Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

АЛТАЙДАН ТАБЫЛҒАН АТАДОМБЫРА

2515
АЛТАЙДАН ТАБЫЛҒАН АТАДОМБЫРА - e-history.kz
Түркі бабалар V ғасырда қолына ұстап күй тол­ғаған абыз домбыра Алтай тауы­ның бір сырлы үңгірінен табылды

Қазақтың қара домбырасының мың жарым жылдық (1,5) тарихы бар. Бұл деректі алғаш қазақ ғылымына қосқан – белгілі түрколог ғалым, бітік тастың білгірі Қаржаубай Сартқожаұлы. Моңғолия жерінен табылған көне домбыраға ағамыз атадомбыра деген атау да берді.

1 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай Алтайдан табылған көне жәдігерді алғаш зерттеп, қазақтың қасиетті қара домбырасының түп атасы екенін дәлелдеп, ғылыми сараптама жасаған ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының зерттеу мақаласын National Digital History порталына жариялауды жөн көрдік. 

Түркі бабалар V ғасырда қолына ұстап күй тол­ғаған абыз домбыра Алтай тауы­ның бір сырлы үңгірінен табылды. Қазақ саз аспабының бірегейі құдіретті қара домбыра біздің заманымыздың V ға­сырында жасалған төл­тума бейне­сімен, міне, біздің қолы­мызға түсіп отыр.

Бұл – қазір­гі мәлімет бойынша әлемдегі шертпе саз аспабының ең көнесі. Әлемнің көптеген еліне тараған ысып ой­налатын саз аспа­бы қобыздың өзін б.з. Х ғасыр­дан бері қол­даныста болған деген тұжырым айтылады. Сондықтан да қобызды ыспа аспап­тардың атасы деп атайды. Ал, шертпе аспап­тардың ең көнесі және атасы абыз домбыра екендігі ғылыми тұрғы­дан дәлел­деніп отыр деуге негіз бар. Еура­зияның қос құрлы­ғында домбыра аспабы мол тарағанын көрсететін тілдік дерек жеткілікті. Түркі тектес қазақта – домбыра, қарақалпақ, ноғайда – домбыра, тувада – дам­быра, қырғызда – дүңгір, түркімен­де – тамдыра, өзбекте – тамбур, орыста – домра, ауғанда – дамбура, иракта – тун­бур, монғол тектес халықтарда – домбыр, бурят­тарда – домбыр, қалмақтарда – дүңгірмә. Бұл атау­лардың осылай қалып­тасуы домбыра аспабы еуразия халықта­рының ортасына қанша­лықты дәрежеде танымал екендігін көрсетеді.

Домбыраның табылған орны

Батыс Моңғолия, Қобда аймағы, Манхан сұмыны. Сұмын орталығының шығыс бағытында 35 шақырым қашықтықта нысан орналасқан. Монғол Алтай жотасының бір сілемі Жарғалант-Қайырқан тауы. Осы таудың «Өмнөхөн аман» (Алдыңғы сай) деген жерге орыналасқан Нүхэн-хад (Үңгір тас) деген үңгірден табылған.

Атадомбыра табылған Жарғыланты Қайырхан үңгірі

2008 жылы осы жердің тұрғыны Н. Дандар деген шопан алғаш үңгірге тап болып, оның ішінде мойны қисық саз аспабын тауып алып, ауыл мектебінің ұстазы Ч. Энхтөр деген азаматқа апарып береді. Ч. Энхтөр мұғалім Улан-Батыр қаласында орыналасқан Монғолия Республикасы Ғылым академиясының Археология институтына ақпарат жеткізіп, археологтарды шақыртады.

Ц. Төрбат бастаған археологтар тобы 2008 жылы 25 маусымда Ч. Энхтөрге келіп Нүкін-хад (Үңгіртас) үңгіріне барып қазба жұмысын жүргізеді.

Үңгіртас үңгірі (GPS) N 47º37'433'' ендікте, Е 92º27'273'' бойлықта, теңіз деңгейінен 1866 м биіктікте орыналасқан. Саз аспабы табылған үңгірге ең алғаш Ц. Төрбат бастаған моңғол археологтары қазба жұмысын жүргізіп, ол туралы «Археологийн судьлал» (20. -274-292) жинағында жарияланған.

Ц. Төрбаттың бұл мақаласында қазба жұмысының нәтижесі көрсетілуімен бірге саз аспабының суреті, басқа олжалармен (адамның қанқа сүйегі, ер, үзеңгі, садақ, қорамсақ, оқтар) бірге жарияланған. Саз аспабы туралы толық сипаттама берілмеген. Ондағы байырғы түрік бітіг мәтіндері де берілмеген.

Екінші рет Герман археологтарымен бірлесіп Улан-Батыр қаласында 2007 жылы тамыз айының 1-23 күндері аралығында өткізілген халықаралық конференцияның жинағы («Current Archaeological Research in Mongolia», Bonn. 2009.) 2009 жылдың екінші жартысында Бонн университеті тарапынан басылып шығарылған. Саз аспабы табылған Жаргалант хайрхан олжалары (находка) туралы мақаланы осы жинаққа T. Törbat, D. Batsukh, J. Bemmann, O. Thomas, O. Hollmann, P. Zieme «A Bock tomb of the ancient Turkic period in the Zhargalant Khairhan mountains, Khovd aimag, with oldest preserved horse-head tiddle in Mongolia – preliminary report» (19. ss.365-383) енгізген. Кейін бұл мақаланың рефераты  http://win.mail.ru/  сайтында жарияланды.

Ц. Төрбаттың неміс зерттеушілерімен бірігіп жариялаған жинақтағы және интернеттегі мақалаларында да домбыраның сипаттамасы және байырғы түрік бітіг мәтіндері толық берілмеген. Осы жолдардың авторы Қ. Сартқожаұлы Моңғолия Археология институтының лабораториясына жаңадан алып келген (08.07.2008) саз аспабын көріп жазуын көшіріп алуға талпынды. Институт қызметкерлері ұйғармады. Біз осы саз аспабы туралы алғашқы толық емес ақпаратты 2008 жылдың төртінші мезгілінде «Егемен Қазақстан» сияқты 4 газетке жарияладық. Кейін 2008 жыл баспадан шыққан Моңғолия Археология институтының «Studia Archaeologica» атты кезекті басылымы қолымызға түсті. Осы жинақта Ц. Төрбат, Д. Батсүх, Т. Батбаяр, Н. Баярхүү, Т. Идэрхангайлардың «Моңғол Алтай үңгірлеріндегі жерлеу ғұрыптары» мақаласы жарық көрді.

Осы мақаладағы Жарғалант-Қайырхан тауындағы «Үңгір тас» үңгіріндегі жерлеу ғұрыпына байланысты қысқаша сипаттама берілген екен. Мұндағы байырғы түрік бітіг мәтіні мен саз аспабының сипаттамасы берілмеген, және ақпараты толық емес еді. Біз сол мақаланы пайдаланып алғашқы ғылыми мақаламызды Қазақстан Республикасының «Дала мен қала» газетіне «Атадомбыра» деген атпен жарияладық (2010, №47). Әрине, толық ақпарат болмағандықтан бұл мақалада аздаған кемшілік тұстары болды. Осы мақала Түркияның http://www.tdtkb.org/  сайтында жарияланды. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі тарапынан 2010 жылы 22 желтоқсанда ұйымдастырып өткізілген «Жалпы тіл білімі және түркі тілдерінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында осы жолдардың авторы «Ертеорта ғасырдан жеткен домбыра» деген баяндамасы тыңдалып, конференция жинағына жарияланды.

Бұл мақалада саз аспабы табылған жердің, үңгірдің, табылған олжалар мен домбыраның толық емес сипаттамасы, домбыраның мойнындағы бітіг жазудың бір түпнұсқасы, транслитерациясы, транскрипциясы, аудармасы мен түсініктемесі ғана берілді. Біздің мақаламызға байланысты Қазақстан Республикасының ҒА-ның М. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер ғылыми зерттеу институтының ғалымдары, С.Кузенбаева (Өнертану ғылымдарының докторы, профессор), А. Мұқан (Өнертану ғылымдарының кандидаты), Қ. Кенжалиндердің (фольклортанушы, филология ғылымдарының кандидаты) ғылыми мақалалары жарияланды («Дала мен қала» газеті. 2010, №49-50). Бұл үш ғалымның мақаласында жаңадан табылып отырған домбыра әлемнің шертпе аспаптарының атасы деген қорытынды жасап, өнертану ғылымына қосылған аса құнды жаңалық деп бағаланды.

1500 жылдық тарихы бар домбыраны елге қайтарған түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы

Германияның Бонны-Райндағы Фридрих Вильгельм университеті мен Моңғолия ҒА-ның Археология институты 2014 жылы «Далалық атты сарбаздар құндылықтары» деген атпен аталған жинақтың катологы «Далалық атты сарбаздардың құндылықтары: VІІ-ХІV ғғ. Моңғолиядағы үңгір қабірлерінен табылған таңдаулы мұралар» деген қосымша атаумен неміс, және моңғол тілінде жеке-жеке жинақ боп жарық көрді.

Моңғол зерттеушілерінің ағат тұжырымдарын төменде арнайы сараптаймыз.

Біз Жарғалант-Қайырханның үңгір қабірінен табылған археологиялық мұралардың сипаттамасын Д. Батсүх, Т. Батбаярлардың мақаласынан қысқартып алып, ондағы фото, сызба суреттерін Атласқа енгізіп отырмыз (4. -206-241). Бұл нысандағы мұраларды Атласқа енгізіп отырған мақсатымыз, оқырман қауым мен ғылыми ортаны баба тарихтың, этно-мәдениетімен Көк Түріктердің тарихи-мәдени мұраларымен таныстыруды жөн көрдік.

Саз аспабының сипаттамасы

Мұндағы барлық өлшемдер, сипаттамасы Ц. Төрбаттың «Жарғаланат-Қайырханнан табылған саз аспабы» атты мақаласынан алынды. Аспапты тұтас ағаштан ойып жасаған. Саз аспабтың жалпы ұзындығы 72,3 см.

а) Аспаптың шанағы: ұзындығы 35,3 см, ені (жалпақтығы) 10 см. Шанақтың бетінің қалыңдығы 1,79-4,21 мм. Шынақтың бетіндегі тиектің алдыңғы жағында екі кішкентай тесік бар. бірінші тесіктің диаметірі 8 мм, екінші тесіктің диаметірі 4,4 мм. Бірінші тесікті арнайы тығынмен тығындап қойған.

Шанақтың бетіне тиек жабысып қалған. Тиек шанаққа көлденең емес ұзына бойна (аспаптың мойнына парелель) жабысқан. Тиектің екі кертігі бар әр кертіктің өлшемі 0,8 мм, тиектің ұзындығы 5 см, биіктігі 6,7 мм.

Шанақтың артқы жағының формасы дөңестеу томпақша келген. Осы бетіне петроглифтерді ойып безендірген. Шанақтың бет жағындағы тесікке пара-пар айшық таңбалы формалы тесік шығарған. Өлшемі 1,9х2,4 см. 

б) Аспаптың мойны: Мойнының ұзындығы 37 см. Аспаптың бетімен мойнының қосылған жерінің өлшемі 2,8х3,2 см. Аспаптың шанақ, мойнын тұтас ағаштан жонып жасаған. Мойнының орта тұсы 2,4х1,8 см, мойнының басына таяу жері 2,1х2,7 см.

Аспаптың мойны қазақтың қарапайым домбырасына ұқсайды. Мойнының бет жағының ортасы сәл дөңестеу, екі шеті сәл ғана (1-2 мм) жатыңғы қиғаштау.

Аспаптың мойыны алдыңғы шанағына қарай қайырыла қисайып қалған. Мойнының қисаю себебі төмендегідей. Онда: Бірінші, қандай бір осындай ағашты қабырғаға сүйеп қоя салса бір айдың ішінде қисайып қалады. Екінші, аспапта ішек болған. Ішекті көшпелі түркілер қойдың аш ішегінен иіріп жасайды. Ішек кепкен сайын тартыла-тартыла үзіледі. Міне бұл да мойынның қыйсаюына, тиектің орнынан жылжып кетуіне әсер еткен.

в) Аспаптың басы бұғы немесе аттың басына ұқсас бейнелеген. Құлақтың түбінен танауға дейін 4,9 см. Төбеден танауға дейін 4,9 см. Бастың дәл төбесін астынғы тамаққа дейін ойып, төрт бұрыш тесік шығарған. Өлшемі 8,6х6,8 мм. Осы тесіктің оң және сол жағынан, жақ пен құлақтың қосылған тұсынан (көлденеңінен) тағы бір тесік шығарған. Оның диаметірі 6-7 мм. Төбедегі төрт бұрыш тесік арқылы кіріп келген қос ішекті, оң және сол жақтан кіріктірілген құлақ екі ішекті қатайтып, босатып отыру үшін осы көлденең тесік жасалған сияқты. Өкініштісі, қабірде аспаптың екі құлағы сақталмағын.

Көне домбыраның сипаты

Екі құлағының ортасына, төбедегі төрт бұрыш ойықтың алдыңғы жағына аттың кекілін мүсіндеген. Осы кекілдің оң және сол жағына аттың (жануардың) құлағын жатқыза бейнелеген. Жануардың танауын, аузын жонып бейнелеген. Танауының екі ұшын ала, жағына қарай ойқыш жасап, одан соң жануардың жақ сүйегін шығыңқы етіп мүсіндеген. Екі жақтың астына қобы шығара ойып келтірген.

Саз аспабының басы бұғы мен бұланның басына ұқсас. Бүгінгі күннің домбыраларындай қалақ бас емес. Ежелгі дәуірден келе жатқан аң стилімен жасалған.

Қазіргі Түркілер соның ішінде Қазақ халқы мұсылман дінін қабылдағаннан кейін аң стилінен алыстап кетті. Себебі, Тәңіршілдіктің барлық нышандарын жоймайынша, мұсылман дініне бүкіл халық бой ұсыну мүмкін емес еді.

Домбыра пернесі. Аспаптың тоғыз пернесі болған. Тоғыз түркілердің киелі саны. Этностың бір символына айналған сан. Пернелерді ішекпен немесе жіппен тақпаған. Ырғай, қараған немесе қайыңның ішкі жұқа қабығынан таспалап тіліп алып, перне етіп жапсырған. Перне етіп жапсырған жұқа қабыршықты домбыраның мойнын орап орналастырған. Осы кезде домбыраның мойнына жазылған әріптердің үстінен таспалап жапсырған перне қабыршықтары басып қалған. Жазудың кейбір әріптері қабыршық астында қалып қойған.

Аңыз және көне домбыра

Домбыра аспабының қалай пайда болуына байланысты қазақ халқының ортасында сақталған аңыз аса мол. Солардың біразын Б. Сарбаев, Қ. Жұбанов, Ө. Жәнібеков, А. Сейдімбек еңбектерде жақсы көрсеткен. Домбыра және домбыра күйі туралы сөз қозғағанда осы зерттеушілердің еңбектеріне сүйенеміз.

Ақселеу Сейдімбек «Күй шежіре» еңбегінде осы аңыздардың екеуіне ерекше назар аударған. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуымен хатқа түскен «Қос ішек» күйінің аңызы.

«Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, – деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызы. – Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын ақтармалап алып тастайды.

Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді.

Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады».

Қазақ аңызы осылай десе, осыдан XV ғасыр бұрын жасалған Алтай жотасының бір үңгірінде сақталып бізге жеткен кәрі домбыра шанағының сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойып салынған. Ол аз десеңіз домбыраның басы бұғының, бұланның басы. Сонда деймін-ау, бұл кездейсоқтық па, әлде тарихи шындық па? Аңыз не айтса, мына кәрі домбыра бітім тұрпатымен соны дәлелдейді. Бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дәлелдеп аңызда айтылған әңгіменің ақиқатын айғақтап тұрғандай.

Осы аңыздың жалғасы сияқты аңыз-әңгімені этнограф Ө. Жәнібеков ағамыз өз еңбегінде келтірген. Бұл аңыз бойынша, домбыраның шанағына тарихтың тоғыз тарау шежіресі құйылыпты-мыс. Тарихтың сол шежіре-сыры шығып кетпесін деп, домбыраның өн бойына тоғыз тосқауыл перне тағылыпты. Домбыраның мойының жіңішкеріп, шанағының үлкейіп кетуі содан еді дейді. Күндердің күнінде көне өсиетке ынтық бір дана қарт тарих сырын танып-білу үшін домбыраның құлағын тесіп – тыңдайтын, ішегін тағып – сөйлейтін етеді. Содан былай домбыра шанағынан тоғыз тарау сыр ақтарылатын болыпты дейді.

Ал мына кәрі домбырада тоғыз перне. Үшеу, бесеу, жетеу, жиырма бір емес тоғыз перне. Аңыз бен кәрі домбыра екеуі тағы да бірін-бірі толықтап, бірін-бірі дәлелдеп тұр.

Үшіншісі – «Ақсақ құлан» аңызы. Қаһарлы қаған ұлының өлімін кімде кім естіртетін болса көмекейіне қайнап тұрған қорғасын құюды бұйырады. Сол кезде ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда домбырашы келіп «Ақсақ құлан» күйімен естіртеді. Екі көзінен жас аға тыңдаған қаһарлы қаған: «Құй мынаның көмейіне!» деген бұйрық береді. Домбырашы орнынан ұшып тұрып: «-Дат тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой Сізге естірткен»,- дейді. «Олай болса, домбыраның шанағына құй, қорғасынды!»,- дейді қаған. Содан бері қазақ домбырасының шанағының бетінде тесік пайда болыпты-мыс. Бұл Жошы қаған дәуірі. Біздің жыл санауымыздың ХІІІ ғасырдың басы. Дәлірек айтсақ, 1220-1227 жылдар шамасы. Ал мына кәрі домбыра V ғасырдың мұрасы. V ғасыр домбырасының шанағында тесік жоқ. Аңыз бүй дейді. Олай болса, «Ақсақ құлан» күй аңызы тарихи шындықтың айшықты да, анық ақпаратын бізге жеткізіп тұр.

Біз жоғарыда ертеорта ғасыр мен орта ғасырда «күй» сөзі туралы ақпараттар мен түсініктеме бердік. Ал біздің қазақ тілінде «күй» лексемасына байланысты талдау берсек.

Күй – қазақтың аспапты музыкасы.

Күй – адамның белгілі бір сезім сәті, ол сезімнің қуанышты болуы да немесе мұңды, қайғылы болуы. Адамның көңіл-күйі.

Күй – бұйрық райлы мәндегі сөз. Мәселен, «отқа күй», «біреу үшін біреу күймек жоқ», «әбден шыдамым таусылып күйіп кеттім», «нақақ күйдіру» деп келетін бейнелі образды тіркестер.

Күйші – музыкалық аспапта күй тартушы.

Күйле – бұйрық рай. «Домбыраның құлақ күйін келтір», тт.с.с.

Күйлеу – етістік. 1). Жан-жануардың табиғи әсерленуі, шағылысуы, сезімге берілуі.

 2). Музыкалық аспапты бабына келтіру.

Күйлі – адамның және малдың жай-күйінің мықты болуы.

Күйіт – адамның және көңіл қошының келуі, сезімге бөленуі.

Күйгелек – қызу қанды, тағатсыз адам.

Күйзелу – адамның сезімге беріліп қиналуы, қайғыруы, қажуы.

Осынау «күй» түбірлі лексеманың түпкі мән-мағынасы сезіммен тікелей байланысты. Көшпелі халықтардың соның ішінде түркі-монғол тектестердің дүниетанымы бойынша ең киелі, ең қасиетті ұғым. Өзгенің де, өзінің де ерік жігерінсіз белгісіз бір күштің құдіретімен берілетін іс-қимыл. Сондықтан да, түркі-монғол халықтарында «күй» сөзі мен «көк» лексемасы «Тәңірдің» синонимі ретінде беріледі. Тұжырып айтсақ, Тәңірлік наным-сеніммен ұштасады. Өйтсе, «kögü, kü:ü, kök» ту баста Тәңірлік құбылысты, Тәңірдің әсерін білдірген. Ежелгі дәуірден бермен қарай «kögü, kü:ü, kök» түрде қолданыста болған осы лексемалардың Тәңірлік наным-сеніммен байланыста болғанын дәлелдейтін тарихи-рухани айғақтар мол.

Атадомбыраның тиегі (Қаржаубай Сартқожаұлының дерегі)

Түркі халықтарының қағандық заманында қағанның алтын үзікті ақ ордасында әрбір атар таңды күймен қарсы алу дәстүрі болған. Дәлірек айтқанда мұның өзі дәстүрден гөрі тәңірлік наным-сенімнің бір рәсімі ретінде атқарылған. Қаған ордасында тартылатын күйдің саны бір жыл ішіндегі күндердің санына сәйкес 366 болған. Мұны «Тәңірдің 366 тармақ күйі» деп атаған. Жыл басы көктемдегі күн мен түннің теңесер күнінен (наурыздың 22-23-і) басталып, бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп, ұлан-асыр тойға айналдырған. Ұлыстың ұлы күнінде бүкіл қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартылған. Байырғы грек тарихшысы Квинт Курций Руф (б.з.д. І ғ.) өзінің «Ескендір жорығы» деп аталатын еңбегінде Орта Азия көшпелілердің Ұлыс (наурыз) мейрамын қалай тойлайтынын жазады. Ұлыс күні таң шапақ шашар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға өңшең қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбаланың шығатынын, сонсоң бір жыл бойындағы тәулік санын білдіретін 365 бозбаланың мерекені бастайтынын тамсана суреттейді [8]. Осынау тәңірлік наным-сенім туралы музыка зерттеуші Әбдіқадыр Мұрағи да өзінің «Зүбдәтел әдуыр» деген кітабында былай депті: «Түркі-монғол ән-күйі мынадай үш бөлімге бөлінеді: музыка құралында ойналатын бір түрі бар. Оларды «көктер» деп атайды (көкһа), енді дауыспен айтатын түрлерін «ыр» және «дола» деп атайды. Ал, байырғы түрік елінде күйдің саны 366 болады, бір жылдың ішінде қанша күн болса, соның сонша күйі болады. Оның әр біреуі бір күнде ханның алдында тартылып отырады. Бұлардың ішінде ең асыл және ең ірісі 9 күй».

Бұл туралы қазақ күйін зерттеген белгілі этнограф-ғалым А. Сейдімбек былайша түсінік береді. Онда: «Ең бастысы тәңірлік наным-сенімнен шыққан семантикалық негізі ортақ. Көкті (аспанды, әуені) Тәңір тұтқан қазақ ежелден-ақ уақыт пен кеңістік аясындағы өзгерістерді тәңірлік құбылыс ретінде қабылдаған. Сондықтан да, күні бүгінге дейін қазақтар көктемдегі күн мен түннің теңесер кезін жыл басы санап, «Ұлыстың ұлы күні» дейді. Яғни, мемлекеттің, ұлттың ең ұлы күні деген сөз. Мұндай күнде қаған ордасында киелі 9 күйдің тартылуы Тәңірге деген мінәжаттың белгісі, жыл басын аман-есен көрген қуаныштың айғағы. Мұның әдемі мысалын қазақ халқының күйшілік дәстүрінен әлі де байқауға болады. «Тоғызтарау» деп аталатын тармақты күй қазақ арасында қазір де тартылады. Тәттімбет Қазанғапұлының бір күйі «Тоғызтарау» деп аталады. Белгілі «Кертолғау» күйі ертеректе «Тоғызтарау – Кертолғау» деп аталған тармақты күй екенін көнекөз қарттар айтады».

Бұл тарихи деректер көне дәуірдің өзінде домбыра аспабы, күй өнері, оны танып білу, сезіну, құрмет тұтып бойға сіңіру менталитеті бүгінгі деңгейден кем болмағанын көрсетеді. Бұл аз десеңіз б.з. VІІ-VІІІ ғасырында жазылып бүгінге жеткен мына дерекпен танысыңыз. Орталық Монғолияның Баянхонгор (Байқоңыр) аймағы (облыс) Ғалуут (Қаздар) сұмынының Олон-нуур (Көп көлдер) ойпатында орналасқан байырғы түрік ғибадатханасы 2008 жылы табылған. Ғибадатхана орнындағы шарбақтасқа мынандай сөйлем қашалып жазылған: «Ізгілік-чор сегіз түрлі саз аспабын меңгергендігі үшін қатты тастан ғибадатхана орнаттық».

Б.з. VІІ-VІІІ ғасырдың өзінде біздің бабаларымыз көк түріктерде 8 түрлі саз аспабы болғанын, сол аспапты меңгеріп күй тартып, ән айтқан сазгерге арнап мәңгілік ғибадатхана орнатқаны туралы тарихи-рухани мәдениетімізден баға жетпес ақпарат беріп тұр. Саз өнерін, сазгерлік құдіретін кезінде бабаларымыз қаншалық дәрежеде ұлықтап, ұлағат тұтқанын осыдан-ақ білуге болады.

Сол саз аспабының бірі құдіретті қара домбыра б.з. V ғасырында жасалған тірі бейнесімен міне біздің қолымызға түсіп отыр.  Бүгінгі жағдайда әлемдегі шертпе саз аспабының ең көнесі. Әлемнің көптеген еліне тараған ысып ойналатын саз аспабы қобыздың өзін б.з. Х ғасырдан бері қолданыста болған деген тұжырым айтылады. Сондықтан да қобызды ыспа аспаптардың атасы деп атайды. Өйтсе, шертпе аспаптардың ең көнесі және атасы Домбыра екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп беруіміз керек.

Жоғарыда сөз еткен тарихи деректер мен халықтар арасындағы таралымы шертпе аспаптардың атасы домбыра екенін көрсетеді. Онымен қатар, түркі халықтарының соның ішіндегі қазақ халқының ұлттық ділінің (менталитетінің) музыкалық мәдениетінің биік өрісін көрсетеді. Домбыра үніндегі дәстүрлі саз тілінің байлығы, оның болмысын бітімін білдіреді. Өйтсе, күй тілі қазақ болмысының, қазақ менталитетінің ұлттық тілі деп тұжырым жасауымызға мүмкіндік береді.

Қаржаубай САРТҚОЖАҰЛЫ

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Түркітану, алтайтану ҒЗИ директоры, түрколог 

Зерттеу мақала 1 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай арнайы National Digital History порталы үшін жазылған.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?