Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Моңғолияда Юань дәуіріне тиесілі күміс пайза (гэрэге) табылды

3287
Моңғолияда Юань дәуіріне тиесілі күміс пайза (гэрэге) табылды - e-history.kz

Баян-Өлгий аймағынан табылған сирек тарихи жәдігер — күміс пайза табылып, мемлекет меншігіне өткізілді, деп хабарлайды e-history.kz порталы

2024 жылы мамыр айында Баян-Өлгий аймағының Булган сұмына қарасты Улаандаваа деген жерден жергілікті қазақ тұрғындар А.Аңсаған, Х.Аманжол және Е.Аманбектер Юань дәуіріне жататын күміс пайза тауып алған. Жәдігерді мемлекет меншігіне өткізу жұмыстарын Улаанбаатар қаласының тұрғыны Ж.Отгонжаргал заң аясында ұйымдастырған.

Сарапшылардың пікірінше, бұл пайза Моңғол империясының  Ұлы Юань кезеңіне тиесілі. Ұйғырша-монғолша жазудың төртбұрышты қалпымен жазылған мәтіннің мағынасы бұған дейінгі тарихқа белгілі  пайзалардыкімен ұқсас деуге болады: 

«Мәңгі Тәңірдің күшімен қағанның есімі қасиетті болғай. Кім бас иемесе – жоғалту мен өлім күтіп тұр».

Гэрэгенің ойылып жасалған жиегінде алты иероглиф бейнеленген, бұл таңбалар «Құрмет белгісі, 69-нөмір» деген мағынаны білдіреді.
Бұл тарихи жәдігерді жеке мүддеге пайдаланбай, патриоттық көзқараспен мемлекетке қайтарған азаматтар 2025 жылы Мәдениет және туризм, жастар министрлігінің А/232 бұйрығы негізінде марапатталып, министрліктің алғыс хатымен сыйланған.

Әлемде үш-ақ дана

Ерекшелей айтқанда, дәл осындай күміс пайзалар әлемде бар болғаны үшеу ғана. Олар Ресей мен АҚШ-та сақталған. Сондықтан табылған жәдігер ерекше тарихи маңызға ие және терең ғылыми зерттеуді талап етеді.

Оқи отырыңыз: Білге қағанның алтын тәжі табылды: Жәдігер туралы 5 факт

Келешекте бұл пайза «Шыңғыс хан» ұлттық музейінде көпшілікке ұсынылатын болады. Осыған орай, Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрлігі халықты мәдени мұраны қорғауға және тарихи құндылықтарды сақтауға белсенді атсалысуға шақырады.

Қысқаша анықтамалық: Пайза – XIII-XV ғасырларда Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған мемлекеттерде пайдаланылатын сенім құжаты (грамота) ретінде тапсыратын металл тақташа (пластина). Негізінен күмістен , кейде алтыннан жасалған тақташа өлшемдері 30х10 см, пішіні әр қилы (төрт бұрышты, дөңгелек), жиектері доғаша иілген түрде болады.

Пайза – ханның сеніміндегі елшілердің, әскери және пошта қызметшілерінің, керуенші көпестердің, саяхатшылардың мемлекеттік шекарадан өткенде көрсететін басты құжаты болған. Пайзада «ел билеген адамның әмірімен рұқсат етілген» деген мағынаны беретін жазуы болған.

Оқи отырыңыз: Моңғолия деректеріндегі қазақ тарихы

Пайзаның бір шетінде ойылған тесігі бар. Иесі тесіктен жіп өткізіп алып, белдігіне тығып алатын. Бүгінге дейін жеткен Юань, Алтынорда, Елхандар мемлекеттерде әрекет жүзінде болған пайзаларының барлығының мәтінің ұйғыр жазуымен монғол тілінде жазылған. Алтынорда хандары Тоқтай (1290-1312), Өзбек (1312-1341), Келдібек (1361), және Өзбектің ұлы Абдолла (1362-1369) хандар т.б. шығарған пайзалардың бәрінің мәтіні негізінен ұқсас болып келеді. Мұндай пайзалардың бірінің сурет үлгісін ҚР Ұлттық музейінен көруге болады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?