«Тарих пен еңбек тоғысында» атты көне еңбек құралдарының көрмесі өтті

18.09.2025
5078
«Тарих пен еңбек тоғысында» атты көне еңбек құралдарының көрмесі өтті - e-history.kz

Солтүстік Қазақстан облысында Ақан Сері атындағы мәдениет үйінде «Ботай» музей-қорығы еңбек күніне арналған «Тарих пен еңбек тоғысында» атты көрме ұйымдастырды. Іс-шара жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтті, – деп хабарлайды E-history.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Көрменің басты мақсаты – жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, оларды кеңінен таныту және еңбек пен еңбек адамына құрмет көрсету. Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі еңбек мәдениетін таныстыру арқылы көрме қонақтарынаға тарих пен қазіргі заманның сабақтастығын паш етті.

Бағдарламаның мазмұнында мыңдаған жыл бұрын адамның өмірінде еңбек ету үдерісінің қалыптасуы ерекше аталып өтті. Көрме аясында Ботай мәдениетінің тұрмыс-тіршілігіне қатысты мастер-класстар мен интерактивті көрсетілімдер ұйымдастырылды.

Қонақтар ежелгі еңбек құралдарымен, тұрмыстық бұйымдармен және олардың заманауи аналогтарымен танысты. Бұл жәдігерлер Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорынан арнайы әкелінді.

Айта кету керек, Ботай мәдениеті – б.з.д. IV–III мыңжылдықтарда Солтүстік Қазақстан жерінде өмір сүрген тайпалардың ерекше мұрасы. Ботайлықтар жылқыны алғаш қолға үйреткен әлем халықтарының бірі саналады. Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысып, қыш, сүйек пен тастан еңбек құралдарын жасаған.

Ботай мәдениетінің әлемдік өркениет тарихындағы орны айрықша. Жылқыны қолға үйрету арқылы Еуразия халықтарының даму қарқынына серпін берілді. Дәл осы аймақта қалыптасқан дәстүр кейіннен қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс-салтын айқындаған көшпелі мал шаруашылығының негізіне айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз