Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Қанат Алтынбек, жас ғалым: «Отырар кітапханасын зерттеу оңайға соқпады»

2290
Қанат Алтынбек, жас ғалым: «Отырар кітапханасын зерттеу оңайға соқпады» - e-history.kz

Еліміз жас талаптарға өте бай. Әсіресе, қазақтың рухани тәуелсіздігі, ұлттық санасы мәселесіне батыл қалам тербеп, белсене атсалысып жүрген жас қалам иелері өте көп. Сондай ойлы жастың бірі жас қаламгер, ғалым, гуманитарлық ғылымдар магистрі, Қазақстан авторлары қоғамының мүшесі Қанат Алтынбек. Қанат –Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында жұмыс істейтін зерттеуші. Ізденімпаз зерттеушімен кезігіп, әңгімеге тартқан едік.

– Қанат, алдымен өзіңді көпке таныстырсаң.

– Қайырлы күн болсынМенің аты-жөнім – Алтынбек Қанат Мұратбекұлы. 2001 жылы туғанмын. Қазақы дәстүрмен ата-анамның тұңғыш перзенті болған соң, апам Ұмсын Елемесқызының тәрбиесінде болдым. Менің атам Алтынбек пен апам Ұмсынның әкелері Алаш қайраткерлері болған деседі. Апамның әкесі Қазығұрт, Келес атырабына аты кеңінен жайылған Дүйсенбай қажы деген дәулетті кісі екен. Қолдағы барымен Алаш серкелеріне көмектесіп, малын беріп отырғанын апамнан жиі еститінмін. Тағдыр тәлкегімен аталарымыз 1930 жылдардағы байлар мен дін адамдарын қудалаған нәубет кезінде Тәшкен аймағында қоныс аударады. Ол жөнінде мен «Жерленген кітаптар» атты әңгіме жаздым. Сол жерде аталарымыздың көрген біршама қиындығын сол әңгімемді баяндадым. Атам Алтынбек Өзбекстанда аудан, қала әкімі, депутаты, атқарушы директоры қызметтерін атқарып, белгісіз дертпен 1989 жылы қайтыс болады. Арадан бірнеше жыл өткен соң 2000 жылдардың бас кезінде әулетіміздің үлкені апамыздың бастамасымен ата қоныс Қазығұрт өңіріне қайта көшіп келеді. Біз де сол 2001 жылы сол жақта туылып кейін осы жақта білім алдық. Әкем Мұратбек қарапайым қалалық қоғамдық көліктің жүргізушісі, ұзақ жылдар бойы «бағыт» меңгерушісі болды. Анам, ата-анасының ұзақ жыл армандаған қызы болғандықтан есімі де ерекше Арман болған. 10 жылдан астам уақыт мектепте оқытушылық қызмет атқарды. Қазіргі таңда Шымкент қалалық тігін өнеркәсібінде жоғары дәрежелі тігінші болып жұмыс атқарады. Менен кейін екі қарындасым бар. Жалпы үш ағайындымыз.

2018 жылы Шымкент қаласындағы №60 жалпы орта мектебін тәмәмдап, Алатау бөктеріндегі ұлылардың табаны мен қаламы қатар тиген альма-матер әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тарих» факультетіне мемлекеттік грант есебінен оқуға түстім.   

–  ⁠Өскен ортаң туралы айтсаң...

– Жоғарыда айтқанымдай апамның тәрбиесінде өскендігімнен болар, жастайымнан ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналардың өсиет өнегелерін тыңдап, небір аңыз-әңгіме, қисса-дастандарды тыңдап өстіп. Сондықтан болар қазір үлкен кісілердің қасында көп жүремін. Ұзақ өмір сүріп, көп нәрсені көрген қазыналы қарттарымыздың ақылын тыңдап, нақылын жаттап өстіп деуге де болады. 

Ал, негізінен өскен ортам жаман болған жоқ. Мектеп кезіндегі достарым, қазіргі ортам өте жақсы, мәдениет пен ғылымға бет бұрушы жалпы айтқанда дамушы орта деп есептеймін.

Алғаш рет университет қабырғасына келген кезімде бұл жақтағы студенттердің потециалын көріп, олардан әсте кем тспеуім керектігін ұқтым. Содан бастам шамамның келгенше жан-жақты білім үйренуге тырыстым. 

Құдайға шүкір деп айтамын, қайда болмасын тек жақсы адамдармен танысып, сол ортаның бір мүшесі болып жүргеміме тәуба деймін!

– Өзің білім алған мектебің жайлы не айтасың? 

– Ғаламзат ғылымхалы адамзатты тағдыр атты диірменінде шыңдауда. Түбі мықты адамдар епшілдігімен иірімде тірлік етуде. Мықтылар мен әлсіздердің арасында бізде аумалы-төкпелі өмір сүрудеміз.

Осыдан 6 жыл бұрын мектеп қабырғасынан топжарып, түлеп ұшқаным кешегі күндей көз алдымда. Әр кезеңнің өз қуанышы мен қиындығы болатыны сөзсіз. Бірақ, дәл осы мектеп қабырғасындағы қызықтармен ешқандай қызықтар тең түсе алмайды екен. Оған күн сайын көзім жетуде. 

Осынау 6 жылда азды-көпті жетістіктерге жеттік. Белгілі белестерді бағындырдық. 6 жылдың есебін беру үшін былтырдан бері ыңғайы келмей (өзім тарабымнан) жүрген мектеп оқушылары мен ұстаздарыммен кездесу кеші 13 қыркүйек күніне бұйырыпты. 

Өзіммен пікірлес һәм ниеттес ұстаз, физика пәні мұғалімі, өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы Мақсат Аманжолов және өзге де ұстаздарымыздың тікелей ұйымдастырумен кездесу әрі есеп беру ретінде өткізілген шығармашылық кешім жоғары деңгейде өтті. Еш боямасыз сауал жауаптар кеш шырайын одан әрі арттырды. Осыдан алты жыл бұрын сахнасында өлең оқып, рөл сомдап жүрген мен бүгінде сол сахнаға қонақ болып қайттым. Шүкір!

Шығармашылық кездесу кешінің басты жаңалықтарының бірі мектеп кітапханасынан маған арналған кітап бұрышы ашылды! Ондағы басты мақсат өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі ретінде біз шығарып жүрген кітаптар мен марапаттарымызды насихаттау болмақ. Мектеп кітапханашысы Бақытгүл апайымның құзырына бүгінге дейін жарық көрген барша кітаптарым, 30-ға жуық публицистикалық мақалам жарияланған газеттер мен үлкенді-кішілі марапаттарымды аталмыш бұрышқа тапсырдық. 

Кеш соңында өзім ең сүйіп оқитын 23 кітабымды мектеп кітапханасына тапсырдым. Сонымен қатар ұстаздарыммен кешке белсене атсалысқан іні-қарындастарыма кітаптарымды өз қолтаңбаммен сыйладым. Ұстаздарым жаста болсам қос-қостан зерлі шапан жауып, өзге де бағалы сыйлықтарын шын ықыласпен сыйлады. Ал кештің ұйымдасуына атсалысқан өзін-өзі басқару ұйымы өте құнды Ислам жәшігін тарту етті. Көңіл көңілден су ішеді демей ме дана халқымыз?!

– Ғылыми қызығушылығың қандай? 

– Хәкім Абай айтқандай, «Әр қиырға салған шақ» деп жүрген алғашқы университет жылдарында түрлі тақырыптарға әуестеніп жүрдім. Өзім тарих факультетінде оқыған соң, дипломдық жұмысымды аңыз бен ақиқатқа толы тақырып Отырар кітапханасы жөнінде таңдадым. Расында бұл тақырыпты зерттеу, іздену оңайға соқпады. Археологтар мен академиялық тарихшылардың кітаптарын түгел парақтадым деуге болады. Ал сізде нақты бір тарихи дәлеліңіз болмаса дипломдық жұмысыңыз қорғалмай қалады. Сондықтан көптеген газеттер мен кітаптарды ақтардым. Археолог ғалымдармен байланысқа шықтым. Сол арқылы Отырар кітапханасы тарихта болғандығына қажетті деген мәліметтерді табуға тырыстық. Белгілі дәрежеге жеттік деп айтуға болады. Жалпы осы Отырар кітапханасы жөнінде зерттеген мәліметтерім негізінде қазір бір зерттеу монографияның жобасы құралып дайын тұр. Баспа табылса, жыл соңына дейін бастырсам деген ниетім бар. Ол жерде Отырар қаласының арғы-бергі тарихы түгел баяндалып, жалпы қазақ жеріндегі жазу ісінің қалыптасып, кітап ісінің дамуы туралы баяндалады. Сонымен қатар монографияда Отырар кітапханасына қатысты аңыздар топтастырылып беріледі. Біздің логикада 30-дан аса Фарабиді түлетіп ұшырған Отырар қаласында ауқымды кітапхананың болмауы Ұлы Жібек жолы аялдайтын өркениетті шаһар деңгейінде мүмкін емес. Бірақ, қазір қолда нақты археологиялық дереккөздердің болмауы себепті әлемдегі екінші кітапхана мәртебесі Отырар кітапханасында болды деген сөзді айта алмайтынымыз өкінішті-ақ!

Университет қабырғасында жүріп бірнеше ғылыми-көпшілік мақалаларым жарияланып отырды. Екінші курста бізге «Әл-Фараби және қазіргі заман» атты сабақ оқытылды. Ол пәннен көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жақыпбек Алтайұлы сабақ берді. Сол сәттен бастап ол кісіге шәкірт болып бүгінге дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ұстазыммен ең алғаш «Әл-Фараби – ғасырлар ғұламасы» тақырыбында студент бола жүріп мақаламыз бір авторлықта жарық көрді. 

Ғылым еш уақытта максимализмді кешірмейтінін ескеріп бірнеше зерттеу жұмыстарында осы қағиданы күн тәртібіне қойып келеміз. Бүгінде ұлттық университеттің «Философия және саясаттану» факультетінің магистрантымын. Болашақ диссертациямның да тақырыбын бекіттік. Жалпы бағытым қазақ философиясы мен шығыс жауһарларын зерттеу болмақ. 

–  Шығарған еңбектерің бар ма? 

–  2023 жылы республикалық «Дарын» баспасынан Жақыпбек Алтаевпен бірге «Түрік өркениетіндегі әл-Фараби феномені» және «Әл-Фараби Ислам философиясының бастауы» атты жалпы саны жеті жүз беттен асатын екі ғылыми зерттеу монографиямыз жарық көрді. 

Бүгінге дейін жалпы саны 30-дан аса публицистикалық зерттеу мақалам республикалық мерзімді басылым беттерінде жарияланып келеді. 

3 томдық ғылыми антологияның, 1 библиографиялық жинақтың құрастырушыларының бірі міндеттерін атқардым. 

    

2021 жылдың 10 тамызында асыл апам Ұмсын анамыз бақилық болды.   2024 жыл, яғни биыл Ұмсын Елемесқызының туғанына 100 жыл толуына орай  белгілі «Дәстүр» баспасынан «Апамның алақаны» атты тұңғыш әңгімелер мен  өлеңдер жинағым белгілі ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қасымхан Бегмановтың алғы сөзімен және белгілі әдебиеттанушы ғалым, жазушы Нұрдәулет Ақыштың кіріспе сөзімен  жарық көрді. 2024 жылдың 14 ақпан күні қарашаңырақ ҚР Ұлттық кітапханасында халық жазушыларының алғы сөзімен тұңғыш туындымның тұсауы кесілді.

Бүгінгі менің жаңалығым «Көктем нәрлі болмаса...» атты екінші әдеби-публицистикалық кітабым жарық көрді.

Аталмыш кітаптың алғы сөзін белгілі жазушы, публицист, Қазақстанның құрметті жазушысы Марат Тоқашбаев пен көрнекті фарабитанушы-ғалым, академик Жақыпбек Алтаев жазды. Кітап 25 баспа табақ, 320 бетті қамтиды.

Жаратушыға шүкіршілік деймін, бүгінде бірнеше ғылыми басылымдарда автор, редактор, құрастырушы болып жүрмін. Олардың тізімін төменде берсек:

  1. Алтаев Ж., Алтынбек Қ. Орта ғасырлық түркілік өркениет және әл-Фараби феномені. Алматы. Дарын. 2022. – 356 бет.
  2. Алтаев Ж., Алтынбек Қ. «Түрік өркениетіндегі Әл-Фараби феномені». Алматы. Дарын. 2023. – 340 бет
  3. Алтаев Ж., Алтынбек Қ. Әл-Фараби – Ислам философиясының бастауы. Алматы: Дарын. 2023. – 332 бет.
  4. Ұстаз мұрасының ұлағаты. Библиографиялық көрсеткіш. Құрастырушы: Қанат Алтынбек және т.б. Алматы: Дарын. 2023. – 170б.
  5. Алтаев Ж. Ислам әлемі ойшылдары. Абай. Қ. Алтынбек: «Даналықтың жаңғыртқан патшалығын (өлең)». Алматы: Дарын. 2023. – 92 бет
  6. Түрік философиясы антологиясы. ІІ том.  Әл-Фараби философиясы. / Бас редактор Ж.Қ. Түймебаев; құраст: Ж. Алтаев, Т. Ғабитов, Ә. Құранбек, Қ. Алтынбек. – Алматы: «Дарын» баспасы. 2024. – 421 бет.
  7. Түрік философиясы антологиясы. ІІ том.  Түрік-Ислам философиясы. / Бас редактор Ж.Қ. Түймебаев; құраст: Ж. Алтаев, Т. Ғабитов, Ә. Құранбек, Қ. Алтынбек. – Алматы: «Дарын» баспасы. 2024 . – 433 бет.
  8. Қазақ. Тарихи-философиялық зерттеулер. Бас редактор: Ж.А. Алтаев. Жауапты редактор, автор, құрастырушы: Қ.М. Алтынбек. – Алматы: «Дарын» баспасы. 2024. – 312 бет.

Бұл кітаптар ғылыми бағытта жазылған кітаптар болып есептеледі. Біздің буынның басты парызы, артта қалған бос кеңістіктерді жауһар деректермен толықтыру. Сонымен қатар келешек ұрпақты шатастырмас үшін өзіміз дұрыс білім алуымыз керек. Алаш арыстарына түскен ауыр жүк бүгінгі ұрпаққа да түсіп тұр. Сондықтан барынша тер төгіп еңбек етуіміз ләзім. Тоқмейілсуге әсте болмайды. 

– Ораз Жандосов туралы зерттеуіңді «Егемен Қазақстан» газетінен оқып риза болдым. Жарайсың! 

 – Бүгінде қызмет етіп жүрген жерім – ҚР Ұлттық кітапханасының Ғылыми-әдістемелік қызметі. Ал Ұлттық кітапхананың іргетасын қалап, тұңғыш директоры болған Ораз Қиқымұлы Жандосов болатын. О. Жандосовты туралы ізденіс кітапханаға жұмысқа кірген күннен басталды деуге болады. Елдің жағдайы мүшкіл сол кезеңде кітапхана ісін дамытқандығы таңғажайып оқиға. 

ХХ ғасырдың І жартысында қазақ ғылым мен білімі үшін өте жемісті кезең болды. Қазақ интеллегенциясы барлық салада қалам тербеп елдің көзі ашық, көкірегі ояу болуына барын салды. Бірі әдебиеттен оқулық жазса, енді бірі математика мен медицинадан еңбектер жазды. Баршасының түпкі мақсаты – қазақ даласына жаһан ғылымын әкелу болды. Өзге елдермен терезесі тең түрде болуы үшін, өздері де бар ыждаһаттылығымен ғылымның бірнеше саласын меңгеруге тырысты. Солардың бірі, алаш арысы Ораз Қиқымұлы Жандосов екені даусыз. Сол себепті «Ақтық сапар алдындағы сөз» атты эссе-мақаламызды жазып, ата басылым «Егемен Қазақстан» газетіне жарияладық.

– Ораз Жандосовтың ұрпағын тауып, кездескен екенсің. Ол кісі кім болды екен? 

– Тарих беттерінен әлі де зерттелетін ақтаңдақтар тізімін жалғастыру – бүгінгі ұрпаққа аманат! 

Бүгін, біз, сіздерге бұрын-соңды есімі көп айтыла бермейтін алаштың айбоз перзенті Оразалы Қиқымұлы Жандосов хақында сөз қозғағымыз келеді. Отыздың ішінде оққа ұшқан Оразалының қилы тағдыры кімді де болса, ойландырмай қоймайды. 

Биыл 2024 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында алаш арысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік көпшілік кітапхананың тұңғыш директоры Ораз Қиқымұлы Жандосовтың туғанына 125 жыл толуына орай өткізілетін халықаралық ғылыми конференцияға дайындық барысында, Ораз Жандосовтың інісі Оразалы Жандосовтың туған қызы Райса Оразалықызы Жандосовамен кездесу-сұхбат ұйымдастырған едік. Бізге Райса апаны табуға көп еңбек еткен ардагер диктор, ҚР Мәдениет қайраткері Аманжан Еңсебайұлы ағамыз болды.

96 жастағы Оразалы Жандосовтың туған қызы Райса Оразалықызы Жандосовамен кездесу-сұхбаты барысында, көзімізге еріксіз жас пен өңешімізге өксік тығылып, бойымызды ерекше өкініш сезімнің билегені де жасырын емес. 

Райса апа екінші қабаттан біздің келгенімізді көріп, бірінші қабатқа түсіп келе жатыр екен. Апамызбен сұхбаттасу кезінде байқағанымыз,  әлі де тың, күні бүгінге дейін өзі жазып, өзі оқи алады. Жүріп-тұруы ширақ. «Халық жауының» қызын қаншама қиындықтар мен қуғын-сүргінді басынан өткізіп, ғасырға жуық өмір сүрген сәтін көргенде, тек қана «асылдың ұрпағы» дегеннен басқа сөзді ойымызға түспеді.

Бүгінде жасы ғасырға таяған әзіз анамыз өзінің қиыншылық пен ауыр мехнатқа толған ғұмырын ешкімге тілемейді. Тіптен ол күндерді есіне де алғысы келмейтінін айтты. «Халық жауының қызы» деген айыпты 20 жыл бойы арқалап келген оның қазақтың қазаққа деген бауырмашылдығы мен бірлігі ғана кез-келген зұлматтан құтқара алатынына көзі жеткен. 

Ораз Жандосовтың кім екенін, қандай қызмет жасағанын қазіргі тарихшылар, әдебиеттанушылар белгілі деңгейде зерттеп, оразтануда біршама жетістіктерге жетті. Біз, ҚР Ұлттық кітапхана қызметкерлері Ораз Жандосовтың өмірі мен қызметі жайында ақпараттармен бөлісіп, баспасөз беттерінде мақалалар жариялап отырамыз.  

Ал Оразалы сынды жасындай жарқ еткен тұлғаларымыздың не үшін «халық жауы» болғанын зерттеу мен оның қандай қызметтер атқарғандығын анықтау кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Дегенмен, қазақтың бағына біткен тарихшы ағаларымыз ең әуелі алаш серкелерін зерттеп, одан соң барша қайраткерлердің өмірі мен қызметіне тоқталатынына күмән жоқ. Әрине, Ораз бен Оразалыдай өліара шақта қызмет еткен азаматтарымыз өте көп. 

Біздің ойымыз ғасыр жасаған Райса апамыз сынды тағдырынан теперіш көрген азаматтар мен азаматшаларға көзі тірісінде мемлекет тарапынан бір марапат болса деген ниетіміз бар.

Таяуда апамыз тұратын Тараз қаласына барып қайттық. Мақсатымыз апамыздағы құжаттармен жіті танысып, конференцияға шақыру болды. Амандық болса Райса апамыз конференцияға қатысатынын айтты.

– Болашақтағы жоспарың қандай? 

– Ең әуелі ағылшын, түрік тілдерін меңгеріп алсам деймін. Себебі тіл меңгеру бүгінгі күннің басты талабы болып отырғаны жасырын емес қой. Сонымен қатар қазіргі таңда ғылымды терең меңгеруіңіз үшін де тіл үйрену мәселесін айналып өте алмаймыз. Ал көркем прозада бір деректі романды жазу үсіндемін. Тақырыбы қазірге құпия бола тұрсын. Бүгінде жазушы үшін тек қана шығармасын жақсылап жазу ғана міндетінен бөлек әдеби агент атты қызметті де қоса атқару керектігі заман талабы болып отыр. Ол бағытта да қолдан келер шаруаларды атқарып жатырмыз. Оның үстіне философия мамандығы бойынша магистратурада оқып жүрген соң диссертацияны да жоғары деңгейде жазып қорғап шығу – басты мақсаттардың бірі. 

Дәптерге түскен жоспарлар мен мақсаттар жеткілікті. Тек енді соларды дұрыстап атқарып шығу үшін Жаратқаннан мол күш-жігер мен абырой тілейміз.

– Бәрекелді! Дегеніңе жет, Қанат батыр! 

Сұхбаттасқан Жауынбай Жылқыбай

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?