Алтын Орда тарихын кешенді зерттеудің жаңа бағыттары айқындалды

Автор:
53
Алтын Орда тарихын кешенді зерттеудің  жаңа бағыттары айқындалды - e-history.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында бүгінгі Отан тарихының өзекті мәселелеріне тоқталып, бірнеше жаңа ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарын айқындады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя Алтын Орданың саяси тарихы түрлі кезеңде кешенді түрде зерттелді. 

Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Дегенмен осы күнге дейінгі жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары негізінен Алтын Орданың саяси тарихын ашуға бағытталды. Оның сыртқы саясатымен қатар, мемлекет ретінде ішкі топтасу ерекшеліктері ашылды. Симпозиумда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдағы уақытта аталған бағыт бойынша жүргізілетін зерттеу жұмыстарының жаңа бағыттарына ғылыми қауымдастықтың назарын аударды. Рас Алтын Орданың тарихы тек қана жаугершілік жорықтар мен бағынышты елдерден алым-салық жинаумен ғана байланысты емес. Ұлы Дала жерін алып жатқан қуатты империя Алтын Орданың тарихы көшпелілер өркениетінің бір бөлшегі ретінде қарастылып, батыс пен шығысты жалғаған «мәдени көпір» ретінде сипатталуы тиіс. Еуроцентристтік көзқарастағы зерттеушілер көшпелілерді жабайы санап, көшпелілер өркениетін мойындамайды. Алтын Орда сынды көшпелілер құрған империяның саяси тарихы ғана емес, әлемдік өркениетке қосқан үлесі, батыс пен шығыс өркениетін байланыстарған мемлекет ретінде сипаттаудың маңызы зор. 

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақаласында «...ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен әуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым әрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мән берген жөн. Мысалы, деректі және көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жау жүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз» деген болатын. Бүгінгі таңда Алтын Орда тарихына қатысты жүргізіліп жатқан зерттеу жұмыстары қалың оқырманға емес, тек ғылыми қауымдастық түсінетін деңгейде жазылады. Сол себепті анықталған тарихи фактілердің негізінде көркем шығармалар, көркем және деректі фильмдер топтамасы, мультфильмдер түсірудің де маңыздылығы жоғары. Демек Алтын Орда тарихын насихаттаудың мультимедиялық тәсіліне ерекше назар аудару қажет деп санаймыз.

А. Т. Қайпбаева

тарих ғылымдарының кандидаты

Ш. Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология

институтының жетекші ғылыми қызметкері

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз