
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов «Әдебиет порталының» «Сәті түскен сұхбат» ютуб-жобасына берген сұхбатында қазіргі мектеп бағдарламаларында әдебиет пен тарихтың жеткіліксіз деңгейде оқытылуына алаңдаушылық білдірді», - деп хабарлайды e-history.kz порталы.
Қаламгердің айтуынша, оқушылар Махамбет пен Жамбылдың кім екенін білмей өсіп жатыр. Бұл – оқулық саясатына түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екенін көрсетеді.
«Көп жерлерде Махамбеттің, Жамбылдың кім екенін білмейді. Мектептегі бағдарламаның дұрыс еместігі ме, әйтеуір бір кемшін дүние бар. Біз жақында министрлікпен де ақылдасамыз. Себебі, оқулықтарды қайта қарайтын уақыт жетті. Баяғыдай хрестоматия жоқ. Бұрын мектепте Қобыландыны, Алпамысты басқа да батырлар жырын, сонымен бірге қиял-ғажайып ертегілерді оқытатын. Қазір жоқ. Оқытылмайды. Бала олар туралы, яғни тұтас бір маңызды кезеңді әдебиет оқулықтарынан білмей шығады», деді М. Құлкенов.
Жазушының пікірінше, бұл жағдай оқулық жазудағы жүйелі қателіктерден туындап отыр. Жауапты органдар «оқулықтар шыққан, қайта қарауға уақыт керек» деген сылтаумен жауапкершіліктен жалтарып келеді. Алайда Мереке Құлкенов мырза бұл сылтауға келіспейді.
«Бұл оқулықтар – кімнің жазғаны? Біз қалай мұны жіберіп алдық? Қазір бізге: «Оқулықтар шығып қойған, оған белгілі бір уақыт керек. Содан кейін барып, қайта қараймыз», - дегендей түрлі сылтаулар айтады. Ол болмайды. Оқулыққа келгенде, балаға білім беруге келгенде уақытпен санаспау керек қой? Күтіп уақыт ұттырып отырмауымыз керек. Қате кетті ме? Түзетуіміз керек. Ал, бізде бүгінге дейін үлкен қателер кетті. Оны ана министрдің, мына министрдің кезінде кетті деп көздеріне шұқымай-ақ қояйық. Бірақ сол кездегі адамдардың басқа бір мақсаттағы жасаған дүниелері қазір алдымыздан зиян болып шығып жатыр», - деді Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы.
Әдебиет пен тарих – кез келген мектептің іргетасы
Жазушы тек мемлекеттік емес, жеке және халықаралық мектептерде де әдебиет пен тарих пәндері екінші орында қалып қойғанын атап өтті. Ол қандай тілде білім берілсе де, қазақ әдебиеті мен тарихы базалық пән ретінде енгізілуі тиіс екенін ұсынады.
«Ең бірінші тарихың мен әдебиетіңді дұрыс оқытпағаннан кейін ол мектеп – мектеп бола ма? Қазір мемлекеттік мектептер ғана емес, жеке тіпті халықаралық мектептер көбейді. Ол мектептердегі балалар сенің әдебиетіңді, тарихыңды білмей отырады. Осыларды да негізге алып, бағдарлама жасап кіргізуіміз керек қой. Мейлі қай тілде оқысын, неміс тіліңде, еврей тілінде болсын, оның базалық пәні әдебиетің мен тарихың болуы керек. Сондықтан бұл ойланатын дүние...», - деді Мереке Әбдешұлы.
Қазақ әдебиеті мен тарихы – ұлттық сананың өзегі. Мекере Құлкеновтің көтерген мәселесі – бір жазушының ғана емес, тұтас қоғамның алаңдауы. Оқулықтағы олқылықтарды жедел түрде түзету – келешек ұрпақтың рухани кемелдігі үшін маңызды қадам.
Толығырақ сұхбатты «Әдебиет порталының» «Сәті түскен сұхбат» ютуб-жобасынан тамашалай аласыздар. Бағдарлама қонағы ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов Жазушылар одағының бүгінгі іс-қызметі туралы тарқата әңгімелеумен қатар, әдебиеттегі ұрпақтар сабақтастығы, өзара сыйластық мәселелеріне тоқталды. Әдебиет пәнінің оқытылуы, аударма мәселелері, өзге тілдердегі әдебиеттің өзекті проблемалары көтерілді.