Бір әннің тарихы: «Қарағым-ай»

Автор:
27.08.2025
7212
Бір әннің тарихы: «Қарағым-ай» - e-history.kz

Сурет: Ашық дереккөз

Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Қарағым-ай» әні алғаш халыққа жеткенде, көпшілік оның кімге арналғанын әрқилы жорыды. Бірі «бұл – жауапсыз махаббаттың сарыны» десе, енді бірі «орны толмас өкініштен туған туынды» деп топшылады. Тыңдарман әр жолынан өз өмірін, өз сезімін тауып, әнді жүрекке жақын қабылдады. Бірақ онда көпшілік білмейтін бір шындық бар еді. Бұл әннің шығу тарихы махаббат хикаясына да, жеке қайғы-қасіретке де тікелей байланысты емес-тін...

Әуеннің авторы – белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев. Ол көп балалы, қарапайым отбасында дүниеге келген. Балалық шағы сынаққа толы болды. Бес жасында әкесінен айырылып, тірегінен ерте көз жазып қалды. Арқа сүйер әке жоқтығы, бала жүректің жадаулығы оның өміріне сызат түсірді. Кейін Күлшат есімді әпкесі он тоғыз жасында кенеттен дүние салғанда, бұл қайғы оны одан сайын есеңгіретті. Ерте үзілген жастық ғұмыр, тағдырдың тауқыметі Кеңестің жүрегінде өшпес із қалдырды.

Уақыт өте келе Кеңес Дүйсекеев өнерге қадам басып, шығармашылық жолын бастағанда, бала күнінен жүрегіне түйілген ауыр сағыныш қайта жаңғырды. Ол әпкесінің рухына тағзым етуді, оның қысқа ғұмырын өнер арқылы мәңгі есте қалдыруды қалады. «Егер әкем тірі болып, әпкем өз босағасынан ұзатылып бара жатқанда, әкем ақ батасын беріп тұрып, қызына осы әнді арнар еді» деген ой көкейінен кетпеді. Сөйтіп жүрегін тербеткен бір арманнан әуен туды.  Осы толғаныс пен сағыныштан туған саз кейін халықтың жүрегін баураған «Қарағым-ай» әніне айналды.

Әуен дүниеге келгеннен кейін Кеңес Дүйсекеев оны сөзбен әрлеуді ақын досы Шөмішбай Сариевке тапсырады. Ақынның айтуынша, әннің мәтіні белгілі бір өлшемнен бастау алады. Алдымен буын саны мен қайырманың құрылымы есептеліп, содан соң ғана шабытқа жол ашылады. Шөмішбай аға әсіресе «Қарағым-ай» сөзінің терең мағынасына назар аударады. Бұл сөзді қазақ халқы ықылас пен мейірімнің белгісі ретінде әу бастан қолданып келген. Әке баласына, аға қарындасына, отағасы жарына арнайтын жылы сөздің бірі. Сондықтан да ол бұл туындыны жеке бір адамға емес, бүкіл халыққа ортақ шығарма деп бағалайды.

Кеңес Дүйсекеевтің әуені мен Шөмішбай Сариевтің өлеңі тоғысқанда туған туынды аз уақыттың ішінде тыңдарман жүрегін баурап алды. Ал Нұрлан Өнербаевтың орындауында «Қарағым-ай» халықтың көз жасын сығып, талай шаңырақтың шырақ әніне айналды. Кейін ол туған жердің шегінен асып, бүкіл әлемге танылды. 1990-жылдары ғарышкер Талғат Мұсабаев ғарыш төрінде жүрген сәтінде оған осы әннің сәлем ретінде жолдануы шығарманың халықтық қуаты мен мәңгілік құндылығын тағы бір дәлелдеді.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз