2026 жылды тарихи тұлғалардың мерейлі мерейтойына толы жыл деуге болады. Соның ішінде Алаш қайраткері, публицист, агроном, мемлекет бағдарламасымен шет елде оқыған қазақтың бірі Ғазымбек Бірімжанның туғанына да 130 жыл толып отыр. Қайраткер-қаламгердің өмірі мен шығармашылығын зерттеу, зерделеу, таныту, насихаттау жұмыстарын шама-шарқымыз жеткенше атқарып келеміз. 2021 жылы Qyr balasy қоғамдық қорының «Алаш кітапханасы» сериясымен алғашқы шығармалар жинағын шығарсақ, 2024 жылы өңделіп, толықтырылған екінші басылымын ойлы оқырман назарына ұсындық. 2022 жылы А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Ғ. Бірімжанның тұлғалық келбеті мен әдеби-публицистикалық мұрасы» тақырыбында магистрлік диссертация жұмысын қорғасақ, 2024 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының қолдауымен тұлға туралы жазылған «Қазақтың Ер Едігесі» тарихи-деректі еңбегіміз көпшілік қауымға жол тартты. Жыл сайын есім-сойын ұлықтау мақсатында ғылыми-зерттеу, тарихи-танымдық мақалалар жазып, мерзімді басылым беттеріне жариялап келеміз.
Бір өкініштісі, Алаш білімпазының Берлин қаласында танысып, үйленген асыл жары Заира Жантөринаның ғұмырнамасын жаза алмай, тіпті суреттерін де таба алмадық. Сол өкініштің орнын 130 жылдығы қарсаңында толтырып, 28 ақпан – туған күні қарсаңында «сүйіншілеп» отырмыз.
Ғазымбектің қайын жұрты – атағы алысқа тараған Жантөриндер әулеті. Сәлімгерей Сейітханұлы мен Суфия Сейіткерейқызынан үш бала тараған. Олар: Жәңгір, Сара, Заира. Біздің байланыс орнатып, С. Жантөриннің отбасылық, оның ішінде Заираның суреттерін алып, сұқбат құрған адамымыз Сара Сәлімгерейқызынан тарайды. Нақтылап айтар болсақ, Сараның қызы Раисаның кенжесі – Михаил Ибрагимұлы Мансырев. М. Ибрагимұлы ата-бабасының тарихына ерекше қызығушылық танытып, шежіресіне қатысты деректер мен материалдарды жинақтаған. Михаил мырзаға Жантөриндер әулеті түп нағашы болып келеді.
Тағы бір айта кетерлігі, Михаил мырзаға 2024 жылы «Одноклассники» әлеуметтік желісінен хат жолдадық. Алайда ешбір жауап болмады. 2025 жылдың 22 қазанында ғана «Instagram» желісінен «Ман Мансырев» есімді жазылушыдан көптен күткен хат келді. Осы арада ерекше алғысты жол сілтеп, бағыт берген Айнұр Құдайбергеновға айтқымыз келеді. Осылайша, хат-хабар алмасып, Михаил мырзаға Ғ. Бірімжанның «Келешектің түрленуі» шығармалар жинағын да жолдап үлгердік. Енді, міне, отбасы мұрағатында сақталған тарихи суреттерді (бәрін емес) жариялауға келісімін алып, сұқбат алып отырмыз. Бұл суреттер ұлт баспасөзінде алғаш жарияланып отырғанын да айта кеткеніміз жөн болар.

– Михаил Ибрагимұлы, ең әуелі сұқбаттасуға келісім бергеніңіз үшін көп рақмет! Алғашқы сөзді шыққан тегіңіз, әулетіңіз жайынан қозғасақ.
Менің әкем – Ибрагим Хусейнович Мансырев (1914-1995), анам – Раиса Степановна (Белякова) (1928-2013). Үйде екі баламыз. Ағам Энвер 1950 жылы, мен 1958 жылы өмірге келдім. Атамыз Хусейн Сеитович Мансырев 1874-1924 жылдары өмір сүрген. Арғы атамыз Тамбов губерниясына қарасты ескі Мансырево (Старое Мансырево) ауылынан шыққан. Мансыревтер мемлекеттік шаруалар (гос. крестьяне) санатына жатады.
Хусейн Сеитович түрлі мекемеде есепші болып қызмет істеген. Бір жылдары «Новое время» баспасының бас есепшісі болды. Зүһра Тефетуллақызымен (Шахмаметьево) (1877-1962) шаңырақ көтеріп, екеуінен екі ұл, бес қыз тарады. З. Текфетуллақызы Пензен губерниясына қарасты Кюгеш ауылынан шыққан. Оның да аталары шаруа адамы болған.
Мансыревтер әулеті бойынша санақ құжаттарына (ревизских сказок) сүйенсек, ең арғы атамыз Әделша (Адельша) XVIII ғ. басында (1700 ж.) өмір сүрген.
Анамның әкесі – Степан Никитич Беляков (1891-1943), анасы – Сара Сәлімгерейқызы Жантөрина (1898-1958). Анам Раиса 1928-2013 ж. аралығында өмір сүрген. Оның жалғыз апасы Мәриям (1926-2011) ғана болды. Нағашы атам Смоленск губерниясының Станки ауылынан шыққан. Ал нағашы әжем Уфа қаласында өмірге келген. Түп нағашым – Сәлімгерей Сейітханұлы Жантөрин (1864-1926) және оның жұбайы, әжеміз Суфия Сейіткерейқызы Тевкелева (1877/78 – 1911). Нағашы әжем үш ағайынды болыпты. Үлкен ағасы Жәңгір (1894-?) және сіңлісі Заира (1899-1944).
Жантөриндер әулеті – тамырын тереңге жайған, өскен-өнген әулеттің бірі. Сәлімгерейдің атасы Ахмет Жантөрин (1810-1851) Қазақстандағы кіші жүз Шығыс бөлігінің сұлтан-правителі болған еді. Ал Ахметтің арғы атасы 1746-56 жылдары Хиуаны билеген Қайып хан болатын.

Жантөриндер әулетінің шежірелік желісі Әмір Темірдің замандасы, Көк Орда ханы Орыс ханға (?-1376/77) барып тіреледі.
Суфия Тевкелева – Сейіткерей Шаһингерейұлы Тевкелевтің (1819-1891) кенже қызы. Оның анасы – Сейіткерейдің екінші әйелі Хадиша Арслангерейқызы Мұратова (1838-1901).
– Сіздің анаңыз – Сәлімгерей Жантөриннің туған жиені. Түп нағашыңыз туралы зерттеу жұмыстары қашан басталды? Бұл тақырып Сізге несімен қызық болды?
Ата-баба тарихына есейген кезде ғана қызыға бастадым. Анам Сәлімгерей Жантөринді жиі есіне алып, нағашы атасын «Сәлімгерей мырза» деп атайтын. 2006 жылы анамнан өзі білетін мағлұматтар негізінде шежіре ағашын сызып беруін өтіндім. А2 форматындағы сол парақ әлі күнге дейін сақтаулы. Ол жерде шамамен отыз шақты адамның есімі жазылған. Сәлімгерей Жантөрин мен жұбайы Суфия Сейіткерейқызы, Сейіткерей Тевкелев есімдері де жазылған. Отбасылық мұрағатымызда біршама ескі сурет пен тарихи құжаттар сақталған. Олардың бүгінгі күнге дейін жетуі кісі таңғаларлық. Мен үшін суреттегі әр кісінің кім болғанын, қандай қызмет атқарғанын анықтау ісі қызық болды.
Осылайша шежіреде көрсетілген адамдардың қай кезеңде өмір сүріп, нендей іспен айналысқанын, шыққан тегі мен туысқандық айналасын анықтауға кірістім. Ғылыми журналға шыққан мақалалар мен кітаптардан, ғаламтор желісінен біршама мәлімет те таптым. Алайда деректер арасында қайшылық та туындады. Кейбір қарама-қайшы дүниенің түйінін тарқатсам, енді бірінің шешімін әлі күнге дейін таппай келемін.
Әкем Ибрагим Мансырев (1914-1995) арқылы Тамбов архивіндегі ревизиялық жазбалардың деректеріне қол жеткіздім. Соның арқасында Мансырев әулетінің шежіресін 1700 ж. басына дейін тарқата алдым. Бірақ тұрмыс-тіршілігіне қатысты мағлұматтар сақталмаған. Өйткені, олар мемлекеттік шаруа сословиесіне жатқызылған.
Ізденіс жұмысы қызық болғаны сонша, әулетіміздің тарихын тереңірек қарастырып, зерттедім. Зерттеу жұмысы барысында біршама тарихшы, өлкетанушымен танысып, ақыл-кеңесін тыңдап, бағыт-бағдар алдым. Кейбірімен осы күнге дейін хат алысып, жазысып тұрамын. Жаңа дерек табыла қалса, бір-бірімізге жолдап тұрамыз.
2013 жылы Башқұртстанның Буздяк ауданындағы Килем (Килимово) ауылында болдым. Бұл жерде 1852 жылы салынған Тевкелев әулетінің зәулім сарайы (усадьба) болған. Оның соңғы иесі ретінде Сәлімгерей Сейітханұлы мен Суфия Сейіткерейқызы саналады.
Килемде ауыл тарихы мен тарихи тұлғаларға арналған музей бар. 1856 жылы салынған мешіт пен сарай 1995 жылы федералдық маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысандарының тізіміне енгізілген.
– Заира Жантөрина белгілі Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжанның аяулы жары болды. Енді Заира жайынан айтсаңыз. Өмірінің соңғы жылдары қалай өтті?

Заира – Сәлімгерей Жантөриннің кенже қызы. Ол туралы мәлімет аса көп емес. 1899 жылы 5 тамыз күні өмірге келген. 1923-1928 жылдары Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институты (Екінші Мәскеу мемлекеттік университеті) педагогика факультетінің әдеби-лингвистика бөліміндегі неміс секциясында білім алған. 1927 жылдың жазынан оқуының соңына дейін Берлин қаласында тағылымдамадан (стажировка) өткен. Германияда Ғазымбек Бірімжанмен танысып, тұрмысқа шыққан. 1928 жылы Мәскеуге қайтар кезде жолай Стамбул қаласына соғып, 1920 жылдары Ресейден эмиграцияға кеткен ағасы Жәңгірмен кездескен. Алайда Жәңгірдің кейін Түркияда қалғаны немесе басқа елге қоныс аударғаны жөнінде нақты дерек жоқ. Өмірінің соңы беймәлім.

1941 жылы Сара әжеміз отбасымен Фрунзе қаласына эвакуацияланды. Сол жақта алыс туыстарының үйінде тұрыпты. Ал Заира соғыс жылдары Мәскеуде қалып, Новослободская көшесі, 73-үйде тұрды. Бұл үй бүгінгі күнге дейін сақталған. Кейін бұл үйде 2006 жылға дейін Мариям Степановна күйеуімен тұрды.

Заира №603 мектепте неміс тілінен сабақ берді. Беляковтар 1943 жылы эвакуациядан оралғаннан кейін Заирамен бірге тұрды. 1944 жылы Заира ауырып, қайтыс болды. Мәскеу қаласындағы Дон зиратының №2 ортақ қабіріне жерленген.

– Ал Ғазымбек Бірімжан туралы бұрын естуіңіз бар ма еді? Отбасылық архивте тұлға туралы естеліктер, суреттер сақталған ба?
Ғазымбек Бірімжан туралы күні кешеге дейін білген жоқпыз. Анам мен әпкесі Мариямның бар білері, нағашы апасының тұрмыста болғаны, күйеуінің аты «Ғазиз» екені, 1937 жылы тұтқындалғаны ғана еді. Алайда оның шыққан тегі, өмірі мен қызметі жайында ештеңе білмедік. Мариям Степановнаның қолында Ғазымбектің қарындашпен салынған портреті сақталған. Қағаздың төменгі жағына 1927 жылғы 15 тамыз деп көрсетілген. Портрет авторы кім екені белгісіз. Қазір суреттің Германияда салынғаны белгілі болып отыр. Өйткені ол уақытта Ғазымбек екеуі сол жақта тұрған. Қазір Ғ. Бірімжан туралы жазған кітабыңызды (Ғ. Бірімжан «Келешектің түрленуі» шығармалар жинағы, құрастырушы – Д. Ихсан) қызыға оқып жатырмын.

– Сіздің Сәлімгерей Жантөриннің жары Суфия Тевкелева-Жантөрина және әулеті жайынан жазған «Потомки Владельцев Килимовского имения» мақалаңызды оқып шықтық. Енді оқырман қауымға түсінікті болу үшін осы әулеттің тарихын қысқаша айтып өтсеңіз.
Суфия Сейіткерейқызы Жантөрина (Тевкелева) – гвардия полковнигі Сейіткерей Шаһингерейұлы Тевкелевтің қызы, ірі жер иеленуші (помещица). Ол қоғамдық, қайырымдылық қызметімен танымал.
1903 жылы Белебей уезіне қарасты Тюрюшев болысының Ескі Килем (Старо-Килимова) ауылындағы бас мешіттің игілігі үшін сыйға жер берген. Сыйға беру актісіне сәйкес, жерден түскен табыс мешіт игілігі мен мешіт жанындағы ауылдардағы кедей балалардың білім алуына жұмсалған.
С. Жантөрина 1907 жылдың желтоқсанында құрылған Уфа мұсылман әйелдер қоғамының құрылтайшылар құрамына кірген.
Суфия мен жұбайы Сәлімгерей Жантөрин, сондай-ақ уфалық саудагер Садри Назаров «Ғалия» медресесіне қаржылай көмектескен. Медресе 1906 жылдың қазанында ашылған. Жантөриндер шамамен 50 мың рубль қаражат берген. Суфия медресенің жаңа ғимаратын салуға бастама көтеріп, 1908 жылдың қазанында Уфа көшесінде ашылған. Бұл ғимарат бүгінге дейін сақталған. Қазіргі таңда ғимаратта Ресей ислам университеті (Уфа қаласы, Чернышевский көшесі, 5) орналасқан.
Суфия ұзақ уақыт құрт ауруымен (туберкулез) ауырған. Сәлімгерей оны түрлі емханаға апарып, білікті дәрігерлерге көрсеткен. Алайда еш көмегі болмады. 1911 жылдың 28 желтоқсанында Стамбулда қайтыс болды («Уақыт» газеті, №902, 1911 ж.). Стамбулға жақын Баюкада аралындағы (грекше Принкипо) Жантөриндер вилласына жерленуі мүмкін деп болжаймыз. Қазіргі таңда нақты жерленген жері белгісіз.
Суфия мен оның ұрпағы Уфа губерниясының Белебей уезіндегі Килем (Килимово) ауылында орналасқан атақты үй-жайдың (усадьба) соңғы иесі болды. Бұл үй-жай – бүгінгі күнге дейін сақталған татар ақсүйектерінің ең ірі, ауқатты, еңселі сарайы деуге болады.
Тевкелевтер – үрім-бұтағы көп, бірталай тарихи еңбектің арқауы болған ірі татар әулеті. Бұл әулет туралы деректер әртүрлі дереккөзде молынан ұшырасады. Тевкелевтердің шығу тегі хақында тарихшылар сан алуан болжам жасаған.
Әулеттің түп-төркініне қатысты мәліметтер отбасылық мұрағатында сақталғанымен, ең көне құжаттар Пугачев көтерілісі кезінде жойылып кеткен. 1789 жылы Уфа өкілдігінің (наместничестве) шаруалар (дворяндар) жиналысына Осип (Юсуф) Тевкелевтің жесірі Дарья (Захира) Алексеевна Тевкелева тапсырған шежіреде Тевкелевтер әулетінің алғашқы белгілі арғы атасы Уразлей болғаны көрсетілген («Разные бумаги генерал-майора Тевкелева об Оренбургском крае и киргиз-кайсацких ордах»). Құжатта оның Ресей бодандығына қашан, қай ордада өткені белгісіз деп жазылған.
Бұл әулеттің алғашқылары мемлекеттік қызметте болса, кейінгілері елге танымал тұлғаларға айналды. Солардың бір-екеуіне ғана тоқталып өтейік.
Уразлейдің шөбересі Құтлы-Мұхаммед Мамешұлы (Алексей Иванович) Тевкелев (1674/75-1766) генерал-майор болған. Тарихи тұлға 1735-1740 жылдары башқұрт көтерілісін басуға қатысып, сонымен қатар Қазақстанның Ресейге қосылу үдерісінде елеулі рөл атқарды.
Сәлімгерей Тевкелев (1805-1885) 1828-29 ж. орыс-түрік соғысына қатысып, майдан даласындағы ерлігі үшін бірнеше орден, медальмен марапатталған. Штабс-ротмистр шенін иеленген. 1865 жылдан 1885 жылға дейін Орынбор мұсылмандары діни басқармасының мүфтиі қызметін атқарды. Ол өз жерінің үштен екі бөлігін Уфа қаласындағы мұсылман жетімдер панасына мүлік (вакуф) ретінде бағыштаған. Аталған үй 1878 жылы ашылды.
Құтлы-мұхаммед Батыркерейұлы Тевкелев (1850-1917 ж. кейін) 1877-78 жылдары орыс-түрік соғысына қатысқан. 1906-1917 жылдары Бірінші, Екінші, Үшінші, Төртінші Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланса, 1907-1917 жылдары Үшінші, Төртінші Думада Ресей мұсылмандарының мүддесін қорғап, мұсылман фракциясын басқарды. 1916 жылдың жазында Түркістан мен Дала өлкесіндегі көтеріліс кезінде А.Ф. Керенскиймен бірге қақтығыстың себебін анықтауға барып, Мемлекеттік Дума комиссиясын басқарды. 1917 жылғы наурызда Петроградта Ресей мұсылмандарының уақытша орталық бюросының ағзасы болды. Кейінгі тағдыры беймәлім.
– Көп рақмет! Бұдан басқа тағы да қандай тұлғаларды зерттеп жүрсіз? Кітап шығару жоспарыңызда бар ма?
Жақында ғана Мансыревтер әулетінің 1700 ж. бұрынғы кезеңіне қатысты жаңа мәліметтер табылып, зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмын.
Жәңгір Сәлімгерей туралы деректер іздестіріп жүрмін. Бірінші жиһан соғысы кезінде 1918 жылы наурызға дейін неміс майданында соғысқан. 1918 жылдың тамызынан бастап Уфа эскадронының халық әскерінде (ақ әскер) взвод командирі болған. Кейін бұл эскадрон Уфа кавалерия дивизиясының атты әскер полкінің құрамына қосылған. 1920 жылдары Түркияға кетіп, 1928 жылға дейін Түркияның Баюкада аралында тұрған. Өмірінің соңғы жылдары әлі күнге белгісіз.
Жеке ізденістердің нәтижесінде біршама мәлімет жинап, суреттер мен құжаттар тауып, нәтижесінде жүзден астам материал жинақталды. Әуесқой зерттеу жұмысым туыстарым мен жақын таныстарым үшін арналған. Сол себепті дәл қазір кітап қылып шығару ниетім жоқ. Қазіргі таңда қолда бар материалға жалпы редакциялық өңдеу аса қажет. Сонымен қатар жаңа деректер де табылып жатыр. Бұл зерттеу жұмысы үздіксіз жалғаса беретініне сенімдімін.
– Михаил мырза, уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет. Тұлғатану, әулеттану саласындағы ізденісіңізге сәттілік, шығармашылығыңызға табыс тілеймін. Әлі де бұл тақырып жайынан сұқбат құрамыз деп үміттіміз. Сізге тағы да мың алғыс!
Сұқбаттасқан
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты,
ғазымбектанушы Данияр Ихсан