Алтын Орда мұрасы Астанада талқыланып жатыр

Автор:
349
Алтын Орда мұрасы Астанада талқыланып жатыр - e-history.kz

Астанада Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум басталды. Іс-шара 19-20 мамыр күндері өтеді

Ғылыми жиын барысында Жошы Ұлысының тарихы, Алтын Орданың әлемдік өркениеттегі орны, ортағасырлық мемлекеттердің сабақтастығы, археологиялық зерттеулер, тарихи деректер мен түркі халықтарының ортақ мұрасы секілді тақырыптар талқыланбақ. Осыған орай біз тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Ортағасырлық деректану орталығының өкілі Сыздықов Сатай Мақсұтұлынан Алтын Орда дәуірінің тарихи маңызы мен оның зерттеудің бүгінгі бағыттары туралы пікір сұрадық.

Сатай Мақсұтұлының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанда Алтын Орда мұрасын зерттеу бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынған.

 

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде Қазақстан, қазақ мемлекеттілігі – Алтын Орданың, Жошы Ұлысының тікелей мұрагері екенін айтқан болатын. Соған байланысты кейінгі кезде Қазақстанда Алтын Орда мұрасын зерттеу және насихаттау жөнінде үлкен қадамдар жасалды. Соның бірі – Астанада Жошы Ұлысын зерттеу орталығының құрылуы. Сонымен қатар Қазақстан тарихының жеті томдық еңбегін жазу барысында Алтын Ордаға арналған жеке том дайындалды. Мен өзім сол еңбекте сарапшы болдым, – деді ол.

 

Ғалымның пікірінше, Алтын Орда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына тікелей ықпал еткен ірі тарихи мемлекеттердің бірі болды.

 

– Жалпы, Алтын Орда – қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған, оның қалыптасуы мен одан әрі дамуына үлкен ықпал еткен, халықаралық маңызы зор мемлекет. Бірақ зерттеу барысында біз көбіне Алтын Орда туралы айтқанда, оған дейінгі түркі дәуіріндегі мемлекеттердің ықпалын толық ашып көрсете бермейміз. Бұл жерде Алтын Орданың мемлекеттілігінің қалыптасуына оған дейінгі түркі мемлекеттері, әсіресе Қарахан мемлекеті үлкен әсер етті. Заң шығару, халықаралық байланыстар орнату сияқты көптеген жүйелер сол кезеңдерден бастау алды. Көптеген мемлекеттік институттар мен басқару құрылымдары Алтын Ордаға дейінгі Ұлы даладағы түркі мемлекеттерінен жалғасып, сабақтастық тапты, – деді Сатай Сыздықов.

 

Оның айтуынша, бүгінгі халықаралық симпозиумның негізгі маңызы – Қазақстанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулерді әлемдік ғылыми қауымдастыққа таныстыру.

 

– Қазір халықаралық деңгейде біздің елде жүріп жатқан тарихи ізденістер мен ғылыми процестерді шетелдік ғылыми ортада толық таныс емес. Сондықтан Қазақстан тарихының көптомдық еңбегі, Алтын Ордаға арналған жеке томның әзірленуі, Жошы институтының құрылуы және олардың атқарып жатқан жұмыстары халықаралық деңгейде көрсетілуі керек болды. Осындай үлкен халықаралық конференцияны ұйымдастырудың басты мақсатының бірі де – осы, – деді ғалым.

 

Сонымен қатар ол Алтын Орданы зерттеу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасуы қажет екенін атап өтті.

 

– Әлі де зерттеу жұмыстарын жалғастыру қажет. Алтын Орданың әлемдік өркениет дамуындағы үлесін, оның тарихи рөлін тереңірек анықтауымыз керек. Осы бағытта атқарылатын жұмыстар әлі де көп, – деді Сатай Сыздықов.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз