«Жайық қалашығынан қоғамдық монша мен су құбырлары табылды» — археолог

73
«Жайық қалашығынан қоғамдық монша мен су құбырлары табылды» — археолог - e-history.kz

Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында «Тарих söile» жобасы бірқатар тарихшы, археолог ғалымдармен сұхбат ұйымдастырды. Солардың бірі – Батыс Қазақстан өңіріндегі ортағасырлық қалаларды ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген археолог Мұрат Қалменов. Әңгіме барысында ғалым Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет, Жайық қалашығы, көне инженерлік жүйелер, кесенелер, керамика технологиясы мен археологиядағы соңғы жаңалықтар туралы кеңінен айтып берді. 

«Бізде қалалық мәдениет болмады» деген түсінік әлі бар

Қазақ даласы сөз болғанда көпшіліктің санасында әлі күнге дейін көшпелі өмір салты ғана алдыңғы қатарға шығады. Ал қалалық мәдениет мәселесі көбіне көмескі қалып келеді. Археолог Мұрат Қалменовтің айтуынша, бұл ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жаңсақ түсініктің салдары.

«Бізде ешқандай қалалық мәдениет болмады деген түсінік қалыптасып қалған. Кеңестік кезеңде “көшпенділер мәдениеті”, кейін “далалық өркениет” деген ұғымдар ғылыми айналымға енді. Бірақ сонымен бірге біздің жерімізде ірі қалалық мәдениет болғанын ашық айта бермеді. Ондай жаңалықтардың бәрі тек ғылыми қауымдастыққа ғана белгілі болды», – дейді археолог. 

Шын мәнінде, соңғы жиырма-отыз жылдағы археологиялық қазбалар қазақ даласындағы ортағасырлық қалалар жүйесінің қаншалықты дамығанын дәлелдей бастады.

Батыс Қазақстандағы археологиялық жаңалықтар

Ғалымның айтуынша, соңғы жылдары Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау өңірлерінде жүргізілген қазба жұмыстары бұрын белгісіз болып келген көптеген қалалардың бетін ашты. Мәселен, Маңғыстаудағы Қорғантас қаласы, Қарқабақ қалашығы, Қызылқала, Атырау өңіріндегі Ақтөбе-Лаэти, Таскешу керуен сарайы, сондай-ақ Сарайшық қаласы бүгінде қайта зерттеліп, реставрация жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Ал археолог ерекше тоқталған нысан – Жайық қалашығы болды.

Жайық қалашығы: Алтын Орда дәуіріндегі үлкен шаһар

Жайық қалашығы 2001-2002 жылдары табылып, кейін оған «Жайық» атауы берілген. Ғалымның сөзінше, бұл – XIII ғасырдың екінші жартысы мен XIV ғасырдың ортасына дейін өмір сүрген ірі қала.

«Бұл жерде қоғамдық монша табылды. Ортағасырлық мұсылман қалалары туралы араб, парсы, еуропалық жазбаларда “егер қоғамдық моншасы болса, ол үлкен қала” деп сипатталады. Сондықтан біз бұл жердің үлкен қала болғанын нақты айта аламыз», – дейді Мұрат Қалменов. 

Моншаның айналасынан бірнеше үлкен тұрғын үй, кірпіш күйдіретін пештер, әктас күйдіретін орындар және қыш өндірісіне арналған пештер табылған. «Ол жерде қолөнершілер кварталы болған сияқты», – дейді археолог. 

Бұл деректер Алтын Орда дәуірінде Жайық бойында тек сауда емес, өндіріс пен құрылыс мәдениетінің де жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.

Көк күмбезді кесенелер және мәртебелі тұлғалар

Жайық қалашығының маңынан бірнеше ірі кесене табылған. Соның бірі – ұзындығы 27 метрге жететін үлкен мавзолей. Ғалым оның құрылысын егжей-тегжейлі сипаттады.

«Үлкен кесене екі бөлмеден тұрған. Бірінші бөлмеде он адам жерленген, екінші төргі бөлмеде бір адам жатқан. Сол төргі бөлме жерден сәл биіктеу орналасқан. Қожа Ахмет Ясауидің саркофагы сияқты көтеріңкі етіп жасалған. Демек, ол мәртебелі тұлға болған», – дейді археолог. 

Кесенелердің сырты көгілдір қыш тақташалармен көмкерілген. «Күмбездерінің сырты аспан түстес көк керамикалық тақташалармен қапталған. Бұл – үлкен космогониялық түсінік. Яғни аспанмен, ғаламмен байланыс ұғымы болған», – дейді ол. 

Оң құлағындағы сырға және түркілік таным

Қазба барысында жас жігіттің сүйегі табылған. Оның оң құлағында сырға болған. Бұл археологты ерекше ойға қалдырған.

«Түркі халықтарында ер адамның оң құлағына сырға тағу – оның әулеттегі жалғыз ұл екенін білдіретін белгі болған. Егер ондай адам өлсе, әулет тоқтап қалады деген түсінік бар. Бұл – өте терең дүниетаным», – дейді Мұрат Қалменов. 

Ғалым мұндай этнографиялық сабақтастықтардың Алтын Ордадан бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын айтады.

Археологтар дәуірді қалай анықтайды?

Көпшілікке қызық сұрақтың бірі – археологтардың табылған заттардың дәуірін қалай анықтайтыны. Мұрат Қалменов бұл жерде керамиканың маңызы ерекше екенін айтты.

«Ең көп табылатын артефакт – қыш ыдыстардың сынығы. Әр дәуірдің қышының түсі, формасы, күйдіру тәсілі, өрнегі өзгеше болады. Қолмен жасалған керамика бар, станокпен жасалған керамика бар. Мамандар оны бірден ажыратады», – дейді ол. 

Алтын Орда кезінде инженерия ерекше дамыды

Сұхбаттағы ең қызықты тақырыптардың бірі – ортағасырлық инженерия мәселесі болды. Археологтың айтуынша, Алтын Орда кезеңінде құрылыс пен инженерияда үлкен серпіліс болған.

«Қазіргі “теплый пол” дейміз ғой. Дәл сондай жүйе Алтын Орда кезінде болған. “Кан” жүйесі деп аталады. Бір ошақтан шыққан жылу еден астындағы арналар арқылы тарап отырған», – дейді ол. 

Сондай-ақ суару жүйелері, ирригация арналары да кеңейген. «Алтын Орда кезеңінде каналдар мен арналар көбейген. Бұл егіншіліктің дамығанын көрсетеді. Демек, халықаралық сауда да жоғары деңгейде болған», – дейді археолог. 

Ортағасырлық канализация жүйесі

Жайық қалашығындағы қоғамдық монша қазбасы кезінде археологтар көне су құбырларын да тапқан. «Моншаның өз су құбырлары болған. Ақаба су жиналатын арнайы орындары да табылды. Қазіргі септик сияқты. Ойланып қараңыз, сол заманда санитарлық-гигиеналық жүйе болған», – дейді ғалым. 

Археолог бұл жүйені сол кезеңдегі Шығыс Еуропа қалаларымен салыстырып, Жайықтағы инженерлік мәдениеттің әлдеқайда дамығанын атап өтті.

«Татар-моңғол езгісі» туралы түсінік қайта қаралуы керек

Сұхбат барысында Мұрат Қалменов тарихи терминология мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, «татар-моңғол езгісі» туралы түсінік археологиялық деректермен толық сәйкес келе бермейді. 

«Егер шынымен бәрі қирап, тек басып алу ғана болған болса, мұндай жоғары деңгейдегі материалдық мәдениет дамымас еді. Қазба жұмыстары мүлде басқа көріністі көрсетіп отыр», – дейді ол. 

Алтын Орда және халықаралық сауда жолдары

Археолог сұхбат соңында XIV ғасырдағы итальян көпестері жасаған карталар туралы қызықты деректер келтірді.

«1375 жылы ағайынды Пициганилер жасаған картада Каспий маңындағы қалалар белгіленген. Сол карталарда Сарайшық көрсетілген. Кейін ағылшын саудагерлері де осы өңірдің карталарын жасаған», – дейді ол. 

Бұл – Алтын Орда дәуіріндегі Батыс Қазақстан қалаларының халықаралық сауда желісіне енгенін дәлелдейтін маңызды деректердің бірі.

Археология кейде үнсіз жатқан даланың тілін сөйлетеді. Қираған кірпіш, сынған құмыра, көне монша, көгілдір кесене – мұның бәрі өткеннің жұрнағы ғана емес, ұмыт қалған өркениеттің ізі.

Бәлкім, біз ұзақ уақыт бойы өз тарихымызды өзгенің көзімен қарап келген шығармыз. Ал бүгін сол даланың астынан қайта көтерілген қалалар қазақ өркениетінің шын келбетін біртіндеп ашып жатыр.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз