Моңғол тыңшысы деген күдікпен өлтірілген қыпшақ ханы

114
Моңғол тыңшысы деген күдікпен өлтірілген қыпшақ ханы - e-history.kz

Тарихи деректерге сүйенсек, қазіргі мажарлар мекен етіп отырған Дунай жазығына көне қыпшақ тайпаларының алғашқы буыны ІХ ғасырда келгенге ұқсайды. 

Яғни 895-896 жылдары қыпшақ жұртының бір тайпасының көсемі Арпадтың басшылығымен мажар халқының жеті тайпасы қазіргі Венгрия даласына қоныс аударып келеді. Ұзамай жеті тайпа ынтымағы жарасқан үлкен елге айналып, Мадияр корольдігінің негізін қалады.

Кейін бұлардың қатарына ХІІІ ғасырда моңғол шапқыншылығы салдарынан күйрей жеңілген қыпшақ ханы Көтен келіп қосылады. Осылайша Карпат тауларын асып келген Көтен ханның артынан ере келген мыңдаған адам Мадияр корольдігінің күш-айбынан одан әрі асқақтата түседі.

Мадияр королі Бела ата жұрттан қоныс аударып келген қыпшақтарды туған бауырындай құшақ жая қарсы алды. Онымен қоймай, өз ұлына Көтен ханның бой жеткен қызын алып берді. Бұл екеуінің некесінен туған Ласло атты ұлдары король атанып, мажарлар тарихын мүлдем жаңа сатыға көтерді.Бэланың немересі әрі Көтен ханның жиені Ласлоның тұсында Мадияр еліндегі қыпшақтардың даңқы аспандайды. Қыпшақ тілі сарай тіліне айнала бастайды. Алайда, тегі түркі қыпшақтардың күшейіп кетуінен секем алған мажарлар король Ласлоға у беріп өлтіреді. Осылайша, мажар еліндегі қыпшақтардың ықпалы азая бастайды. Сонымен бірге қыпшақ тілі де қолданыстан шыға бастайды.

Кейін Арпадтың шөбересі Геза христиан дінін қабылдап, еуропалық үлгідегі мемлекет құрғаннан кейін бұл процесс тіпті жеделдей түседі. Ақыры Папа ІХ Иннокентий мажар қыпшақтарына арнайы манифест шығарып, оларды «киіз үйде тұруға, көшпелілер секілді көшіп-қонуға, Тәңірге сыйынуды тоқтатып, христиан дінін қабылдауға» мәжбүрлі түрде көндіреді. Осылайша ғасырлар бойы үстемдік құрған қыпшақ тілі мен далалық, көшпелі мәдениет еуропалық дәстүрге бой ұсынады.

Бірақ соған қарамастан, ол жердегі қыпшақтар тілінен толықтай айырыла қоймады. Керісінше, көшпелі дәстүрді, ділін, салт-дәстүрін әлі күнге дейін сақтап келеді. Мажарстанның тұрғылықты халқының біраз бөлігі өздерін «Мадиярлармыз» деп атағанымен, сонымен қатар өздерінің еуропа аумағына келген қыпшақ тайпаларының ұрпағы екенін мақтанышпен айтады.

Бүгін сол ХІІІ ғасырдағы Ұлы Дала тарихындағы ең күрделі тұлғалардың бірі – Көтен (мажарша – Kötöny, орыс жылнамаларында – Котян) хан туралы толыққанды мәлімет іздеп көрген едік. 

XIII ғасырдың басында Моңғол империясының жойқын шапқыншылығы Еуразияның көптеген халықтарын, оның ішінде қыпшақ (куман) тайпаларының тыныштығын бұзды. Қыпшақтардың көрнекті билеушісі Көтен хан осы драмалық оқиғалардың арасында қалады. Ақыры моңғолдардан қашып, Венгрияға пана барады, бірақ ол жақта жалған жаланың құрбаны болды. Оның өлімі Венгрия тарихындағы маңызды бетбұрыс болып, қыпшақтардың бұл елдегі ұзақ мерзімді диаспорасының негізін қалады. 

Көтен ханның Венгрияға келуі 

Көтен хан – ХІІІ ғасырдың бірінші жартысындағы Дешті Қыпшақ даласындағы ең беделді, әрі қайратты билеушілердің бірі болды. Оның өмір сүрген кезеңі Ұлы Дала тарихындағы ең аласапыран уақыт – Шыңғыс хан және оның ұрпақтары құрған алып империяның батысқа жасаған жойқын жорықтарымен тұспа-тұс келді.

1223 жылғы Қалқа өзеніндегі шайқаста моңғолдардан ойырай жеңілгеннен кейін, қыпшақ тайпаларының жағдайы қиындай түсті. 1230 жылдары Бату хан мен Сүбедей батыр бастаған моңғол әскері қыпшақ даласын толық бағындыруға кіріскен кезде, Көтен хан өз халқын қырғыннан аман алып қалу үшін батысқа қарай шегінуге мәжбүр болды.

Ол өзіне бағынышты 40 мыңға жуық отбасын (жауынгерлері мен әйел, бала-шағасын қосқанда жүз мыңнан астам адам) бастап, Еуропа шекарасына, нақтырақ айтқанда Мажарстан (Венгрия) корольдігіне келіп пана сұрайды.

1239 жылы Мажар королі IV Бела қыпшақтарды қуана қабылдады. Оның өзіндік саяси есебі бар еді.

Біріншіден, шығыстан төніп келе жатқан моңғол қаупіне қарсы тұру үшін көшпелі соғыс өнерін жетік меңгерген қыпшақ жауынгерлері таптырмас одақтас болды.

Екіншіден, король ішкі бақталастықта өзіне бағынбайтын мажар ақсүйектеріне қарсы қыпшақтарды жеке қорғаныш күші ретінде пайдаланғысы келді.

Осы одақты бекіту үшін Көтен хан және оның елі христиан (католик) дінін қабылдауға мәжбүр болды. Көтен хан шоқынған кезде корольдің өзі өкіл әкесі болды. Алайда, екі халықтың арасындағы бейбіт қатынас ұзаққа бармады.

Отырықшы мажарлар мен көшпелі қыпшақтардың өмір салты мүлдем басқа еді. Қыпшақтардың қалың жылқысы мен малы мажар шаруаларының егістігін таптап, жайылымға қатысты қақтығыстар жиіледі. Сонымен қатар, мажар барон-ақсүйектері корольдің шетелдіктерге (қыпшақтарға) артықшылық бергенін қызғанып, оларды елден қуып шығуды көздеді.

1241 жылы моңғолдар Венгрия шекарасына жақындағанда бұған сылтау табылды. Ел ішінде үрей мен ксенофобия күшейді. Жергілікті халық пен барондар Көтен хан мен қыпшақтарды моңғолдардың тыңшысы немесе «бесінші колонна» деп айыптады. Олар елді барлап, моңғолдар келгенде іштен соққы беретін деген қауесет тарады. Кейбір деректерде қыпшақтарды «орыс тыңшылары» деп те айыптаған.

Бір жағынан моңғолдар да, қыпшақтар да шығыстан келген, сырт келбеті, қару-жарағы мен соғысу тактикасы ұқсас көшпелі халықтар болатын.

Шын мәнінде, Көтен хан моңғолдардың қас жауы еді және оларға қарсы күресу үшін мажарлармен бірігуді шын ниетімен қалаған болатын. Бірақ дүрбелеңге түскен халық бұл қисынға сенгісі келмеді.

Қорқынышқа бой алдырған және қыпшақтарды жек көрген мажар ақсүйектері мен тобыр 1241 жылы Пешт қаласында орналасқан Көтен ханның резиденциясына тұтқиылдан шабуыл жасады.

Король IV Бела ханды қорғауға бұйрық бергенімен, ашулы тобырды ешкім тоқтата алмады. Қоршауда қалған Көтен хан және оның қасындағы ең жақын нөкерлері жау қолына тірі түспес үшін (немесе қорлықпен өлмес үшін) қатты қарсылық көрсетті. Кейбір тарихи деректерде, олардың қорлық көргенше деп өздерін-өздері өлтіргендігі (әйелдерімен бірге) айтылса, басым көпшілік Еуропалық жазбаларда мажар ақсүйектері оларды айуандықпен өлтіріп, бастарын көшеге лақтырғаны жазылған.

1241 жылдың 17 наурызында Обудада (қазіргі Будапешт) көтеріліс болып, Көтен хан, оның отбасы және жақындары өлтірілді. Бұл оқиға венгр жылнамаларының, әсіресе Мастер Рогердің еңбегінің нәтижесінде тарихта қалды.  

Көтен хан өлімі үлкен хаосқа әкелді

Көтеннің өлімі терең салдарға әкелді. Нақты айтар болсақ, арты қыпшақ көтерілісіне алып келді. Көтен ханның жауыздықпен өлтірілгенін естіген қыпшақтар қатты ашуланды. Олар өздеріне пана берген, бірақ опасыздық жасаған мажарларға көмектесуден бас тартты. Кек алу мақсатында қыпшақ әскерлері Мажарстанның оңтүстік өңірлерін өртеп, тонады.  Олар Дунайдан өтіп, оңтүстікке қарай бет алды және жолында кездескен көптеген ауылдар мен шіркеулерді қиратты. Болгария мен Балқан түбегіне қарай көшіп кетті.

Бұл өз кезегінде моңғол шапқыншылығына жол ашып берді. Нәтижесінде, король IV Бела ең мықты әрі жауынгер одақтастарынан айырылып, Мохи шайқасында (1241 жыл, 11 сәуір) моңғолдардан ойсырай жеңілді. Халық саны азайды, елдің экономикасы мен инфрақұрылымы зардап шекті. 

Егер мажарлар Көтен ханға сенім артқанда, Еуропа тарихы басқаша өрбуі де мүмкін еді.

Венгриядағы қыпшақ диаспорасының қалыптасуы

Моңғол шапқыншылығынан кейін (1245 жылдан бастап) IV Бела қыпшақтардың бір бөлігін қайта кері шақыруға мәжбүр болды. Олар елдің қираған жерлерін, әсіресе Дунай мен Тиса өзендері арасын қайта отырықшыландыруға көмектесті. Қыпшақтар Куншаг деп аталатын екі негізгі аймаққа қоныстанды:

Надькуншаг (Үлкен Кумания) — Тиса өзенінің шығысында.

Кишкуншаг (Кіші Кумания) — Дунай мен Тиса арасында.

Бұл жерлерде бүгінгі күнге дейін KarcagKiskunhalasKunmadarasKunszentmiklóдеген қыпшақ атаулары сақталған

Қыпшақтар 7 негізгі тайпа ретінде (Toqsoba, Borchol және басқалары) автономия алып, корольге әскери қызмет етті.

Алғашында қыпшақтар көшпелі мал шаруашылығын және өз заңдарын сақтады. Біртіндеп католик дінін қабылдап, венгр феодалдық жүйесіне бойсұнды. XIV–XVII ғасырларда толықтай венгр тілі мен мәдениетіне сіңісіп кетті. Осылайша, Қыпшақ тілі XVIII ғасырдың басында жойылды.

Дегенмен Қыпшақтардың ұрпақтары венгр тарихында маңызды рөл атқарды. Ласло IV Кун (Кун Ласло) сияқты корольдер жартылай қыпшақ болды. Қазіргі уақытта кемі 350 мың адам өздерін қыпшақтың ұрпағымын деп санайды. Олар Куншаг аймағында тұрып, мәдени мұра, дәстүрлерін сақтап келеді. Түрлі ұлттық фестивальдар, көк бөрі ойыны секілді дәстүрлі шаралар өткізіліп тұрады. Яғни бүгінгі Венгриядағы қыпшақ диаспорасы  толық ассимиляцияланған, бірақ өзінің тарихи-мәдени ізін сақтаған халық саналады. Өз кезегінде олар венгр ұлтының құрамдас бөлігі болып, ортағасырлық Еуропаның күрделі этникалық мозаикасына үлкен үлес қосты.

Мажар бауырлардың сонау Еуропаның төрінде жатса да, Қазақ даласына бүйрегі бұрып тұратыны жайдан-жай емес. Мажарстан (Венгрия) мемлекеті өздерін түрік жұртының бір бұтағы, Батыс Ғұн империясының заңды мұрагері санайды. Елдің тұрғылықты халқы өздерін «мадиярлармыз» деп атайды, ал олардың бабалары бұл аумаққа Алтай өңірі мен Ұлы Дала төсінен қоныс аударған.

Көтен ханның жиені IV Ласло (Қыпшақ Ласло) король тағына отырғанда, Мажарстанда қыпшақтардың даңқы шарықтау шегіне жетті. Сарайда қыпшақ тілі үстемдік құрды, корольдің өзі де далалық дәстүрге жақын болды. Алайда, түркі-қыпшақ үстемдігінің күшеюінен секем алған мажар ақсүйектері король Ласлоға у беріп өлтіріп, қыпшақ ықпалын әлсіретті. Кейін христиандандыру саясаты мен Папа ІХ Иннокентийдің арнайы манифесі арқылы қыпшақтарды киіз үйден бас тартып, көшпелі тұрмысты ұмытуға мәжбүрледі.

Қыпшақтар еуропалық мәдениетке сіңіп, ХVІІ ғасырдың аяғында ана тілінен толық айырылса да, олардың рухы мен тілдік мұрасы жойылған жоқ. Бүгінгі таңда Мажарстандағы Дунай мен Тиса өзендерінің аралығы Кишкуншак (Кіші қыпшақ жері), ал шығысы Надькуншак (Ұлы қыпшақ жері) деп аталады. Оның орталығы – тарихи Қарсақ қаласы.

Бұл туыстықты ғылыми тұрғыда шегелеген атақты мажар ғалымы, түркітанушы Иштван Мандоки Қоңыр болды. Ол өзінің «Күн тілінің Мажарстандағы ескерткіші» (1993) атты еңбегінде мажар тілінде сақталған 500-ден астам тұрмыстық сөздер мен жер-су аттарының көне қыпшақ (қазіргі қазақ) тілімен бірдей екенін дәлелдеді:

  • Арқан, арпа, балта, алма, ұршық, қобыз, тезек, шанақ, ұнтақ, шолақ, қанжыға, пышақ.

  • Жер-су атаулары: Өтеміс, Тазлар, Шеңгелі, Жыланшық.

  • Тіпті мақал-мәтелдерге дейін ұқсас: "Аттың төрт аяғы болса да сүрінеді", "Аузы күйген сүтті де үрлеп ішеді".

 Торғай мадиярларының генетикалық құпиясы

Қазақ пен мажардың арасындағы туыстық тек тарихи аңыз емес, бүгінгі ғылыммен дәлелденген ақиқат. Белгілі антрополог, «Тұран-Мадияр» Халықаралық қорының президенті Андраш Жолт Биро қазақстандық академик Оразақ Смағұловпен бірлесе отырып, сенсациялық генетикалық зерттеу жүргізді.

2006 жылы Қостанай облысы, Жангелдин (Торғай) ауданында тұратын қазақтың Мадияр руының ер-азаматтарынан ДНК үлгілері (мыңдаған жылдар бойы өзгермейтін Y-хромосомасы) алынып, Мажарстанның сот-сараптамалық зертханаларында талданды. Нәтижесінде, Торғайдағы мадиярлар мен Мажарстан мажарларының генетикалық коды бір-біріне өте жақын, үзілмеген бір тамыр екені ғылыми тұрғыдан толық дәлелденді. Антропологиялық тұрғыдан да, Х ғасырда Карпатқа барған мажарлардың бас сүйек өлшемдері мен түр-тұлғасы ежелгі түркілермен бірдей болып шықты.

Бүгінде Еуропаның қақ ортасында орналасқан 10 миллиондық Мажар Республикасының халқы өздерінің шығыстық, далалық тегін мақтанышпен айтады. Олар үшін «қазақ», «қыпшақ», «мажар», «мадияр» ұғымдары – синоним сөздер.

Ғасырлар бұрын Көтен хан бастап барған қыпшақтардың ұрпақтары бүгінде садақ ату, ат үстіндегі әскери сайыстар мен қамшы үйіру секілді ұлттық дәстүрлерін қайта жаңғыртып, Қазақстанды өздерінің ата-жұрты деп санайды. Көтен ханның Еуропада төгілген қаны мен қалдырған ізі бүгінгі таңда екі елді байланыстырып тұрған алтын көпірге айналды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз