«Қазақ хандығы» фильмінде Керей ханды сомдаған актер дүниеден өтті

Автор:
17.07.2025
2300
«Қазақ хандығы» фильмінде Керей ханды сомдаған актер дүниеден өтті - e-history.kz

Қазақстанның театр және кино өнерінің майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  «Парасат» орденінің иегері Қайрат Кемалұлы Кемалов 69 жасында дүниеден озды, деп хабарлайды e-history.kz порталы

Қайрат Кемалұлы Кемалов – кеңестік және қазақстандық театр және кино актері. Ол «Қазақ хандығы» фильміндегі Керей ханның рөлі арқылы көрерменге кеңінен танылған.  Өнер мақтанышы 1958 жылы 8 қаңтарда қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде дүниеге келген. 1978 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетін бітірген, драма театрының актері. 1978 жылдан - М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері. 1980-1983 жылдары, 1985-1994 жылдары - С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының актері. 1990-1995 жылдары - Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының актері. 1995 жылдың қыркүйек айынан бері - С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының әртісі.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің (2001, 2002) құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері (2006). Мәдениет қайраткері (2006).

E-history.kz порталының ұжымы қазақ театр және кино өнерінің мақтанышы, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Қайрат Кемаловтың қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туыс-туғандарына, республика жұртшылығына қайғырып көңіл айтады. 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз