
2025 жылдың 6-27 мамыр аралығында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері, атап айтқанда аталған институттың жетекші ғылыми қызметкері т.ғ.к., А.Т. Қайпбаева мен кіші ғылыми қызметкер, PhD докторант Е. Сауырқан «1920–1930 жылдардағы Қазақстан аумағындағы және іргелес елдердегі балалар панасыздығы мәселесі» атты гранттық қаржыландыру бойынша ғылыми жобаны жүзеге асыру аясында Моңғолия мемлекетінің Ұлан-Батыр қаласы мен Баян-Өлгий аймағында іссапар жұмысын жүзеге асырды.
Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты – Ұланбатыр қаласы мен Баян-Өлгий аймағы архив және кітапхана қорларындағы ХХ ғасырдың 20–30 жылдарындағы жаппай ашаршылық пен қуғын-сүргіннің салдарынан іргелес елдерге босқын ретінде көшуге (оның ішінде Қытай және Моңғолияға) мәжбүр болған қазақтардың тарихы, сонымен бірге зұлмат жылдары панасыз қалған қазақ балаларының тағдырларын зерттеу, сондай-ақ беймәлім деректерді анықтау, зерделеу, сараптау және тарихи хронологиясына қарай толыққанды жинақтау.

Ұлан-Батыр қаласында Моңғолия Республикасының ұлттық архиві мен Моңғолия ұлттық кітапханасында деректер мен ғылыми зерттеулер негізінде жұмыстар жасалды. Осы орайда, Қазақстандағы өткен ғасырдың 20–30 жж. мал-мүлікті тәркілеу мен жаппай ашаршылық салдарынан орын алған қазақтардың мәжбүрлі босқыншылық тарихына қатысты архив құжаттары анықталды, сонымен қатар Моңғолия қазақтарының ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі саяси, әлеуметтік тарихына қатысты құнды деректер және архив құжаттарының жинақтары, зерттеу еңбектері алынды.
Аталған ғылыми іс-сапар барысында ХХ ғасырдың 20-30-жж. басындағы жаппай ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін кезеңіндегі қазақтардың іргелес елдерге (Моңғолия, Қытай) мәжбүрлі көші-қоны, оның ішінде Моңғолия еліндегі босқындардың ахуалы, олардың қатарындағы ата-анасынан айырылып қалған балалар тағдырына қатысты бірқатар деректер анықталып, халық жадында сақталған ауызша деректер жинақталды. Мәселен, зұлмат жылдары Моңғолия еліне Шығыс Қазақстан облысының кейбір азаматтары екі бағытта босқын ретінде көшуге мәжбүр болған. Атап айтқанда бірінші бағыттағы мәжбүрлі көш Қытайдың Шыңжаң өлкесі Алтай аймағы арқылы Хобда бетіне өтсе, екінші бағыттағы мәжбүрлі көш Таулы Алтай аймағы (Ресей) Қосағаш ауылы арқылы өткен. Моңғолия жеріне өткен Қазақ ССР азаматтары тұрғылықты қазақтар көптеген қолдауына ие болған сол себепті, өзге республикаларға қарағанда бұл аймаққа босқын ретінде келген қазақтардың балаларының панасыздық жағдайының көрсеткіші төмен болған.
Бұдан бөлек анықтағанымыздай, осы жылдары қазақтардың Моңғолияға қоныс аударуы Моңғолия Қорғаныс министрлігі мен шекаралық барлау қызметі тарапынан назарға алынғандықтан босқын қазақтарға байланысты кейбір құжаттардың құпиясыздандырылуы толық жүзеге аспағанын айтуға болады.
Сонымен қатар Моңғолия ұлттық кітапханасы мен Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасы қорынан Моңғолия қазақтарының ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі тарихы, 20-30 жылдардағы саяси, әлеуметтік жағдайына қатысты қазақ және моңғол тіліндегі зерттеу еңбектері анықталды және көшірмелері алынды. Атап айтсақ, Моңғол республикасының Ұлттық кітапханасы мен қорынан Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасы қоры және Монғолия Ғылыми академиялық философия институтында сақталған баспасөз материалдары қаралды. Олар: Монғол халқының революцияшыл партиясының XII съезінің материалдары. Улан-Батор, 1955 ж.; А. Сарай. Революциядан бұрынға Монғолия қазақтары. Өлгий, 1992 ж.; А. Сарай. Революциядан бұрынға қазақ халқы. Өлгий, 1991 ж.; Баян-Өлгий Аймаг орон нутгийн ном зүй (номзүйн бүртгэл (1942–2023)). Өлгий, 2024 ж.; «Алтай қазақтары: бүгінгі жағдайы, болашақ даму бағыттары» атты халықаралық конференция материалдарының жинағы. Өлгий, 2015.; Г. Золбаяр, Б. Өмирбек. Монгол-казах бичгийн хэлний дундын үг. Улан-Батор, 2019 ж.
Бұдан бөлек, Моңғолиядағы қоғам қайраткерлері мен жазушы, өлкетанушы ғалымдардан және зұлмат жылдары Моңғолияға асқан кейбір қазақтардың ұрпақтарынан сұхбат алынды. Атап айтсақ, Мемлекет және қоғам қайраткері, экономист, дипломат, аудармашы, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Моңғолия Халық республикасы Сауда департаментінің бұрынғы басшысы. Моңғолия Парламентінің мүшесі, Моңғолияның Венгрия–Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Сұлтан Тәукейұлы; Көрнекті жазушы, журналист Шынай Рахметұлы; Дәрігер, өлкетанушы Баймұрат Ақынұлы; Философ, ғалым Жамбыл Әдиятоллаұлы; Әскери шенді зейнеткер (подполковник) Тілеубек Шегірткеұлы; Бухгалтер, 89 жастағы қарт көнекөз Қажиақпар Нұриұлы Әбусейт ақсақалдан; 86 жастағы Саиндолда Ақмадиұлы ақсақалдан өлкенің тарихы, қазақтардың Хобда бетіне қоныстануы және 1920–1930 жылдардағы Қазақстан жерінен қоныс аударушы азаматтардың тарихы туралы сұхбат алынды.
Қортындылай келгенде іссапар бойынша қойылған мақсат-міндеттер өз дәрежесінде орындалды. Сонымен бірге ғылыми іссапар барысында Қазақстанның қазіргі заман тарихы, жоба тақырыбы аясында ғылым және мәдени мекемелерде зерттеу жұмысын жүргізу, сондай-ақ, 1921–1923 және 1931–1933 жылдардағы ашаршылықтың, қуғын-сүргін саясатының салдарынан балалар панасыздығының пайда болуы, Қазақстандағы кеңестер билігінен бастау алатын «кеңес адамын қалыптастыру» мақсатындағы жұмыстарының ерекшеліктеріне т.б. мәселелерге қатысты материалдар бойынша Монғолия республикасының Ұлттық архиві қорларынан ғылыми айналымға қосуды қажет ететін бірқатар мәселелер анықталды. Архив құжаттарының көшірмелері алынды.
Жалпы, Улан-Батыр (Монғолия) қаласындағы архивтер мен кітапханалары қорындағы кітаптар мен фотолар және баспасөз материалдарын саралауға арналған жұмыстар нәтижелі болды. Зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды терең салыстырмалы талдап, байыпты тұжырым жасау кезек күттірмес мәселе.
Айнагүл Қайпбаева,
Ш.Ш. Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.
Елдос Сауырқан,
Ш.Ш. Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, PhD докторант.