«Банды» емес, бостандық үшін күрескендер

Автор:
19.09.2025
7130
«Банды» емес, бостандық үшін күрескендер - e-history.kz

Сурет: ЖИ

Кеңес өкіметі қызыл қырғынмен билікке келгеннен кейін өзіне бағынбағандарды «банды» атандырып, ГПУ, кейін ОГПУ атанған құзырлы органы арқылы жергілікті кеңестік атқарушы комитеттермен, милициямен бірге «бандитизм» деген желеумен күрес жүргізді. Ондағы мақсат кеңес билігіне мойынсұнбағандарды ұстап аяусыз жазалау болды. Мұндай бағыттағы қатал саясат 1920-1930 жылдары Бөкей және Орал өңірлерінде де жүзеге асырылды. Бұл тұжырымға Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архивінен табылған тарихи құжаттардағы деректердің негізінде келіп отырмыз.     

2021-2023 жылдар аралығында 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі БҚО бойынша комиссияның және зерттеу тобының мүшесі ретінде архив қорларымен жұмыстанып, «Бөкей және Орал өңірлеріндегі бандитизм. 1921-1931. (ОГПУ хабарламалары бойынша) атты құжаттар жинағын шығардық. Жинақ кітапта «бандитизммен» күрес тарихын сол дәуірдегі құжаттар арқылы қаз-қалпында беруге тырыстық. Оқырман, зерттеуші маман өзіне қажеттісін елеп-екшеп алады деп есептейміз. Бұл құжаттардың кеңестік саясат, кеңестік идеология тұрғысынан жазылғанын, адамдарды қудалау, айыптау бағытында жасалған шаралар екенін түсінгені дұрыс. 

Архив құжаттарына зер салсақ, 1921-1922 жылдары Бөкей және Орал губернияларында  шыныменде бандитизм кең етек жайғаны, ашаршылыққа байланысты жаппай тонаушылыққа ұласып, көпшілік сипатқа ие болғаны байқалады. Ақгвардияшылардан және қызыл әскерден қашқандардан құралған бандалық топтардың шапқыншылығынан селолық жерлердегі шаруалар, қазақ ауылдары зардап шекті. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның саяси идеологиясы тұрғысынан қарағанда қазақ ауылдарын шапқан ақтардың бандаларының әрекеті бостандық үшін күреске мүлдем жатпайды. Сондықтан бұл кезең өз алдына бөлек басқаша қарастыруды қажет етеді.

1923 жылдан бастап ОГПУ хабарламаларында кеңес өкіметінің «солақай саясатына» ашық түрде қарсы шыққан Ерғали Аязбаев, Аманғали Кенжахметов, Құныскерей Қожахметов сияқты белгілі күрескер тұлғаларға қатысты деректер бар. Олардан басқа халыққа есімдері бұрын көп таныс емес Мұхамбетқали Дүйсенбиев, Боқай, Фатых, Салых Сәбитовтер, Нұғыман Досқалиев, Орынғазы Ұсағалиев, Нұрсұлтан Жанбурин, Мыңжас Мырзасейтов және т.б. туралы мәліметтер кездеседі. ОГПУ-дың Бөкей губерниялық, кейінгі уездік атқару комитетіне, Орал губерниялық комитетіне, жергілікті прокуратураға, милицияға жолдаған арнайы оперативтік ақпарларында саяси қудалауға ұшыраған есіл ерлер «бандылар», «бандылық топтар» деп көрсетілді. 

1929-1931 жылдарға қатысты архив құжаттарында да «бандылар», «бандшайкалар», «бандитизммен күрес» деген сөздер жиі ұшырасады. Яғни, бұл кезеңде кеңес үкіметінің күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы шығып, халық наразылықтарына жетекшілік жасаған, кейін кеңес өкіметіне бағынбай, қашып жүрген адамдар да «банды» атанды. Олар Қаратөбе ауданының №3 ауылының тұрғындары, кезіндегі байлар Бисенғали және Мамай Беркеневтер, Жаңақала көтерілісі кезінде жетекшілік жасаған немесе көтерілісшілерге ықпал еткен Мұхит Ермұхамбетов, Қисмет Қадырғалиев, Жұмағали Жанғожин, Бекжан Ағысов, Қуанышев және т.б. 1930-1931 жылдардағы халық көтерілістері мен наразылықтарынан кейін Тасқала өңірінде 70 шақты адамның қашып жүргені ОГПУ-дың тергеу істерінде айтылады.

Шындығына келгенде бұлар банды болды ма?  «Бандитизммен күрес», «бандылар», «бандылық топтар», «бандшайка» дегенді ойлап тапқан кеңес өкіметінің өзі еді. Қазіргі тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік идеологиясы және жаңа тарихи сана тұрғысынан қарағанда бұл азаматтарды – бостандық, теңдік, еркіндік үшін күрескендер, сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбандары деп тануымыз керек. Сонда ғана тарихи әділеттілік орнайды.   «Бандылар» тарихы жаңаша тұрғыдан зерделеніп, бостандық үшін күрескен тұлғаларға дұрыс тарихи баға берілуі керек. Сонымен қатар олардың жанқиярлық әрекеттерін кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына қарсы бағытталған қарсыласу қозғалысы ретінде қарастыруымыз қажет.  

Архивте сақталған құжаттарда «бандылық топтар» деп қатаң бақылауға алынған ұйымдардың жетекшілері, мүшелері кімдер болғаны, қару-жарақтарының саны қанша екені, олардың  қай жерден қай күні өткені, кімнің үйінде қонақ болып, түнеп шыққаны, кімнен қанша жылқы, басқа да дүние-мүліктерін алып кеткені жөніндегі деректерді жіпке тізгендей тізбектеп көрсеткен. Бұл ақпараттарды ОГПУ-дың құпия хабаршылары, жергілікті билік өкілдері жеткізіп отырған. Сонымен қатар құжаттарда ОГПУ-дың болыстық, уездік билік өкілдері коммунарлардан құралған отрядтарының дұрыс қару-жарақтарының, ат көліктерінің болмағаны байқалады. Бұл бастапқы кезеңдегі кеңестік биліктің әлсіздігін білдірсе, ал 1927 жылдан құзырлы органдардың бандитизммен күреске қаржы-қаражатты жүйелі түрде бөлгені, «бандылық топтарды» ұстауға құлшына кіріскендері анық көрінеді.

1924 жылдың өзінде қараша айында ОГПУ отряды Бөкей губерниясы Теңіз уезінің Манаш және Бекетай болыстары жерінде әрекет еткен Мұхамбетқали Дүйсенбиевтің 10 адамнан құралған тобын жойды. Мұхамбетқали Дүйсенбиев және оның тобы туралы бұрын соңды еш жерде жазылмады, ол көпшілікке мүлдем белгісіз тұлға. Құжаттар жинағында оған қатысты тың деректерді ұсынып отырмыз. 

Азамат соғысы жылдарында Таловкада кеңес өкіметін орнатуға және қазақтың атты әскерін жасақтауға атсалысқан Ерғали Аязбаевты, ағайынды Боқай, Салық, Фатых Сәбитовтерді Бөкейліктегі кеңестік орталық билік органдары «бандылар», «барымташылар» деп мойындамады, оларды ел ішіне сыйыстырмай қудалауға ұшыратты. Таловка уезінің Бостандық болысынан шыққан – Боқай Сәбитов 1923 жылдан, Ерғали Аязбаев 1924 жылдан өздерімен тағдырлас серіктерімен, ағайын-туыстарымен, бала-шағасымен бірге билік өкілдерінен бас сауғалап қашып жүруге мәжбүр болды. Оған Ерғалидың: 

«Долданып атқа міндім ашуменен, 

Қор болды-ау алтын басым қашуменен. 

Қан, сарысу тұла бойды алып болды-ау, 

Крестеп қару-жарақ асуменен», - деген өлең жолдары да, ОГПУ-дың оперативтік ақпарларында жазылған деректер де дәлел. 

1924 жылы жазда Ново-Узень және Таловка уездерінің шекарасында билікке бағынбай жүрген Боқай Сәбитовтың қарулы тобы 20 адамға дейін жетті, олардың арасында қарақалпақтар, бірен-саран орыстар да болды. Боқайдың өзімен бірге бауырлары Салық, Фатых, қарындасы Мағрой да күрес жолында жүрді. Дегенмен оларды ОГПУ халықты тонады, елдің шырқын бұзды деп айыптады. Ақырында 1926 жылы 30 наурызда Оралдан барған қуғыншы отрядтың басшысы Кукс Сәбитовтерді барлығы 6 адамды Таловканың түбіндегі Қоңырсайда алдап қолға түсіріп, Оралға жөнелтеді. Ал кейінірекОрал губерниясына қарасты құзырлы органдар рапорттарында Сәбитовтер тобының сәуір айының басында толық жойылғанын, 7 адамның Оралдың тергеу изоляторында отырғаны жөнінде жазған. 

Боқай Сәбитовтың және оның серіктерінің тергеуден кейінгі тағдыры белгісіз. «Банды» Аманғали ісі кітабының авторы, зерттеуші маман Ләтифолла Қапашев «Сәбитов Боқай және басқалары туралы» 5 томнан тұратын №92 іспен 1993 жылы мамырда ҚР Жоғарғы Сотының кеңсесінде танысқанын айтқан. Сәбитовтер тобы 1927 жылы 17 шілдеде сотталған. Алайда Боқай Сәбитовке, оның төңірегіндегі адамдарға қатысты қандай үкім шыққаны еш жерде жазылмаған. Сондықтан бұл мәселе болашақта анықтауды қажет етеді.

ОГПУ-дың 1927 жылғы арнайы ресми құжаттарында Боқай Сәбитовтың ағайыны Салықтың Ерғали Аязбаевтың тобында болғаны айтылса, ал 1930 жылы оның өзі жетекшілік еткен топқа кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы шыққан байлар келіп қосылып отырғанын атап көрсеткен. 

1920 жылдардағы қарсыласу қозғалысының нағыз хас батыры – Аманғали Кенжахметов. Олай дейтін себебіміз ол қуғыншылар отрядымен өмірінің соңына дейін айқасып өтті. Ел ішінде Аманғали туралы аңыз-әңгімелер, оның өлеңдері кең тараған. Аманғалиды халық әнші-сері, ер жүрек адам ретінде таниды. Ол азамат соғысы жылдары қызылдардан соққы жеп, шегінген Серов, Киселев отрядтарына қарсы Шолантау жерінде жорыққа шығып, қазақ жерін ақ бандылардың қанды сойқанынан азат етуде еңбек сіңірген. Нарын өңірінде кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдары Аманғали милиция қатарында қызмет істеген. Дегенмен артынан ол бұл қызметтің өзіне үйлеспейтінін түсінген, себебі ауылдастарын қудалап тұтқынға алғысы келмеген. 

Аманғали Кенжахметовтың тобына қатысты мәліметтер архив құжаттарында 1924 жылдың мамырынан бастап кездеседі. Аманғали және Мұқанғали Кенжахметовтер, Сейтбаттал Есениязов, Тайыр Тілеков, барлығы 4 адамнан құралған топтың артына  Бөкей губерниялық қылмыстық іздестіру бөлімінің инспекторы Шкоков бастаған қуғыншылар түседі. 

Шкоковтың 1924 жылғы 23 мамырдағы Кулагинадан, 25 мамырдағы Калмыковадан жіберген телеграммалары мен ОГПУ-дың Бөкей губерниялық бөлімінің 20-29 мамыр аралағындағы №11 ақпары бойынша Кенжахметовтер «бандасы» Теңіз уезінің Бает болысының кеңсесіне шабуыл жасап, бос құжаттарды, мөрді алып Орал губерниясының Калмыкова бағытына қарай қашқан, одан әрі Бөкей губерниясының шекарасына өтіп кеткен. Аманғалидың інісі Мұқан сол жылы қараша айында тұтқынға түседі, одан басқа да ағайындарын, ауылдастарын Ордаға тергеуге шақырып, билік өкілдері бүкіл ауыл-аймақты әуре-сарсаңға салған. 

Аманғали Кенжахметов өзінің жазықсыз қуғындауға ұшырағанын, кеңес өкіметінің әділетсіз саясатына қарсы күрес жолына шыққанын  өлеңдерінде анық айтқан. Онда 

«Атандым Аманғали – сәліңгірдей, 

Соңыма неге түстің бәрің бірдей. 

Әділет іздеп жүріп, «банды» атандым, 

Мен емес жүрген адам әлін білмей», - дейді. 

1925 жылы мамыр айының басында Аманғали Кенжахметов қасындағы серіктерімен бірге Жайықтың Бұқар бетіне өтіп, Адай уезіндегі беделді тұлға Тобанияз Әлниязұлына барып паналайды. Ал кейін Тобанияз Әлниязұлы Аманғалиды қару-жарағын тастап билік өкілдеріне өз еркімен берілуге көндіреді. 1925 жылдың күзінде Аманғали Кенжахметов тұтқындалып, Оралдың түрмесіне қамалады.

1926 жылдың 6-13 мамыр аралығындағы Орал губерниялық қылмыстық іздестіру бөлімінің губерниядағы бандитизм және басқа қылмыстар туралы №22 оперативтік ақпарында көрсетілгендей Аманғали Кенжахметов қасында отырған Сүндет Ғалиев, Мұхамбет Орынбаевтармен бірге 1926 жылы мамыр айының 9-нан 10-на қараған түні Оралдың түрмесінен қашып шыққан. 

1927 жылы жазда Аманғали Кенжахметов пен Ерғали Аязбаевтың тобы біріккен кезде 19 адамға жетіп, оның ішінде 1/Ерғали Аязбаев, 2/Аманғали Кенжахметов, 3/Тілеп Қарабалин, 4/Тілеп Мұсалиев, 5/Нұғыман Досқалиев, 6/Абдул Меңдіғазиев, 7/Жұмабай және 8/Ахмет Ерғалиевтер (Ерғали Аязбаевтың ұлдары), 9/Құспан Бияқов, 10/Ғұсман Қапанов, 11/Бөлекбай Даулетжанов, 12/Темірболат Дәулетжанов, 13/ Аман Темірәлиев, 14/Елеусін Нұрғалиев, 15/Сүйініш Мырзағалиев, 16/Аманғали Кенжахметовтың әйелдері (Мұхсина, Ұлдан) және т.б. аты-жөні белгісіз адамдар болды. Ерғали Аязбаевтың тобы кейін бөлініп кетеді. 

1927 жылдың соңына дейін Аманғали Кенжахметовтың тобының мүшелері тұтқынға түседі және кейбіреуі атыс кезінде қаза табады. Ақыр соңында Аманғали өзінің туысы Тайыр Тілеков екеуі ғана қалады. 

1928 жылы 10 қаңтарда Аманғали Кенжахметов Тайыр Тілековпен бірге Сарытөбе болысының Айбас ауылы аумағында болады және сол күні олардың көзін жою мақсатында өзінің еріктілер отрядындағы 7 қарулы адамымен Жанғожин шыққан. 11 қаңтар күні күндізгі сағат 10-ның шамасында Жанғожинның отряды Бөкей уезі Жаңақала ауданының Үштаған елді мекеніне жақын жердегі Есергеновтың ауылында Аманғалилармен ұшырасады. Архив дерегінде Есергеновтың ауылы деп көрсетілгенімен, Ләтифолла Қапашевтың зерттеу еңбегінде оқиға Есіркеп Құлмановтың қыстауында болғаны айтылған.

Жанғожин өзінің отрядын екі топқа бөліп, Аманғали мен Тайыр жасырынған қыстаудың екі жағынан қоршауға алады, оңтүстүк жақтағы топ үйдің терезесіне және байлауда тұрған аттарға оқ атса, екінші топ батыс бетте үйден 30-40 қадам жердегі қақпаның тасасында отырады. Қыстау үйдің терезелеріне оқ атылған соң Тайыр Тілеков іштен шауып шығады да, үйдің төбесіне мініп алып оң жақтағы қуғыншыларға қарай оқ атады, ал осы кезде оны қақпаның артында отырған топтағы қуғыншылардың бірі атып өлтіреді. Бұған дейін қыстау үйдің терезесінен оқ атып тұрған Аманғали Кенжахметов Тайырға оқ тигенін байқаған бойда сыртқа шауып шығып, байлаулы тұрған жаралы атына жармасып мінеді, алайда оның мінген аты сол жерде құлап өледі. Аманғали жаяу қалғанымен Жанғожин бастаған отрядтың адамдарымен жанын салып жүріп атысады, өз еркімен берілу туралы ұсыныс болғанымен атысты тоқтатпайды, ақырында есіл ер қуғыншы отрядтың қолынан қаза табады. Сөйтіп, құзырлы органдар Аманғали Кенжахметовтың тобын толықтай жойылды деп есептейді.

1928 жылы 11 қаңтарда Ерғали Аязбаев  Ғұсман Бияқаевпен бірге Бостандық ауылында болған кезінде милиция бастығы Әліпқали Мұқышев отрядымен келіп атыс болады. Сосын Әліпқали Мұқышев Ерғали Аязбаевпен келіссөз жүргізеді. Олар екеуара біраз сөйлесіп, Ерғали жеті күннен кейін өз еркімен берілетінін айтып, қазір отрядыңды алып кет, - дейді. Осы уағдаластықтың негізінде артынан Ерғали Аязбаев тобымен бірге қару-жарақтарын тастап, билік өкілдеріне беріледі.

Аманғали Кенжахметов пен Ерғали Аязбаевтың ісіне қатысты тұтқынға алынған адамдар Оралдың тергеу изоляторында бір жыл отырады. 1929 жылдың 14 қаңтарында РСФСР-дың ҚК 59/3 бабы бойынша бандитизмге айыпталған Ерғали Аязбаевқа және басқаларына, барлығы 40 адамға үкім шыққан. Ерғали Аязбаев, Ғұсман Бияқаев, Абдолла Меңдіғазиев, Жұмабай Ерғалиев, Темірболат Дәулетжанов, Ахмет Ерғалиев, Ғұсман Қапанов, Бөлекбай Мұхамедияров, Аман Темірәлиев, Елеусін Нұрғалиев, Мұхамғали Бұрханов – ату жазасына кесілген. 

Қабай Мұхаметжанов, Қадыр Әубәкіров, Тоқай Әубәкіров, Ғизат Мұхаметқалиев, Макар Төрешев, Дүйсенғали Әбуғалиев – 10 жыл мерзімге концлагерге қамалған. 

Абдрахман Теміржанов, Қажиахмет Сариев, Бисен Жұмағалиев, Сейтбаттал Есениязов, Яуда Бишіков, Хамит Лезов, Үмбетқали Кенжахметов, Сүндетқали Кенжахметов, Мұхсина Кенжахметова, Бисенғали Жұрымбаев, Сафа Валиниязов, Рамазан Әубәкіров, Иманғали Қарабалаев, Ахунғали Қарабалаев, Өтебай Қамешов – 5 жыл мерзімге концлагерге қамалған. 

Махмұт Лезов, Рахай Жұмабаев, Абдрахман Жүсіпов – 3 жыл мерзімге концлагерге қамалған. Сүндет Таутекенов, Қарабай Байтекешев, Сейтмырза Байымбетов, Демеу Нарбаев – 3 жылға Сібірге жер аударылған, Қасым Тоқтамысовты қайта тергеу қарастырылған. 1929 жылы 7 ақпанда ату жазасына кесілген азаматтардың үкімі орындалған. 

Қарсыласу қозғалысының тағы бір қаһарманы – Құныскерей Қожахметов. Құныскерей өзі сияқты «банды» атанып, қудалауға түскен басқаларына қарағанда кеңес өкіметінің органдарына ұстатпай, өмірін сақтап, елден жырақта болса да, бостандықта ғұмыр кешкен бірден бір қайсар тұлға. Оның батырлығы мен мергендігі халық арасында аңыз болып тарады. Дегенмен Құныскерейдің де қасіреті жетерлік, осы күрес жолында әкесі өлді, әйелі, бала-шағасы тоз-тоз болып кетті, кейін олар да билік тарапынан қудалауға, өмір бойына шетқақпайлатуға ұшырады.   

Құныскерей Қожахметов туралы деректер Орал губерниясының құзырлы органдарының ақпарларында 1926 жылдан бастап айтылады. Онда Құныскерей Қожахметовтың құрамында аты-жөндері әлі белгісіз екі туысы және Орал губизоляторынан қашып шығып қосылған Демеу Құттығұлов бар, барлығы 4 адамнан құралған тобы Жымпиты уезінің Ащысай, Индер, Байғұтты болыстарының, Гурьев уезінің Қызылқоға болысының жерлерінде қашып жүргені, негізгі паналайтын тұрақтары Жымпиты уезінің Қарақұл болысының №4 ауылында Тайсойған құмында екені, топ мүшелерінің қысқа мылтықтармен, Наган револьверімен, жеткілікті деңгейде оқ-дәрімен қаруланғандары жазылған. 

ОГПУ-дың 1926 жылғы наурыз-мамыр айларындағы ақпарларында Демеу Құттығұловтың атыс кезінде өлгенін,  Құныскерейдің тобына Қызылқоға, Қарақұл болысының Қожбан Наурызбаев, Иманғали Дүйсеналиев, Мұсағали Сүлейменов сияқты азаматтары кіргенін, олардың билік органдарына ұстатпай жүргендерін, Құныскерейдің ауылдың шетіндегі жер үйін бір батырақ пен әйелі кезектесіп күзететіндерін, жергілікті тұрғын халықтың оны ұстап беруге көмек етпей отырғандарын атап көрсеткен. 1926 жылдың соңында Құныскерей Қожахметов тобының 8 адамға жеткені, әкесі Қожахметтің, туған інісі Жәрдемнің бірге жүргені айтылған.

ОГПУ-дың бұдан кейінгі жылдардағы ақпарларында Құныскерейдің серіктерімен бірге Адай уезінің жағына кеткені, бірде Жымпиты, Тайпақ, Қаратөбе, Тайсойғанның төңіректерінде жүргені, одан Ақтөбенің Қобда жеріне дейін барғаны тайға таңба басқандай жазылған. Бұл архив құжаттары Орал, Ақтөбе қалаларындағы архивтерде сақтаулы тұр. 

1929-1930 жылдары Құныскерейдің маңына кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына наразылық білдіріп қашып жүрген байлар топтасқан. 1930-1931 жылдары олардың алды ұсталып Оралдың тергеу изоляторына қамалған. Ал Құныскерей Қожахметовке қатысты соңғы бір архив дерегінде 1930 жылы 26 маусымда мылтықпен және наганмен қаруланған Құныскерей қасындағы бір адамымен бірге Ақтөбе округінің Шыңғырлау ауданының №24 ауылында болғаны жазылған. 

1930 жылы шілдедегі әкесінің қазасы, одан кейінгі қуғын-сүргіннің күшеюі Құныскерейдің бастапқыда Башқұртстанға қашуына, одан әрі Новосибирге, 1933-1935 жылдары Қарақалпақстан, Түркіменстан жеріне өтіп кетіп бой тасалауына мәжбүр етті. Ол сол жақта аты-жөнін өзгертіп, Әбілқайыр Жаманов деген атпен 1968 жылға дейін өмір сүрген. Осылайша Құныскерей Қожахметов өзінің күреске толы өмірімен адам баласы үшін бостандық, еркіндік деген құндылықтардың маңыздылығын дәлелдеп кетті. 

Қорыта айтқанда, 1920-1930 жылдардағы кеңес өкіметіне қарсы қарсыласу қозғалысы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының бір бөлшегі болып табылады. Біріншіден, ескі дәстүрлі қоғамдық жүйенің бұзылуы, яғни формациялық құрылыстың күрт ауысы халықтың наразылығын туғызатыны, қарсы топтардың пайда болатындығы заңды тарихи-әлеуметтік құбылыс деп есептейміз. Сондықтан да Боқай, Ерғали, Аманғали, Құныскерей сынды қазақы салт-санамен еркін өскен, өр тұлғалы азаматтар жаңа тәртіпке бағынбады.

Екіншіден, әрі ең басты фактор, кеңес билігінің өктемдігінде, озбырлығында жатыр. Мәселен, қызыл террормен, бандиттік жолмен билікке келген кеңес үкіметі тып-тыныш отырған елдің шырқын бұзып, өздеріне бағынбаған адамдарды қудалауға ұшыратты. Демек, қарулы қарсыласу қозғалысы кеңес өкіметінің саясатына қарсы бағытталды. Әкімшіл-әміршіл жүйе ешкімді де аямады, құзырлы органдардан қашып жүрген азаматтардың ақырында көзін жойды, соттады, ату жазасына кесті, тіпті тұтастай әулеттердің шаңырағын ортасына түсірді, тоз-тозын шығарды.

 Есқайрат Хайдаров, 

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің

«Қазақстан Республикасы тарихы» кафедрасының аға оқытушысы

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз