдің үстінде. Барлық әлем, бар адамзат сендердің ерліктеріне бас иіп, мадақтап, босанған дүние демін еркін бір ала алатын болады.
Сол күндерде біздің жер бұдан да бетер құлпырар, ел тұрмысы қайта жайнап, сәулетті өмір қайта орнар. Көңіл күйі көкке өрлер, бауырлар!
Тапжылмас табанды, қайыспас қайсар болыңдар. Туысқан орыс, грузин, украин, қырғыз, белорус, өзбек ерлерімен, ұлы совет елінің барлық халықтарымен қол ұстаса, жұп жазбай бірге қимылдаңдар!
Отан ұстатқан ерлік туларын қор етпеңдер! Бұл тулар жауынгерлік ардың, еліңе біткен ерліктің, атаңнан қалған даңқтың белгісі.
Біздің барлық жүйе тамырларымыз тек қана жауға деген кекпен соғатын болсын.
Жауынгер! Қолыңа берген қаруды жұмсай біл. Украина мен Белоруссиядағы, Дон мен Балтықтағы бауырларыңды жаудан тез айырып алуға асық. Сол үшін ұмтыл! Көз жасын булап еңіреген аналар мен балалар даусын сен естимісің? Сәулетті, сәнді қалаларыңды жау аяусыз өртеп жатқанын көремісің? Қасиетті жеріңді дұшпанға әлі де таптатамысың?
Қазақ халқының әрі атақты батыры, әрі атақты ақыны Махамбет Өтемісұлы бұдан жүз жыл бұрын жауынгерлердің міндеті – «қасарысқан жауына, қанды көбік жұтқызу!» – деген болатын.
Басқыншылардың сазайын аяусыз тартқыз! Сескенбе, қорықпа өлімнен! Жауынгер үшін – өлім жоқ! Біз жеңуге тиіспіз! Біз жеңеміз!