Алаш зиялылары арасындағы достық

16.09.2025
5479
Алаш зиялылары арасындағы достық - e-history.kz

ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының саяси-әлеуметтік өмірінде ерекше орын алған бір топ зиялылар қалыптасты.  Олар  алғаш рет Қазан, Орынбор, Петербор секілді ірі білім ордаларына барып, жоғары білім алған тұңғыш қазақ жастары еді.

Бұл буын қазақ даласының тарихында жаңа дәуірді бастап берді. Қазан университетінде, Қазан мұғалімдер семинариясында, Орынбордағы медреселерде оқығандардан кейін, ХХ ғасырдың басында Петерборға барып білім алған қазақ жастары – ерекше құбылыс болды.

Петербор – патшалық Ресейдің астанасы, империялық ғылым мен саяси ойдың орталығы еді. Сол қалаға барған қазақтың алғашқы студенттері қатарында Мұхамеджан Тынышбайұлы, Садуақас Шәлімбек, Халел Досмұхамедұлы, Әлихан Бөкейханмен байланыста болған жас буын, сондай-ақ Гүлсім Асфендиярова сынды тұңғыш қазақ қыздарының бірі бар еді. Олардың барлығы «Алаштың алғашқы оқығандары» аталып, кейін елдің саяси-мәдени дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Сол алғашқы оқығандар арасынан екі тұлғаны ерекше атап өтуге болады. Олар Мұхамеджан Тынышбайұлы және Садуақас Шәлімбек.  

Мұхамеджан Тынышбайұлы – қазақтан шыққан тұңғыш инженер-теміржолшы. Ол Верный (қазіргі Алматы) гимназиясын үздік тәмамдап, Петербордағы Императорлық жол қатынастары инженерлері институтына түсті. Ойшыл, зерек, кейінгі Алаш қозғалысының көрнекті қайраткеріне айналды.

Садуақас Шәлімбек– қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі. Ол да Верный гимназиясында оқып, Петербор университетінің медицина факультетінде білім алды.

Мұхамеджанның естеліктерінде айтылғандай, олар Алматы гимназиясында бірін-бірі таныған, себебі ол кезеңде қазақ балалары сирек оқитын. Тынышбаев жас шамасымен екі жас үлкен болса да, Садуақаспен достық байланыста болды. Кейін Петерборға барып, әртүрлі оқу орындарында оқи жүріп, бір-бірімен қарым-қатынасын үзген жоқ.

Достық қарым-қатынас кейін құдандалыққа ұласты. Мұхамеджан 1907-1908 жылдары Садуақастың қарындасы, Бақи ағасының қызы Гүлбахрамға үйленді. Бұл некеден бір ұл, екі қыз дүниеге келді. Ал Садуақас өз ағасы Бақидың досы, Омбы фельдшерлік мектебінде бірге оқыған Жакула Күшіковтің қызы Әзизаға үйленді.

Айта кету керек, Бақи Шәлімбек пен Жакула Күшіков – қазақтан шыққан алғашқы фельдшерлердің қатарында болды. Олар медицина білімін алып, елге қызмет етті.

Мұхамеджан Тынышбайұлы әйелі Гүлбахраммен бірге. (Болат Мүрсәлім құрастырған «Алашорда» фотоальбомынан)

Садуақас Шәлімбек оқуын тәмамдап, туған еліне дәрігер болып оралды. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары ел арасында түрлі індеттер жайлады. Сол ауыр кезеңде ол дерт жұқтырып, 1917 жылы мезгілсіз қайтыс болды. Оның қазасына досы әрі туысы Мұхамеджан Тынышбайұлы «Қазақ» газетіне жазған некрологта: 

«Марқұм Сәдуақаспен мен 1895-нші жылы танысып, жақын болдым. Сол жылы Сәдуақас Алматы гимназиясының 2-нші класына түсті, мен 4-нші класта едім. Гимназия бітіргенше бірге жүріп, бірге тұрдық. Сәдуақас 1902-нші жылы гимназияны күміс медальмен бітіріп, алдыңғы қатар жігіттермен Петербургта военно-медицинский академиясына түсті. Сонан 1906-ншы жылға шейін тағы да бірге жүріп, бірге тұрдық. Оқу бітірген соң марқұм Қарқаралы кетіп, сонда қызметпен тұрып қалды. 1910-ншы жылы Қоянды жәрмеңкесіне барғанымда Сәдуақастікінде бір жұма жатып едім, сонан кейін бір-бірімізді көргеніміз жоқ. Сәдуақас екеуміз жасымыздан ағалы-інілідей болып, бір жүріп, бір тұрып едік. Баяғы көп халыққа қиыншылық туғанда Петербургта да бірге жүріп, түрлі-түрлі жиылыстарда болып едік. Ағайын туғанның ортасына барып, әлім келгенше жұртыма қызмет қыламын деуші еді. Марқұмның халі 7 жылдық боларын кім білген! 1917-нші жыл Түркістан жағындағы ағайын-туғандарын аралап қайтпақшы еді, былтырғы жыл Әшірбек деген студент інісі өліп шыға алмады. Марқұм жаңа өспірім оқу бітіргендердің алдыңғы қатардағы талапкердің бірі еді. Дүние көрмеген бұл сұрапыл соғыстың халлакті талай жерге барды. Қарқаралыдан баратын жұмысшыларды қарап жүріп, сүзек ауруға душар болды. Артықша сүйіті жолдасым, достым, Сәдуақас қош! Туған жеріңнің топырағы жеңіл болсын!», - деп жазып,  қайраткер дәрігердің еңбегін елге танытты.

Петерборда оқыған қазақ студенттеріОңнан солға қарай қатарда: 1. Cәдуақас Шәлімбек, 2. Мұхамеджан Тынышбайұлы. 4. Гүлсім Аспандиарова

Алайда тағдырдың сынағы мұнымен бітпейді. 1922-1923 жылдары қазақ даласын ашаршылық пен ауру жайлаған шақта Мұхамеджанның жары Гүлбахрам да науқастан көз жұмды. Ол әкесіне жәрдемдесіп, ауруханада істеп жүргенде жұқпалы дертке шалдығып қайтыс болды. Мұхамеджан өзінің досы әрі қайын ағасы Садуақастың жесірі – Әзизаға әмеңгерлікпен үйленді. Бұл сол дәуірдің салты мен тағдыр тоғыстырған ерекше шешім еді.

Мұхамеджан Тынышбайұлының тағдыры жеке өмірінде де, қоғамдық қызметінде де заманының күрделі қайшылықтарын айқын көрсетеді. Оның досына, қайын ағасына адалдығы, дәстүрді сақтай отырып, жесір қалған Әзизаға әмеңгерлікпен үйленуі – қазақ қоғамындағы жауапкершіліктің, туыстық бірліктің айғағы. Бұл оқиға  бір жағынан ел ішінде қалыптасқан әдет-ғұрыптың жалғасы болса, екінші жағынан Алаш зиялыларының да тұрмыстық өмірінің халықтық салтпен сабақтасқанын көрсетеді. Алаштың алғашқы оқығандарының өмірі тек ғылым-білім жолымен ғана емес, тағдырдың күрделі сынақтарымен де өрілген. Петерборда қатар жүрген жастар кейін қазақ қоғамының тарихына айрықша із қалдырды. Бірі – инженер, бірі – дәрігер, бірі – ұстаз, бірі – саяси қайраткер атанып, елді алға сүйреді. Олардың өмір жолы – қазақ зиялыларының қалыптасу тарихындағы ең маңызды тараулардың бірі.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз