Астанада өткен «Алтын Орда – дала көшпелі өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум аясында Ұлы дала тарихына қатысты маңызды рухани оқиға өтті. Елордада америкалық тарихшы әрі антрополог Джек Уэзерфордтың әлемге кеңінен танылған «Шыңғыс Хан және қазіргі әлемнің қалыптасуы» атты кітабының қазақ тіліндегі тұсаукесері жасалды. Бұған дейін жиырмадан астам тілге аударылған еңбек енді алғаш рет қазақ оқырманына жол тартып отыр.
19-20 мамыр күндері ұйымдастырылған халықаралық симпозиумға әлемнің 30-дан астам елінен ғалымдар, зерттеушілер мен тарихшылар қатысты. Түркі әлемінің тарихы, Алтын Орда мұрасы, көшпелі өркениеттің әлемдік тарихтағы орны сөз болған алқалы жиын аясында өткен кітап таныстырылымы ғылыми орта мен оқырман қауымның ерекше қызығушылығын тудырды.

Іс-шараны Қазақ тарихи қоғамы мен Жошы Ұлысын зерттеу ғылыми институты ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай басқосулар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты тереңдетіп қана қоймай, зерттеушілер, баспагерлер және оқырман арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қазақ тіліне аударылып отырған «Шыңғыс Хан және қазіргі әлемнің қалыптасуы» еңбегі Моңғол империясының адамзат тарихындағы орнына жаңаша көзқарас ұсынады. Автор Шыңғыс ханды тек жаулаушы тұлға ретінде емес, халықаралық сауда жолдарының дамуына, дипломатиялық жүйенің қалыптасуына, Шығыс пен Батыс өркениеттерінің өзара ықпалдасуына ықпал еткен тарихи феномен ретінде қарастырады. Еңбекте Еуразия кеңістігіндегі мәдени алмасулар мен өркениеттік байланыстардың жаңа қырлары сараланады.

Кеш барысында сондай-ақ тарихшы, түркі әлемін зерттеуші ғалым Джу-Юп Лидің «Түркі халықтары әлем тарихында» атты кітабы да таныстырылды. Бұл еңбек түркі халықтарының Еуразия тарихындағы орны мен бірегейлігінің қалыптасу үдерістерін ғылыми тұрғыдан зерделейді.
Жиында Қазақстандағы аударма әдебиет пен ғылыми-көпшілік баспа ісінің дамуы жайында Steppe and World Publishing House баспасының негізін қалаушы Раиса Сайран Қадыр баяндама жасады. Оның айтуынша, әлемдік ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аудару – тарихи сананы жаңғыртудың маңызды тетігінің бірі.
– Біз үшін дала тарихын талқылау халықаралық ғылыми диалогтың бір бөлігіне айналғаны маңызды. Мұндай іс-шаралар зерттеу тәсілдерін, баспагерлер мен оқырман қауымын біріктіреді. Бүгінде дала өркениетін зерделеу Қазақстан Республикасы Президенті тарихи сананы және гуманитарлық ғылымды дамыту жөнінде айқындаған міндеттер аясында ерекше өзекті болып отыр. Бұл Ұлы дала тарихын әлемдік тарихи үдерістің ажырамас бөлігі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Кітап таныстырылымы ашық пікірталас пен автограф-сессияға ұласты. Ғалымдар мен оқырмандар дала өркениеті, Шыңғыс хан мұрасы және түркі әлемінің тарихтағы орны төңірегінде пікір алмасты.
Соңғы жылдары Қазақстанда әлемдік ғылыми-көпшілік әдебиеттерді қазақ тіліне аудару үрдісі күшейіп келеді. Әсіресе Ұлы дала тарихына қатысты еңбектердің ана тілімізде жарық көруі тарихи танымды тереңдетіп, қазақ оқырманының жаһандық ғылыми кеңістікпен байланысын нығайта түсетіні анық.
Суреттер: Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институтының баспасөз қызметінен