Үйлену тойы және оның дәстүрлері мен жоралғылары

19.09.2025
5228
Үйлену тойы және оның дәстүрлері мен жоралғылары - e-history.kz

Үйлену тойы – қазақ үшін ата-бабадан мирас болып келе жатқан мәні мен маңызы зор, думанға толы дәстүр. Бұл екі жасқа ғана емес, олардың екі әулетіне ортақ қуанышты оқиға, жаңа отбасы құру рәсімі. 

Біз қыз ұзату тақырыбында жазған мақаламызда құда түскеннен кейінгі жол-жоралғылардың бірсыпырасын тізбелеп шықтық. Енді Құда түсіп, айттырылған қыз енді тұрмысқа шықпақ керек. Жігіт жақта қандай жасалатын жоралғылар мен рәсімдерді қарастырып көрейік. 

Ұрын бару

Қазақтың үйлену салттарында ерекше орын алатын ғұрыптың бірі – ұрын бару. Бұл – құда түсу мен үйлену тойының арасында күйеу жігіттің қалыңдығының ауылына арнайы баруы. Халық арасында оны «жыртыс сала бару», «есік көре бару», «қол ұстау» деп те атаған.

Мұхтар Әуезов «Абай жолында» бұл дәстүрді сипаттап: «Абайдың бұл келісі ұрын келу деп, жыртыс сала келу деп, кейде есік көре келу, қол ұстау деп те аталады. Өзге келістердей емес, күйеу бұл жолы, алғашқы күндерде талай нәрсеге көндіге білу керек. Сол өзгешеліктің үлкені – қалыңдықты көрсетпеу», – дейді.

Ғалым Г.А.Мейрманова ұрын барудың мерзіміне де тоқталып, «жігіттің ұрын бару аралығы 40 күннен аспауы керек, әрі жеті күннен кем болмауы шарт» деп жазады. Егер бұл міндет орындалмаса, ауыл қыз-келіншектері күйеуді әзіл-шыны аралас «ұрып-соғып», міндетін еске салған.

Ұрын бару кезінде қалыңдық ауылында арнайы киіз үй тігіліп, «ұрын той» жасалған. Ыбырай Алтынсарин жазып қалдырғандай, жігіт пен оның достарына бөлек үй әзірленген. Алғаш келгенде күйеудің аты ауылға кіргізіліп, тек қалыңдықтың сіңлісі немесе туысы ғана аттың шылбырына қол тигізетін. Сол үшін «атбайлар» сыйлығы берілген. Кейде күйеу жақтан киім-кешек, жыртыс әкеліп, қыз ауылына таратқан. Бұл – болашақ туыстықтың белгісі әрі елді қуанышқа ортақтастырудың жолы еді.

Ұрын бару – екі жастың некеге дейінгі алғашқы ресми кездесуі. Бірақ қыздың бетін ашып көрсетуге тыйым салынған. Бұл қазақы ұят-әдепті сақтау әрі «қыздың барған жерінде жүзі жарқын болсын» деген ырым. Ұрын бару арқылы жастардың арасындағы сүйіспеншілік нығайып қана қоймай, екі әулет те туыстыққа бейімделе түскен. Әдет-ғұрыптағы осы дәстүр қазақтың отбасы институтын сақтап, үлкен-кішіге өнеге болған.

Отқа май құю 

Күйеу жақ қызды алып қайтып келгенде «келін түсіру» тойы өтеді. Екі жастың отауы тігіледі. Келін үйге кіргенде алдымен «отқа май құю» рәсімі жүреді. Отқа май құйылған соң, жас келін сыйлы адамның қолынан тұңғыш шай ішеді. Осыдан кейін киіз үй ішінде келіннің басына ақ орамал (неке жаулығы) жабады. Дәстүр бойынша, орамалдың ұшынан теңге түйіп, оны күйеу баланың туыстары көтеріп жүреді. Әр аймақта ерекшелене жасалған «беташар» рәсімі басталады. 

Беташар 

Қазақ халқының үйлену тойындағы ең әсерлі әрі тәрбиелік мәні терең салттың бірі – беташар. Бұл – жаңа түскен келінді елге таныстырып, оған отбасылық өмірдің алғашқы мәнін түсіндіріп, ақ бата берілетін рәсім.

Келін – бір әулеттің жаңа мүшесі, болашақ ұрпақтың анасы. Сол себепті қазақ бұл ғұрыпқа айрықша мән берген. Беташардың басты идеясы – келіннің жаңа ортасына бейімделуі, үлкен-кішіге сәлем етіп, құрмет көрсету арқылы оның отбасына қабылдануы. Келін бетін ақ жамылғымен жабады. Жиналған жұрт алдында домбыра ұстаған беташаршы, көбіне суырыпсалма ақын немесе әзіл-қалжыңға жүйрік жігіт жырын бастайды. Ол бір жағынан елді күлдіріп, көңілін көтерсе, екінші жағынан келінге өнегелі өсиет айтады.

Жыр барысында жас келінге әулетті таныстырып, аруақтарға, шаңыраққа, әулеттің үлкендеріне, ата-енесін, қайын аға, қайындары, қайын әпке-қайын сіңлілеріне, абысын-ажындарына сәлем салдырады. Келін иіліп сәлем жасайды. Келіннің бетін қамшымен, домбырамен, кей өңірде оқтаумен ашып жатады. Бүгінде беташар рәсімінің кейбір элементтері өзгергенімен, мән-мағынасы сақталған. Кей жерлерде беташар тойдың сахнасында жүргізіледі, ал беташар жырын кәсіби асаба орындайды. Дегенмен басты шарт – келіннің жаңа отбасына сәлем беруі мен үлкендердің батасын алуы өзгермей келеді.

Беташар – жай ғана тойлық рәсім емес, қазақы тәрбиенің алтын арқауы. Ол жас келінге ізгі тілек айтылып, жаңа әулеттің бір бөлшегіне айналуын бейнелейді. Әрбір сәлем, әрбір бата – келіннің болашағына бағытталған рухани қазына.

Беташардан кейін үлкен әже немесе ене келіннің маңдайынан сүйіп, жүзік тағып, батасын береді. Одан соң «келін шай» рәсімі өтеді.

Келін шай

Келін шайды кей өңірде тәтті шай деп те жатады. Келін шайда дастарқан басына жиналған қауымға алғашқы шайды жаңа түскен келін құяды. Бұл – оның жаңа әулетке толық қабылданғанының белгісі. Бұл қарапайым шай ішу ғана емес, үлкен мағынасы бар ғұрып. Жаңа түскен келін алғаш рет дастарқан басына шығып, ағайын-туысқа өз  қолынан шай құяды. Дастарқанның дұрыс жайылуынан бастап, шайды құю әдебіне дейін дәл осы жерде сыналады. Сондай-ақ осы дастарқан арқылы келін «мен осы шаңырақтың келінімін, ендігі жерде дастарқанның иесі боламын» дегенді аңғартады. Ал туыстар жағы оған ризашылықпен сыйлық ұсынып, бата береді. Жас келіннің жанында абысын-ажындары, жеңгелері келіп, оған көмектесіп отырады. Келін шайды ықыласпен, инабаттылықпен құйып береді. 

Жалпы қазақтың үйлену тойы туралы айтқанда, бүгінгі күнгі салт пен дәстүрдің бұрмаланған тұстары да ойға оралады. Қазір тойдың шығыны көп, мәні аз, дәстүрден тыс нәрселерге толып кеткенін көпшілік сынға алып жүр. Жастарды төрге отырғызып қойып, сән-салтанатты көрсетудің өзі – кеңестік кезеңде пайда болған жат әдет. Бұл қазақтың мыңдаған жылдар бойы сақтап келген дәстүрлі отбасылық құндылықтарынан айырылған, орыс пен комсомол үлгісінің қойыртпағын араластырған дәуірдің сарқыншағы екенін де тарихшылар жазып келеді. Мәшһүр Жүсіптің шежірелері мен Абылай заманындағы оқиғалардан бастап, халық жадында тойдың мазмұны әр қимылы мен рәсімі арқылы тұтас бір театрлық қойылымға татитынын аңғарамыз. Ал бүгінгі тойларда жүздеген адамды жинап, даңғаза музыка қойып, асабаға сөз беріп, ысырапқа жол беріп жатамыз. Мұндай той жас отаудың емес, той бизнесінің айналасына құрылғандай әсер қалдырады. Қазақтың ежелгі дәстүрінде тойдың басты байлығы – жаңа түскен келіннің отау үйі, жасау-жабдығы, еншіге берілген мал-мүлкі еді.

Сондықтан бүгінгі ұрпаққа ой салатын бір ғана тұжырым бар: дәстүрге қайта оралу. Ұл өсірсең – қырық жетіні қамда, қыз өсірсең – жасауын әзірле. Үйлену тойының мәні – даңғойлық пен даңғазаға, ысырапта емес, екі жастың өз шаңырағын құрып, жаңа өмірін бастауында. Қазақтың ата-бабасы үйленуді – «үй болу» деп бекер айтпаған.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз