Алаш Орда астанасы Семей шәрінде дүрілдеп бір конференция өтті. Тақырып: “Қазақ әдебиеттану ғылымы және ахметтану мәселелері”.
Ілгері жылдары “Алаш индексі және Алаш идеясының жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы” деген жоба басталып, осы шаруа аясында Алаш идеясын өз қазанымызда қайнай бермей, Алаш қозғалысына шетелдік мамандар қалай қарайды, қалай зерттеп жатыр деген мәселені зерделеу керек болған.
Көзді ашып-жұмғанша өте шыққан үш жылдық үлкен жоба барысында қатысушы алаштанушы жас ғалымдар тобы шетелдік архивтерде апталап, айлап отырып жұмыс істеп көптеген тың деректерді елге жеткізді. Ғылыми семинарлар мен талқылауларға қатысып, тысқары аймақтардың ғалымдарының пікірлерін тыңдап, саралап, мазмұнды материалдар жинаған. Заманауи түрлі форматта контенттердің басын қосып, креативті өнімдер әзірледі.
Ең бастысы, Алаш идеясының әлемдік мәдениет пен әдебиеттегі түсінігі жайлы әр аспектіден қарастырған жаңа еңбек – монография жазып шықты. Бүгін осы жылдар ішінде атқарылған жобаларды айта отырып, қорытынды конференция жұмысын ұйымдастырды.
Ғылыми жиынды тізгіндеген жоба жетекшісі, PhD Қарлығаш Әділқанқызы жылдар бойы жүзеге асырылған ауқымды жобаның маңызы мен мәнін толық баяндап шықты. Еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүрген алаштанушы жастардың істеріне риза екенін білдірді.
Алғашқы болып тарихшы ғалым, Семей өңірінің шежіре ақсақалы Мұхтарбек Қарпықұлы құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде профессор жиынның маңызды екенін, жиі талқылаулар болуын атап өтті.
Бауыржан Ердембеков – қазақ әдебиеттануы ғылымында есімі белгілі тұлға. Бірнеше университетті басқарған қарымды қайраткер ретінде де танылған. Алаш тұлғаларының тарихи рөлі мен қызметіне басымдық бере сөйлеген сөзінде жас алаштанушы ғалымдардың ағартушылық қызметтеріне көңілі толатынын, жоба нәтижесін жоғары бағалайтынын шегелеп тұрып жеткізді.
Осы кезде жоба аясында әзірленген бейнероликтер экранға шықты. Абай телеарнасының меншік құқығына өткен бұл бейнероликтер Алаш кезеңіндегі және Ахмет Байтұрсынұлы өміріндегі адам жанын тербеп, сезімін оятатын эмоциялы оқиғаларды арқау еткен. Мәселен, “Жаралы жүрек” деректі фильмі 13 жастағы бала Ахметтің көргенін, әкесі мен ағаларының айдалу тарихын, анасына өзінің түрмеден жазған хатымен ұштастыра сипаттаған. Сыршыл сезімге толы сценарий, бірізді көркем видеографика, орайы келген ойлы музыка мен белгілі диктор Куат Ахметжановтың қоңыр дауысы түгелі үйлесе кетіп, сәтті шыққанына енді дау жоқ.
Ендігі сөз негізге баяндамаларға ауысты. Сөз алған біз жобаның үлкен әсер қалдырғанын, тәжірибе алаңын болғанын, алаш пен ахметтану еңбектерін жастар санасына сіңіру үшін тиімді әдіс инфографика екенін, соның үшін жеке тұлғаға Қазақстанда алғаш рет ұлттық мазмұнда “Ахмет Байтұрсынұлы. Инфографика” оқу құралы жарық көргенін айтып, оқып тануға шақырдық.
Жоба қатысушысы, жүз жылдықтар бұрынғы ескі жазу басылымдарының маманы Ushkyn Saidirakhman қазақ топырағындағы Алаш қозғалысын Жапонның Мейдзи жаңғырығымен, Қытайдың Сунь Ятсен реформасымен, Түркиядағы Milli Kuruluş қозғалысымен салыстырып, ұқсастықтары мен айырмашылықтарын, ерекшеліктерін талдап берді.
Әсерлі әңгімесімен дүйім жұртты тамсандырып жүрген спикер, алаштанудың жас перісі Yeldos Toktarbay Алаш идеясының өзегі болған жер мәселесінің проблемаларын жетеге жеткізіп тұрып баяндады. Анау әлем, мынау ел, Алаштың интеллектуалды құрамын, ел мен жерді сақтау мен қорғаудың борышын жас ұрпақ білсін деп шамырқана да, ширығып та сөйлеген сабазың жиылғанның намысын шабақтап, елдің сөзін сөйлеп, ұстанымдарын нығайтып берді.
Конференция барысында америкалық ғалым Стивен Саболдың “Ресейдің отарлау саясаты және қазақ танымының ұлттық генезисі”, түрік ғалымы TC Nergis Birayдың “Ахмет Байтұрсынұлы”, орыс ғалымы Татьяна Тугайдың “Ахмет Байтұрсынұлы (Орынбор кезеңі)” зерттеу еңбектері алғаш қазақ тіліне аударылып, “Алаш идеясының жаһандық мәдениеттегі интерпретациясы” ұжымдық монографиясы бәрінің таныстырылымы жасалды. Сөйтіп ұлттық әдебиеттану мен мәдени кеңістікке алаш идеясын түсіндіретін жаңа еңбектер қосылды. Кітаптардың мұқабасын Алаш суретшісі Almas Sirgabaev безендіріп, кітаптарды аз мерзімде Elmira Zamanbek пен Халима Тәжіқұл сияқты қажырлы баспагер қыздар әзірлеп үлгергенін айтуға тиіспіз.
“Міржақып. Оян, қазақ” фильмінде бас кейіпкерді сомбаған актер Бақыт Қажыбаев пен Азамат Есқұловтар Өскеменге кетіп бара жатып, алыптар ізі қалған Алаш қаласына қалай аялдамаймыз деп, біздің іс-шарамызға арнайы қатысып, лебіздерін білдірді.
Әрине, бұл жоба аяқталар, қорытынды есебі берілер, ал теңдессіз Алаш идеясы мемлекеттік тұғырлы идеяға айналғанша ауқымды жұмыстар атқарыла береді. Қоғам қашан толық түсініп болғанша, мемлекеттік билік тетіктері қашан шынайы назар аударғанша алаш зерттеушілері өз жұмыстарын тоқтатпақ емес.