Қызбел – Жангелдин ауданы аумағындағы қырқалы жон. Ұзыннан созылып жатқан бұл қыр алыстан қарағанда қыз мүсінін елестетеді. Орта тұсынан жіңішкеріп келіп, бөгенге ұқсайтын бедері халықтық танымда ерекше қабылданғандықтан, жергілікті жұрт бұл нысанды «Қызбел» деп атаған.
Өңірдің өрілген тарихы
Топонимнің шығу тегі халықтың кеңістікке бейнелі көзқарасын көрсетеді. «Торғай» энциклопедиясында «қырқаның ұзындығы шамамен 60 км, ені 5-15 км аралығында, ал батыс бөлігіндегі ең биік нүктесі 232 м-ге дейін жетеді» делінген.Геологиялық тұрғыдан алғанда, ол неоген және палеоген дәуірлерінен бері қалыптасқан құмдақтар мен шөгінді жыныстардан түзілген. Беткейлері жазық болып келгенімен, сай-жыралармен тілімденген, бұл жер бедерінің морфологиялық ерекшелігін айқындайды. Қызбел қырқасы табиғи шекаралық нысан ретінде де сипатталады: оның оңтүстік-шығысы Жыланшық өзенінің аңғарымен, солтүстігі Қабырға жотасымен, ал оңтүстік-батысы Торғай қақпасымен түйіседі. Бұл қырқаның кеңістіктегі орны аймақтың географиялық құрылымын толықтырып, табиғи жүйенің тұтастығын қамтамасыз етеді.

Қызбелдің баурайында Жангелдин ауданының бірнеше елді мекендері орналасқан. Аймақ ежелден мал шаруашылығына қолайлы, шұрайлы жайылымдарымен ерекшеленеді. Сондықтан ол тек табиғи-географиялық нысан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік-шаруашылық тұрғыдан да маңызды аумақ болып табылады. Кеңестік кезеңде елді мекендер жүйесі қалыптасып, 1920-1930 жылдары жаңа қоныстар пайда болды. Қазіргі кезде Қызбел өңірі Жангелдин ауданының маңызды ауылдық орталықтарының біріне айналған. Бұл жердің табиғи-географиялық ерекшеліктері мен шаруашылық мүмкіндіктері жергілікті халықтың өмір салтына тікелей ықпал етіп отыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, Қызбел өзі жеке ауылдық округі. Қызбел ауылы Торғай орталығына 140 км қашықтықта орналасқан. Жангелдин ауданы аумағындағы әкімшілік бірлік. Округ құрамына Саға, Ұзынқарасу, Шобан елді мекендері кіреді. Бұл елді мекендердің орталығы – Қызбел ауылы.
Жырға қосылған мекен
Қызбел – Торғай даласының көрікті өлкелерінің бірі. Бұл мекеннің табиғи сұлулығы мен айрықша болмысы талай қаламгердің шабытын оятқан. Нұрхан Ахметбеков, Фариза Оңғарсынова, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Назарбек Бектемісов, Ақылбек Шаяхмет және басқа да ақындар Қызбелге арнаған жырларында оның көркем табиғатын, елдік рухын асқақтата бейнелеген. Қызбел тек поэзияда ғана емес, прозада да көрініс тапқан. Сәбит Мұқановтың әйгілі «Мөлдір махаббат» романы мен Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» шығармасының идеялық желісі осы өңірдің табиғаты мен тарихи-әлеуметтік болмысымен тығыз байланысты. Ақын Сырбай Мәуленов Қызбел өңірі, Қоңыраулы жағасы, Қыземшек тауы жайлы:
Қойынынан шығады,
Асыр салып мың бұлақ.
Қыземшекті шыңдары,
Көрінеді бұлдырап.
Жатыр жанды әлдилеп,
Қызбел десе, Қызбелдей.
Бір сұлу қыз би билеп,
Сахарада жүзгендей, - деп жырлайды.

Жергілікті өлкетанушы Амандық Әмірхамзин Қызбел тауының топонимикасы жайлы «Ертедегі аңыз бойынша, елге сыйлы «Асан ата» Қызбел тауына барып, дұға оқып тұрады екен. Бірақ өзімен бірге ешкімді ертпей және ол жаққа ешкімнің бармауын қатаң қадағалайды екен. Бір күні Асан ата шаруа барысында ел аралап кетеді. Жүрер алдында баласына Қызбел тауына бармауын қатты тапсырады. Баласы Қызбел тауына барып, дұға оқып, елдің саулығын тілеп, әкесінің барма деген себебін білмек болып, таудың үстіне шығады. Тау үстінде ұзыннан жарқырап жатқан айдаһарды көреді де, қылышын алып, айдаһардың құйрығын шауып тү¬сіреді. Ызаланған айдаһар батырды атымен қоса жұтып жіберген екен. Асан қайғы айдаһардан баласын сұрайды. Сонда айдаһар: «Е, саған бала қайғы болса, маған құйрық қайғы» депті. Асан қайғы қолындағы таяғымен жерді нұқып қалғанда жер қақ айырылып, айдаһар жарылған жерге түсіп жоқ болған екен дейді. Осы жер күні бүгінге дейін «Қайғы» аталады. Нақ сол жерге баласына арнап, төрт кереге тасты жерге кіргізіп, белгі соғыпты. Асан ата содан бастап, өз атына қайғы атын қосып Асан қайғы атанған екен. Жылантау мен Қызбел тауының түйісер тұсынан бастау алатын қос өзенінің бірі Үлкен қайғы, екіншісі Кіші қайғы деп аталады. Алғашқысы Асанның құрметіне, екіншісі баласының құрметіне аталған дейді. Бұл жерлер әлі бар, біз әңгімеге тиек етіп отырған Қызбел ауылынан 60 шақырым жерде. Мұндағы жер аттары қазіргі күнге дейін солай аталады, ал айдаһардың жайына келсек, кім біледі, ерте заманда бұл жерде айдаһар да жайлаған шығар, егер, мысалы, мен киіктер бұрын мыңдап далада кездесетін еді десем, балаларым бұған сенбес еді.», - деп жазады.
Қоңыраулы сағасы
Қызбел ауылы Қоңыраулы өзенінің жағасында орналасқан. Сарыөзен (Қоңыраулы) – Торғай өңіріндегі табиғи су жүйесінің маңызды тармақтарының бірі. Суы мол жылдары Тәуіш өзені арқылы Торғай өзеніне қосылады. Өзеннің ірі саласы – Үлкен Дәмді өзені. Арнасының ені орта есеппен 20-50 метрді құрайды, ал кейбір тұстарында 160 метрге дейін кеңейеді. Жайылмасының ені әдетте 10-40 метр аралығында болса, суы мол жылдары 60-80 метрге дейін жетеді. Сарыөзеннің су режимі маусымдық ерекшеліктерге тікелей тәуелді. Көктемгі қардың еру кезеңінде, сәуір-мамыр айларында, өзен тасыған кезде су деңгейі 2,5 метрге дейін, кей жағдайда 4,8 метрге дейін көтеріледі. Су қоры негізінен көктемгі жауын-шашыннан және ішінара жер асты суынан толығады. Жылдық орташа су ағымы сағасында 3,57 м³/с шамасында тіркелген. Жаз айларында өзен арнасы тартылып, ағысы бәсеңдейді. Нәтижесінде өзеннің кейбір бөліктерінде тұйық иірімдер мен қарасулар пайда болады. Сарыөзен өз бастауларын Сарыадыр қыратынан алады да, оңтүстікке қарай ағып, Саға ауылының тұсында Сарықопа көліне құяды. Өзеннің бастау алатын аумағы қыратты-жонды келгендіктен, арнасы бастапқы бөлігінде тар әрі ағысы ширақ болады. Төмен қарай жылжыған сайын өзен арнасы кеңейіп, жайылмалы алқаптарға таралады.
Қызбел ауылының келбеті Қыземшек тауы. Бұл қыралы жота жайынан жоғарғыда дерек берген болатынбыз. Бұл тауды қазақтың ірі ақыны Ғафу Қайырбеков «Қызбел суреттері» балладасында:
…«Арқаның жер сұлуы жалғыз мен! – деп, –
Өзгенің салтанаты менен кем!» – деп,
Жамылып жер-дүниеде бар асылды,
Тәкаппар Қызбел тауы жатыр көлбеп.
Қиылған аруға ұқсап қыпша белі,
Шақырып тұрғандай-ақ: «мұнда кел!» – деп.
Тамаша төсіндегі Қыземшек тау,
Болмаса жүрегің тас, әсер бермек!», - деп жырға қосады.

Қызбел өңірі – тек табиғатымен ғана емес, ел тарихында өзіндік із қалдырған тұлғаларымен де қастерлі мекен. Бұл далада ел қорғаған батырлар, елдің рухани өмірін байытқан абыздар мен қожалар, ұлттың азаттығы үшін күрескен қайраткерлер, халықтың мәдениетіне, ғылымына, өнеріне зор үлес қосқан азаматтар дүниеге келген. Қызбел төсінде өсіп, елдің тәуелсіздігі жолында күрескен Өтей батыр мен Қарсақ батырдың ерліктері халық жадында сақталған. Олар XVIII–XIX ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы мен түрлі сыртқы қауіп-қатерлер кезінде ел қорғаны болған. Ал Назар абыз бен Оспан қожа, Әбдірахман Иманқұлұлы сынды рухани көсемдер халықтың діни-имандылық өміріне ықпал етіп, әділдігі мен көрегендігі арқылы елдің рухын көтерген. Бұл өңірден шыққан ең ірі тарихи тұлғалардың бірі – қазақтың ұлы ағартушысы, жазушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлы. Оның «Оян, қазақ!» атты жинағы ұлтты оятқан тарихи туынды ретінде қазақ руханиятының алтын қорына енген. Сондай-ақ Сейдазым Қадырбай Алаш идеясының өркендеуіне үлес қосқан қайраткерлер қатарында. Күдері Жолдыбайұлы, Асқар Закарин, Фазылхан Бәйімбетов, Сайлау Байзақов, Сәбит Байзақов, Едірес Сейілов, Нариман Қыпшақбаев, Абай Байтоғаев, Бақытбек Қошмағамбетов, Қайсар Әлім, Таңатқан Сәтбаев, Жұмағали Арғынбаев, Таңатқан Досмағамбетұлы, Әлібек Қасымов, Асқар Дулатов, Айбек Байзақов – бұлардың бәрі Қызбел өңірінің тарихы мен рухани келбетін айқындаған, әр салада із қалдырған айтулы тұлғалар.
Ұлт ұраны
Қызбел ауылында қазақтың көрнекті ағартушысы, ақыны, жазушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының кесенесі. Бұл киелі орын тек қана ұлт руханиятының емес, сондай-ақ елдік тарихымыздың да айшықты белгісі болып табылады. Кесенеде ұлы тұлғаның бейнесі бейнеленген, ескерткіш тасы орнатылған. Сонымен бірге кіндік қаны тамған жерде арнайы белгі қойылып, Міржақыптың туған жерін айшықтап тұр. Міржақып Дулатұлы 1885 жылдың 25 қарашасында бұрынғы Торғай уезінің Сарықопа болысы, Қызбел ауылында дүниеге келген. Ол қазақ халқының XX ғасыр басындағы аса ірі ағартушысы, ақыны, жазушысы, педагогы әрі Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері. 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген оның атақты «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы қазақ қоғамындағы түрлі әлеуметтік топтардың бәріне ортақ үн тастап, халықты ұлт азаттығына, оянуға, білімге шақырды. Ал 1910 жылы Қазанда басылып шыққан «Бақытсыз Жамал» романы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш көркем прозалық шығарма ретінде тарихта қалды. 1920-1930 жылдары ол «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінде, «Қызыл Қазақстан» журналында редакциялық қызмет атқарды. Сонымен қатар ол аудармашылықпен айналысып, қазақ оқырмандарына әлемдік әдебиет үлгілерін таныстырды. Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі ретінде Міржақып Дулатұлы кеңестік билік тарапынан қуғынға ұшырады. 1928 жылдың аяғында қамауға алынып, 1930 жылы бастапқыда ату жазасына кесілгенімен, кейін жаза мерзімі 10 жылдық лагерьге ауыстырылды. Ол ауыр жағдайда айдауда жүріп, 1935 жылдың 5 қазанында Карелия АКСР-і, Беломор ауданы, Сосновец темір жолы станциясында дүниеден өтті. Ұлттық тарихымыздағы әділетсіздік жылдарынан соң, 1988 жылдың қараша айында Міржақып Дулатұлы ресми түрде ақталды. 1992 жылдың қазан айында оның сүйегі туған еліне әкелініп, Қызбел ауылдық округіне қарасты Бидайық ауылында қайта жерленді. Осы жерде бүгінде еңселі кесене тұрғызылып, ол халықтың тағзым етер қасиетті орнына айналды.


Болашаққа бағдар
Қызбелдің бүгінгі гүлдену кезеңі – өңірдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыдан жаңғыруының айқын көрінісі. Ауылдың дамуында мемлекет тарапынан жүзеге асырылып отырған «Ауыл – Ел бесігі» және өзге де бағдарламалар үлкен рөл атқаруда. Соның нәтижесінде елді мекеннің әлеуметтік бейнесі жаңарып, тұрғындардың тұрмыс сапасы жақсарды.

Әлеуметтік салада білім беру мен денсаулық сақтау нысандары кезең-кезеңімен жаңартылып, ауылдық мектептер мен амбулаториялар қайта жөнделуде. Мәдениет үйлері мен кітапханалар ауылдың рухани орталығына айналып, халықтың бас қосатын, жас ұрпақтың тәрбиесі мен өнерін дамытуға жағдай жасалып отыр. Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай жетістіктер байқалады. Ауыз су жүйесінің тартылуы, электр желілерінің жаңартылуы, жолдардың жөнделуі, сондай-ақ заманауи интернет байланысының орнатылуы Қызбел тұрғындарының өмірін жеңілдетіп қана қоймай, ауылды заман талабына сай дамытуға негіз болды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, ауыл шаруашылығы – өңірдің негізгі тірегі болып отыр. Мал және егін шаруашылығы дамып, кооперативтер құру арқылы өнімдерді нарыққа шығару жолға қойылды. Жастардың шағын кәсіпкерлікке бет бұруы ауыл экономикасына жаңа серпін беруде. Мәдениет пен туризм саласында Қызбелдің мәртебесі арта түсуде. Бұл өңірде қазақ руханиятының көрнекті өкілі, Алаш қозғалысының көшбасшысы Міржақып Дулатұлының кесенесі орналасқан. Қалам қайраткерінің 140 жылдығына арналған іс-шаралар мен әкімдік жұмыстары Қызбел ауылына айрықша назар аудартып отыр. Оның тұлғасы мен мұрасы Қызбелді ұлттық құндылықтар ошағы ретінде танытып, туристер мен зияратшыларды тартуда. Сонымен қатар, табиғатымен үйлескен тарихи орындар мен жергілікті киелі нысандар да ауылдың мәдени-рухани маңызын арттырып отыр. Қызбелдің бүгінгі гүлденуі – табиғи байлықты тиімді пайдалану, тарихи мұраны сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу және қазіргі заман талаптарына бейімделу арқылы жүзеге асуда. Бұл өңір – өткен мен бүгінді жалғап, болашаққа нық қадам басқан қазақ даласының бірегей аймағы.
Суреттер ашық дереккөздерден алынды