Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің орталық залында – қазандықта – алты ғасырдан астам тарихы бар қасиетті жәдігер тұр. Ол – қасиетті Тайқазан.
«Тайқазан» сөзі қазақша «тайдай үлкен қазан» деген мағына береді. Бұл – Әмір Темірдің тапсырысымен 1399 жылы құйылған, салмағы екі тоннаға жуық, сыйымдылығы 3000 литрлік алып қола қазан. Диаметрі – 245 мм, биіктігі - 1,6 метр. Қазынның он тұтқасы бар. Ол тек сәндік элемент емес, аса ауыр қазанды көтеруге арналған инженерлік шешім еді.
Тайқазан тек мұражайлық экспонат емес, түркі әлемінің рухани байланысының, сопылық дәстүрдің және қазақ халқының мәдени мұрасының символы.
1989 жылы 18 қыркүйекте Тайқазан өзінің ежелгі тұғырына – Түркістанға қайта оралды. Бұл оқиға қазақ тарихындағы рухани жаңғырудың, тәуелсіздікке апарар жолдың алғашқы қарлығашы болды.

Әмір Темірдің сыйы
Тайқазан 1399 жылы 25 маусымда (хижра бойынша 801 жыл, 20-шаууал) Түркістан қаласының батысынан 27 шақырым жердегі Қарнақ елді мекенінде құйылған. Бұл – Әмір Темірдің (Тамерлан) тікелей тапсырысымен жасалған аса құнды жәдігер. Әмір Темір 1397 жылы Ясыға (Түркістанға) келіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зәулім ғимарат етіп қайта тұрғызуды бұйырған. Кесене салынып біткен соң, ол әулиенің рухына арнап ерекше сыйлық – Тайқазан жасауға тапсырыс береді.
Қазанның шебері – ирандық (тәжік-парсы) ұста Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи (Абдул Әзиз ибн Шарафуддин Тебризи). Ол Тебриз қаласының (қазіргі Иран) белгілі қолөнер шебері болған. Құйу жұмысы Қарнақтағы арнайы шеберханада жүргізілген. Тайқазан – ортағасырлық қола құю өнерінің баға жетпес шедеврі. Оны жеті түрлі асыл металдың қоспасынан құйған деген дерек бар. Нақты айтар болсақ, алтын, күміс, темір, қола, қалайы, мыс және қорғасын сынды асыл металдар қоспасы. Бұл қорытпа қазанға ерекше беріктік пен дыбыстық қасиет берген, сондай-ақ діни рәсімдерге арналған «қасиетті» сипат берген.
Құю тәсілі – ортағасырлық Шығыс шеберлерінің дәстүрлі әдісі. Металдарды балқытып, арнайы пішінге (құм немесе балауыз үлгі арқылы) құю арқылы жасалған. Қазанның ішкі беті тегіс, ал сыртқы беті бес қатар өрнекпен безендірілген.
Биіктігі – 158,3–162 см, ернеуінің диаметрі – 243,4–242 см, тұғырының биіктігі – 54 см, диаметрі – 60,7 см. Салмағы – шамамен 2 тонна. Бір кездері оған дәмі келтірілген су құйылып, жұма намаздан кейін кесенеге келгендерге таратылған делінеді. Бұл – сопылық дәстүрдегі береке мен молшылықтың символы болған.

Қазандағы жазулардың құпиясы
Тайқазанның сыртқы бетінде арабтың гүлденген сульс (сулус) және куфи қолтаңбаларымен үш қатар негізгі жазу бар. Олар қазанның діни маңызын ашады:
Бірінші (жоғарғы) қатар: Құран Кәрімнің 9-сүресі («Тәубе») аятынан үзіндімен басталады. Одан кейін Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі: «Кімде-кім Алла разылығы үшін құдық қазса, Алла оған жәннатта хауыз (су қоймасы) дайындайды» деген сөздер. Соңында қазанның Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арналғаны, Әмір Темірдің тапсырысымен жасалғаны және құйылған жылы көрсетілген.
Екінші қатар: Он құлақ (тұтқа) және он өрнекті томпақ арқылы 20 картушкаға бөлінген. Екі картушта шебердің аты-жөні – «Тебриздік Абдул Әзиз ибн Шарафуддин» – сульс жазуымен бедерленген. Қалған 18 бөлікте парсы тілінде «Мүбарак бад» («Берекелі болсын») деген тілек сөз куфи жазуымен қайталанған.
Үшінші қатар: «Күш – Аллаға тән» (немесе Құдайдың құдіреті жайлы ескерту) деген жазу 22 рет қайталанған.
Қосымша өрнектер: тұтқаларға ұқсас үлкен жапырақтар, куббалар және қиылысқан доғалар. Ішкі бетінде ешқандай жазу немесе ою жоқ. Бұл жазулар Тайқазанды тек қолөнер туындысы емес, діни-рухани жәдігер етеді.
1935 жылы Тайқазан «Иран өнері мен археологиясы бойынша III халықаралық конгресс» аясында Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) Эрмитажға жеткізілді. Қазан 54 жыл бойы Эрмитажда сақталды. Халық мұны «қасиетті қазынаның жоғалуы» деп қабылдады.
1989 жылы, қайта құру кезеңінде, қазақ зиялы қауымы оны қайтару жағын мықтап қолға алды. Әрі мұндай үлкен жобаның басында мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібеков тұрды. Ол Тайқазанның Ахмет Иассауи кесенесінің баға жетпес бөлшегі екенін дәлелдеп берді. Түркістандықтардың атынан КСРО халық депутаттары съезіне жеделхат жіберілді.
Алайда қазанды қайтару жұмысы оңайға түскен жоқ. Эрмитаж қазанды бірден қайтара қоймады. Себебі қазан музей үшін баға жетпес коллекция еді. Тіптен музей әкімшілігі Тайқазанды «қайтаруға жатпайтын коллекция» санатына қосуға тырысқан деген дерек бар. Бірақ соған қарамастан Өзбекәлі Жәнібековтің бастамасы одақ аясында үлкен резонанс тудырып, қазан тұғырына оралды. КСРО Мәдениет министрі В.Г.Захаровтың бұйрығымен қазанды қайтаруға рұқсат берілді. Оған қазақ халқы ғана емес, түркі тілдес одақтас елдер де қызу қолдау білдірген еді.
1989 жылғы 18 қыркүйекте (кейбір деректерде 19 қыркүйек) Тайқазан «КамАЗ» көлігімен Ленинградтан Түркістанға жеткізілді. Тайқазанның тарихи көші тура 4 күнге созылды.

Қасиетті қазанды қарсы алуға мыңдаған адам жиналды. Қазан кранмен тұғырына қонғанда, әйелдер шашу шашып, тағзым етті. Бұл – рухани жеңіс болды. Өзбекәлі Жәнібековтің айтуынша, Тайқазанның оралуы тәуелсіздіктің алғашқы белгісі еді.
Тайқазан – тарихымыздың құты
Бүгінде Тайқазан – ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасының бөлігі, Түркістанның бренді және түркі әлемінің бірлігінің символы болып саналады.
Тайқазан – тек металл қазан емес. Ол – Әмір Темірдің әулиеге деген құрметі, ирандық шебердің шеберлігі, қазақ халқының діни дәстүрі және Кеңес дәуірінен кейінгі рухани оянудың куәсі. Сондай-ақ, Тайқазанның қайта оралуы – тарихымыздың жеңісі.
Кейбір деректерде қазанның қақпағы болған делінеді. Қазанның өзі оралғанымен, қақпағы (шынымен болған болса) қайтарылмаған.