Мұхтар Шахановтың 5 тарихи ерлігі

20.04.2026
92
Мұхтар Шахановтың 5 тарихи ерлігі - e-history.kz

Қазақтың атақты ақыны Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл хабарды тек әдеби орта ғана емес, тұтас қоғам ауыр қабылдады. Өйткені ол поэзиямен шектелген тұлға болған жоқ. Оның есімі қоғамдық пікір қалыптастыру, тарихи әділеттілік мәселелерін көтеру және нақты саяси шешімдерге ықпал ету сияқты үдерістермен тығыз байланысты.

М.Шахановтың шығармашылығы мен қызметін қатар қарастырғанда, оның сөз бен әрекетті ұштастыра алғанын көруге болады. Ол әдеби мәтін арқылы ғана емес, қоғамдық бастамалар, депутаттық мінбер, ашық мәлімдемелер арқылы да ықпал етті. Сондықтан оны  ел тек ақын ретінде емес,  кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында және тәуелсіздік дәуірінде қоғамдық процестерге белсенді араласқан саяси қайраткер деңгейінде таныды. Біз оқырман қауымға Мұхтар Шахановтың саясат сахнасында жасаған бес ерлігін ұсынамыз: 

 1. Мұхтар Шаханов 1989 жылғы 6 маусымда Мәскеуде өткен КСРО Халық депутаттарының I съезі барысында сөз сұрамай-ақ мінберге шығып, Желтоқсан оқиғасына қатысты нақты деректерге сүйенген мәлімдеме жасады. Сол кезеңде 1986 жылғы көтеріліс ресми түрде «ұлтшылдық» ретінде бағаланып, оған қатысқан жастар қудаланып жатқан еді. Шаханов көтерген мәселе нәтижесінде арнайы комиссия құрылып, іс қайта қаралды. Комиссия қорытындысында КОКП Орталық Комитеті қабылдаған саяси бағалаудың негізсіздігі дәлелденіп, сотталғандардың бір бөлігі ақталды. Бұл қадам кеңестік жүйе жағдайында жабық тақырыпты ресми деңгейде қайта қарауға мүмкіндік берген сирек жағдайлардың бірі болды.

2. 1926 жылдан кейін тоқтатылған Наурыз мейрамы кеңестік кезеңде «ескіліктің қалдығы» ретінде қарастырылып келген. 1988 жылы Мұхтар Шаханов Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Геннадий Колбин атына жолдаған хатында Наурызды мәдени дәстүр ретінде қайта енгізудің саяси қауіпсіз екенін негіздеп көрсетті. Сол жылы Алматыда мереке алғаш рет ресми түрде аталып өтті. Бұл шешім ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғыртуға бағытталған алғашқы нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланады.

3. 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданған «Тілдер туралы» заң қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берді. Заңды талқылау мен қабылдау процесінде Шаханов қатысқан депутаттар тобы қазақ тілінің құқықтық мәртебесін бекіту мәселесін белсенді түрде көтерді. Кейінгі жылдары да ол тіл саясатына қатысты пікірін ашық білдіріп отырды. Мысалы, 2009 жылы ұсынылған «қазақстандық ұлт» концепциясына қарсы шығып, қоғамда кең талқылау туындауына ықпал етті. Бұл жағдай тіл мәселесінің тек мәдени емес, саяси сипатқа ие екенін көрсетті.

4. 1980-жылдардың екінші жартысында Арал теңізінің тартылуы тек табиғи емес, әлеуметтік және саяси сипат алған күрделі дағдарысқа айналды. Осы кезеңде Мұхтар Шаханов бастамасымен 1987 жылы Қазақстан Жазушылар одағы жанынан Арал, Балқаш және жалпы республикадағы экологиялық мәселелерге назар аударатын қоғамдық комитет құрылды. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – Арал өңіріндегі экологиялық апаттың салдарын жеңілдету ғана емес, сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету және мәселені кең қоғамдық деңгейге шығару болды. Комитет қызметі арқылы экологиялық дағдарыс алғаш рет жүйелі түрде қоғамдық дискурсқа енгізілді.

Комитеттің жұмысы тек ішкі шеңберде шектеліп қалмай, халықаралық деңгейге бағытталды. 1988 жылы ұйымдастырылған «Арал–88» экспедициясы мен түрлі ақпараттық акциялар Арал мәселесін ғылыми қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың назарында ұстауға ықпал етті. 1991 жылы құрылым «Арал–Азия–Қазақстан» халықаралық комитеті болып қайта жасақталып, қызмет ауқымы кеңейді. Осы кезеңде Арал теңізіне қатысты аймақтық және халықаралық конференциялар өткізіліп, экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді. Комитеттің бастамаларының бірі – Арал аймағындағы көмекке зәру нысандарды анықтау және оларды халықаралық қолдау тетіктерімен байланыстыру болды. Бұл бағытта әлемдік деңгейдегі қорлармен байланыс орнатылып, нақты жобаларға назар аударылды. Сонымен қатар, экологиялық мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерттеу қажеттілігі туындап, осы мақсатта қоғамдық негіздегі академиялық құрылымдар қалыптасты. Комитет қолдауымен құрылған қоғамдық академия Арал және Қазақстан экологиясын кешенді зерттеуге бағытталды, ал «Арал сыйлығы» сияқты бастамалар бұл мәселеге халықаралық деңгейде назар аудартудың бір тетігіне айналды.

5. Шахановтың әдеби еңбектері де қоғамдық ойға әсер ету құралына айналды. Оның «Шыңғыс ханның пенделік құпиясы» поэмасы тарихи тұлғаларды жаңаша пайымдауға бағытталса, Шыңғыс Айтматов пен бірлескен «Құз басындағы аңшының зары» еңбегі түркі халықтарының ортақ тарихи тәжірибесін қарастырады. Бұл шығармаларда көшпенді өркениетке қатысты қалыптасқан біржақты көзқарастарға балама ұсынылып, тарихи сананы қайта қарау мәселесі көтеріледі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз