Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Атом бомбасын ойлап тапқан кім?

3684
Атом бомбасын ойлап тапқан кім? - e-history.kz

Белгілі режиссер Кристофер Ноланның адамзат тарихындағы ең көрнекті физиктердің бірі «атом бомбасының әкесі» Роберт Оппенгеймердің тікелей биографиясына негізделген «Оппенгеймер» атты үлкен кино картинасы 2023 жылдың ең үздік кино туындыларының бірі болды. Аталған туындыда Оппенгеймердің болмысы мен Жапонияға қайғы алып келген атом бомбасының тарихы баяндалады. Қасіретке айналған өнертабыс Жапон елінен бөлек Қазақстанға да әсерін тигізді. Себебі, дәл осы АҚШ-тың жасаған жобасы – КСРО еліне триггер болды. 

Совет билігі Семей жерінде сутек бомбасын жарып, 1949-1989 жылдар аралығында полигонда 456 мәрте ядролық сынақ жүргізілді. АҚШ бомбаны 1945 жылы ойлап тапса, 4 жылдан кейін оның басты қарсыласы КСРО үкіметі оларға жауап ретінде «РДС-1» деп аталатын атом бомбасын жасап шығарды. Авторы – Игорь Курчатов. Ол Семей полигонына 1949-1955 жылдары жетекшілік еткен, советтік «атом бомбасының атасы» деп саналады. 

Таңғы сағат 7-де болған жарылыс қуаты 22 килотонна болды. Ресми дерек бойынша, Семей полигонындағы ядролық сынақтан 1,5 миллионнан аса адам зардап шеккен. Семей полигонында болған барлық жарылыстың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 1200 есе жойқын болған.

Атом бомбасын жасаған Оппенгеймер деген кім?

Юлиус Роберт Оппенгеймер  - 1904 жылы АҚШ-тың Нью Йорк қаласында дүниеге келген. Ол Харвард университетін небәрі үш жылда үздік бітіріп, Кембридж және Германиядағы Готиңген университеттерінде теориялық физиканы қатар оқып, небәрі 23 жасында доктор дәрежесін алады.

Жас физик көп ұзамай өз заманының айтулы ғалымдарымен иық теңестірді. Ол академиялық жұмыстарында кванттық теорияны дамытып, нейтроннан қара құрдымға дейінгінің бәрін болжайды. Ғылымнан тыс санскрит тілін оқып, дінді зерттейді. Көптеген прогрессивті қозғалыстарға қосылып, көп ізденетін болды.

Бала күнінде ол ағылшын және француз әдебиеттерін жақсы көрді. Сонымен бірге минералогияға қатты қызығушылық танытты. Орта мектепте болашақ ғалым химияға қызығушылық танытып, оны Харвард университетінде оқуды жалғастырды. Тек студенттік жылдарында физика оның негізгі кәсібіне айналды.

1941 жылы Америка Құрама Штаттары одақтастарға қосылғаннан кейін Оппенгеймерден атом қаруын жасауды көздейтін өте құпия «Манхэттен» жобасына қатысуды сұрады. Ол ядролық жарылыс жасау үшін қажетті нейтрондық тізбекті реакцияны тудырып, ұстап тұратын не екенін анықтауға тырысады. 1942 жылы АҚШ әскері Оппенгеймерді бомбалар сыналатын құпия зертхананы басқаруға шақырды. Ол зертхана қаладан шалғай жерде орналасты. Ол жаққа тек арнайы кіру қағазымен ғана баруға болатын еді.  Дәл осы жерге онымен бірге Харвардта оқыған курстастары қосылды. Көп жылдар жанында  болған замандастары  Оппенгеймерді сөзсіз түсінетін еді. 1945 жылы 16 шілдеде Нью-Мексикодағы полигонда әлемдегі алғашқы атом бомбасы жарылған кезде Манхэттен жобасы сәтті болды.

Осы бірінші сынақ барысында Оппенгеймер ядролық жарылысқа қарап отырып: «Мен әлемді жойған ажал болдым» деген сөздерді айтқан екен. 

АҚШ 1945 жылы 6 және 9 тамызда Оппенгеймер жасауға атсалысқан екі бомбаны Хиросима мен Нагасакиге тастайды. Атомдық бомба қаладан 600 метр биіктікте жарылғандығына қарамастан, Жапония қаласының 60 пайызын жойып жіберген екен. Тіпті үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қаланың тең жартысы сол күні-ақ мерт болған. Ал екінші рет, Нагасакидегі жарылыстан 70 мың адам қайтыс болып, тұрғын үйлердің 36 пайызы қираған. Нагасаки бұрын бомбаланған Хиросимаға қарағанда аз зардап шеккен. Жапониядағы жарылыстардан кейін Оппенгеймер «Біз шайтанның ісін істедік» деген екен.

Сондай-ақ Оппенгеймер Жапонияға тезірек бомба тастауды Соғыс департаментіне ұсынған ғылыми комитетте қызмет етті. Физиктер өздерінің жетістігіне масаттанғанымен, шабуылда бейбіт тұрғындардың зардап шеккеніне алаңдап, қару болашақта соғыстардың алдын алудың орнына, көп зардабын тигізеді ме деп қорықты. Жарылыстан кейін бірнеше аптадан соң Оппенгеймер соғыс министріне хат жазып, «ұлттың қауіпсіздігі… бірінші кезекте не толықтай ғылыми немесе техникалық қауқарына тәуелді болмауы керек. Ол тек болашақта соғыстарды болдырмауға ғана негізделе алады», – деп ескерткен.

Осылайша, ғалым ядролық қаруды тек бейбіт мақсатта пайдалануға қол жеткізе алмай 1967 жылы ақпанда қайтыс болады. Әлемге қауіп төндіретін атом ядролық қаруының салдарынан табиғат ластанып, шырайлы жердің тоз-тозын шығарып, ең негізгісі қарапайым адамдар қатерлі ісік пен түрлі ауруға шалдығып, зардабын әлі күнге дейін көріп келеді. Оппенгеймер «атом бомбасының атасы» ретінде тарихқа енді.

Соғыстан кейін Оппенгеймердің көзқарасы мүлдем өзгерді. Ол ядролық қаруды «агрессия мен террордың» құралы, ал қару–жарақ өнеркәсібін "шайтанның бастамасы" деп атады. 1945 жылдың қазан айындағы кездесулердің бірінде ол АҚШ президенті Труманға: «Менің қолым қолға малынды", - деді.

 Адамзатұлы  Н.А

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?