Ұлттық музейде тарихтың жаңа беті ашылды

17.09.2025
6442
Ұлттық музейде тарихтың жаңа беті ашылды - e-history.kz

Кеше ҚР Ұлттық музейінде мемлекеттік органдардың өкілдері, мәдениет ұйымдарының қызметкерлері, ғылыми қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен Этнография залының ресми ашылу салтанаты өтті

Жаңа залдың ашылуы – қазақ халқының бай мәдени мұрасын кеңінен танытып, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. 

Жаңа залдың ашылу барысы, жәдігерлердің тарихы жайлы Ұлттық музей директоры  Берік Әбдіғалиұлы: 

«Бүгін біз өзімізге шағын болса да салтанатты шара ұйымдастырып отырмыз. Себебі музейімізде түрлі экспозициялық жұмыстар жүргізіліп, көрмелер саны да артып келеді. Ең бастысы – бұрыннан арман еткен үлкен мақсатымыз орындалып отыр: қазақ этнографиясына арналған бөлек зал ашылды. Неге бізде зергерлік бұйымдарға, сәукеле мен сақинадан бастап белдікке дейінгі қасиетті мұраларға арналған арнайы орын жоқ деген ой көптен бері мазалап жүр еді. Аллаға шүкір, музейіміздегі өткен көрмелердің, өз күш-жігеріміздің арқасында бүгінде сондай зал ашып отырмыз.

Қазіргі таңда жаңа залға 47 текемет пен сырмақ қойылып жатыр. Біздің музей қорында 150-ден астам текемет, сырмақ, құдаларға арналған бұйымдар бар, бірақ олардың көпшілігіне бұрын орын табылмаған еді. Енді солардың ішінен ең құндысын, мән-маңызы тереңдерін арнайы көрсетіп отырмыз. Бұл залдың негізгі мақсаты – халқымыздың киіз өнерін, кілемдері мен сырмақтарын көрсету, олардың тарихын ашу. Мәселен, екі жарым мың жылдық тарихы бар көне бұйымдар белгілі. Солардың қатарында Базарлықта табылған, қазір олардың түпнұсқасы Эрмитажда сақтаулы. Ол жерде киіз де, қошқар мүйіз өрнектері бар текеметтер де көрсетілген. 

Біз сол дәстүрдің үзілмей келе жатқанын, аналарымыз бен әжелеріміз әр өңірде өз ерекшелігімен киіз басып, сырмақ сырып, текемет жасауды жалғастырып отырғанын көрсетуге тырысып отырмыз. Яғни, біздің мақсатымыз – халқымыздың мәдени мұрасын, ұлттық қолөнердің бай дәстүрін бүгінгі ұрпаққа кеңінен таныту»,- деді.

Этнографиялық мұра – бұл тек өткеннің ізі емес, сонымен бірге қазақ халқының дүниетанымын, салт-дәстүрін, эстетикалық талғамы мен рухани құндылықтарын айқындайтын ұлттық болмыстың негізі. Жаңадан ашылған зал – музей қорындағы ең таңдаулы жәдігерлерді көпшілікке ұсынатын, мәдени мұраны кеңінен насихаттайтын ерекше орта болып отыр. ЮНЕСКО-дан сапа белгісін алған қолөнерші, этнограф Бұлбұл Кәпқызы Этнография залының ашылғанына тілектес бола отырып, бүгінгі қолөнер жайлы: 

«Қазіргі таңда Қазақстанда қазақтың ұлттық қолөнері, әсіресе кілем тоқу, алаша тоқу, текемет басу, сырмақ сыру, ши тоқу, кесте өнері үлкен сұранысқа ие болып отыр. Шеберлеріміз ата-бабамыздан қалған үлгілерді жаңғыртып, бүгінгі күнге бейімдеп жасап келеді. Бұл – ұлттық өнеріміздің қайта жаңғырып, жаңа дәуірге аяқ басқанын көрсетеді.

Сондықтан осындай этнографиялық залдың ашылып, қазақтың ұлттық өнерінің, соның ішінде тоқыма өнерінің, кілем, алаша, текемет, киіз, сырмақ және кесте өнерінің дәріптеліп жатқанына ерекше қуаныштымын. Қазақтың ұлттық коды саналатын осындай өнерді қайта жаңғыртып, халық санасына сіңіру – үлкен игі іс. Бүгінде Астана қаласына арнайы шақырылып, Астана технологиялық колледжінде дәстүрлі қолөнер мен қазақтың сәндік-қолданбалы өнері бойынша факультеттің ашылуына атсалысып жүрмін. Осы істің стандарттарын бекітуге де үлес қосып, жанымызды салып еңбек етудеміз. Сондықтан қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеп, арнайы этнографиялық зал ашып, халықтың рухани санасына сіңіріп жатқан баршаңызға шын жүректен алғысымды білдіремін», - деді.

Этнография залында барлық қабырғаға ілінген кілемдер мен текеметтер кірген сәтте басты назарды аударады. Әлемдегі ең үлкен кілем музейі Әзірбайжан ұлттық кілем музейі деп атасақ, болашақта Қазақстанда да осындай кілем музейі жеке ашылып, өзінің тарихи мазмұнымен ел тарихы мен мәдениетін байытады деп ойлаймыз. Оған қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, кілем үлгісі, салт-дәстүрі, ұлттық құндылықтары толық жеткілікті. Музей директоры әрі тарихшы, ғалым Берік Әбдіғалиұлы да кілем тарихына ерекше мазмұн беріп, болашақта осы игі шара кеңейтілетінін айтқан-ды. Залға қойылған кілемдердің тарихы, олардың сақталу реті, қордағы кілемдер жайын музейдің  қор сақтаушы Гүлсім Мұқашева: 

«Бұл жерде біздің қорда сақталған, бұрын түрлі көрмелерге шықпаған құнды бұйымдар қойылды. Атап айтқанда, XIX–XX ғасырға жататын қазақтың дәстүрлі текеметтері, сырмақтары, алашалары және түкті кілемдері бар. Көріп отырғаныңыздай, экспонаттардың басым бөлігі ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіне жатады. Өйткені біздің музейіміз салыстырмалы түрде жас – ашылғанына он бір жыл шамасында ғана болды. Осы уақыт ішінде қорымыз әртүрлі жолмен толықты: кейбір бұйымдар еліміздің өңірлерінен сыйға тартылды, ал кейбірі арнайы сатып алынды. Бұл текеметтер мен кілемдерді кезінде қазақтың келіншектері мен апалары өз қолымен тоқыған. Экспонаттардың көбі Оңтүстік Қазақстан өңіріне тән қолөнер үлгілері болып келеді. Қорға түскен әрбір жәдігер біз үшін аса қымбат. Сол себепті олар көздің қарашығындай сақталады. Ай сайын арнайы дезинфекция және дезинсекция шаралары жүргізіледі. Бұл кілемдерді көбелек, құрт, құмырсқа секілді жәндіктерден және тышқаннан қорғау үшін жасалады. Қазіргі таңда музей қорында 150-ден астам кілем бар. Соның ішінде жаңа залға 47 кілем қойылып отыр», - деді. 

Залдың экспозициясында көрермен қауымға қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ Орталық Азия халықтарының да XIX–XX ғасырлардағы мәдени мұралары ұсынылған. Олардың қатарында зергерлік әшекейлер, дәстүрлі ұлттық киімдер, киізден дайындалған тұрмыстық бұйымдар, алуан түрлі кілемдер мен ағаштан жасалған жиһаз үлгілері бар. Бұл жәдігерлер халықтың тұрмыс-салтынан, дүниетанымынан және эстетикалық талғамынан сыр шертеді. Қазақтың зергерлік бұйымдары – ұлттық қолданбалы өнердің ең озық үлгілерінің бірі. Олар тек әшекей ретінде ғана емес, белгілі бір символикалық мағынаға да ие болған. Әшекей бұйымдарын тағу арқылы адамдар өздерінің әлеуметтік мәртебесін білдірген, сонымен қатар түрлі тылсым күштерден қорғануды да мақсат тұтқан. Сондықтан зергерлік әшекейлер халық арасында сұлулық пен сәнділіктің ғана емес, қорғаныштық қызметтің де нышаны болып саналды. Жалпы залдың ішкі бөлімі, құнды жәдігерлердің тарихы жайлы «Экскурсия» бөлімінің маманы Мулькаман Назерке: 

«Жаңадан ашылған «Қазақтың дәстүрлі мәдениеті» залы – біздің екінші үлкен залымыз. Бірінші зал музейдің үшінші қабатында орналасқан. Жалпы бұл жаңа зал төрт негізгі бөлімнен тұрады: кілемдер, киізден жасалған бұйымдар, әшекей бұйымдар және қазақтың ұлттық киімдері.

Әшекей бұйымдары өз ішінде төрт топқа бөлінген: белдік әшекейлері, мойынға тағылатын әшекейлер, бас әшекейлері және қолға арналған әшекейлер. Белдіктер бөлігінде ер адамдарға арналған белдіктер ерекше орын алған. Олардың өзі үш түрге бөлінеді: күнделікті тағатын белдік, жорыққа немесе соғысқа шыққанда тағылатын белдік және салтанатты жиындарға арналған белдік. Соңғысы көбінесе барқыттан жасалып, күміс жапсырмалармен әшекейленген.

Залда тұрмыстық-гигиеналық құралдар да көрсетілген. Олардың қатарына тіс шұқитын таяқша, құлақ тазалайтын таяқша және тырнақ тазалағыш сияқты бұйымдар кіреді. Бұдан бөлек, темекі бұйымдарына арналған қобдишалар да бар. Олар көбінесе отыз бес–қырық жастан асқан ер адамдар мен әйелдер арасында кеңінен қолданылған. Сондай-ақ тарақ салатын қобдишалар мен иіссу құятын ыдыстар да қойылған. Бұл зал қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің бай мұрасын көрсетіп, ұлттық қолөнердің сан қырын танытады», - деді. 

Залда қойылған әрбір әшекейдің пішіні, қолданылған өрнектері мен композициялық құрылымы өзіндік мағына жүктеген. Мысалы, геометриялық және зооморфтық өрнектер табиғатпен байланыс пен ғарыштық үйлесімділікті бейнелесе, өсімдік тектес ою-өрнектер өмірдің жалғастығы мен берекені білдірген. Бұдан бөлек, әшекейдің жасалуына пайдаланылған материал ерекше мәнге ие болған. Зергерлер алтын, күміс секілді асыл металдармен қатар түрлі бағалы және жартылай бағалы тастарды да шебер қолданған. Тастарды таңдауда олардың тек табиғи сұлулығы ғана емес, сонымен бірге халық сеніміндегі емдік әрі магиялық қасиеттері ескерілген. Мәселен, ақық (ақық тас) – бойға қуат береді, көз тиюден қорғайды деп сенген; ал көгілдір түсті лағыл – тыныштық пен сабырдың нышаны саналған. Осылайша, зергерлік өнер үлгілері тек сәндік қолөнер туындылары ғана емес, халықтың дүниетанымы мен рухани құндылықтарының айнасы болып табылады.

 Залда қойлыған жүзіктердің тарихы, олардың сақталуы, салт-дәстүрмен байланысы жайлы «Экскурсия» бөлімінің маманы Мулькаман Назерке: 

«Жаңа залда сақиналардың бірнеше түрін көруге болады. Соның ішінде ерекше орын алатыны – құдағи жүзік. Құдағи жүзікті қыздың анасы күйеу жігіттің анасына сый ретінде тартқан. Ол екі саусаққа тағылады және екі отбасының құдандалы болып, туысқандық байланыс орнатқанын білдірген. Келесі түрі – отау жүзік. Бұл жүзік жаңадан неке қиған жастарға сый ретінде ұсынылған. Оның мәні жас отаудың бақытты, берекелі болуын тілеу. Сонымен қатар залда құсмұрын жүзік те қойылған. Оның атауы құстың тұмсығына ұқсас пішінінен шыққан. Дәстүр бойынша, қыздың анасы осы құсмұрын жүзікті қызының қолынан шешіп алып, арнайы матаға орап, жасауымен бірге ұзатып жіберген. Қыз тұрмысқа шыққаннан кейін інілері мен ағалары жағдайын білу үшін барған кезде, жас келін өзіне жақсы қаралып, жағдайының жақсы екенін білдіру мақсатында осы құсмұрын жүзікті төркініне қайта жіберген. Ал егер бұл жүзік қыздың төркініне қайтып келсе, анасы арнайы той жасап: «Менің қызымның жағдайы жақсы, оған жақсы қарайды» дегенді көпшілікке жария еткен», - деді. 

Залда ер адамдар мен әйелдердің, қалыңдық пен күйеу жігіттің дәстүрлі киім үлгілері көрерменге ұсынылған. Бұл реконструкцияны белгілі суретші Естай Даубаев жасап, ұлттық киім үлгілерін тігу ісін шебер Айжан Абдубаитова жүзеге асырған. Қазақ халқының болмысын, дүниетанымын, тұрмыс-салтын бейнелейтін ұлттық киімдерден ою-өрнектің алуан түрлі формалары мен зергерлік әшекейлердің үйлесімін байқауға болады. Әрбір сәндік элемент – халықтың эстетикалық талғамымен қатар, дүниетанымдық мән-мағынасын да айқындайды.

Экспозиция аясында киім үлгілерінен бөлек, көшпелі қоғамның күнделікті тұрмысында кеңінен қолданылған үй жиһаздары мен тұрмыстық заттар да қойылған. Олардың қатарында қазақтың дәстүрлі сандығы, кебежесі, асадалы және басқа да бұйымдар бар. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз тұрмыста аса көп жиһаз пайдаланбағанымен, әрбір қолданбалы затты көркемдеп, ою-өрнекпен безендіруге ерекше көңіл бөлген. Бұл қазақ қолөнерінің эстетикалық әрі функционалдық сипатын көрсететін бірегей дәстүр. Келушілер назарына барлығы 258 жәдігер ұсынылған.

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері ғасырлар бойы жалғасқан дәстүрлердің сабақтастығы арқасында бүгінгі күнге жетті. Бүгінде бұл өнер көне мұраның негізін сақтай отырып, жаңа бағыттармен толығып, шығармашылық өрлеудің жаңа кезеңіне аяқ басты. Этнографиялық экспозицияда ұсынылған жәдігерлер – ұлттық өнердің үздік үлгілерін паш етіп қана қоймай, оның болашаққа жалғасар мәдени мәнін айқындайтын құнды мұра.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз