
Моңғолия жерінен табылған Білге қағанның алтын тәжі – түркі өркениетінің ең құнды жәдігерлерінің бірі. Археологтар бұл мұраны әлемдік деңгейдегі «қайталанбас ескерткіш» деп танып отыр, деп хабарлайды e-history.kz порталы montame.mn сілтеме жасап
2001 жылы Моңғолияның Архангай аймағындағы Хашаат сұмынында археологтар ерекше олжаға тап болды. Бұл – VIIІ ғасырда өмір сүрген әйгілі түркі билеушісі Білге қағанның алтын тәжі.
Ұзындығы 23 сантиметр, салмағы 80 грамм болатын тәж – таза алтыннан жасалған. Оның ортасында – аузына асыл тас қыстырған, қанатын жайған құстың мүсіні бейнеленген. Құстың екі жағына гүл мен жапыраққа ұқсайтын нәзік өрнектер жалғасып, тәждің шетін асыл тастар безендірген.
Бұл тарихи жәдігер Білге қағанның кесенесі маңынан табылған. Қорғанды моңғол-түрік археологтар тобы бірге зерттеген. Қазба кезінде 4000-нан астам алтын-күміс бұйым мен асыл тастар анықталған. Бұл – VIII ғасырдағы Түрік қағанатының бай мәдениетін дәлелдейтін құнды дерек.
Тәж қазіргі таңда «Көше-Цайдам» мұражайында сақтаулы. Мұражай Түрік қағанаты кезеңіндегі артефактілерді зерттеп, насихаттаумен айналысады. Бүгінде онда 300-ден астам тарихи жәдігер бар.
Білге қаған - Екінші Шығыс Түрік қағанатының қағаны
Білге қаған – Түркі қағанатының тарихындағы ең көрнекті билеушілердің бірі, түркі халқының бірлігін нығайтуға және мемлекетті қайта күшейтуге зор үлес қосқан тарихи тұлға. Оның билік құрған кезеңі (716-734 жылдар) Түркі қағанатының саяси ықпалы мен әскери қуатының шыңына жеткен тұсы саналады.
Білге қаған 683 жылы дүниеге келіп, билікке ағасы Қапаған қағаннан кейін отырды. Ол билікке келгеннен кейін алдымен ел ішіндегі ауызбіршілікті қалыптастыруға күш салды. Бұл жолда ол інісі, әйгілі қолбасшы Күлтегінмен және ақылшы Тоныкөкпен бірге әрекет етті. Осы үш тұлғаның үйлесімді қызметі мемлекеттің ішкі бірлігін күшейтіп, сыртқы жауларға қарсы тұрарлық қуатқа жеткізді.

Білге қағанның тұсында Түркі қағанатының аумағы кеңейіп, көрші мемлекеттермен, әсіресе Қытайдың Таң империясымен дипломатиялық қарым-қатынас реттелді. Ол өз халқының тұрмыс жағдайын жақсартуға ұмтылып, көшпелілік пен отырықшылықты ұштастыруға талпыныс жасады. Осы мақсатпен қалалар салдырып, сауда-саттықты дамытуға ерекше мән берді.

Оның дәуірінен қалған ең маңызды ескерткіштер – Орхон жазбалары. Бұл жазбаларда Білге қаған мен Күлтегіннің түркі халқы үшін жасаған ерліктері мен мемлекет басқарудағы жетістіктері баян етіледі. Бұл ескерткіштер түркі халықтарының ортақ тарихы мен мәдениетінің құнды дереккөзі ретінде күні бүгінге дейін зерттеушілердің назарында.

Білге қағанның билігі мемлекеттің экономикалық және мәдени дамуына үлкен серпін берді. Оның есімі бүгінгі күнге дейін түркі әлемінде дана, көреген билеуші ретінде құрметпен аталып келеді. 734 жылы қайтыс болған Білге қағанның орнына ұлы Йоллығ-тегін келді, алайда одан кейін Түркі қағанаты біртіндеп әлсірей бастады. Дегенмен, Білге қағанның салған жолы кейінгі түркі мемлекеттеріне үлкен үлгі болып қалды.
Суреттер автордікі