Еліміздің қазіргі қолданыстағы Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдумда қабылданғаны баршаға мәлім. Оған өз тарихында тиісті заңдар арқылы жеті рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Алайда заңдардың саны мен республиканың Ата Заңына түзетулердің енгізілу жиілігіне қарамастан, конституциялық реформа деп 1998, 2007, 2017 және 2022 жылдары Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды атауға болады.
Бірінші конституциялық реформа (1998 ж.) Конституция қабылданғаннан 3 жылдан кейін жүзеге асырылды және Президент, Парламент, Үкімет, сот жүйесінің мәртебесіне қатысты болды. Бұл реформаның саяси тұрғыда кезінде шұғыл қабылдануы, 2000 жылғы Президенттің 1995 жылғы 29 сәуірдегі референдуммен ұзартылған өкілеттіктерінің 1 желтоқсанда аяқталуына байланысты болды. Бұл реформаның негізгі мәні – кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді шектейтін норманы алып тастау (41-баптың 4-тармағы алынып тасталды және Конституцияның 48-бабының редакциясы өзгертілді), осылайша Президенттің кезектен тыс сайлауы туралы бап Конституция мәтінінен толығымен алынып тасталды.
Сондай-ақ, егер дауыс беруге сайлаушылардың 50%-дан астамы қатысса (сайлаушылардың алдағы сайлауға қатысуы төмен болған жағдайда), президент сайлауын өткізілді (кворум) деп тану туралы шарт алынып тасталды. Бұл түзетулер көп кешікпей іске аса бастады, мәселен кезектен тыс президент сайлауы тағайындалып, ол реформа жүргізілгеннен 3 айдан кейін, яғни 1999 жылы 10 қаңтарда өткізілді. Н.Ә. Назарбаев барлық қатысқан 87,05% сайлаушылардың 79,78% дауысын алды. Аталған түзетулерден басқа, бірінші конституциялық реформа шеңберінде басқа да елеулі өзгерістер болды. Олардың тармақтарына тоқталсақ: Біріншіден, Президенттің өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартылды және Президент лауазымына сайлану үшін жоғарғы жас шегі (65 жас) алынып тасталды, сондай-ақ Президент лауазымына кандидаттардың жас шегі (35 жастан 40 жасқа дейін) көтерілді. Мысалы, Конституцияда Президентке 65 жасқа дейін шектеу болса, Н.Ә. Назарбаев 2005 жылғы 6 шілдеден кейін президенттік қызметке үміткер бола алмайтынын білдіретін еді. Президенттің жаңа 7 жылдық мерзімін ескере отырып, Президент сайлауы 2005 жылы 4 желтоқсанда өтіп, мемлекет басшысы қатысқан 77,1% сайлаушылардың 91,15% дауысын жеңіп алды. Сонымен қатар, енгізілген түзетулермен бірге Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда сабақтастық схемасы өзгертілді. Ол бойынша – Сенат Төрағасы Президенттің міндетін өзіне қабылдай алмаған кезде өкілеттік Парламент Мәжілісінің Төрағасына өтеді; Мәжіліс Төрағасы Президенттің өкілеттігін өзіне қабылдай алмаған жағдайда ол Премьер-Министрге ауысады (бұрын Парламент Мәжілісінің Төрағасы Президенттің өкілеттігін қабылдау тәртібінде болмаған). Бұл түзетулер президенттік билікті нығайтуға және сайлаушылардың келуін есепке алмай, мерзімінен бұрын президенттік сайлау өткізу арқылы тұңғыш Президенттің өкілеттігін іс жүзінде ұзарту үшін қажетті нормаларды заңдастыруға бағытталғаны анық. Екіншіден, Парламент депутаттарының өкілеттік мерзімі: Сенат – 6 жылға дейін, Мәжіліс – 5 жылға дейін ұзартылды (бұған дейін Парламент өкілеттігінің бірыңғай мерзімі 4 жыл болған). Сонымен бірге Мәжіліс құрамының саны артты: 67 депутатпен қатар, пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша сайлау округі бойынша партиялық тізімнен сайланатын қосымша 10 депутат енгізілді [1].
Осылайша, алғаш рет Парламент Мәжілісінде саяси партиялардың пропорционалды өкілдігінің элементтері енгізілді. Үшіншіден, алқабилер соты енгізілді, яғни алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу қарастырылды. Президент тағайындайтын Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы лауазымы енгізілді. Осылайша, президент билігінің күшеюі, және саяси міндеттерді шұғыл шешумен қатар, Конституцияның алғашқы реформасы Парламент құрамының кеңеюіне және оның өкілеттік мерзімінің ұлғаюына ықпал етті, сондай-ақ кейінгі сот-құқықтық реформаны жүргізуге серпін берді.
Екінші конституциялық реформа (2007 ж.) бірінші конституциялық реформадан кейін 9 жыл өткен соң іске асырылды және ол Президент, Парламент, Үкімет мәртебесін, адам мен азаматтың құқықтық мәртебесінің негіздерін, сот және құқық қорғау жүйесін, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару салаларын қамтыды. Бұл реформаның саяси орнықты болуы Конституцияның бастапқы редакциясында 42-бабының 5-тармағына сәйкес бір адам қатарынан екі реттен артық Президент болып сайлана алмайтыны туралы Конституцияның президенттің өкілеттік мерзімін шектейтіндігіне байланысты болды.
Конституция қабылданғаннан кейін президент сайлауы екі рет: 1999 және 2005 жылдары өткізілгенін ескерсек, Н.Ә. Назарбаевтың келесі сайлауға түсе алмайтыны туралы мәселе туындағаны анық. Осы кезеңде Тұңғыш Президент үшін президенттікке екі реттен артық сайлануға тыйым салуды алып тастау, сондай-ақ Президенттің өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партиядағы қызметін тоқтату сияқты ерекше нормаларды белгілеу туралы шешім қабылданды. Бұл, шын мәнінде, оның өмір бойы Мемлекет басшысы лауазымын атқару құқығын білдіретін еді. Ол үшін Конституцияда Тұңғыш Президенттің ерекше мәртебесін бекіту қажет болды: мәселен, 46-бап «Тұңғыш Президенттің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және Конституциялық заңмен айқындалады» деген мазмұндағы жаңа 4-тармақпен толықтырылды. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент мәртебесі бекітілді, ол алғаш рет 2000 жылы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы» жеке заңның қабылдануымен бірге енгізілді [2]. Заңда Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылдан 5 жылға дейін қысқартылды, осылайша конституциялық норманың бастапқы редакциясы орнына қайтарылды. Сонымен қоса, Президенттің өкілеттігі күшейтілді: енді оған заң шығару бастамасы, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату құзыреті берілді (бұрын Сенаттың құзыреті болған), сонымен қатар оның Сенат депутаттарын тағайындау квотасы 7-ден 15-ке дейін көбейтілді.
Нәтижесінде Парламенттің жоғарғы палатасы құрамының үштен бірі «Президент тағайындағандар» деген мәртебе алып, олардың «сайлану» мәртебесіне де әсер етті. Бұл түзету стратегиялық қажеттілікке байланысты болды. Мысалы, Президентті қызметтен түпкілікті алып тастауға қойылатын талаптардың бірі ретінде (импичмент) әр палатадан депутаттардың жалпы санының кемінде төрттен үшінің кворумы, соның ішінде Сенат үшін минималды саны (реформа кезінде) отыз жеті депутат (бұл түптеп келгенде Сенаттың қатысуымен өтетін рәсімдерді тежеу мен теңестіру жүйесіне байланысты қиындатады) болып белгіленген. Атап айтқанда, барлық «тағайындалған» депутаттар әртүрлі себептермен қатыспаса немесе әрекетсіздік танытса, жиналыс кворумның жеткіліксіздігіне байланысты заңды күшке ие бола алмайды [3], сондай-ақ, жоғарыдағы реформалар бойынша Президенттің Парламентті немесе Парламент Мәжілісін таратуы үшін негіздер мен жағдайлар алынып тасталды. Енді олардың тізбесі Конституциямен айқындалмайтын, тиісінше Мемлекет басшысы заң шығарушы органды шектеусіз бақылай алатын болды. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы алғаш рет конституциялық мәртебе алды, ол Президенттің құзыретімен құрылды, ал Ассамблея өз құрамынан Парламент Мәжілісінің 9 депутатын сайлау құқығына ие болды. Екіншіден, Парламенттің құрамы мен оны құру тәртібі айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Өкілдіктің мажоритарлық жүйесі жойылды және бір мандатты сайлау округтеріне қатысты нормалар алынып тасталды, Конституция деңгейінде өкілдіктің пропорционалды жүйесінің негіздері бекітілді. Мәжіліс депуттарының саны 77-ден 107 депутатқа дейін көбейтіліп, оның 98-і жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланатын, ал 9 депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын болды. Шетелдік сарапшылардың бағалауы бойынша Мәжіліс пен Сенаттағы депутаттар санының артуы халық өкілдігінің кеңеюін емес, тікелей президенттік тағайындаудың (Сенат жағдайында) және оның жанама тағайындалуының (ҚХА-дан 9 өкіл болған жағдайда) арқасында екі органда да президент өкілдігінің одан әрі артуын көрсетеді [4].

Сайлау жүйесі мен Парламент мәртебесін реформалаудың шын мәнін кейінгі парламенттік сайлаудың нәтижелері арқылы түсінуге болады. 2007 жылғы 18 тамызда Парламент Мәжілісіне алғаш рет партиялық тізім бойынша сайлау өтті, оған 7 саяси партия қатысып, оның қорытындысы билік партиясы - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Парламенттің төменгі палатасын толық бақылауын қамтамасыз етті, яғни 98 орын аталған партия мүшелеріне берілді. Қалған алты саяси партияның ешқайсысы қажетті 7% шекті (сайлаушылар дауысы) жинаған жоқ. Осыны ескере отырып, Парламенттің өкілеттігін күшейту саяси жүйені демократияландыруда маңызды рөл атқарған жоқ деуге болады. Парламент құрамын Республика Президенті толығымен бақылай бастады. Үшіншіден, реформа барысында адам құқығы саласындағы ең маңызды екі новелла қабылданды. Бірінші. Өлім жазасын адам өлімімен байланысты террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін айрықша жаза ретінде ғана қолдануға шектеу енгізілді (бұрын кез келген аса ауыр қылмыстар үшін болған). Екінші. Соттардың қамауға алуға және қамауда ұстауға санкция беру бойынша айрықша құзыреті айқындалды (бұған дейін соттармен қатар прокурорлардың да құзыретінде болатын). Бұл адам құқығының кепілдігін қамтамасыз ету мәселесінде соттар мәртебесінің артқанын көрсетеді. Төртіншіден, қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға, сондай-ақ қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігуіне тыйым салу туралы нормалар алынып тасталды. Іс жүзінде бұл саяси партияларды, оның ішінде «Нұр Отан» партиясын (қазіргі уақытта «Аманат») одан әрі қаржыландыруға байланысты болды.
Бесіншіден, өзгерістер жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару саласына әсер етті. Мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жатқызылды және олардың өкілеттік мерзімі 4 жылдан 5 жылға дейін ұзартылды, сондай-ақ оларға Президенттің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындауда келісу өкілеттігін беру арқылы мәртебесі күшейтілді (бұған дейін Премьер-Министрдің тиісті кандидатураны ұсыну өкілеттігі көзделген болатын). Осылайша, екінші рет конституциялық реформа сол кездегі Президенттің билігін нығайтты, бірінші рет конституциялық деңгейде Тұңғыш Президент мәртебесі белгіленді, сондай-ақ Парламент депутаттарын сайлау мәселесін реттеуді Конституциядан алып тастай отырып, Мәжіліс депутаттарының өкілдігі мен сайлануының мажоритарлық жүйесі, бір мандатты аумақтық сайлау округтері жойылды. Саяси жүйені конституциялық заңдастырудың барлық алғышарттары жасалды, онда билік бір қолға шоғырланып, ал заң шығарушы орган бір мандатты округтер бойынша өзін-өзі ұсынған депутаттарды алып тастау арқылы толығымен бақыланатын болды. Сонымен қатар, реформаның қажеттілігі мемлекет ішіндегі факторларға да байланысты болды. Мысалы, ел ішінде экономикалық және саяси аренада ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдау) мен «Ақ жолдың» құрылуына алып келген контрэлиталардың пайда болуы саяси реформа тетігін іске қосуға мәжбүр етті. Элиталық дағдарыс (2001 ж.) осы уақытқа дейін жасырын қақтығыс тудырды және ол көпшілікке жария болды. Бұл республикадағы саяси жаңғырудың шектеулі сипатын және биліктің Н.Ә. Назарбаевтың қолына шоғырланғанын [4] көрсетті.
Үшінші конституциялық реформа (2017 ж.) екінші конституциялық реформадан кейін 10 жыл өткен соң іске асырылды және Президент, Парламент пен Үкімет арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, адам мен азаматтың құқықтық мәртебесін, сот және құқық қорғау жүйесінің негіздерін өзгертуді көздеді. Бұл реформаның саяси маңыздылығы 2 жылдан кейін болған биліктің транзиті (ауысуы) кезінде конституциялық-құқықтық негізді және кепілдіктерді қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты болды [4].
Шешім Конституцияға түзетулердің кезекті пакетіне енгізіліп, іске асырылды. Ол бойынша, 91-баптың 2-тармағы «Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деген кепілдікпен толықтырылды. Осылайша, конституциялық деңгейде алғаш рет Елбасы мәртебесі бекітілді. Конституциялық реформадан кейін бір жыл өткен соң «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Заңы қабылданды. Оның бастапқы редакциясы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізетін конституциялық орган ретінде Қауіпсіздік Кеңесінің мәртебесін белгіледі [5]. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қауіпсіздік Кеңесін төраға ретінде басқару құқығына ие болды. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісім бойынша ҚР Президенті бекітетін (1-баптың 2 және 3-тармақтары) болды. Бұл ереже Конституцияны бұза отырып қабылданғанын атап өткен маңызды, өйткені ол Президенттің Ата Заңда белгіленген Қауіпсіздік Кеңесі мен басқа да консультативтік-кеңесші органдарды құрудағы конституциялық өкілеттіктерін шектеді. Сол себепті жоғарыда аталған нормалар өзгертіліп, олардың Конституцияға қайшылығы 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалардан кейін 2022 жылғы 7 ақпандағы заң күшімен жойылды [6]. Ол тек Президенттің Қауіпсіздік Кеңесіне қатысты өкілеттіктерін белгіледі. Уақыт көрсеткендей, Конституцияның 91-бабына енгізілген түзету 2019 жылдың 19 наурызында болған оқиғадан кейін Президент Н.Ә. Назарбаев өкілеттіктерін ерікті түрде тоқтатқанымен, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде саяси билікті сақтап қалып, елде дуумвират деп аталатын қос билік кезеңі басталғанда қажет болды. Аталған түзетуден басқа үшінші конституциялық реформа шеңберінде өзге де елеулі өзгерістер енгізілді. Біріншіден, Президенттікке кандидаттардың жоғары білімі туралы қосымша талап қойылды, Президенттікке кандидаттарға қосымша талап қоя алатын конституциялық заңға сілтеме (бланкеттік) нормасы қарастырылды. Тиісті новеллалар көп күттірмей, 2017 жылы 15 маусымда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулермен Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптар мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесінің болуы міндетімен толықтырылды. Бұл норма бүгінгі күнге дейін қолданыста болғандықтан, мемлекеттік жоғары лауазымға барудағы саяси бәсекені едәуір шектейді.
Енгізілген өзгерістер Президенттің өкілеттіктеріне де әсер етті:
- Президенттің Үкімет мүшелерін тағайындауы Парламент Мәжілісінің келісімінен кейін ғана жүзеге асырылатын болды;
- Президенттің оған заң шығару өкілеттіктерін беру тәртібімен заңдар және Заң күші бар жарлықтар шығару; Республикалық Ұланды қалыптастыру, Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсыру және т.б. өкілеттігі алынып тасталды;
- Президенттің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Конституцияға сәйкестігін қарау туралы, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда қорытынды беру туралы өтініш жолдау өкілеттігі толықтырылды. Екіншіден, Үкіметке Президентпен келісім бойынша мемлекеттік бағдарламаларды бекітуге, мемлекеттік бюджет есебінен ұсталатын қызметкерлерді қаржыландыру мен еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекітуге өкілеттік берілді. Үшіншіден, Конституциялық заңға сілтеме жасай отырып, судья лауазымына қойылатын талаптар, Жоғарғы Соттың жергілікті және басқа соттардың қызметін қадағалау өкілеттігі Конституциядан алынып тасталды. Бұл тұжырымның орнына заңда көзделген жағдайларда Жоғарғы Сот оның құзыретіне жатқызылған сот істерін қарайтын болды.
Төртіншіден, Конституция деңгейінде алғаш рет Қазақстан Республикасында адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы көзделіп, оны сайлау Сенаттың құзырына берілді.
Бесіншіден, террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өмірлік маңызды мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін сот шешімі бойынша азаматтықтан айыру жазасы белгіленді. Бұл түзету сарапшылар тарапынан әртүрлі реакция тудырғанын айта кеткен жөн [7].
Алтыншыдан, Астана қаласы шегінде қаржы саласындағы ерекше құқықтық режим – «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру үшін конституциялық негіз қаланды. АХҚО-ның құқықтық мәртебесі Конституциялық заңда айқындалды. Оған сәйкес осы Орталықтың қолданыстағы құқығына АХҚО актілері жатқызылған, олар Англия мен Уэльс құқығының қағидаттарына, нормалары мен прецеденттеріне және (немесе) Орталық органдары Конституциялық заңда берілген өкілеттіктер шегінде қабылдайтын жетекші әлемдік қаржы орталықтарының стандарттарына негізделген [8].
Бұл құрылым заң саласындағы қауымдастық тарапынан көптеген пікірталас пен сын тудырды. Осылайша, белгілі отандық заңгерлер А.Н. Шайкенов пен В.Ж. Шайкенов аталған түзетулер «Қазақстан Республикасының зайырлығын бұзады, сот билігінің ерікті функцияларына нұқсан келтіреді, судьялар үшін міндетті түрде Қазақстан азаматы болу талабын жояды, Жоғарғы Соттың қадағалау функцияларын әлсіретеді және елді екіұдай пікірде қалдырады» деп атап өтті [9]. Жалпы, жоғарыда келтірілген бағалаулар мен талдауларға қарамастан, үшінші конституциялық реформа халықаралық қолдауға ие болды. Венеция комиссиясының қорытындысында түзетулер жобасы тұтастай Парламент пен Парламент Мәжілісінің рөлін арттыруға, ҚР Президентінің бірқатар өкілеттіктерін Қазақстан Үкіметі мен Парламенті арасында қайта бөлуге, сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздерін нақтылауға, конституциялық құрылыстың негіздерін қорғау тетіктерін күшейтуге, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары қызметінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруге бағытталғаны көрсетіледі. Өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік билікті жүзеге асырудың ұйымдастыру құрылымындағы өкілеттіктерді қайта бөлу. Сонымен қатар, отандық сарапшылар қауымдастығы тарапынан реформа толығымен оптимистік түрде қабылданған жоқ. Профессор Э.Б. Мұхамеджановтың пікірінше, реформа барынша түрлі сипатқа ие болғанымен онда ұтымды тұстар, даулы сәттер мен тиімсіз ұсыныстар бар екендігі айтылды [10]. Саясаттанушы А. С. Кәукенов бұл конституциялық реформа атқарушы, сот және заң шығарушы билік арасындағы өкілеттіктердің арақатынасын нақты өзгертуге мүмкіндік беретініне күмән келтірді, бұл тек косметикалық сипатта болады деп сенді [11].

Осылайша, 2011 және 2019 жылдардағы аралық түзету енгізілген үш конституциялық реформаны (1998, 2007 және 2017 жж.) талдау олардың суперпрезиденттік басқару нысанының негіздерін күшейту, Тұңғыш Президенттің ұзақ уақыт қызмет ету кепілдіктерін конституциялық бекіту және оның мемлекеттің барлық институттарына ықпал тетіктерін сақтау және стратегиялық шешім қабылдау қажеттілігіне туындағанын көрсетеді. Олар: 1) кезектен тыс президенттік сайлау үшін негіздер тізбесін алып тастау (Конституцияның 41-бабының 4-тармағы); 2) Тұңғыш Президент үшін президенттің өкілеттік мерзімінің санына шектеуді алып тастау (Конституцияның 42-бабының 5-тармағы); 3) Тұңғыш Президент – Елбасы белгілеген іргелі қағидаттарының өзгермейтіндігін белгілеу жолымен Тұңғыш Президент үшін билік транзиті (ауысымы) кезінде кепілдіктерді қамтамасыз ету (Конституцияның 91-бабының 2-тармағы). Аталған түзетулердің тігісін жатқызып жіберу арқылы оларға мұқият назар аударуды азайтып, халықтың қолдауына ие болу үшін жиынтығында конституциялық реформа деп аталатын өзге де конституциялық нормаларға өзгерістер мен толықтырулар әзірленді. Алайда, олардың бас бенефициары негізінен ҚР Тұңғыш Президенті болғанын түсіну керек. Профессор С.Қ. Жүрсімбаев атап өткендей, «іс жүзінде Президент пен Парламенттің өкілеттік мерзімдері, оларды сайлау уақыты мен тәртібі ешқашан сақталмаған, ел президентін сайлау мерзімдерінің еселігі бірнеше рет өзгертілген» [12].
Дегенмен, үш реформа аясында Конституцияға енгізілген оң және прогрессивті түзетулердің қатарына мыналарды жатқызуға болады: 1) алқабилердің қатысуымен қылмыстық сот ісін жүргізу; 2) өлім жазасын қолдануға шектеулер; 3) қамауға алуға сот санкциясын белгілеу; 4) мәслихаттарға Президенттің облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін тағайындауын келісу өкілеттігін беру; 5) конституция деңгейінде омбудсмен институтын бекіту.
2022 жылғы конституциялық реформаны талдау
Бұл конституциялық реформа 2022 жылғы қаңтардағы оқиғалардан кейінгі кезеңде жүргізілді. Жоғарыда айтылғандай, 1998-2017 жылдардағы көптеген конституциялық түзетулер мен реформалардың нәтижесінде елдің Ата Заңы биліктің бір қолда шоғырланғанын заңдастырды. Мұндай конфигурация саяси дағдарысқа әкелді және қаңтар оқиғасының нәтижесінде мемлекеттілікке қауіп төндірді.
Төртінші конституциялық реформа
2022 жылғы 5 маусымда ел тарихында екінші рет Конституцияға қатысты референдум өткізілді. Осылайша суперпрезиденттік басқарудан президенттік басқаруға көшу, билікті монополиядан арылту және қоғамдық-саяси және құқықтық институттарды одан әрі дамыту бағыты белгіленді. 2022 жылғы 17 қыркүйекте Парламент Конституцияға президент өкілеттігін бір мерзімге шектеу, ал ұзақтығын 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартуға байланысты түзетулер пакетін қабылдады. Сондай-ақ, өзгерістер Конституциялық Соттың мәртебесіне әсер етіп, оның судьяларының өкілеттік мерзімі қайта сайлау құқығынсыз 6 жылдан 8 жылға дейін ұзартылды. Сонымен қатар, тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында Қазақстан астанасына бұрынғы «Астана» атауы қайтарылды [13]. Саясаттанушы Д.А.Сәтпаев атап өткендей, «халық қаңтарда және қаңтар оқиғаларынан кейін өзгерістерді талап етеді. Бұл – биліктің осы сұранысты қандай да бір жолмен көрсетуге тырысу әрекеті. Сондықтан, әрине, бұл жоқтан жақсы» [14].
Саясаттанушы Д.Р.Әшімбаев референдумға шығарылған Конституцияға түзетулерді Парламентте де қабылдауға болатынын, алайда қалыптасқан жағдайда «Жаңа Қазақстанға бұл плебисцит өте маңызды екені анық» деп атап өтті. Оның пікірінше, «референдум мәні жағынан мемлекет басшысына және ол жүргізіп жатқан реформаларға сенім білдіру бойынша плебисцит болып табылады, сондай-ақ радикалдар мен экстремистер өзгерткісі келетін конституциялық нормалардың (мемлекеттің зайырлы сипаты, қазақ және орыс тілдерінің мәртебесі, өз мақсаттарын қойып отырған құрылымдардың қызметіне тыйым салу, ұлттық, діни, таптық және рулық алауыздық және т.б.) тұрақтылығын көрсетеді» [15]. 2022 жылғы конституциялық реформа шеңберінде қабылданған түзетулерге толық түсініктемені 2022 жылғы тамызда отандық құқықтанушы ғалымдар жариялады. Онымен Ұлттық академиялық кітапхананың сайтында [16] танысуға болады. Осыған байланысты бұл мақала жоғарыда аталған басылымда жеткілікті дәрежеде келтірілген конституциялық түзетулердің барлық баптарын талдауды көздемейді. Онда бірнеше топтарға біріктірілген конституциялық реформаның ережелері баяндалған.
Бұл ретте конституциялық реформа неғұрлым егжей-тегжейлі жеке жарияланымда [17] қамтылады. Түзетулердің бірінші тобын 2019 жылғы билік транзитінен кейін қалыптасқан және кейінгі үш жыл ішінде болған Тұңғыш Президенттің жеке басына қатысты және қос билікті жоюға бағытталған деп сипаттауға болады. Конституциядан Тұңғыш Президент – Елбасының ерекше рөлі туралы нормалар, сондай-ақ ол туралы өзге де артықшылықтар алынып тасталды.
Конституцияға енгізілген түзетулердің бастапқы нұсқасында Елбасын Ата Заңнан алып тастау туралы нормалар болмағанын айта кеткен жөн. Н.Ә. Назарбаевтың жеке басына қатысты баптарды жою және Конституциядан Елбасына белгіленген артықшылықтарды алып тастау жөніндегі бастаманы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшелері ұсынды, оның құрамында заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Е.Б.Әбдірасұлов, И.О.Әубәкірова, М.С.Башимов, Е.А. Оңғарбаев болды.
Ғалымдардың пікірінше, Конституцияның мәні, оның принциптері мен құндылықтары кез келген саяси билікке артықшылық тудырмайтын ережелерді белгілеу және демократиялық емес басқарудан құқықтық қорғану тетіктерін бекіту болып табылады. Президенттік өкілеттікті ұзартудың, Конституцияға өзгертулер енгізудің іс жүзінде шексіз сайлануға мүмкіндік беретін заңнан тыс практикасы жоғары мемлекеттік лауазымды тұлғаның жеке билік режимін қалыптастырудың, конституциялық құндылықтарды теңестірудің және непотизмді, сыбайлас жемқорлықты кеңінен таратудың салдары болды. Тұңғыш Президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктерін конституциялық деңгейде белгілеу конституциялық құндылықтардың, принциптердің, институттар мен нормалардың жиынтығы ретінде конституционализм идеясына қайшы келеді, олар қандай да бір билік органының басқалардан жоғары тұруына жол бермеуге, ресми теңдікті қамтамасыз етуге, жеке адам ның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған [18]. Заңгер ғалымдардың өтінішін ескере отырып, Президент Қ.К. Тоқаев Конституциялық Кеңеске Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты норманы алып тастау туралы қосымша үндеу жолдады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, 2022 жылғы 5 маусымда жалпыұлттық референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. «Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болды. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік». Президент өз пікірін былай деп түйіндеді: «Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік... Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады» [19].
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгерістердің негізінде Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр. Оның айтуынша, Ата заңымызға енгізілген түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Конституциялық реформа дегеніміз – Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жалғасы, конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылуда. «Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеді. Бәлкім көпшілігіңіз үшін Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылықты бірден көру қиын болады. Сондықтан біз барлық өзгерістер мен толықтыруларды бес ірі блокқа бөлдік, олардың әрқайсысы жаңартылған Конституцияда не өзгереді деген басты сұраққа жауап береді» [20].
Түзетулердің алғашқы блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді. «Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті күшейту және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға да құқығы болмайды.
Түзетулердің екінші блогы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған. «Біріншіден, Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Екіншіден, Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. Үшіншіден, Конституциялық сот құрылды. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады – бұл бұрынғыдан төрт адамға көп. Оның құрамы былайша құрылып отыр: 6 судьяны Парламент тағайындап, төрт судьяны Президент тағайындайды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен тағайындайды. Төртіншіден, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді.
Түзетулердің үшінші блогында Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы айтылған. Мемлекеттік кеңесші Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратынын еске салды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрайды. Бұл барлық азаматтардың құқықтарын толық ескеруге мүмкіндік береді. «Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылады. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтады»[20].
Конституцияға енгізілген түзетулердің төртінші блогы халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді. Ең бастысы, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілген. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады.
Түзетулердің бесінші блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіліп отыр. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді. Төртіншіден, адам құқықтары жөніндегі уәкіл иммунитетке және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болды. Оның Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы пайда болды. Осы аталған түзетулердің, Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет болды. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артып отыр [20].
Қорытып айтқанда, жоғарыда баяндалған маңызды шаралардың барлығы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтауға, республика халқының бірлігін нығайтуға, оның әлеуметтік-тұрмыс жағдайын, денсаулығын, тіршілік сапасы мен деңгейін арттыруға бағытталғанын жан-жақты ашып көрсетеді. Осының барлығына біздің қолымыз Ата Заңымызда көзделген тарихи ережелерге сүйене отырып, оған 2022 жылғы референдумда енгізілген аса маңызды саяси, түбегейлі демократиялық өзгерістерді жүзеге асыру, атап айтқанда: Жаңа Қазақстан қоғамының экономикалық, саяси және рухани жаңғыруын қамтамасыз ету, ғылым мен білімнің инновациялық жүйесін дамыту арқылы жетеді.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Аналитический доклад на тему: «О конституционной реформе 2022 года и развитии института совещательной демократии в Казахстане» // Астана, НАО «Казахстанский институт общественного развития», 2023. – 102 стр.
2. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 20 шілдедегі N 83-ІІ Конституциялық заңы. Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 13 ақпандағы № 198-VII Конституциялық заңымен күші жойылды [Электрондық ресурс] https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z000000083_
3. Жакупов Р.Е. Қазақстан Республикасы Парламентінің әлеуетін күшейту туралы [Электрондық ресурс] https://online.zakon.kz/document/?doc_ id=31971135&pos=6;-109#pos=6;-109.
4. Рико А. Қазақстандағы конституциялық реформаның процестері мен нәтижелері: келіспеушілікті басқару, тәуекелдерді шектеу және билікті шоғырландыру / / Орталық Азия және Кавказ, 2008, №1(55). Б.25-29 ББ
5. «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» 2018 жылғы 5 шiлдедегi № 178-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы [Электрондық ресурс] https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1800000178
6. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» 2022 жылғы 7 ақпандағы № 106-VII ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңы [Электрондық ресурс] https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z2200000106
7. Хабриева Т.Я., Андриченко Л. В. Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформа: даму тенденциялары мен перспективалары // Шетелдік заңнама және салыстырмалы құқықтану журналы, № 3, 2017. Б.145
8. «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» 2015 жылғы 7 желтоқсандағы № 438-V ҚРЗ Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы [Электрондық ресурс] https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1500000438/links
9. Шайкенов А.Н., Шайкенов В.Ж. Конституционен ли МФЦА и помогут ли поправки в Конституцию? [Электрондық ресурс] https://forbes.kz/ process/expertise/konstitutsionen _li_mftsa_i_pomogut_li_popravki_v_konstitutsiyu/.
10. Мухамеджанов Э.Б. Қазақстандағы 2017 жылғы конституциялық реформа (оң, теріс тұстары және ұсыныстар) [Электрондық ресурс] https:// www.zakon.kz/stati/4842313-konstitucionnaja-reforma-2017-goda-v.html
11. «Еуразиялық мониторинг» АЗО. Конституционная реформа в Казахстане: косметический ремонт или кардинальное преображение? [Электрондық ресурс] https://ea-monitor.kz/ekspertnyy-vzglyad/konstitucionnaya-reforma-v-kazahstane-kosmeticheskiy-remont-ili-kardinalnoe-preobrazhenie.
12. Журсимбаев С.К. Конституция Казахстана: стала ли основой стабильности и процветания страны? [Электрондық ресурс] https://online.zakon. kz/document/?doc_id=38084137&pos=5;-106#pos=5;-106
13. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы [Электрондық ресурс] https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-1622340
14. Удар по наследию Назарбаева. Референдум по конституции в Казахстане как репетиция президентских выборов [Электрондық ресурс] https://www.bbc.com/russian/features-61666791
15. Казахстан: страсти по референдуму [Электрондық ресурс] https: //vpoanalytics.com/2022/05/31/kazahstan-strasti-po-referendumu/
16. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға түсініктемелер //Абдрасулов Е.Б., Аубакирова И.У., Башимов М.С., Оңғарбаев Е.А. – Нұр-Сұлтан, 2022. – б. 412.
17. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігіне тексеру туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2022 жылғы 4 мамырдағы Қорытындысы [Электрондық ресурс] https://online.zakon.kz/Document/?doc_ id=37436100#activate_doc=2
18. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған өзгерістер мен толықтыруларға түсіндірме // Е.Б. Әбдірасұлов, И. О. Әубәкірова, М. С. Башимов, Е. А. Оңғарбаев. Аудармасы Жеңісов С.Қ., Жақсылықова А.М. – Нұр-Сұлтан, 2022. Б.40, 412 б.
19. Қ.К. Тоқаев. Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзі. 2022 жылғы 16 маусым.
20. Е.Қарин. Конституцияға ұсынылған негізгі өзгерістерді түсіндіру. inform.kz›…erlan-karin-konstituciyaga-engiziletin
Т.М. Әминов – Мемлекет тарихы институтының
бас ғылыми қызметкері, т.ғ.қ., доцент