Тарих ғылымдарының докторы, Токио шетел тілдері университетінің визитинг-профессоры Дүйсенәлі Әбділәшімұлы Facebook-тегі парақшасында 1770 жылғы қазақ-қырғыз қақтығысына қатысты дерек жариялады. Ғалым бұл оқиғаны Жәйіл қырғынымен шатастырмау керектігін айтып, Жәйіл қырғыны 1770 жылы емес, 1774 жылы болғанын алға тартады.
Қазақ-қырғыз қатынастары тарихында Жәйіл қырғынының мерзіміне қатысты әртүрлі пікір айтылып келеді. Дүйсенәлі Әбділәшімұлының жазуынша, Шоқан Уәлиханов Жәйіл қырғынын 1770 жылы болған десе, қырғыз шежірешісі Белек Солтонев оны 1775-1776 жылдары болған деп есептеген. Отандық ғалымдар Шоқанның пікіріне тоқтаған.

«Шын мәнінде бұл қырғын 1770 жылы емес, 1774 жылы болған. Ал 1770 жылы қазақ-қырғыз арасындағы қақтығыстың мән-жайы қалай болды, Абылай хан бұл соғысқа қатысты ма деген мәселелерге тоқталмас бұрын осы жолғы қақтығыс туралы айтқан Өтебай батырдың сөзіне назар аударсақ», – дейді ғалым.
Дүйсенәлі Әбділәшімұлы жазбасында Өтебай батыр бастаған адамдардың айтқанын келтіреді:
«Біздің Әбілпейіз әкесі қойылған жерге барғалы жолға шығып, Қазанғап деген жерге барғанда, қазақтар 31 кісі, 10 мың жылқыны қырғыздар шауып алды деп Әбілпейізді қуып жетіп, хабар берген соң, Әбілпейіз кері қайтып келіп, 1000 қол бастап, төте жолмен қырғыздарға барды. Қырғыздардан 100-неше адам, 3 мыңнан астам жылқы, 4 мыңнан астам қой, 100-ден астам сиыр және 70-тен астам түйе шауып алып келді. Сондай-ақ елші аттандырып, егер қырғыздар тұтқындаған адамдар мен барымталаған жылқы, қой, сиыр, түйелерді қайтарып берсе, біз де шауып алған адам, жылқы, қой, сиыр, түйелерді қайтарамыз деп айтып жіберді».
Ғалым осы дерек негізінде 1770 жылғы қақтығысқа Абылай ханның қатыспағанын айтады.
«Осы мазмұннан байқағанымыздай, бұл соғысқа Абылай қатыспаған, Әбілпейіз өзі ғана қолбасшылық еткен. Ал Жәйіл қырғынында негізгі қолды Абылай бастап барған болатын», – деп жазады Дүйсенәлі Әбділәшімұлы.
Зерттеуші бұл дерек Әбілмәмбет ханның қайтыс болған уақытына қатысты да мәлімет беретінін атап өтеді.
«Бұл дереккөзден Әбілмәмбет ханның әлдеқашан қайтыс болғанын білуге болады. Яғни тағы бір дереккөз бойынша, Әбілмәмбет 1769 жылы жазға қарай қайтыс болған сыңайлы», – дейді ол.
Сондай-ақ Дүйсенәлі Әбділәшімұлының жазуынша, осы қақтығысқа байланысты Әбілпейіз Іле генералына 1770 жылы 16 наурызда хат жазған. Жіберген елшілері – Өтебай батыр, Жаман батыр, Айтуған батыр және Қосша батыр.
Ғалым деректе кездесетін Қазанқап атауына да түсінік береді.
«Бұнда кездесетін Қазанқап – бүгінгі Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы жер аты», – деп жазады Дүйсенәлі Әбділәшімұлы.
Осылайша ғалым 1770 жылғы қазақ-қырғыз қақтығысы мен Жәйіл қырғынын екі бөлек оқиға ретінде қарастыру қажеттігін меңзейді. Оның пайымынша, 1770 жылғы оқиғада Әбілпейіз сұлтан қол бастап барған, ал Жәйіл қырғынында негізгі қолды Абылай хан бастаған.