Қазақстан тарихын жаңа ғылыми пайымдаумен жүйелеуге бағытталған «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты жеті томдық академиялық басылымды әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алматыда өткен редакция алқасының кезекті отырысында көптомдықтың алтыншы томы қаралды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің Facebook парақшасында жазды.
Алтыншы том кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған. Бұл тақырып бұған дейін де редакция алқасының назарында болған. Алайда ғылыми рецензенттер мен редакциялық алқа мүшелері тарапынан айтылған ескертулерге байланысты қолжазба қайта өңдеуге жіберілген еді.
Мемлекеттік кеңесші өз жазбасында: «Алматыда Қазақстан тарихының жеті томдығын әзірлеу бойынша редакция алқасының кезекті отырысы өтті. Бұл жолы 6-томның қолжазбасы қаралды», – деп атап өтті.
Сонымен қатар ол кеңестік кезеңді қамтитын бұл жинақтың бұған дейін де талқыланғанын еске салды. «Кеңестік кезеңдегі Қазақстан тарихына арналған жинақ бұған дейінгі отырыста да талқылаған болатын. Алайда рецензенттер мен редакциялық алқа мүшелері тарапынан айтылған ескертулерге байланысты қайта өңдеуге жіберілген еді», – деді Ерлан Қарин.
120-дан астам ескерту қайта қаралған
Жиында алтыншы томның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева баяндама жасап, қолжазбаға енгізілген өзгерістер жөнінде есеп берді.

Қариннің жазуынша: «... 6-томның жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Күлғазира Балтабаева айтылған ескертулер бойынша қандай жұмыс жүргізілгені жөнінде баяндама жасап, есеп берді. Оның айтуынша, қосымша редакциялық жұмыс барысында 120-дан астам ескерту мен ұсыныс назарға алынған».
Бұл деректің өзі көптомдықты әзірлеу жұмыстарының формалды сипатта емес, ғылыми сүзгіден бірнеше мәрте өтетін ауқымды процесс екенін аңғартады. Кеңестік кезең тарихын жазудағы жауапкершілік те айрықша. Себебі бұл дәуір – ашаршылық, қуғын-сүргін, индустрияландыру, тың игеру, ұлттық интеллигенция тағдыры секілді күрделі тарихи үдерістер тоғысқан кезең.
Алтыншы томның құрылымы да ауқымды ғылыми еңбектің деңгейін көрсетеді. «Жалпы, алтыншы том 7 бөлімнен, 19 тараудан және 126 параграфтан тұрады. Авторлар ұжымының құрамына 70-тен астам ғалым мен зерттеуші енген», – деп жазды Мемлекеттік кеңесші.

Ғылыми рецензиялар мен пікірлер
Жиында алтыншы томға қатысты бірнеше ғылыми рецензия тыңдалды. Атап айтқанда:
тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған
әлеуметтану ғылымдарының докторы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Сәдуақасова
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры, саяси ғылымдарының кандидаты Андрей Чеботарев өз пікірлерін білдірді.
Сонымен қатар редакция алқасының мүшелері Мәмбет Қойгелдиев, Кенжехан Матыжанов, Дихан Қамзабекұлы, Нұрсан Әлімбай, Еркін Әбіл, Ханкелді Әбжанов секілді ғалымдар мен зерттеушілер өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Бұған дейінгі отырыстар не көрсетті?
Жеті томдықты әзірлеу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұған дейінгі отырыстарда ежелгі дәуірден бастап ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басына дейінгі кезеңдерді қамтитын томдар талқыланды. Соңғы басқосулардың бірінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы Қазақстан тарихына арналған бесінші том қаралған болатын. Ол жиында академик Зиябек Қабылдинов томның жаңартылған құрылымы мен мазмұнын таныстырған еді.
Редакция алқасының тұрақты талқылаулары тарихи еңбекті тек деректер жиынтығы ретінде емес, ұлттық тарихи сананы қалыптастыратын стратегиялық жоба ретінде қарастырып отырғанын байқатады. Әр том бойынша ғылыми рецензиялардың тыңдалуы, қайта өңдеуге жіберілуі, ондаған ескертудің қайта қаралуы – осының айғағы.

Жетінші том – Тәуелсіз Қазақстан кезеңі
Отырыс қорытындысында алтыншы томның қолжазбасы бекітіліп, баспаға дайындау туралы шешім қабылданды. «Келесі отырыста академиялық басылымның Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне арналған жетінші томы қарастырылады», – деп жазды Ерлан Қарин.
Бұл – жеті томдық жобаның тарихи сабақтастықты ежелгі дәуірден бастап Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейін тұтас қамтуға бағытталғанын көрсетеді.
Кеңестік кезеңге арналған алтыншы том – ең күрделі әрі қоғамдық пікір тұрғысынан ең сезімтал бөлімдердің бірі. Өйткені бұл кезең әлі күнге дейін түрлі тарихи бағалаулар мен көзқарастардың тоғысқан тұсы болып отыр. Сондықтан ғылыми редакция алқасының әрбір тарауға мұқият қарауы – тарихи әділет пен ғылыми дәлдікке деген ұмтылыстың көрінісі.
Суреттер Ерлан Қарин Facebook парақшасынан алынды