Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық мұрасы

58
Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылық мұрасы - e-history.kz

Көнеден келе жатқан үрлемелі саз аспаптарының бірі – сыбызғы. Қазақтың рухани әлемінде сыбызғы үні тек әуен ғана емес, елдің тұрмыс-тіршілігімен, табиғатпен, жылқы мінезімен, көшпелі өмірдің ішкі ырғағымен астасып жатқан ерекше құбылыс. Сыбызғының қоңыр үні кейде кең даланың тынысын, кейде тау өзендерінің толқынын, кейде адам көңілінің шерін жеткізеді. Сондықтан да бұл аспапта орындалатын күйлер тыңдаушыны терең сезімге бөлеп, жүрек қылын қозғайды.

Сыбызғышылық дәстүр, әсіресе, Алтайдың төрт тарабын мекендеген қазақтар арасында ежелден кең өріс тапқан. Арғы замандарды айтпағанда, ХІХ ғасырдан бергі кезеңде осы өңірде өмір сүрген көптеген белгілі сыбызғышылар, олардың күйлері мен күй аңыздары халық жадында сақталып келеді. Сол бай дәстүрдің ішінде аты ерекше аталатын тұлғалардың бірі – даңқты би, ел бастаған қайраткер, орақ тілді шешен, балуан, күйші әрі сыбызғышы Жылқышы Ақтайұлы.

Жылқышы Ақтайұлының есімі көбіне ел басқарған би, мәмілегер тұлға ретінде айтылады. Алайда оның күйшілік және сыбызғышылық мұрасы да – жетерлік. Ел аузында сақталған аңыздарда Жылқышы бидің сыбызғысы жылқыны иіріп, елді ұйытып, шерді тарқатып, қайғыны күйге айналдырған киелі өнер ретінде сипатталады. Бұл деректер оның тек тарихи тұлға ғана емес, Алтай-Қобда өңіріндегі сыбызғышылық дәстүрдің ірі өкілі болғанын аңғартады. 

Жылқышы Ақтайұлы 1826 жылы қазіргі ҚХР-дың Алтай аймағы, Буыршын ауданында дүниеге келген. 1889 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Цэнгэл сұмыны жерінде қайтыс болып, сонда жерленген. 

Жылқышы би Ақтайұлы – ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақтардың үлкен бір тобын Моңғолия жеріне бастап келіп, түбегейлі орнықтыруға айрықша үлес қосқан тарихи тұлғалардың бірі. Ол заманында елге танылған саясаткер, рубасы, үкірдай ретінде жұртын әділдікпен басқарған ел ағасы болды. Көршілес моңғол, орыс халықтарымен тіл табыса білген мәмілегерлігі, балуандығы, шешендігі, ақынжанды мінезі, сыбызғышылық өнері оны тек алты Шеруші руының ғана емес, барша ел-жұрттың ардақтысына айналдырды. Жылқышы Ақтайұлының тұлғасына қатысты айтылатын деректі оқиғалар, есті сөздер, сыбызғы күй-аңыздары, әдеби және тарихи туындылар – соның айғағы. Бұл мақалада біз Жылқышы бидің ел есінде сақталған күйлері мен сыбызғышылық өнеріне қатысты аңыз-деректерге тоқталамыз.

Жылқышы бидің балуандығы 

Жылқышы Ақтайұлы туралы айтылатын әңгімелердің бірінде оның бір аяғының жарақаты бар екендігі туралы айтылады. Бұл оқиғасы күй-аңыздарында да ұшырасады. Ел ішіндегі дерекке қарағанда, Жылқышы би бұл жарақатты жас кезінде балуандық күресте алған. Сыбызғышы, Жылқышы мұрасын зерттеуші Құсман Мақмырзаұлы бұл жөнінде былай деп әңгімелейді:

«Менің естуімше, Жылқышы қазақ даласында туып, ес білген шағында Алтайдың күнгей бетіне өтіпті. Ағалық жасқа келген тұсында елін бастап, теріскей бетіне қоныстанған екен. Жастау кезінде Ресей жерінде үлкен сиез болып, көпшілік дәстүрмен Іле мен Тарбағатайдан, біздің Алтай елінен де би, төре, бай, манаптарды шақырыпты. Сиез соңы тойға ұласатын болғандықтан, олар жүйрік аттарын, балуан жігіттерін де ала барған.

Сиез аяқталған соң, аламан бәйге өтіп, балуандар күреске шығады. Сонда Ресей жағынан бір қара дәу шығыпты. Үстінде лыпасы ғана бар, тырдай жалаңаш, тұла бойына зығыр майын жағып, қара топырақпен сылаған, шынжырмен ноқталап, төрт адам жетелеген, аузына қызыл бояу езіп ұрттатып, езуінен қанды көбік бұрқыраған әлгі дәу жараған бурадай шабынады. Іле, Алтай, Тарбағатайдан арнайы келген балуандар оны көргенде шошып, күресуден бас тартады.

Сол кезде балуандықпен аты шыға қоймаған, атшы болып еріп барған жас Жылқышы екі білегін түріп, ақсақалдардың алдына шығып:

– Бір де біреуіміз шыға алмау – намыс қой. Жығылсам, жер көтерер. Мен шығайын, баталарыңызды беріңіздер! – дейді.

Бірақ ел ағалары:

– Қой, шырағым, күреспеген намыс емес. Анау хайуан сенің етіңді жұлып жеп, сүйегіңді бүркіп жібереді. Анық намыс – сол, – деп ұйғармайды.

Алайда қара нөпір халық:

– Қалай болғанда да жастың талабын қайтармайық. Шықсын, белдессін. Күш атасын тани ма! – деседі.

Сөйтіп, жас Жықаң майданға шығады. Ноқта-жүгенін сыпырып, орыс жағы қара дәуін қоя береді. Жықаң қарап тұрып қалмай, шалт қимылдап, бір иықтан қағып қалып, жалт беріп өте шығады. Ебедейсіз денелі қара дәу қорбаңдап қайта бұрылғанша, Жықаң оны ашадан алып, жерге бір-ақ ұрады да, қазан толмастан жалғыз нұқып, кері бұрылады. Дәудің аузынан қанды көбік лақ етеді.

Дегенмен, Жықаң қайтар жолда жүдей бастайды. Сөйтсе, қара дәудің бармағы қалың етке кіріп кеткен екен, бір саны қарайып қалыпты. Жарақаттың уытын қайтаратын дәрі табылмаған соң, жолаушылар әр аттың ащы тері сіңген ішпегін кезек-кезек орағанда, ісік қайтады. Бірақ бір саны солып қалыпты. Осы әңгімені әкемнің аузынан естіген едім», – дейді Қ. Мақмырзаұлы.

Бұл аңыз Жылқышының ерлігі мен тәуекелшілдігін ғана емес, оның кейінгі өміріндегі кейбір ерекшеліктерін де түсіндіретін ел жадындағы маңызды әңгімелердің бірі.

Жылқышы бидің сыбызғышылық өнері

Жылқышы бидің әділ билігі мен балуандығы Абақ Керей жұртына кеңінен мәлім болғанымен, оның сыбызғышылығы туралы деректерді екінің бірі біле бермейді. Дегенмен Құсман Мақмырзаұлы жеткізген мәліметтер бұл қырын айқын ашады.

Құсман Мақмырзаұлының айтуынша, атақты күйші, Төлек руынан шыққан Үрім Құжайұлы және ақын, шешен, Ұзынмылтық атанған Аманбай ақсақал 1969 жылы жазда, 89 жасқа келген шағында, Құсманға сыбызғы тартқызып отырып, Жылқышы би туралы көп әңгіме айтып берген. Кәрі сыбызғышылар Жықаңды «әскере күйші» деп пір тұтқан екен. Ол көп күй тартқан. Амал нешік, сол күйлерді жазып алатын құрал болмағандықтан, мұрасының біразы халық жадында ғана сақталған.

Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылығы туралы деректер қазіргі ҚХР-дың Алтай аймағы мен Еренқабырға-Боғда бойындағы жұрт арасында көбірек сақталған. Осы өңірлерде күні бүгінге дейін «Жылқышы бидің тартқан күйі еді, аңызы мынау» деп күй тарихын таратып айтатын өнерпаздар баршылық. Солардың бірі – ҚХР, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Үрімжі қалалық округіне қарасты Бәнфаньгу ауылында тұрған әйгілі сыбызғышы Құсман Мақмырзаұлы. Ол Жылқышы Ақтайұлының «Әттең, Сарыбел» атты күйін орындап, оның шығу тарихын әңгімелеп, радиоға арнайы жаздырған.

«Әттең, Сарыбел» күйінің аңызы

Құсман Мақмырзаұлы «Әттең, Сарыбел» күйі туралы былай дейді: «Жықаңның бізге жеткен бір күйі – «Әттең, Сарыбел». Жылқышы бастаған заманда ұры-қары көп болыпты. Олар жылқыны үйір-үйірімен айдап кетеді екен. Сондықтан Жықаң жылқысын қораға иіріп, атын ерттеп, белдеуге байлап, өзі сыбызғы тартып отырады. Сыбызғы дауысына ұйыған жылқы қораны айнала мүлгіп тұрады.

Бірде Жықаң қалғып кетеді. Сол кезде төрт ұры белдеудегі атының шылбырын қиып жіберіп, жылқыны қуа жөнеледі. Жықаң ояна келіп, сыртқа шықса, ұрылар тағалы тай қалдырмай, жылқыны түгел айдап, анау Сарыбелден асырып барады екен.

Жықаң бір арқанды шумақтап білегіне іле салып, сыбызғысын алып, жаяу ақсаңдап жүгіреді. «Әттең, Сарыбел, осы Сарыбелге жетсем!» - деп, ақыры Сарыбелге де шығады. Сол жерде сыбызғысын тартқанда, сыбызғы дауысын естіген жылқы төрт ұрыға бой бермей, бытырай бұрылып, Жықаңға қарай қашады да, келіп иіріле тоқтайды.

Сонда ұрылардың біреуі кәртең адам екен:

– Әй, жігіттер, мынау тегін адам емес екен. Мен барып білейін, – деп жетіп барса, сыбызғысын сызылта тартып бір адам отыр, жылқысы оны айнала үйіріліп қалған.

Ұры бұл кісінің қасиетті адам екенін аңғарып, сәлем береді.

– Оу, сіз кімсіз? – деп сұрайды.

Жықаң атын айтады. Оның атақты балуан, би екенін ұққан соң, ұрылар:

– Жаздық, жаңылдық, – деп аяғына жығылып, кешірім сұрайды. Арттағы серіктерін шақырып, ұстап алған жылқыларын босатып, Жықаңды қолтықтап атына мінгізеді.

Бұл – Жықаңның да қасиеті, қарыстай қара сыбызғысының да киесі болар. «Әттең, Сарыбел» күйі осылай туыпты», - дейді Құсман Мақмырзаұлы.

Шынында да, Жылқышының даңқын шығарған күйлердің бірі – сыбызғыда тартылатын «Әттең, Сарыбел». Бұл күй туралы халық арасында аңыз-әңгіме көп. Көпшілігінің өзегі жылқы малына қатысты болғанымен, оқиға желісінде аздаған айырмашылықтар кездеседі.

Өр Алтайға белгілі өнерпаз, сыбызғышы Бейілқан Қалиәкбарұлы өзінің сұхбаттарында бұрынғы кезде қойшы да, жылқышы да жалғыз жүргенде сыбызғыны көңіліне медеу, жанына серік еткенін айтады. Оның айтуынша, жылқының таңғы жусауында жылқышылар сыбызғы тартқанда, жылқы құлағын қайшылап, мүлгіп тыңдап тұрып қалатын болған.

Бейілқан Қалиәкбарұлы Жылқышы Ақтайұлы туралы былай дейді:

«Киелі өнердің сиқырлы сазын толық игерген нелер дүлдүл күйшілердің нар идіріп, күймен жылқы қайыратыны туралы аңыз көп. Солардың бірі – Алтайдан шыққан белгілі генерал Дәлелхан Сүгірбайұлының атасы Жылқышы Ақтайұлы. Ол әрі балуан, әрі сыбызғышы болған. Жылқы малы сергек, сезімтал жануар ғой. Сол заманда ұры-қары көбейіп, ауылға маза бермей тұрған бір күні Жылқышының үйірлі жылқысын да ұрылар тігерге тұяқ қалдырмай қуа жөнеледі. Жылқы дүбірінен оянған сыбызғышы сыртқа шықса, жылқы үйірі іргедегі Сарыбелден асып бара жатады. Мұны көрген Жықаң сыбызғысын ала салып: «Әттең, анау бір Сарыбелге жетсем-ау!» - деп жаяу ұмтылады. Жықаң Сарыбелге көтеріліп, сыбызғысын қолына алып, құйқылжытып күй тартқанда, жылқылары кері бұрылып, ұрылардың ырқына бағынбай қашады. Жылқышы Ақтайұлының «Әттең, Сарыбел» атты күйі осылай өмірге келген», – дейді.

Бұл аңыздар Жылқышы бидің сыбызғышылық өнерінің халық санасында қаншалықты киелі сипат алғанын көрсетеді. Мұнда сыбызғы үні жай әуен емес, табиғатпен, малмен, адам рухымен тілдесетін құдірет ретінде танылады.

Тәйф Тәукейұлы жеткізген деректер

Күйдің шығу тарихына қатысты өнертанушы Тәйф Тәукейұлы жеткізген мәлімет те назар аударарлық. Ол былай дейді: «Ертедегі Алтай-Қобданың сыбызғышылары сыбызғыны беріле тартқан кезде төбедегі кепеші біресе қарақұс пен желкеге, біресе маңдайға қарай ауып, жұртты таң-тамаша қалдыратын болған. Жылқышы үкірдай да сондай шебер сыбызғышы адам болған деседі. Жықаңның негізі отыздай күйі болған дейді. Қазіргі заманға жеткені – үшеу-төртеу ғана.

Жықаң отардағы жылқысына барғанда, бір көрнекті жерге отырып сыбызғы тартады екен. Сыбызғы тартқанда жылқысының бәрі келіп, Жықаңды иіскелеп, айнала қоршап тұрады екен. Содан Жықаң жылқыларының маңдайынан бір-бір сипайды екен. Өзінің аты – Жылқышы, жан дүниесі де жылқымен үндес. Жылқыларының бәрі сыбызғының үнін ұғатын болған.

Бірде Жықаң жылқы қосына келеді. Іңірлеп тұрған жылқының ортасында отырғанда, ұрылар шыға келіп, қылқұйрықтың бәрін алдына салып қуып кетеді. Сол кезде Жықаң белге шығып алып, сыбызғысын аңырата тартқанда, жылқысы ұрыларға қайыру бермей, кері шапқылап қайтып келген деген аңыз бар. Мұны әсіреленген өтірік емес, рас оқиға деп білеміз. Ол – мүмкін іс-әрекет», – дейді өнертанушы.

Тәйф Тәукейұлының бұл пікірі «Әттең, Сарыбел» күйінің ел ішінде әртүрлі нұсқада айтылғанымен, негізгі өзегі – Жылқышы бидің сыбызғы үнімен жылқыны қайыруы деген ортақ желіні сақтайтынын көрсетеді.

«Салкүрең» күйі және «Қаражорға» сазы туралы пікір

Өнертанушы Тәйф Тәукейұлы Жылқышы Ақтайұлының шығармашылығы жөнінде тағы бір қызықты дерек айтады: «Жықаңның «Салкүрең» деген күйі бар. Бұл күй Бұқара Тышқанбаевтың «Хасен-Жәмила» киносында Хасен мен Жәмила қашқан кезде шертіледі. Қазір бұл күйді «Қаражорға» биіне өңдеп, арасына такт, айқай салып, ырғақ қосып қолданып жүр. Жаңағы «Қаражорға» деп билеп жүргеніміз – осы «Салкүрең». Ол – Жықаңның күйі», - дейді.  Бұл – ескеруге тұрарлық тың дерек. Расында, қазіргі «Қаражорға» деп кең тараған бидің сазы халық арасында кейде «Қоскүрең» күйімен де байланыстырылады. Халық күйі, халық әні делініп жүрген туындылардың біразының нақты иесі болуы мүмкін екені де шындық. Қазақ әдебиеті мен өнері тарихында кейінгі кезеңдерде халықтық туындыларды әркімге орынды-орынсыз телу үрдісі кездесетіні жасырын емес. Сондықтан Тәйф Тәукейұлы ақсақал жеткізген мәліметті негізге алғанымызбен, жоғарыдағы күйлерді талассыз түрде Жылқышы Ақтайұлының туындысы деп кесіп айтуға асықпаған жөн. Дегенмен мұндай пікірдің бекерден-бекер айтылмағаны анық. Ол Жылқышы мұрасының халық жадындағы салмағын, оның күйшілік атының кең тарағанын көрсетеді.

Он екі өзенге арналған күйлер

Ел аузындағы дерекке қарағанда, Жылқышы Ақтайұлы Алтайдан бастау алатын он екі өзенді он екі күйге арқау етіп, сыбызғыда тартқан екен. Солардың ішінде «Ертістің толқыны», «Аққабаның толқыны», «Бұқтың өзені» атты күйлердің аты аталады. Қазіргі қолымыздағы мәлімет бойынша, осы үш өзенге арналған күйлер ел жадында сақталған.

Бұл дерек Жылқышы бидің күйшілік танымында табиғаттың, жер-судың орны ерекше болғанын аңғартады. Алтайдың өзені, белі, жылқысы, жазығы мен тауы оның сыбызғы үнінде бейнеленген. Демек, Жылқышы мұрасы тек жеке адамның көңіл күйін ғана емес, тұтас өңірдің табиғи болмысын күй тіліне көшірген өнер ретінде бағалануға тиіс.

«Жылып өткен дүние» күйі

Жылқышы Ақтайұлының әртүрлі оқиғаларға байланысты шығарған көптеген күйлері болғанымен, бізге жеткені бірнешеу ғана. Солардың бірі – «Жылып өткен дүние».

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Жықаң қартайып, ұзап шыға алмайтын болған кезінде өзімен замандас адамдар да, кейінгі буын өкілдері де оған сәлем бере келіп тұрған. Ауылынан ат, үйінен қонақ үзілмеген. Бірде Жықаң бір күйді қонақтарға тым ұзақ тартыпты. Тыңдаушылар:

– Бұрын естімедік, мынауыңыз қандай күй? – деп сұрағанда, Жықаң бірден жауап қатпайды. Салалы саусақтарымен басын сипай отырып, сыбызғысын күңіренте басып-басып жібереді де, кенет тоқтап:

– Жылып өткен дүние-ай… – деп терең күрсінеді.

Осылайша бұл күй адамның өткен өмірге, алыста қалған жастық шаққа, ел мен жер тағдырына, өткінші дүниенің сырлы мұңына арналған шығарма ретінде ел есінде қалыпты. Бұл күй туралы мәлімет «Тарлан тағылымы» журналының 2016 жылғы №3 санында жарияланған деректер арқылы да мәлім.

«Қайран Бәтекең» немесе «Зар жалған»

Жылқышы Ақтайұлының халық арасында кең тараған күйлерінің бірі – «Қайран Бәтекең». Кейбір деректерде бұл күй «Зар жалған» деп те аталады. Күй – саны басым жаумен шайқасып, қапыда қаза болған Бәтекен батырды жоқтауы.

Бәтекен Мырзатайұлы – Жылқышы заманындағы ел қорғаған айтулы батырлардың бірі. Ол шамамен 1830 жылдарда дүниеге келіп, 1866 жылы қайтыс болған. Осы кезеңде Шыңжаң қазақтарын дүрліктірген қанды оқиғалар болғаны айтылады. Бұрынғы Жоңғария өлкесін бауырына басқан Мәнжі-Шың империясы бұл өңірдегі халықты қатты қанауға ұшыратады. Олардың шектен шыққан зорлығына шыдамаған Іле халқы қарулы көтеріліске шығады.

Іледен қашқан Жан Го, Жан Си бастаған әскер Алтай мен Сауырға келеді. Олар Сауырдағы керей билеушісі Ажы гүннен ат-көлік, азық-түлік сұрап, егер көмектессе, Қобда бетке асып кететінін айтады. Ажы гүн олардың сұраған ат-көлігі мен азық-түлігін елден жинатып береді. Алайда Іледен ауған шақырусыз қонақтар айтқан уәдесінде тұрмайды. Олар Алтай, Сауыр, Тарбағатай жеріне орнығып, қолындағы қаруымен елді қорқытып, талап-тонауға көшеді.

Бұл шапқыншылар айырым белгі ретінде балтырларын қызыл матамен таңып алғандықтан, қазақтар оларды «қызылаяқтар» деп атаған. Қызылаяқ қарақшыларына қарсы Алтай-Тарбағатай жұрты әр жерде қарсылық көрсетіп, шайқасқа кіріседі.

Құсман Мақмырзаұлы «Қайран Бәтекең» күйінің аңызы туралы былай дейді: «Жасанған күні дос келмес, жарақты күні жау келмес» дегендей, «Қызылаяқ» деген жау тигені осылай болған. Елу адам тосыннан жетіп келіп, ауылдың желідегі құлындарының ноқтасын қиып, жеті-сегіз жүз жылқыны айдай жөнеледі.

Жау тигені туралы хабар Жылқышыға жеткенше, ел қорғаны ер жүрек Бәтекең батыр ақ сойылын алып, Ақбозына мініп, жаудың артынан қуып жетеді. Елу адамның жиырма шақтысын жалғыз өзі сойылмен баудай түсіреді.

Жықаңа сонда ғана хабар жетіп, ол отыздай қол жиып жетсе, Бәтекең батыр:

– Жекпе-жек! Жекпе-жек! – деп арыстандай ақырып, ат ойнатып жүр екен. Батырға жекпе-жекке шығуға бата алмаса да, Жықаңмен бірге келген отыз адамды көрген жау жылқыны тастай салып, Бәтекеңе үймелеп келіп, ұрып-соғып, безіп береді. Жықаңдар батырға жетсе, Бәтекең сойылын жерге тіреп, тікесінен тік тұрып көз жұмған екен.

Қабырғасы қақырай қайғырған Жықаң:

– Бұл жалғанның алды – қызық, арты – зар, - деп отырып, сыбызғысын алып, осы күйді шығарған екен», – дейді.

Бәтекен батырдың қазасын азалаған Жықаң осылайша зарлы күйін шығарған. Аңыздың тағы бір нұсқасында: «Жылқышы бастаған қол жеткенде, жараланған Бәтекен батыр аттың үстінен құламай, тік отырған күйі жан тапсырған екен», – деп айтылады. Бұл күй – Жылқышы бидің сыбызғысы тек қуаныш пен табиғат сұлулығын ғана емес, ел қайғысын, батырдың ерлігін, заманның зарын да жеткізгенін дәлелдейтін мұра.

«Арманда кеткен Дайрабай»

Жылқышы бидің жанында жүріп, сенімді серігі болған, көп жасаған Өскенбайұлы Тәше қария да Жықаңның өнерге жақындығы туралы дерек қалдырған екен. Ол былай деп баяндаған:

«Жықаң ән-күйді, сыбызғы күйлерін өте жақсы көріп тыңдаушы еді. Өзі де сыбызғыдан құр емес болатын. «Арманда кеткен Дайрабай» деген сыбызғы күйін жиылған жігіттерге тарттыратын. Ата-тегі Жәдік, оның ішінде Итемген руынан шыққан Шудакеұлы Нұғыман деген кісі: «Мынау – Дайрабай өлгенде Жықаңның сол кісіні жоқтаған күйі», – деп сыбызғымен тартатын еді. «Арманда кеткен Дайрабай, арманда өлген Дайрабай, о дүние жалған-ай», – деп тартыпты». Бұл деректі Тәше қарттың көзін көрген шежіреші, қаламгер Ұтханұлы Мусабай қария жеткізген. 

«Арманда кеткен Дайрабай» күйі де Жылқышы бидің жоқтау сарынындағы шығармаларының бірі ретінде бағалы.

«Жылқышының қоңыр күйі»

Жылқышы Ақтайұлының тағы бір сыбызғы күйі  - Қоңыр. Жықаң ел ағаларын жинап, үлкен бір жұмысты ақылдасып бітіру үшін қоңырлата ұзақ тартып барып, сөз бастайды екен. Сыбызғыда қоңыр күй шертіп. Мысалы, сазгер, би Бежең домбырада «Кеңес күй» деп шертіп, кеңес бастайды екен. 

Сыбызғышылық – ХХІ ғасырда қазақ халқымен бірге жасасып, жаңғырып келе жатқан төл құндылығымыз. Қазақтың бұрынғы-соңғы сыбызғышыларының өмірі, шығармашылық мұралары туралы мәліметтер жыл өткен сайын жиналып, жүйеленіп келеді. Бұл – тек өнер тарихы үшін ғана емес, ұлттың рухани жадын жаңғырту үшін де маңызды іс.

Жылқышы Ақтайұлының сыбызғышылығы мен күйшілік мұрасы – Алтай–Қобда өңіріндегі қазақ өнерінің ерекше бір саласы. Оның «Әттең, Сарыбел», «Жылып өткен дүние», «Қайран Бәтекең», «Арманда кеткен Дайрабай», «Ертістің толқыны», «Аққабаның толқыны», «Бұқтың өзені» сияқты күйлеріне қатысты аңыздар Жықаңның өнерпаздық тұлғасын аша түседі.

Бұл күйлердің бәрі бірдей толық нотаға түсіп, ғылыми айналымға еніп болды деу қиын. Алайда ел жадында сақталған күй-аңыздардың өзі Жылқышы Ақтайұлының сыбызғы өнеріндегі орнын айқындайды. Ол – ел бастаған би ғана емес, жылқы мінезін, жер-су үнін, заман шерін сыбызғы тілімен сөйлете білген киелі өнер иесі.

Жылқышы Ақтайұлы туралы жазылған әрбір дерек, айтылған әрбір аңыз, тартылған әрбір күй – қазақтың сыбызғышылық дәстүрін тануға қосылған үлес. Сондықтан Жықаң мұрасын жинау, зерттеу, орындау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз