Маңғыстау жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесі Қазақстан Президентінің жеке бақылауында болды, – деп хабарлайды E-history.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанға ЮНЕСКО жанындағы Ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңестің (ИКОМОС) техникалық бағалау сарапшысы, профессор Фиген Кывылджым Чоракбаш келді. Ол елімізге Маңғыстау жерасты мешіттерін жан-жақты зерттеу үшін арнайы келген болатын.
Сарапшыны Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қабылдады. Кездесу барысында тараптар биыл ЮНЕСКО-ға ұсынылған «Маңғыстаудың жерасты мешіттері» номинациясын қарау барысын талқылады.

Аида Балаева жерасты мешіттерін Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мәселесінің мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке бақылауында екенін атап өтті. Министр профессор Чоракбаштың қорытындысы Қазақстанның бірегей мәдени нысанын Адамзаттың Бүкіләлемдік мұрасының бір бөлігі ретінде мойындатуға айрықша үлес қосатынына сенім білдірді.
Маңғыстау жерасты мешіттері – монолитті жартастардан қашалып жасалған, жер астына ойылып салынған сәулет туындылары. Бұл нысандар ежелгі тарих пен ислам өркениетінің сабақтастығын паш етіп, туристердің ерекше қызығушылығын тудырды. Аңыздарға сәйкес, ислам дінін насихаттаған уағызшылар Хорезмнен Маңғыстау даласына келген.

Қасиетті жерасты мешіттердің ішіндегі ең танымалдарының бірі – Шопан-ата. Ол бір-біріне қосылған 12 шағын бөлмеден тұрады. Әр бөлме өзіндік мағынаға ие: бірі діни рәсімдер өткізуге, бірі балаларды оқытуға, бірі тұрмыстық қажеттіліктерге арналған. Бөлменің дәл ортасындағы ағаш орналасқан жер қасиетті саналды.

Сондай-ақ аймақта Қараман-ата мен Шақпақ-ата мешіттері бар. Қараман-ата – бірнеше намаз оқитын бөлмелері мен оларды жалғайтын дәліздері бар ерекше діни-сәулеттік кешен. Ал Шақпақ-ата – Арал-Каспий аймағындағы қабырғалары жазу-сызулармен және суреттермен көмкерілген бірден-бір ескерткіш. Оның ішінде бірнеше бөлме, қуыс-ойықтар, тақуаларға арналған жасырын орындар болған.

1965 жылы құрылған ИКОМОС – тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қорғау ісімен айналысатын беделді ұйым. Кеңес БҰҰ-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған нысандарды бағалап, олардың әлемдік маңызын айқындайды.