Қазақтың батыр қызы – Дәмелі Жәкеева

Автор:
17.04.2026
85
Қазақтың батыр қызы – Дәмелі Жәкеева - e-history.kz

Әдетте екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ қыздары туралы айтқанда көпшілік Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанованы ғана еске алады. Алайда қазақ даласынан шыққан қайсар қыздар аз емес. Солардың бірі авиация сапында соғысқа қатысып, майдан даласында ерлік көрсеткен тұлға – Дәмелі Жәкеева. Бүгін сол кісінің өмір жолы туралы тіл қатпақпыз.

Дәмелі Жәкеева 1922 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Балалық шағы ел өміріндегі күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Мектепте жақсы оқып, білімге құштар болып өседі. Тоғызыншы сыныпты аяқтаған тұста Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, елдегі мыңдаған жас сияқты ол да майданға баруға бел буады. Сол жылдары көптеген жастар Отанды қорғауға өз еркімен аттанып жатқан еді. Дәмелі де солардың қатарында 1942 жылы небәрі жиырма жасында әскер қатарына өз өтінішімен қабылданады.

Майданға жіберілер алдында ол Саратов облысындағы Вольск қаласында орналасқан авиациялық училищеде қысқа мерзімді әскери дайындықтан өтеді. Бұл оқу орны соғыс жылдары майданға қажет авиациялық мамандарды жедел даярлаған маңызды орталықтардың бірі болатын. Мұнда Дәмелі бомбалаушы ұшақтарды қару-жарақпен жабдықтайтын механик мамандығын меңгеріп, әскери авиация техникасының құрылымы мен жұмыс істеу тәртібін үйренеді. Сонымен қатар болашақ әуе экипажы мүшелеріне қажет болатын атыс даярлығы мен радиобайланыс негіздерін де игереді. Қысқа уақыт ішінде күрделі әскери мамандықты меңгеріп шыққан жас қыз авиация саласында қызмет етуге толық дайындалады. Бұл кезең Дәмелі Жәкееваның болашақ майдан жолының алғашқы баспалдағы болды. 

Авиациялық дайындықтан кейін Дәмелі Жәкеева 1942 жылдың тамыз айында майданға жіберіледі. Жас жауынгер алғашқы әскери қызметін Сталинград бағытындағы авиациялық бөлімдердің құрамында бастайды. Бұл кезеңде ол авиация экипажының маңызды мүшелерінің бірі – атқыш-радист қызметін атқарады. Әуе шабуылдары кезінде оның міндеті ерекше маңызды болатын. Ол ұшақтың артқы бөлігінде орналасып, пулемет арқылы жау ұшақтарының шабуылына қарсы оқ жаудырып, сонымен қатар экипаждың радиобайланысын қамтамасыз ететін. Деректерге қарағанда, Дәмелі Жәкеева ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен 19 рет жауынгерлік тапсырмаға ұшып шыққан.

Сталинград маңындағы ауыр шайқастардың бірінде ол үлкен қауіп-қатерге тап болады. 1943 жылдың 16 тамызында Котельников станциясы маңындағы аэродромда ұшақты ұрысқа дайындап жатқан сәтте неміс авиациясы кенеттен шабуыл жасап, аэродромды бомбылай бастайды. Сол кезде жарылыстың салдарынан Дәмелі ауыр жараланып, оң қолынан қатты зақым алады. Жарақат салдарынан бір саусағынан айырылып, ұзақ уақыт госпитальда емделуге мәжбүр болады. Госпитальда ем қабылдағаннан кейін Дәмелі Жәкеева соғыс даласынан шет қалуды ойламайды. Ауыр жарақат алғанына қарамастан, ол тылға қайтпай, қайтадан майданға оралуға бел буады. Бұл оның табандылығы мен әскери борышқа деген адалдығын айқын көрсетеді. 

Кейін ол 188-бомбалаушы авиация дивизиясының 367-әуе полкіне ауыстырылады. Бұл бөлімде ол авиациялық техниканы жауынгерлік тапсырмаларға дайындаумен айналысады. Ұшақтардың қару-жарақ жүйесін тексеру, бомбаларды орнату, пулеметтер мен басқа да техникалық жабдықтарды іске қосу – оның негізгі міндеттерінің қатарында болады. Соғыс жылдарында авиациялық техниканы уақытылы әрі дәл дайындау өте маңызды еді, себебі әрбір ұшақтың ұрысқа дайын болуы майдандағы операциялардың нәтижесіне тікелей әсер ететін. Деректерге сәйкес, Дәмелі Жәкеева соғыс жылдары 360 әскери ұшақты жауынгерлік тапсырмаларға дайындауға қатысқан. Оның ішінде ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағын – 275 рет, ПЕ-2 бомбалаушы ұшағын – 85 рет ұрысқа әзірлегені айтылады. Бұл оның авиациялық техниканы дайындау ісінде үлкен тәжірибе жинақтағанын көрсетеді.

Соғыстың соңғы кезеңінде Дәмелі Жәкеева қайтадан әуе экипажының құрамына қабылданады. Ол ПО-2 бомбалаушы ұшағында атқыш-радист ретінде жауынгерлік тапсырмаларға қатысып, майдандағы ұрыс қимылдарына тікелей араласады. 1944 жылдан бастап Дәмелі Жәкеева бірнеше майдан бағытындағы ұрыс қимылдарына қатысады. Оның әскери қызмет жолы кең географияны қамтыдылдымен Солтүстік Кавказ майданында соғысқан ол кейін Балтық өңіріндегі әскери операцияларға қатысады. Кейінгі кезеңде оның бөлімі Екінші Балтық жағалауы, Ленинград және Бірінші Беларусь майдандарының құрамында әрекет етеді. Бұл майдандарда Кеңес әскері Еуропа аумағын азат ету жолында ауыр шайқастар жүргізіп жатқан болатын.

Соғыстың соңғы кезеңінде Дәмелі Жәкеева қызмет еткен бөлім Польша аумағындағы шайқастарға қатысып, Кеңес армиясының Еуропаға қарай ілгері жылжуына үлес қосады. 1945 жылдың басында Кеңес әскері Германия аумағына еніп, Берлин бағытында шешуші шабуыл операцияларын бастайды. Дәмелі Жәкеева да осы тарихи кезеңде әскери бөлім құрамында алдыңғы шеппен бірге қозғалып, соғыстың соңғы кезеңіне дейін қызметін жалғастырады. Сөйтіп қазақтың қайсар қызы 1945 жылы Жеңіс күнін Германия астанасы Берлинде қарсы алады. Оның майдан жолы Сталинградтан бастап Еуропаның бірнеше майданы арқылы өтіп, Екінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін жалғасқан ерлікке толы әскери қызметтің айқын үлгісі болып қалды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз