Қазақ геометриясын Елдес Омарұлы қалай жазды?

27.03.2026
66
Қазақ геометриясын Елдес Омарұлы қалай жазды? - e-history.kz

Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі, ұлт ағартушысы, ғалым әрі әдіскер – Елдес Омарұлы. Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының рухани жаңғыруына, білім беру жүйесінің қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың қатарынан орын алады. Елдес Омарұлы тек оқытушы не аудармашы ғана емес, ұлттық ғылыми терминологияның негізін қалаушылардың бірі.

Елдес Омарұлы Алаш зиялыларының алдыңғы буынымен тығыз байланыста болды. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сенімді серіктерінің бірі ретінде танылып, ағартушылық бағыттағы көптеген істерге атсалысты. Әлиханның  Ахмет Байтұрсынұлына оған жазған хатындағы: «Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті» деген пікірі – оның замандастары арасындағы беделін, тұлғалық болмысын айқын көрсетеді. Сонымен қатар, ол Алаш қайраткерлерінің сенімді серігі болып, ұлттық мүдде жолында қызмет етті.

Елдес Омарұлы ХХ ғасырдың басында қалыптасқан қазақ зиялыларының жаңа буынына жатады. Ол заман талабына сай жан-жақты білім алып, жаратылыстану ғылымдарын меңгерген санаулы қазақ мамандарының бірі болды. Әсіресе математика, физика, геометрия пәндерін терең игеріп, осы салалар бойынша қазақ тілінде алғашқы оқулықтар жазды.

1920-жылдары Қазақстанда білім беру ісі жаңадан жүйеленіп жатқан кезеңде ана тіліндегі оқулықтардың жетіспеушілігі өткір мәселе болды. Осындай тарихи қажеттілік Елдес Омарұлы сияқты ағартушыларды ғылым тілін қазақшалауға, ұлттық терминологиялық жүйе қалыптастыруға жетеледі. Ол тек аудармамен шектелмей, ғылыми ұғымдардың табиғатын қазақ дүниетанымына жақындата отырып, балама атаулар ұсынды.

1928 жылы Қызылорда қаласында оның «Геометрия (Пішіндеме)» атты оқулығы қайта басылып шықты. Бұл еңбек  қазақ тіліндегі жаратылыстану ғылымдары оқулықтарының алғашқы үлгілерінің бірі. Аталған еңбекте автор көптеген халықаралық терминдерді қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктеріне сүйене отырып аударып, баламаларын ұсынды.

Ғалымның термин жасаудағы басты ұстанымы – ұғымның мәнін дәл беру және оны қазақ тілінің табиғатына бейімдеу болды. Оның ұсынған бірқатар терминдері бүгінгі күнге дейін қолданыста болса, кейбірі тарихи-лексикалық мұра ретінде бағаланады. Мысалы:

  • Мұнай – Жермай

  • Периметр – Жиек

  • Тригонометрия – Кескіндеме

  • Центр – Кіндік

  • Радиус – Өріс

  • Ось – Белдік

  • Векторлық шама – Бағытты шама

  • Перпендикуляр – От сызығы

  • Экватор – Жердің белдеуі

  • Параллель сызық – Қатар сызық

  • Трапеция – Қостабан

  • Гипотенуза – Қима

  • Таблица – Саты

  • Куб метр – Текше метр

  • Аргумент – Тетік

  • Вертикаль – Тік бағыт

  • Километр – Шақырым

  • Квадрат метр – Шаршы метр

  • Фигура – Пішін

Бұл атаулардың бір бөлігі қазіргі ғылыми тілде сақталып қалды (мысалы, шаршы метр, текше метр, пішін, шақырым), ал кейбірі уақыт өте келе қолданыстан шыққанымен, қазақ ғылыми тілінің қалыптасу тарихында маңызды рөл атқарды.

Елдес Омарұлының еңбектерін тек оқулық жазу деңгейінде қарастыру жеткіліксіз. Оның жұмысы – қазақ тілінің ғылыми стильдегі мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жүйелі әрекет. Бұл тұрғыдан алғанда, ол қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңіндегі іргелі тұлғалардың бірі саналады.

Алаш зиялыларының негізгі мақсаты  білімді ана тілінде беру арқылы ұлттық сананы ояту болғаны белгілі. Осы идеяны жүзеге асыруда Елдес Омарұлы сияқты ғалымдардың рөлі ерекше болды. Ол жаратылыстану ғылымдарын қазақша сөйлетіп қана қоймай, ғылыми ойлаудың ұлттық моделін қалыптастыруға ықпал етті.

Қорыта айтқанда, Елдес Омарұлы – қазақ ғылым тілі мен білім беру жүйесінің дамуына зор үлес қосқан әмбебап тұлға. Оның термин жасаудағы ізденістері мен оқулықтары ұлттық ғылымның іргетасын қалаған құнды мұра. Бүгінгі таңда қазақ тіліндегі ғылыми терминологияның қалыптасуын зерттегенде, Елдес Омарұлы еңбектерін айналып өту мүмкін емес.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз