Алаш қайраткері - Алпысбай Қалменов

Автор:
28.11.2025
13317
Алаш қайраткері - Алпысбай Қалменов - e-history.kz

Бүгінгі күні ХХ ғасырдың басында ұлт болып ұйысып, тәуелсіздікке талпынған қазақ интеллегенциясының даму тарихын зерттеу баяу болса да біршама жолға қойылып келеді. 1980 жылдардың соңын ала бере қазақ қоғамына қайта оралған Алаш қайраткерлерінің саяси қызметі мен еңбектерін зерделеу алғашқы қадамдардың бірі болды.

 Оның ішінде Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы секілді ұлт зиялылары туған халқымен қайта қауышты. Тәуелсіздік алған соң  республикалық деңгейде орын алған тарихи-мәдени бағдарламалардың аясында бұл мәселе одан әрі тереңдей түсті. Зерттеушілер алыс-жақын шетелдердің архив қорларынан табылған біраз құжаттарды ғылыми айналымға еңгізді. Нәтижесінде ұлттық тарихымыздың ақтаңдақ тұстары бүтінделіп, ұлттық интеллегенция тарихына деген көзқарас жолға қойылып, осы бағытта ізденетін жаңа толқын қалыптасып үлгерді. Дегенмен бұл жұмыстар еліміздің орталықтарында қарқынды жүргізілуде. Тиісінше аймақтардағы жұмыстар жалпылама архивтік құжаттарды талқылап, жан-жақты талданбай, жекелеген тұлғаларға қатысты мақалалар мен оқырман қауымға құжаттық материалдар ретінде ұсынылып келеді. Бұл қарапайым оқырманға қаншалықты түсінікті болып, жоғалтқанын табуға мүмкіндік беретіні тағы да екі ұшты мәселе. Осы тұрғыда жергілікті ұлттық интеллегенцияны зерделеу жұмыстарында әлі де болса бір ізділік пен нақты қалыптасқан форманы қажет етеді. 

Бүгінгі күні зерттеу мәселесінде кенжелеп келе жатқан мәселелер қатарында жергілікті жерлерде Алаш партиясының қызметінде болып, кейін осы істері үшін саяси қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың қилы тағдыры әлі күнге көмескі тартып отыр. Бұл істерден бөлек аймақтардың атынан Орынбордағы жалпы қазақ съездеріне қатысып, партияның істерінде өзіндік пікірлерін ортаға салған саяси қайраткерлердің өздері де мемлекеттік деңгейде зерттеліп, тарихымыздан лайықты бағасын ала алмай келеді. Әрине, бұл тарих алдындағы бүгінгі ұрпақтың кезек күттірмес міндетіне айналуы тиіс!

Міне, сондықтанда аймақтық деңгейде зерттеу жұмыстарын жасағанда Ақтөбе өңіріне белгілі Қалменовтер әулетін айналып өту мүмкін емес. Өйткені үлкені Қалменов Алпысбай патша билігі тұсында Мемлекеттік Думаға Депутат болып сайланып, ұлтының мұң-мұқтажын қалай жеткізем деп арпалысты. Одан кейінгілері уездік кейін облыстық, республикалық деңгейлерде саяси қызметтер атқарып өзіндік қолтаңбаларын қалдыра білді. Тиісінше жергілікті Темір өңірінің жұрты Қалменовтер әулеті туралы әлі күнге жағымды пікірінен жаңылмай, Алпысбай туралы:

«Сәңкібай батыр-бабасы,

Мұқаш болыс ағасы.

Депутат болған Думаға, 

Алпысбай Қалмен баласы», - деп жырға қосады.

Бүгінгі Темір ауданы, Кенкияқ өңірі Алпысбайдың ата-бабасы қоныс тепкен құйқалы мекен. Шыққан тегі Назар руының Бәшен бөлімі. Осы жерден қашық емес «Алпысбай тоғайы», «Қарағанды», «Бәшенкөл» деген жер атаулары Алпысбайдың өмірімен тығыз байланысты. Ол туралы Алпысбайдың 1928 жылы 25 қыркүйекте Темір аудандық тәркілеу комиссиясына жазған өтінішінде төмендегі жолдарды келтіреді: «Мен Сәңкібайдан тарайтын Бәшен бөліміне жатамын. Бәшеннің Сексен бөлімі үшке бөлінеді: Біріншісі – Сарт, екіншісі Құлан (Құтан), үшіншісі – Сауан. Менің ата тегім осы Сауаннан тарайды. Бүгінгі күні Сарттан тарайтын – Күжіреков Мәмбет, Байгенжин Балтөре, Байдақов Бақыт, Құтаннан – Тілегенов Ысқақ партия қатарында жұмыс жасайды» деп аталас туыстары жөнінде де мәлімет беріп кетеді. 

Алпысбайдың ата-бабасы Темір мен Жемнің бойында ықпалды адамдар болған. Оның бір дәлелі арғы бабасы Сәңкібай Назарұлы мыңды айдаған бай, Әбілқайыр ханның тұсында беделді тұлға болды. Бүгінде Темір ауданы, Еділсайда жерленіп, ел жадында байлығы мен батырлығы қосақталып, ХVIII  ғасырдың көрнекті тұлғасы ретінде тарихқа еніп отыр. Сәңкібайдан туған Бәшенде өз алдына қоныс алып, рулы елге аты қалған беделді тұлғаға айналған. Бәшеннің кіндігінен тараған бес баланың ұрпақтары бір қауым елге айналып, қонысы Бәшенкөл әлі күнге ел игілігі үшін қызмет етіп келеді. Бәшеннен – Сексен – Сауан – Қалмен болып таратылып, осы әулетте болашақ мемлекет қайраткері Қалменов Алпысбай дүние есігін ашқан. Өкінішке орай бүгінгі күні Алпысбайдың өмірін зерттеп, баспасөз беттерінде жарияланып жүрген мақалаларда шыққан тегіне қатысты дәйекті талдаулар жасала бермейді. Өйткені Алпысбайдың өзі 1928 жылы жазған өмірбаянында «Темір уезі, Ембі болысындағы кедей отбасында дүниеге келдім. Жасым 65-те. Өзім әкем Қалменнің үшінші әйелінен туғанмын» деп көрсетеді.  Бұл деректі нақты зерделеп қарайтын болсақ Алпысбай өзінің отбасын кәмпескеден құтқару үшін кеңестік биліктің алдында өзін-өзі ақтау негізінде жазған. Егер әкесі Қалмен кедей адам болып, Алпысбай оның үшінші әйелінен туған болса, әрине дерекке күмән келтіруге толық құқығымыз бар. Осы жерде Темір өңіріндегі ауызша деректерге қанық үлкендердің әңгімесіне құлақ түрсек, әкесі Қалмен заманында ауқатты, ел арасында беделді кісі болған. Шежіреде Қалменнен – Оман, Дәулет, Алпысбай тарайды. Олардың қатарында Дәулеттен туған Мұқаш пен Қалменнің баласы Алпысбай өз заманында болыс болып, кейін саяси істерде белсенділік танытты. Осы жерде назар аудару қажетті тағы бір мәселе Алпысбайдың туған жылына қатысты пікірлер. Биыл 2025 жылы Ақтөбе облысында Қалменовтің 160 жылдығы аталып өтілуде. Егер осы тұрғыдан алып қарасақ ол 1865 жылы дүниеге келген болып шығады. Ал, біз тоқталып отырған 1928 жылы жазылған архив құжатында Алпысбайдың өзі жасым 65-те деп отыр. Сонда туған жылы 1863 жыл болып шығады. Сондықтан нақты туған жылы 1863 жыл дегенге тоқталып отырмыз.

Жоғарыда келтірген деректі одан әрі өрбітсек: «Алпысбай 18 жасыма дейін Темір қаласында орыс шаруаларының арасында қара жұмысшы болып, өзіме және ата-анамның күн көрісі үшін ақша таптым. Елдегі кедейлердің өмір сүруінің қиын екендігіне әбден көзім жеткен соң жаяулатып жүріп Қоңыраттан шыққан керуенге түйесін бағушы ретінде жалданып Орынбор қаласына келдім. Қалаға келген соң ұзақ қиындықтарды бастан кешіріп барып мектеп-гимназияға оқуға түстім» дейді. Бұл жерде де Алпысбайдың 18 жасқа дейін қай жерде білім алып, Орынбор мектеп-гимназиясына қалай түскендігі жөнінде мүлде айтылмайды. Өйткені қарапайым қазақтың баласы өз бетімен барып Орынбордағы мектеп-гимназияға оқуға түсуінің өзінде айтылмай қалған біраз жәйттар бар. Сондықтан деректерді ғылыми айналымға еңгізбестен бұрын ауызша деректермен де салыстыра отырып талдау жүргізу абзал болмақ. Сондықтан А.Қалменовтің толтырған өмірбаянындағы кейбір тұстарын талдап ұсынуды жөн көрдік.

Орынбор қаласында тек төрт классқа дейін ғана білім алып, оқуды толық аяқтай алмай елге қайтқан. Оған өз жазбасында елде қалған қарт ата-анама көмектесу үшін деген бір ғана себепті келтіреді. Елге келген соң Темірде енді ашылып жатқан орыс-қырғыз училещесіне оқуға түскен. Оқуды екі жылда тәмамдап мұғалімдік мамандық алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Темір уезіне қарасты Қонжар мектебінде мұғалім болып бастайды. Бұл жерде де төрт жыл қызмет еткен соң, мектеп басшылығы жұмыстан босатады. Оған 1890 жылдардың басында Темір уезіндегі жергілікті халықтың қатты толқуы себеп болды. 1868 жылғы реформадан кейін қазақ балаларын әскерге алады деген сыбыс тұрғындарды әбігерге салып, өзге жерлерге жаппай көшуді бастады. Осы тұста Қонжар мектебінен де қазақ балаларының қашу әрекеттері орын алып, басшылық Алпысбайға оқушыларға дұрыс үгіт-насихат жүргізбеді және мұғалімдік куәлігі жоқ деген желеумен жұмыстан шығарып жібереді. Осы арада басшылық оны саяси көзқарастарына байланысты сенімсіз деп тапқан секілді. 

Бұл оқиғадан соң Темір мен Ақтөбе ортасында жәмшік-почтальон болып жұмыс жасайды. Кейін өлкедегі толқулар басылған тұста Уездік басқармада хатшы, тілмаш секілді жұмыстар атқарады. 1902 жылы уездегі билік тарапынан христиан дінін тарату мақсатындағы миссионерлік жұмыстары т.б істерге қарсы пікірлері үшін қаладан көшуге мәжбүр етеді. Біршама уақыт өзінің шаруашылығымен айналысқан. Осы тұста Темір уезіне қарасты Ембі және Ембі-Байсары болыстары біріктіріліп, Ембі болысы құрылады. Жаңадан құрылған Ембі болысының басшысы ретінде үш жылға Алпысбай сайланған. Бірақ үш жыл толмай жатып 1906 жылдың басында арыз жазып бас тартады. Оған Оралдан келген екі студенттің революциялық бағыттағы үгіт-насихаты себеп болды. Ол келгендердің біреуі Ипмағамбетов Нұрғали, екіншісінің фамилиясы белгісіз. Міне, осы жерде Қалменовтің патшалық билікке деген көзқарасы одан әрі күрделене түсіп, болыстық биліктен бас тартуға алып келген. Бұл 1890 жылдары патша үкіметіне қарсы қалыптасқан саяси көзқарасының пісіп-жетілген тұсы болса керек. Өйткені 1890 жылдың өзінде басшылық тарапынан көзқарасы сенімсіз деген желеумен мұғалімдік қызметтен қуылған болатын.

Осы кезеңде шамамен 1904-1905 жж. бастап Темір қаласында Уварцов пен Самарцев басқаратын құпия революциялық ұйым жұмысын бастайды. Қалменов болса 1905 жылы осы ұйымға мүше болып енеді. Бұл жылдары Уварцов Темір қаласында бітістіруші соттың төрағасы, Самарцев уездегі шаруа бастығы съезінің хатшысы міндетін атқарған. Ол туралы Қалменов: «Николай патшаның 1905 жылғы 17 қазандағы манифесі мен Ресейдегі жұмысшылардың революциялық қозғалысы туралы хабарларды билік басындағылар қанша жасырғысы келгенімен де қазақ даласына естіліп жатты. 1905 жылы желтоқсан айында жергілікті халыққа манифесттің мәнін түсіндіру деген желеумен Темір қаласына жергілікті халық шақырылды. Нәтижесінде жүздеген қазақ азаматтары жиналып, адам саны көп митинг ұйымдастырылды. Барлық патша шенеуніктерін уезден шығару және хаттаманың көшірмелерін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жариялау туралы қаулылар қабылданды. Бұл хаттаманы жиналыстың төрағасы Уварцовқа қажетті жерлерге жіберу жөнінде тапсырылды. Митингке қатысушыларға өздерінің жақтастары мен революциялық ойларын тұрғындар арасында насихаттау жүктелген болатын. Ол кезде басқада орыс-қазақ белсенділерімен бірге өзімде халық алдында сөз сөйледім. Дегенмен жергілікті билік революциялық көзқарастағы ұйым жұмысын тергеуді бастады. Біздің уездегі революциялық қозғалысымыз басылғанына қарамастан, Оралдан прокурор мен қоғамдық коллегия мүшесі Поддьяков келіп, істі тергеуге кірісті. Олар біздің үйірменің басшылары Уварцов пен Самарцевті тұтқындап, қайда жібергенін білмедік. Тиісінше үйірменің басқа да мүшелерін бақылауға алды. Дегенмен біз халықтың санасын оята алдық, оның дәлелі Темір мен Ойылда өтетін жыл сайынғы жәрмеңкелерде казактардың ықпалына қарсы жаппай тәртіпсіздіктер орын алып, винтовкалар мен қамшының күшімен әрең дегенде басылатын» деп еске алады.  

Қалменов Алпысбайдың саяси қызметінің маңызды тұсы 1906 жылы Орал облысының атынан Бірінші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануы. Бірінші Дума 1906 жылдың 27 сәуір-7 шілде аралығында бір сессия, 40 отырыс өткізіп, 72 күн ғана өмір сүрді. Думада Қалменов Алпысбай «Еңбек» тобына жазылған, бірақ 28 күн ғана жұмыс жасап елге қайтып оралуға мәжбүр болады. Қайтып оралған соң қарсыластары құпия ұйымға жетекшілік етеді деп жауапты мекемелерге арыздар түсірген. Бірақ іс оңынан болып ақталып шығады. Қалменов Алпысбайдың бүгінгі күні 1906-1916 жж. саяси қызметі мен өмірі туралы мәліметтер белгісіз болып отыр. Дегенмен саяси істерден қол үзбеген секілді. Өйткені 1916 жыл 25 маусымдағы патша жарлығына сәйкес Қалменовтің аты саяси мәселелерде жиі айтыла бастайды. Оның ішінде 1916 жылы күзде Темір уезінен тыл жұмысына алынғандармен бірге өз еркімен Ішкі Ресейге аттанады (архив құжаттарында нақты жер атауы көрсетілмеген, Р.Ж). Бірақ желтоқсан айында денсаулығына байланысты елге қайтып оралады.

Қалменов Алпысбайдың келесі қызметі Алаш Орда үкіметімен байланысты өрбиді. Оның ішінде А.Қалменовтің 1917 жылғы 19-22 сәуірде Орал облыстық қазақ съезіне қатысқаны белгілі болып отыр. Съезде Уақытша Орал облыстық комитетінің төрағасы Ғ.Әлібеков 4 наурыздан-19 сәуірге дейін жасаған қызметі жайынан есеп беріп, съезд төралқасын сайлау жөнінде ұсынысын білдірді. Төрағалыққа Ж.Досмұхамедов, оның орынбасарлары болып А.Кәлменов пен Ғ.Әлібеков, хатшылары болып Ғ.Жетпісбаев, Х.Ахметшин және Н.Арғыншиев сайланды. Міне, осы деректің өзінен А.Қалменовтің саяси қызметінің қаншалықты салмақты болғандығын байқауға болады.

Уақытша үкіметтің тұсында Темір қаласындағы саяси жиындарға белсене араласып, Земство ісіне ат салысады. 1918 жылы Темір уезінде Земство құрылғанда төрағасының орынбасары болып Қалменов Алпысбай сайланды. Бірақ кейіннен бұл қызметтен өз еркімен бас тартады. Бұған елдегі аумалы-төкпелі кезеңде орын алған саяси оқиғалар тікелей әсер етті. Сондықтанда Алпысбай ендігі жерде саяси істерден бойын аулақ салып қырға өз ауылына кетеді. Оған мына бір оқиға дәлел бола алады. 1919 жылы Темір уезінде азамат соғысы өршіп тұрған кезде қызыл әскер бір уақытта жеңіліп Аралға қарай шегінуге мәжбүр болады. Уезд аумағына енді ақтардың әскері келіп орналасады. Міне, осы кезде Алпысбайдың Қарағандыда (жердің атауы Р.Ж.) отырған үйіне Аралдан орталықпен байланыс орнату үшін жіберілген Аллагуатов Сұлтан мен жұмыс бабындағы жолдасы Лежавы Мюрат (әйелі секілді А.Қ) келіп жасырынады. Бірақ бұл істі жаулары ақтарға жеткізіп, артынша түнделетіп үйді қоршауға алады. Дегенмен Аллагуатов олар келгенше Жұрын бекетіне аттанып үлгеріп, баласы  Қалменов Нұраш тұтқынға түседі. Міне, осы оқиғадан Алпысбайдың қаладан кетіп ауылында тұрып жатқанын көруге болады.

Қалменовтің кейінгі тағдыры туралы мәліметтер тым аз. Көбіне Темір ауданындағы «Назар-Жекей» ісінде ішінара еске алынып отырады. Есесіне 1928 жылғы кәмпескелеу науқаны кезінде Қалменов Алпысбай қайтадан Темір ауданындағы ықпалды байлардың санатына еңгізіліп, барлық мал-мүлкін тәркілеп, өзін жер аударады. 1928 жыл 29 қыркүйек күні Алпысбайдың мүлкін тәркілеу мәселесі бойынша Ақтөбе БКП (б) ОК мен Өлкелік комиссия өкілінің Өлкелік комиссия төрағасына жазған хатында төмендегідей мінездеме беріледі: 

  • Бұл бесінші декретте көрсетілген баптардың критерийлеріне жүз пайыз сәйкес келетін жалғыз адам, ал қалғандары осы бапқа азды-көпті сәйкес келетін шығар;

  • Қалменовтер – аудандағы білімді және мәдениетті отбасы. Бүгінгі күні антисоветтік пиғылдағы ең қауіпті адамдардың бірден-бір ұясы болып табылады;

  • Қалменовтің мал-мүлкін тәркілеу жүргізілді ендігі жерде кейін шегінуге болмайды.

Біздегі мәліметтер бойынша, тәркілеу кезінде кедейлер мен батырақтардың белсенділігі жоғары болды. Олар Қалменовтердің артында тұрған жергілікті комсомол ұяшығының хатшысына қарсы күресуге де мәжбүр болатын жағдайға жетті. Бұл біздегі мәліметтер бойынша округте орын алған алғашқы оқиға. Біздің ойымызша Қалменовтің малын қазір қайтарып, оны осында қалдыру кедейлердің белсенділігін толығымен әлсірету дегенді білдіреді деп келтіреді. 

Келесі окургтік комиссия хатшысы Дощановтың мәліметі бойынша Қалменовтің қонысы – Темір уезі, Ембі болысы, №5-ші ауыл, шаруашылық ауылы Сағыз-атау, қыстауы Қарағанды. Өзіне тиесілі 1 киіз үй, 1 саман үйі бар. Ірі қара малы – 33, қой-ешкісі – 50, одан бөлек 5 десятина егістік,  24 десятина шабындық жері бар. Тұрақты түрде 1 батырақ, маусымдық 2 батырақ ұстайды. Құралдары 1 дән сепкіш, 1 соқасы бар. Отбасында өзімен қосқанда 4 адам. Жергілікті ықпалды Назар руынан шыққан. Кеңестік билік тұсында «Жекей» тобына қарсы «Назар» тобын Қалменовтер басқарды. Оның ішінде ағасы Мұқаш көбірек белсенділік танытты.  Сол үшін Мұқаш Қалменов үш жылға Қазақстаннан тысқары округке жер аударылды. Осы жағдайдан соң Алпысбай топтық жауласушылықты тоқтатпай, барлық істерді жақтастарының қолымен жасап отырды. Тиісінше Алпысбайдың өзіне 1928 жылы 4 қыркүйек №62-ші қаулы негізінде Қарқаралы округіне жер аудару туралы шешім шықты. Алпысбай 19.09.1928 жылы қанша жерден тәркілеу комиссиясына өтініш жазғанымен де қабылданбай, ақыры дегендерін жасады. Алпысбайға отбасымен бірге 8 қараша күні Қарқаралы округінде болу міндеттелген. Ол бойынша жер аударылуы керек: Қалменов Алпысбай – 65 жаста, Қалменова Дүсни – 58 жаста, Алпысбаев Мырзағұл – 16 жаста, Алпысбаев Бижан – 11 жасар. Жер аударылған тұста өзімен бірге кәмілет жасқа толмаған екі баласын ала кеткен. Үлкендері болса ол кездің өзінде бірқатар қызметтерге орналасыпта үлгерген болатын. 

Ел азаматтарының және өзінің ұрпақтарының айтуынша Алпысбай жер аударылған Қарқаралы округінен 1935 жылы Алматыға оралып, кейін Қызылордада дәрігер болып қызмет істейтін баласы Абдулхамиттің қолында 1939 жылы қайтыс болады.  Дегенмен 1928-1935 жж. Алпысбайдың тағдыры туралы нақты деректер белгісіз. Тек ауызша мәліметтерге ғана сүйеніп, осындай тұжырым жасалып отыр. Сондықтан ендігі мәселе құжаттық деректерге сүйене отырып мәселені анықтау. Келесі шаруа Алпысбайдың өмірі мен саяси қызметін зерттеудегі тағы бір мәселе жерленген орнын анықтап, ғылыми айналымға еңгізу жұмыстарын жасау болып табылады. 

Ендігі кезекте Алпысбайдың отбасына тоқталып өтсек. Алпысбайдың бірінші әйелі Құсни Алағуатова башқұрт қызы (1 сурет). Оның туыстарының балалары әлі күнге дейін Уфа қаласында тұрады. Құснидан – Нұрмұханбет (Нұраш), Абдулхамит (Хамаш), Атлаш, Мырзаш, Мырзағұлжан, Бижан және Рахила есімді бір қыз туады. Нұрмұхамбет есепші қызметін атқара жүріп, латын тілінен қазақ және орыс тілдеріне аудармамен шұғылданады (2 сурет). Абдулхамит – дәрігер, екінші дүниежүзілік соғыс ардагері (3 сурет). Атлаш – Мәскеудегі Жоспарлау Академиясын бітіріп, қаржыгер-экономист мамандығын алып шыққан (4 сурет). Оның баласы Мұхамеджан Атлашұлы – геолог, инженер болды. Мырзаш – 1933 жылы Мәскеуден тау-кен инженері мамандығын алып, Қиыр Шығысқа жолдамамен жіберіледі. Осы жерде өндіріс жұмыстары кезінде, үстіне тас құлап, қайтыс болды (5 сурет). Мырзағұл – әдебиет саласында, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері. Бижан – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, соғыстан кейін жеңіл өнеркәсіп министрінің орынбасары қызметіне тағайындалған. Алпысбайдың екінші әйелі Саржаннан – Смағұл, Жүсіп, Бибіхатша (еркелетіп Тапта деп атаған) туған. Смағұл мен Жүсіп – Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан (6 сурет).

 

Изображение выглядит как Человеческое лицо, текст, книга, портрет

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

                  1 сурет. Хұсни Алагуатова                                                                 2 сурет. Нұрмұхамед (Нұраш) Қалменов

Изображение выглядит как Человеческое лицо, текст, человек, одежда

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

3 сурет. Атлаш Алпысбайұлы                                                                           4 сурет. Абдулхамит (Хамаш) Қалменов               

Изображение выглядит как текст, Человеческое лицо, одежда, Стиль ретро

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

Изображение выглядит как текст, Человеческое лицо, человек, газета

Контент, сгенерированный ИИ, может содержать ошибки.

     5 сурет. Мырзаш Алпысбайұлы                                                                          6 сурет. Смағұл Алпысбайұлы

 Ал, Бибіхатша қуғын-сүргінге ұшырап, сібірде сегіз жыл айдауда болған. Осы мәселеге қосымша 1928 жыл 29 қыркүйек күні Алпысбайдың мүлкін тәркілеу мәселесі бойынша Ақтөбе ОК БКП (б) мен Өлкелік комиссия өкілінің Өлкелік комиссия төрағасына жазған хатында оның ұрпақтары туралы қосымша мәліметтерге тоқталып өтеді. Ол бойынша: Қалменов Алпысбай Ресей Мемлекеттік Думасының 1-2-ші шақырылым мүшесі, бай әрі шенеунік ретінде сайланды. Өзінің және ағасы Мұқаштың орта әрі жоғары білімді он шақты баласы бар. Олардың ішінде Алпысбайдың Атлаштан (Қызылорда қаласында, БКП (б) мүшесі) басқасы  Алаштық психологияда қалыптасқан қауіпті элементтердің қатарына жатады. Алпысбайдың өзі Алаш Орданың оңтүстік-батыс бөлімшесінің мүшесі болған. Дегенмен ол жерде негізінен баласы Қалменов Нұраш жұмыс жасады. Ағасы Қалменов Мұқаштың баласы Қайраш (университет бітірген) Ленинград немесе Мәскеуде экономикалық бөлімнен. Кейін контрреволюциялық әрекеттері үшін тұтқынға алынған. Міне, көріп отырғандай Қалменовтердің қай-қайсысын алсақта осалы жоқ. Мұқаштың өзін қауіпті элементтердің қатарына қосып жер аударса, балаларын да шетінен тұтқындаған. Дегенмен бүгінгі күні Мұқаш туралы толық мәліметтер табылмай отыр.

Жоғарыда келтірілген нақты деректерге сүйене отырып 1920-1930 жж. Кеңестік билік үшін Қалменовтер әулетін ең қауіпті элементтердің ұяшығы деп танығанын айта кеткен жөн. Тиісінше жергілікті жерде үкімет билігін нығайтуда кедергі келтіреді деген желеумен үлкені Алпысбай мен Мұқашты жер аударды. Егер осы жылдары орын алған басты оқиғаларға қатысты архив құжаттарын қарайтын болсақ, әлбетте Қалменовтер әулетін айналып өтпейді. Сондықтанда өз заманынан озып туған, ұлт үшін аянбай еңбек еткен қайраткерлер шыққан бұл әулет алдағы уақытта мемлекеттік деңгейде өз бағасын алар деген үміт бар. Сонда ғана бабалар алдындағы борышымыз өтеліп, арқалаған жүгіміз жеңілдеген болар еді.

ЖҰБАНЫШ РАЙЫМБЕК, тарихшы-өлкетанушы

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз