Евгений Бертельс КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, әйгілі ирантанушы ғалым. Бертельстің парсы және түркі халықтары әдебиетіне қатысты көптеген еңбектерінің жарық көргені мәлім. Ол шығыстың алыптар шоғыры Фирдоуси мен Жәми, Низами мен Науаи секілді ақындарының шығармаларын зерттеу арқылы ирантану мектебінің негізін салды.
М. Жұмабаевтың «Жүсіп хан» поэмасы жайында аз ғана сөз
1948 жылы ғалымға әйгілі Низами еңбектеріне жазылған монографиясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бертельс тек иран топырағына тиесілі көне мұраларды зерттеп ғана қоймай оларды түпнұсқадан орыс тіліне тәржімалаған еді. Білесіздер, Мұхтар Әуезов Ленинградта оқып жүргенде осы Бертельстің лекцияларына қатысып, шығыс әдебиетіне қатысты мол мағұлмат алған еді.
Осы жерде лекция дегеннен шығады ғой, Е.Бертельс өзінің 1923 жылы Петроград қаласында оқыған «Парсы театры» деген көлемді лекция мақаласында былай дейді.
«...Егерде Иран бүгінгі жағдайында Еуропаның шаңын жұтып артта қалса, ол үшін кінәні халықтан еш іздемеу керек. Бар мәселе Иранның адамзат тарихында атқаруына тура келген қасіретті рөлінде жатыр. Иранның бүкіл тарихында яғни б.э.д. V- ғасырдан бүгінгі күнге дейін, бұл бақытсыз ел ең болмаса жүз жыл бір тыныш өмір сүріп көрмепті. Соғыстан соғыс, өзге тайпалардың шапқыншылығы, династиялар ауысуы... Ахеменидтердің қуатты империясы македондық шапқыншылардың ауыр соққысынан күйреп, елді қараңғылық басты. Сөйтіп, бүліктер мен өзара қырқыс күшейе түсті. Ардашир Папаканның күш салуымен ұлттың басы қайтадан біріккендей үміт туып еді.
Алайда, династия өз ішінен тағы да іри бастады. Ел басқарушылар азғындап, бауырлар бірін-бірі өлтіріп, парсы көсемдері үшін көргенсіздік пен тексіздік қалыпты жағдайға айналды. Сасанидтер тағы тағы да шайқала бастады. Арабтардың бір соққысына шыдамай сырт көзге өтірік күмпиген күш-қуат тарс жарылды, бар байлық Парсы еліне лек-легімен ұмтылған құм даланың батыл да ашкөз ұлдарының қолында кетті…» дейді.

Бұл лекцияның үзіндісін неге келтіріп отыр дейсіз ғой? Ең қызығы осы мерзімнен екі жыл өткеннен кейін, яғни 1925 жылы Мағжан Жұмабаевтың аталған Иран халқының өмірін суреттеген «Жүсіп хан» поэмасы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған еді. Кейін ол 1928 жылы Мәскеу қаласындағы Кеңес Одағы елдерінің кіндік баспасынан «Жүсіп хан» деген атпен жекелей жарық көрді. Қос автор да Иранның берекесі қожырап, кері кеткен ілкі тарихында орын алған өкініштері жайында жазады. Әрине, біріншісінікі тарихи негізге құрылған ғылыми мақала болса, екіншісінікі көркем поэма еді.
Сонымен сөзді көп созбай ендігі жайды Мағжан поэмасына берейік.
«Бар екен де, жоқ екен, аш екен де, тоқ екен, ертек, ертек, ертекте..» деп басталатын поэмасының оқиға сорабы былайша өрістеп кетеді.
«…Иран дейтін бір жер бар.
Жер болғанда, ерке жер,
Жердің құты - серке жер,
He керегің табылар.
Күні жерге үңілген,
Жері гүлге көмілген,
Бір гүл сайын бір бұлбұл.
Асты бір гүл жайнаған,
Үсті бұлбұл сайраған,
Мейлің жыла, мейлің күл.
Бал бұлақтың тауы бар,
Бұйра-бұйра бауы бар,
Бауы толған жеміске.
Бір жемісі жақұттай,
Бір жемісі ақықтай,
Бір жемісі күміс пе?!
Бір жақ беті қандай боп,
Бір жақ беті таңдай боп,
Үйіліп жатқан алмасы.
Бәрінен де бұл әжеп,
Саусағыңды бірге жеп
Қоятындай алуасы».
Ақын Иранды жер үстінің жұмағына теңеп, оның балбырап піскен жемісінің өзін бейнебір «Саусағыңды бірге жеп қоятындай» деп тамсана жырлайды. Сөйтіп екінші шумағына қарай ойысқанда Е. Бертельстің мақаласында жазылғандай «Парсы көсемдері үшін көргенсіздік пен тексіздік қалыпты жағдайға ұласты. Соның кесірінен халықтың тұрмысы төмендеп, тығырыққа тірелді» сөзін Мағжан да растап былай дейді.

Иран жері, не керек,-
Жеміс, бұлбұл, гүл, жібек,
Төрт түлегі сай бопты.
Сай болғанмен, мәлім ғой,
Елінің дені қу кедей,
Бір уыс-ақ бай бопты.
Қашанда надан көп кедей,
Бір уыс байға беттемей,
Құл боп қызмет қылмай ма?
Желіккен байлар құл айдап,
Еріккен байлар хан сайлап,
Әңгіме-дүкен құрмай ма?
Сонымен, ақын суреттеп отырған бұл сүреңсіз кезең Аббас ханның кезеңіне тиесілі еді. Иранның патшалар жылнамасына қарап отырсақ, Аббас атаулы есімдер шынымен-ақ көп екен. Бірақ біз Мағжанның айтып отырғаны I Аббас шах болар деп іштей топшылап отырмыз. Ежелгі Парсы империясындағы Сәфәуид әулетінің бас билеушісінің бірі болған I Аббас шах, Иран шахы Сұлтан Мұхамедтің үшінші ұлы.
Шамамен 1571 жылы дүниеген келген ол, осман және өзбек шеріктерін иран топырағынан түре қуып, тұрақты армия жасау арқылы өз билігін барынша күшейткен еді. Міне, сол Аббас поэмада қалай сипатталады? Оған ақын не деп баға береді? Енді сол жайына келейік.
...Иранда сонау құт қонған,
Байға ғана құт болған
Бопты дейді Аббас хан -
Жасын тақта жасаған,
Күшігенге ұқсаған,
Құлқы бұзық қақпас хан.
Елін бақпай, тақ баққан,
Бар жұмысы - тек жатқан
Алтын сарай ішінде.
Әйел жиған үйірлеп,
«Әйел!» деген күбірлеп
Өңінде де түсінде.
Шараптан ылғи шала мас,
Тажындағы тізген тас
Гауһар, күннің көзіндей...
Арамтамақ Аббас хан,
Өз құлқына тап басқан,
Уәзір жиған өзіндей.
Сұм-сұрқия уәзірлер
Хан керегін әзірлер
Шауып, шаншып, ел талап.
Бұқара қасқа бүгжеңдер,
Табанда ылғи тепкі жер,
Құл боп құрдай жорғалап.
Күндер өткен осылай...».
Ақын Аббасқа осылай мінездеме бере келіп «Шарап ішіп, әйел аңдығаннан басқа бітірер еш жұмысы жоқ, нағыз арамтамақтың өзі» дейді.
Поэманы ары қарай оқысаңыз оқиға былайша өрістеп кетеді. Өстіп жылдар сусып, ай ауысқан күндердің бірінде бас уәзір келіп «Шарап ішіп, шала мас» жатқан Аббасқа балшының келіп тұрғанын хабарлайды ғой. Жұлдыздарға қарап бал ашатын әйгілі сәуегей ханға аса бір қауіптің болатынын айтып зәресін ұшырады.
Енді он күн тақта отырсаңыз, сөз жоқ қаза табасыз, сондықтан орыныңызға уақытша болсын біреуді тағайындағаныңыз жөн дейді. Қатты қорыққан хан балшыдан бұл қатерден қалай құтылудың айласын сұрайды. «Ақылдассақ айламен, Жұлдызды да ептеп алдарқатуға болады» деп сендірген балгер ханға өз ұсынысын айтады ғой. Осылайша Аббас хан әуелі тағын уәзірлерінің біріне билетпекке ниет еткенмен, бірақ уәзірлер жағы әртүрлі себептер ойлап тауып, хандық құрудан біржола бас тартады. Осы мезетте поэмада жұрт тілін жұтып қойғандай ерекше бір тымырсық хал орынайды.
Енді шынымен-ақ Абдолла хан бұл қатерден қайтіп құтылмақ екен?
«…Е! Құрмалдық мен бе екем?
Он күн деген күн бе екен?
Адыра қалсын бұл хандық!..
Сөз тоқталды. Жұрт жым-жырт.
«А, Құдайым! Құтқар!»-деп,
Айтысты іштен кұрмалдық.
Сонда балшы сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді:«Бұған да амал табылар.
Ұнатсаңыз, халайық,
Бұл он күнге лайық
Жүсіп деген бір сұм бар.
Базарда ылғи ер істер,
Өзі шебер мініскер,
Нағыз найсап, шаян тіл.
Осы отырған бәріңді,
Жазаласа ханымды,
Ұры-қары дейтін ол!
«Хан, ханшасы, қолбасы,
Уәзір, қазы, молдасы,-
Өңшең ұры обырлар.
Бұқара елді еңіреткен,
Кедей қылып күңіренткен
Солар», -дейтін ол мұңдар!
Мен ойлаймын, падишам,
Тап сол Жүсіп уақытша
Хандық құрсын тағында.
Жұлдыз сөзі іске асар:
Жүсіп жанмен қоштасар
Оныншы күн таңында».
Сонымен, поэмадағы аты аталған Жүсіп кім еді? Енді осы жайға аз ғана тоқтала кетейін. Мағжанның айтып отырған бұл Жүсібі кім болды екен деп біраз мәліметтер қарағандай болдым. Иран тарихына қатысты Жүсіп хан есімі грузин тектес нәсілден шыққан, әскери және мемлекет қайраткері деген бірер деректерді ғана ұшыраттым. Парсы армиясының жетекшісі болған ол Ресейден немере ағалары арасында болған жерге қатысты жанжалдан кейін Иранға қашып келіп, 1742-1797 жылдар аралығында Шах Мұхаммед Хан Каджар артиллериясына қызметке кіріп саяси баспана алған. 1795-1797 жылдар аралығында Жүсіп хан, Фетх Али шахтың мақұлдауымен Эрак қаласының негізі болған әскери бекіністі салған. Жүсіп ханға қатысты тапқан деректерім міне, осы ғана болды. Бірден айтайын, I Аббас пен Жүсіптің өмір сүру кезеңінде шамамен екі ғасырдай алшақтық бар. Бәлкім, Мағжанның айтып отырған Жүсібі біз айтып отырған адам болмауы да мүмкін. Мұны да алдарыңыздан өтіп, қаперлеріңізге сала кетейін. Ендігі сөзді поэмаға берейік.
«...Десті осылай, сөз тынды.
Біз де ақырын сөзді енді
Жөнелтелік Жүсіпке.
Жүкең қайда шаян тіл?
Қайда болушы ед? Базарда ол
Қақталып, қасқа, ыстыққа.
Шаңқай түс. Шым-шым шағыл күн.
Базар ызың, ың да жың.
Жабыр-дабыр сансыз жұрт.
Саудагер сұм жаны - мал,
Шиқан бетті, жүн сақал,
...Ақсақ-тоқсақ, қайыршы,
Жетім бала еңіреген.
Қап-қара бет, сұр дене,
Доп-домалақ бірдеңе.
Бұл - әйелі Иранның.
Поэманың барлық жолын талдап отыру біздің негізгі мұратымыз емес. Әрине, шығарманың әр жолына түсініктеме берер болсақ, мағынасыз көп сөзге ұрынарымыз тағы да анық. Сонымен базарда ер тоқым сатып күн көріп жүрген Жүсіп есімді қарапайым шаруа адамы бір-ақ күнде ел билеген патшаға айналады. Әлхисса, сонымен арықарай хикая соңы не болды дейсіз ғой?
«Бастады Жүкең бір істі:
Ел билеуге кірісті
Жақтап жарлы, жалшыны.
Сыпырғандай тезекті
Өңшең залым-кезептен
Еңбекші елді аршыды.
Жарлықты Жүкең жаудырды,
Уәзірді жер аудырды.
Қазының басын алдырды.
Машайығын, молдасын,
Қойқаңдаған қолбасын
Абақтыға салдырды.
Мұнапық талай мұндардың,
Елді сорған сұмдардың
Қырықтырды басын түймедей.
Байларды айдап жиғызды,
Тұмылдырық кигізді.
«Уһ!» деді көп кедей.
Осылай өтті біраз күн,
Бай мен бекті соқты жын.
Алдында бар не сұмдық!
Оны Жүкең не қылсын?
Оның ойы: ел көрсін
Бір күн де болса әділдік.
He керек, солай хан Жүсіп
Залымның қанын жосылтып,
Сорлының сорын ашқандай.
Мырза, молда, бай бәсең,
Бәрі жуас, бәрі әсем,
Аяқты байқап басқандай.
Кезептерді қылды жым,
Бұқара байтақ халықтың
Болды Жүсіп қалқаны.
Қуанған байтақ балаша:
«Мың жаса, Жүсіп, мың жаса!»-
Деп шуылдап алқады».
Осы жерде мынабір дүниеге назар қойып, айырықша тоқтала кетпесек болмайтын секілді. Мұны айтып отырған себебіміз, қаламгер қандайда бір мәселені өз заманымен ұштастырып жазады епес пе?
Осы жағынан келсек Мағжан да көп дүниені көркем тәсілге сүйеп астарлап айтып отырған тәрізді. Мінекей, ақынның поэманы жазудағы бар мақсаты да сол болғандай сезіледі. Бір қарасаңыз, «Жүсіп хан» образы кешегі большевиктік идеяға өте жақын келетін кейіпкер. Большевиктер ту етіп көтерген Энгельстің: «Пролетариат тек мемлекетке мұқтаж, ол оған бостандық мүддесі үшін емес, қайта өз дұшпандарын басып-жаншу үшін мұқтаж…» деген пікірі поэмадағы Жүсіптің ең негізгі басты ұстанымы десек те болады.
«Байлар өз мүлкін елдің байлығын тонап, кедейді қанаудан жинаған. Сондықтан оларды қалайда жазалау керек» идеясы біздің тарихи өміріміздің 1928 жылымен өте сәйкес келеді. Ендеше осы тарапатан келсек Жүсіпті жаннан асқан жағымды кейіпкер деуге әсте келмейді. Бұл тұрғыдан пайымдасақ, Жүсіпті (он күн ғана) уақытша патша демесең, ішкі мазмұны кешегі кеңес өкіметін құрушы коммунистерден бір айнымай отыр. «Байлар мен молданы қойдай қу», немесе «Күнің туды қу кедей» ұрандарына балаша қуанған бұқараның «Мың жаса, Жүсіп! Мың жаса!» – деп шуылдап отырғаны да сол жайларды еске түсіреді.
Өлеңнің осы тұстарын шын зерделей оқысақ, поэманың басқа дүниеге негіз тартып отырғаны айдан анық. Қалай десек те, адамды өлтіру мен жаппай түрмеге тоғытудың жақсылыққа бастамасы бесенеден белгілі ғой. Дәл содан болып бұқара басына құт дарып, ырысы артады дегенге адамды сендіру де қиын. Міне, Мағжан шығармасының бас кейіпкері Жүсіп хан бізге Аббастан кейін келген жағымды жан секілді болып көрінгенімен, оның мұндай қанқасап пиғылы да осындай ойларға жетелейді. Мағжанның өзі «Түн. Толқыған қан» деп кешегі өмірге бір сөзбен ғана баға бергенін ескерсек, ақын ел ішінде орынаған ақуалға осындай жолмен оқырманға астарлап жеткізген тәрізді.
«...Күн артынан күн өтті...
Тоғызыншы күн түнінде
Кірісті олар күбірге:
«Мынау Жүсіп шошқаны
Қойғанымыз ба осылай,
Қорлық көріп осындай?
Қара табан, тексіз ит
He бекзатты боздатты,
Байды, бекті, боздақты
Байлап қойды жіпсіз, ит.
Күшікті басқа секіртті,
Кедей итті көкітті,
Құтырған мынау мұндар құл.
Шейіт кетті-ау не серке...
Бізге де кезек күні ертең
Келмесіне кім кепіл?..
Шіркін, Аббас ат еді-ау!
Заттың ісі жат еді-ау:
Жұмысы жоқ бір істе,
Жатушы еді сарайда,
Арақ, қарақ, маңайда...
He тілесең, соны істе...
Қой! Қорлықты көрерміз,
Бауыздалып өлерміз.
Жер бастырмас Жүсіп сұм.
Тап ертеңгі түн бар ма?-
Құтырған ол мұңдарға
Жалғыз қанжар жалынсын!..»
Кеңес тынды, таң атты,
Күн де батты, ел жатты.
Жүсіп жалғыз тағын да
Отыр еді қатерсіз,
Балға түскен қатесіз
Оныншы күн таңын да.
Көп төбеттен бір төбет
Кіріп, басып біртелеп,
Қадап қалды қанжарды.
Жүсіп үнсіз сылқ етті,
Хан кілемі бүлк еттіХанды жұтты, олжа алды.
Болды бектер кеңесі,
Жүсіп сордың денесі
Кескіленді, көмілді.
Осылайша Жүсіп хан тоғызыншы күннің соңғы түнін түгесіп, жаңа күннің рауандап атар мезетінде қапияда қаза табады. Әрине, алдын ала мың мәрте ойластырылған жоспар жүзеге асып Жүсіп жүрегіне қанжар қадалады. Сөйтіп оның орынына баяғы Аббас хан қайта келеді ғой. Ақын бұл жайды былайша баяндайды.
Уа, жамағат! Алақай!
Аббас келді! Хан Аббас!»
Сол арада бұрыштан
Құжырайған, құрысқан
Хан Аббасың бүкеңдеп
Шыға келді, о, қасқа!
Жүрген екен тау-таста,
...Шүкір, шүкір, Алла!-деп.-
Енді тілден тыймайын,
Қалағанын сыйлайын,
Балшым қайда, бар ма?»- деп...
Сөйтіп, Иран тағына
Өңшең сұмның бағына,
Тағы отырды Аббас хан -
Уәзір жиды өзіндей.
Сұм-сұрқия уәзірлер
Хан керегін әзірлеп,
Шапты, шанышты, ел талап.
Бұқара сорлы бүкжеңдеп,
Табанда ылғи тепкі жеп,
Жүрді жасы сорғалап.
Қош... Әйгілі Колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркес өзінің «Жүз жылдық жалғыздық» атты романында Маконда мекеніндегі қисапсыз қайталана беретін қателіктерді Буэндиа әулетінің тарихымен байланыстырып жазатын еді ғой. Дәл осы Буэндиа әулетінің үздіксіз қайталана беретін қателіктерін де осы Иран елінің тарихи кемшіліктермен өзара байланыстырып қарауға болады. Бұл жағынан келсек, жоғарыда сөз еткен әйгілі ирантанушы ғалым Е.Бертельстің «...Егерде Иран бүгінгі жағдайында Еуропаның шаңын жұтып артта қалса, ол үшін кінәні халықтан еш іздемеу керек» сөзінде көп шындықтың негізі жатыр..
Мемлекет неге өз қателіктерден сабақ алмайды? Неге тарихи кемшіліктер үздіксіз қайталана береді? Неліктен иран билігі жаңа түсініктерді басып жаншып, сол үшін үн шығарған қараша халқын қынадай қырып салды? Біздіңше бұл қателіктер Иран патшаларының циклді жылнамасынан гөрі елді басқару жүйесінің тұрақты моделіне айналып кеткендігінде болып отырған тәрізді.
Әлеуметтанушы ғалым, Марк Смит өзінің «Сталиннің елесі» атты еңбегінде, бүгінгі Ресей басшылығының неліктен орта ғасырлық сондай-ақ сталиндік тәсілдерге жиі жүгінуінің негізін түсіндіреді.
«Сталин тек тарихи тұлға ғана емес, ол – белгілі бір басқару жүйесінің символы. Сондықтан олар жіберіп алған бұл тарихи қателіктерінен сабақ алып тазарудың орнына, әлгі қателіктерді мемлекеттік стратегия деңгейіне дейін жетілдіруінде болып отыр» дейді. Біз Марк Смиттің осы тұжырымын бүгінгі иран билігіне де дәлме-дәл қолданған болар едік.
Міне, содан бері Мағжан поэмасының қағазға түсіп қатталғанына бақандай бір ғасыр өтсе де иран халқының саяси портреті әлі күнге дейін қаз қалпында тұр.
Сенбесеңіз поэманың мына тұсын қайыра оқып көріңізші:
«...Қап-қара бет, сұр дене,
Доп-домалақ бірдеңе.
Бұл – әйелі иранның».Ал еркегіне «Қос шиқандай томпақ ұрт, дорба сақал, құйрық мұрт...» дейді.
Мағжанның осы жердегі «...Доп-домалақ бірдеңе» мен «дорба сақал» сөзінде көп мағына жатыр. Дінге буылып, әбден жанышталған халықтың саяси көрінісін бұдан артық жеріне жеткізіп қалайша жырлауға болады.