Маршал Чойбалсанның қолынан генерал-майор шенін алған қазақ

07.04.2026
38
Маршал Чойбалсанның қолынан генерал-майор  шенін алған қазақ - e-history.kz

Жайсанып (Зайсанов) Мүкәрісұлы – қазақтың атақты ұшқышы, алғашқы генералдарының біріОрынбор қаласындағы Әуе күштері училищесінің түлегі, Моңғолия Әуе қарулы күштерінің алғашқы қолбасшысы, генерал-майор. Сталиннің өз қолынан Қызыл Ту орденін алған тарихи тұлға.

Жайсанып Мүкәрісұлының өскен ортасы, балалық шағы, әке-шешесі туралы нақты деректер жоқ. Белгілісі – ол шамамен 14-15 жасында, 1925 жылдар шамасында Қазақстанның шығыс өңірінен қашып, Моңғолияның қазақтар қоныстанған Қобда бетіне өтіп, сол жақта паналаған. Бұл жерде оны Райысхан есімді қазақ ақсақалы бауырына басып, өзінің баласындай тәрбиелеп өсірген. 

Көз көрген ақсақалдардың айтуынша, Райысхан атамыз жоқ-жітікке қамқоршы, аса қайырымды, жүрегі кең адам болған.Бұдан басқа тұшымды мәлімет жоқ десек те болады. Айтпақшы, бірнеше жыл бұрын белгілі журналист Бекен Қайратұлы Жайсаныптың 1940 жылы Моңғолияның тұрақты парламентіне мүше болып сайлану кезінде өз қолымен толтырған №69 анкеталық құжатын (көне ұйғыр-моңғол жазуымен) жариялаған еді:

Сұрақ: 

Әкеңіздің және өз есіміңіз?
Жауап: Мукрас Зайсанов (Жайсанып). Сұрақ: Жасыңыз және туған жылыңыз?
Жауап: 1910 жылы тудым, жасым 30-да. Сұрақ: Ұлтыңыз?
Жауап: Ұлтым қазақ. Сұрақ: Туған жеріңіз?
Жауап: Қобда аймағы (Бай-өлке әлі орнамаған), Ұлан-құс сұмыны, 5-ші ауыл. Сұрақ: Оқыған біліміңіз?
Жауап: Кубанда атты әскердің мектебін бітірдім. Содан кейін ұшқыштар даярлайтын курсты оқыдым. 

Сұрақ: Партия мүшелігіне қашан өттіңіз?
Жауап: 1929 жылы кандидаттыққа, 1930 жылы мүшелікке өттім. 

Сұрақ: Марапатыңыз?
Жауап: 1939 жылы Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталдым.

Жайсаныптың жақын бауыры саналатын Әуез Таштуанұлы (шетелдегі белгілі қазақ қайраткері, отставкадағы полковник, Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы) естеліктерінде атақты ұшқыш өзінің балалық шағы туралы мүлдем сөз етпеген. Тіпті есіне алғысы да келмеген. «Әкемнің аты – Мүкәріс, ал туған шешем мына кісі» деп Тұқи анамызды (Райысхан ақсақалдың бәйбішесі) көрсететін. «Сендерден басқа ешқандай туысым жоқ» дейтін екен. 

Әуез мырзаның айтуынша, Жайсанып Қобдаға жалғыз келмеген. Қасында шамалас тағы екі бала болған. Үшеуі де сол ауылға бала боп сіңіп кеткен. Біреуінің аты Қамза, үшіншісі өнерлі, сері адам болғанға ұқсайды.

Ер жеткен соң Жайсанып Қобда қаласындағы мал-дәрігерлік мекемесіне жұмысқа орналасады. 1929-1930 жылдары қазақтар қоныстанған батыс өлкенің шекара заставасына ауысады. 

1930 жылы Мәскеудегі КУТВ-қа (Шығыс халықтарының коммунистік университеті) жіберіледі. Сол жерден Мәскеудегі Моңғолия елшілігі оны Кубанға, атты әскер дайындайтын дивизионға жолдайды. 

1932 жылы Орынбордағы Әуе күштері училищесіне оқуға түседі. 

1937 жылы училищені үздік бітіріп шығады. 

1939 жылға дейін сол Орынбордағы ұшқыштар училищесінде ұстаз болып қызмет етеді. 

Сол тұста Мария есімді орыс қызына үйленіп, шаңырақ көтереді.

Кейбір деректерде оның орыс тілін жетік меңгергені себепті Орынборға келген моңғол жастарға тілмаш болып барғаны, сол жерде тілмаштық қызметпен қатар ұшу өнерін де жетік меңгеріп, шеберлігімен көзге түскені айтылады. Сондықтан оны училищеге нұсқаушы-ұшқыш ретінде қалдырған.

Көп ұзамай Моңғолия оны кері шақыртады. 

Елге оралған соң Моңғол армиясы тарихында тұңғыш рет құрылып жатқан әуе күштерінің күшейтілген полкіне басшы болады. Чойбалсан өз қолымен оған полковник шенін тағайындайды. 

1939 жылы атақты Халхин-гол соғысына қатысады. 

1942 жылдың 15 қазанында Моңғолия үкіметінің №00182 бұйрығымен Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы болып тағайындалады. 

1945 жылы Жапон милитаристеріне қарсы Совет-Моңғол біріккен майданында алдыңғы шепте қолбасшылық жасайды. 

1948 жылы Ресейдің ұшқыштар академиясын бітіреді.Георгий Жуков басқарған Халхин-гол шайқасында да, 1945 жылғы Жапонға қарсы майданда да Жайсанып Мүкәрісұлы ерен ерліктер көрсетеді. «Мүгден әуежайын басып алдық. «Супер» маркалы 49 ұшақ, «Дюблестник» типтегі 11 ұшақты қолға түсірдік. Рапорт беруші: генерал-майор М. Жайсанып» деген архив құжаттары осыны айғақтайды. 

Соғыстан кейін Сталиннің өзі оны жеке қабылдап, Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапаттаған.

Жайсанып әуе күштерінің ұрыс тактикасына үлкен жаңалық әкелген қолбасшы. Орыс-моңғол әскери тарихында тұңғыш рет түнгі шабуылды ұйымдастырғаны аңызға айналған. Халхин-голда оның қол астында қызмет еткен ұшқыш Тұнға Дұғырұлы: «Жайсанып пен кеңесші-ұшқыш М. Комендатов басқарған біз Грецевич, Кравченко, Смушкович сияқты кейін Кеңес Одағының Батыры атанған мықтылармен қатар түн жамылып жау қорғанысын талқандадық», – деп еске алады. 

Жайсанып «Жапон ұшқыштары түнгі ұрысқа дайындалмаған, сондықтан түнде шабуыл жасау керек» деп, бір түнде бүкіл эскадрильяны Халхин-голға алып барып, түнгі шабуылға даярлаған. ПО-2 ұшағына отырып, бомба тиеп, моторды өшіріп, дыбыссыз қалықтап ұшып, жаудың үстіне бомба тастап, қайта оталдырып оралған.

Сонымен қатар ол совет-моңғол армиясы тарихында тұңғыш авиашоу өткізген ұшқыш. 1939 жылы жапондар жеңілген соң жеңіс тойында өз ұшағымен көкте түрлі трюктер көрсеткен. «Жайсанып Ұланбатыр аспанында ұшағының түтінімен «Жайсанып» деп өз атын жазыпты» деген аңыз да осыдан қалған.1954 жылы зейнетке шыққан Жайсанып Мүкәрісұлы теміржолдың жүк жөнелту бөлімінде қарапайым жұмыс істеп, күнін көрген. Ұзамай ауырып, 1967 жылы дүниеден өтті.

Әйелі Мария Петровна Орталық мемлекеттік кітапханада кітапханашы болған. Соня атты қызы мен Геннадий атты жалғыз ұлы Ресейде тұрақтап қалды. Геннадий Ұланбатыр университетін бітірген, мамандығы – дәрігер. Қаратеңіз әскери флотында офицер-дәрігер болып қызмет еткені белгілі. Қазіргі тағдыры туралы мәлімет жоқ.

Хорлогийн Чойбалсан - Политический деятель - Биография

Жайсаныпты Моң­ғолия үкімет басшысы маршал Хорлогийн Чойбалсанның ерекше ерекше бағалаған. 

Чойбалсан Жайсаныпты жеке бағалап, тез өсірген. 1938 жылы Моңғолияда тұңғыш әуе полкі құрылғанда оны басшы етіп тағайындап, полковник шенін өз қолымен берген. 

1942 жылы (15 қазан) Моңғолия үкіметінің №00182 бұйрығымен оны Әуе қарулы күштерінің қолбасшысы етіп тағайындаған. Бұл өз кезегінде өте жоғары сенімнің белгісі еді.

1948 жылы маршал Чойбалсанның тікелей бұйрығымен Жайсаныпты КСРО Әуе күштері академиясына оқуға жіберген.

Жайсанып Халхин-Голдағы (1939) және 1945 жылғы жапондарға қарсы соғыста көрсеткен ерліктері үшін Чойбалсанның тұсында генерал-майор шеніне көтерілген. Генерал-мойор шенін де Жайсаныпқа Х.Чойбалсан өз қолымен тапсырған.

1952 жылы Х.Чойбалсан өлген соң генералды қудалау басталған. 

Журналист Бекен Қайратұлының жазуынша, 1953 жылы біржола тұрып қалу үшін Алматыға ат басын бұрған. 

Оған сол тұстағы саяси жағдай сай бол­маған. Тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы даңқты ұшқыш жайлы өзінің естелігінде: «1965 жылы Жайсанып әскери госпитальда төсек тартып жатқа­­нын естіп іздеп бардым, генерал­дың сырқаты ауыр екен. Кезінде даңқты қолбасшы, аты аңызға айналған ұшқыш екенінен еш­қандай белгі жоқ. Ауруханада мед­бикенің қолына қарап қалған. Іздеп келген мені көріп кемсеңдеп: «Сен қазақ болғандықтан мені іздеп келдің ғой. Әйтпегенде, бүгін мені іздейтін адам қалмады. Ендігі жатқан түрім мынау» дейді (Қинаятұлы З. Көшпенділік ғұ­мыр. Эссе. Алматы: «Тарих тағы­лымы», 2010. 268-б).

Басында айтып өткеніміздей, Жайсанып Мүкәрісұлы -  атақты Сталиннің қолынан Қызыл Ту орденін алған тарихи тұлға. 

Жапония жеңілгеннен кейін орыс-моңғолдың бір топ генералдарымен бірге Жайсаныпты И.Сталин Мәскеуде қабылдаған. Өз қолымен Кеңес Одағының «Жауынгерлік Қызыл Ту» ор­денін тапсырған. 

Осы оқиға туралы генералдың өз аузынан естігенін марқұм академик-ғалым Ислам Қабышұлы 1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Аймағым алтын ордам» атты естеліктер жинағында былай деп еске алыпты: 

«... орден тапсырып тұрып И.Сталин: – құрметті генерал, сіз қай ұлттан боласыз, – депті. Жайсанып: «Мен қазақпын жолдас Бас қолбасшы!» дейді таза орыс тілінде. Сонда И.Сталин: «сізді мен сырттай 1939 жылдан бері білемін, аз халықтың үл­кен жүректі азаматы екенсіз, құт­тық­таймын!» деп құрмет білдірген.

 

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз