Қазақстанның тарихи санасын жаңғыртуға бағытталған іргелі ғылыми жобалардың бірі – «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылым. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Алматыда өткен редакция алқасының кезекті отырысы туралы Facebook парақшасында жазып, аталған еңбектің мазмұндық әрі ғылыми маңызына тоқталды.
Алматы қаласында өткен отырыс барысында жеті томдықтың бесінші томының қолжазбасы қаралды. Мемлекеттік кеңесші өз жазбасында:
«Алматыда «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» жеті томдық академиялық басылымын әзірлеуге қатысты редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Басқосуда академиялық еңбектің бесінші томының қолжазбасы талқыланды. Аталған том Қазақстан тарихының ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы кезеңіне арналған», – деп атап өтті.
Бесінші том ел тарихындағы аса күрделі әрі бетбұрысты кезеңдерді қамтиды. Ресей империясының отарлық саясаты, ұлттық қозғалыстардың басталуы, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер – осы дәуірдің негізгі мазмұнын құрайды.
Бұл томның жаңартылған құрылымы мен мазмұнын авторлар ұжымының жетекшісі, академик Зиябек Қабылдинов таныстырды. Ол Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқара отырып, соңғы жылдары отандық тарихнаманың жаңа ғылыми бағыттарын қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Жиында бесінші томға қатысты ғылыми рецензиялар тыңдалды. Атап айтқанда, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Әбдіров, тарих ғылымдарының кандидаты, Орталық мемлекеттік архив директоры Сәбит Шілдебай, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева өз пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар редакция алқасының мүшелері Андрей Чеботарев, Галина Ксенжик, Жақсылық Сәбитов, Дихан Қамзабекұлы, Бүркітбай Аяған, Жәкен Таймағамбетов, Мәмбет Қойгелдиев және басқалар ғылыми ұсыныстарын ортаға салды.
«Жиын соңында редакция алқасы академиялық басылымның бесінші томын жетілдіру жұмысын одан әрі жалғастыру және келесі отырыста көп томдықтың алтыншы томын қарастыру туралы шешім қабылдады», – делінген жазбада.
Бұл жиындар отандық тарих ғылымының бірізді ғылыми стандарттарға көшуіне ықпал етіп отыр. Мемлекеттік кеңесші академиялық басылымның тек ғылыми еңбек қана емес, ұлттық сана үшін стратегиялық маңызы бар жоба екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары отандық ғылымның көпғасырлық тарихты кешенді зерделеу ісінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Осы үдерістің заңды жалғасы ретінде әзірленіп жатқан академиялық жеті томдық елдің тарихи жадын жүйелеп, қоғамның бірегейлігін нығайтатын іргелі тұғырға айналып келе жатқанын меңзеді. Сонымен қатар ол жаңа Конституция жобасының преамбуласында көрініс тапқан Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи сабақтастығы ұлттық тұтастықты бекемдейтін маңызды рухани өзек ретінде айрықша мәнге ие екенін түйіндеді.
Айта кетейік, жеті томдықты әзірлеу жұмыстары бірнеше жыл бойы кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Бұған дейін өткен редакция алқасының отырыстарында:
алғашқы томдардағы ежелгі және ортағасырлық кезеңдердің құрылымы бекітілді;
дереккөздер базасын кеңейту, археологиялық және антропологиялық мәліметтерді енгізу мәселелері талқыланды;
тәуелсіздік кезеңіндегі тарихнамалық көзқарастарды жаңарту қажеттігі көтерілді;
терминология мен ғылыми әдіснаманы біріздендіру мәселелері қарастырылды.
Жеті томдық академиялық басылым – Қазақстан тарихын тек қайта жазу емес, оны жаңа ғылыми парадигмада түсіндіру әрекеті. Мысалы, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басын қамтитын бесінші том – отарлық ықпал, модернизация, ұлттық сананың оянуы сияқты түбегейлі өзгерістерді ғылыми тұрғыдан пайымдауға мүмкіндік береді.
Редакция алқасының тұрақты отырыстары ғылыми пікірталас мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тарихты ұлттық бірегейлік пен қоғамдық тұтастықтың өзегіне айналдыру миссиясын айқындай түседі. Ал алдағы алтыншы томды талқылау – тәуелсіздікке дейінгі тарихи үдерістерді толық әрі жүйелі көрсету жолындағы келесі қадам болмақ.