Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық мұраға құрмет: Нұрпейіс Байғаниннің көне домбырасы қайта жаңғыртылуда

1632
Ұлттық мұраға құрмет: Нұрпейіс Байғаниннің көне домбырасы қайта жаңғыртылуда - e-history.kz

Ұлттық домбыра күніне орай Құдайберген  Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің студенті Нұрбек Байғанин тарихи аспапты жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығы мен мәдени мұраны ұлықтауда тың бастама көтерді.

Жұбанов университетінің баспасөз дерегінше, шебер Нұрбек Байғанин халық ақыны, дәстүрлі өнер өкілі Нұрпейіс Байғаниннің шөбересі. Ол ата-бабасынан қалған домбыраны қайта жасау арқылы ұлтының тарихына тағзым етуде. Бұл аспапты кезінде Нұрпейіс Байғанин өз ұлы Момын Байғанинге арнап жасаған. Алайда жылдар өте домбыраның тек құлағы ғана сақталыпты.

«Нұрпейіс атамның қолынан шыққан бұл домбыра – біздің әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының киелі мұрасы. Осы уақытқа дейін Момын атамның бала кезінде бұл домбыра сынып,  бірнеше рет жаңғыртылған,  негізгі түп нұсқада домбыраның құлағы ғана сақталып қалды. Бірақ дәл осы бөлшек – тұтас тарихтың символы іспетті. Мен осы негізде домбыраны қайта жаңартып, рухани мұраны жаңғыртып жатырмын», – дейді Нұрбек Алпамысұлы. 

Оқи отырыңыз: АЛТАЙДАН ТАБЫЛҒАН АТАДОМБЫРА

Жас шебер тарихи домбыраны университет жанындағы арнайы өнер шеберханасында жасап жатыр. Оған оқу орнының ұстаздары да ғылыми-шығармашылық тұрғыда қолдау көрсетуде. Бұл – ұлт өнеріне деген сүйіспеншілікті, жас ұрпақтың рухани тамырына қайта үңілуін айғақтайтын маңызды жоба.

Нұрпейіс Байғанин домбырасын жаңғыртушы шебер

Мәдени жадты жаңғырту – ұрпақ парызы

Ұлттық домбыра күні аясында жүзеге асқан бұл бастама – домбыра мәдениетінің заманауи жалғасы ғана емес, сонымен қатар тарихи жадыны тірілтуге бағытталған шығармашылық миссия. Бұл әрекет арқылы Нұрбек Байғанин домбыраны жай аспап ретінде емес, шежірелі өнердің символы ретінде қайта танытып отыр. 

Ұлттық домбыра күні 

Ұлттық домбыра күні – елімізде жыл сайын шілденің алғашқы жексенбісінде тойланатын қазақтың төл аспабының күні. Бұл күн – қазақ халқының ғасырлар бойғы музыкалық мұрасын, оның ішінде екі ішекті киелі аспап – домбыраны дәріптеу үшін арнайы белгіленген. Мереке 2018 жылы  сол уақыттағы ҚР Президенті Жарлығымен ресми түрде енгізілді. Содан бері елімізде Ұлттық домбыра күні қарсаңында әр облыста домбыра шерту акциялары, шеберлік сабақтары, аспап жасау көрмелері, жас күйшілер байқауы, ұлттық музыка кештері сияқты ауқымды шаралар атап өтіледі. 

Оқи отырыңыз: Бабалардың үнісің, сен – домбыра!

Ата домбыра

Домбыра – тек музыкалық аспап емес, ол – қазақ рухының, ерлік жырлары мен даналық сөздерінің үнтаспасы. Сондықтан бұл күн ұлттың өзін-өзі тануы мен төл өнерге деген құрметінің көрінісі болып саналады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?