Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Алаш үкіметі АҚШ-тан қару-жарақ сұраған» – Сұлтан Хан Аққұлұлы

1646
«Алаш үкіметі АҚШ-тан қару-жарақ сұраған» – Сұлтан Хан Аққұлұлы - e-history.kz

Белгілі зерттеуші, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлының алаш тақырыбына қатысты тағы бір кітабы жарық көрді. 

«Әлихан Бөкейхан: Алаш идеясы және Біртұтас Түркі әлемі» деп аталатын кітаптың таныстырылымы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында өтті. 

Автордың айтуынша, еңбек Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуына арналып отыр. Еңбек орыс тілінде жарық көрген. «Себебі, елімізде тұратын орыс тілді азаматтарға Алаш тарихын кеңірек түсіндіруді мақсат тұттым» дейді автордың өзі. 

Бірегей еңбекте ХХ ғасырдың басында қазақтар қалай жерінен айырылғаны, қоныс аударушылармен қалай текетірес болғаны, Ақпан төңкерісінен кейін қазақтарға мемлекет құру мүмкіндігі қалай туғаны, Әлихан Бөкейханның жүріп өткен жолы, кадеттер партиясында не істегені, Сталиннің саясаты кеңінен қамтылған.

Зерттеу еңбек тұтастай тың тарихи деректерге негізделген. Атап айтар болсақ, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Жапонияның Сыртқы істер министрлігінің мұрағаттарынан 2022-2025 жылдары табылған тың тарихи құжаттар қамтылған. 

«Бұл бүгінгі тарих ғылымы мен Алаш тарихын зерттеуші ғалымдар үшін зор ғылыми жаңалық. Бұл тың тарихи деректер 1917-1920 жылдары тәуелсіз мемлекет болып жасаған Алаш Республикасының Алаш Орда Қазақ-Қырғыз Халық Кеңесінің, яғни Алаш Орда үкіметінің бірінші жаһандық соғыстың жеңімпаз мемлекеттерінен әскери-саяси қолдау және өз тәуелсіздігін мойындауды сұрағанын бұлтартпай дәлелдейді. Бұл құжаттар ХІІІ ғасырдағы Жошы ханның Ұлығ Ұлысы мен оның мұрагері болған XV-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығының жер аумағында 1917 жылдың желтоқсанында құрылған Алаш Республикасы тарихының беймәлім беттерін ашып береді. Оған қоса «Алаш» партиясы мен Алаш Республикасының 1918-1920 жылдардағы тарихын түбегейлі қайта зерттеп зерделеуге түрткі болады. Нақты айтқанда, алаштанушы ғалымдардың Ә.Н.Бөкейхан басқарған «Алаш» партиясы мен мемлекеті Ресей құрамындағы аутономия болуға ұмтылды деген тұжырымын түбегейлі теріске шығарып, керісінше табанды түрде Алаштың тәуелсіздігін бүкіл халықаралық қауымға мойындатуға бар күш-жігерін жұмсағанын дәлелдейді», - дейді автор. 

Осы мақсатта Әлихан бастаған Алаш Орда үкіметі (Р.Мәрсек, М.Шоқай, А.Байтрсынұлы және т.б.) түрлі стратегияны қолдана отырып Жапония, АҚШ, Қытай және т.б. елдердің ресми өкілдерімен екіжақты әскери-саяси, сауда-экономикалық және мәдени қарым-қатынас орнату мәселелері бойынша астыртын келіссөз жүргізген. 

«Бұл кітап Әлихан Бөкейханның өзі жайлы емес. Ұлт-азаттық көтерілістің теориялық негізін қалаушы әрі саяси көсемі Әлиханның өмірін баяндау арқылы сол кездегі тарихи оқиғаларды жазып шықтым. Оның ішінде соңғы екі-үш жылдан бері Жапонияның сыртқы істер министрлігінің мұрағатынан, өзіміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатынан, тағы басқа мұрағаттардан табылған құжаттар негізінде Алаш қозғалысының, Алаш үкіметінің тарихын 180 градусқа бұрып сипаттауға тура келді. Өйткені Алаш Республикасының тарихы осы күнге дейін сипатталып келген тарихтан әлдеқайда басқа болып шықты. Себебі Алаш Республикасы 1918 жылдың қаңтар айынан 1920 жылдың тамыз айына дейін егеменді, тәуелсіз ел болып өмір сүрген. Алаш Республикасы өз тәуелсіздігін халықаралық қауымдастыққа мойындатуға барынша күш салған мемлекет. Кітап осы тарихты сипаттайды», - дейді алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Тұсаукесер барысында Сұлтан Хан Аққұлұлы Алаш тарихы жөнінде Жапония сыртқы істер министрлігінің сыртқы саясат мұрағатынан табылған бір құжатты көрсетті. Бұл – Алашорда үкіметінің Жапония билігіне сол тұста жазған хаты болып шықты. Хат мәтіні тұтас аударылмаған. Хатты жапонның вице-консулы Рио Ватанабе деген кісі қысқаша мазмұндап, Жапония сыртқы істер министрлігіне қарасты мұрағатқа тапсырған.

«Бұл құжаттың растығын Райымжан Мәрсеков Үрімжіде НКВД қолына түскен кезде толықтай дәлелдеген. Райымжан кезінде Владивостокқа барған соң ең алғаш рет Алашорда үкіметінің сыртқы саясатын іске асырған. Ол АҚШ-тың Anderson Mayer компаниясымен 15 млн рубльге тауар сатып алу туралы келісімге қол қояды. Бұл – Алаш Республикасының тұңғыш экономикалық саясаты. Артынша АҚШ-тың Владивостоктағы экспедициялық корпусының қолбасшысы, генерал Уильям Грегспен келіссөз жүргізген. Грегстің атымен АҚШ-тың Жапониядағы өкілетті елшісі Дональд Морриспен кездеседі. Осы кісілермен кездескенде Райымжан Алашқа туыс түркі елдерінің тәуелсіздігін мойындауын сұрайды. Ол – бір. Екіншіден, «бізбен екіжақты дипломатиялық, сауда-экономикалық, мәдени, әскери әріптестік орнатсаңыздар» дейді. Үшіншіден, Ұлттар лигасына (қазіргі БҰҰ) мүше елдер АҚШ арқылы қазақ, башқұрт ұлттарының тәуелсіздігін мойындаса деп өтінді. Ең бастысы, «большевиктер интервенциясына тойтарыс беру үшін 40 мыңнан 100 мыңға жуық қару-жарақ берсеңіздер, керек десеңіздер 250 мыңға жуық әскер жинау бізге қиын емес» деп, саяси-әскери көмек сұраған», - дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы.

Сондай-ақ монографияда Ә.Н.Бөкейханның Ұлығ Ұлыс пен Қазақ хандығының жер аумағында олардың мұрагері ретінде Алаш Орда мемлекетін құрудан бұрын қазақ халқына осы Ұлығ Ұлыс пен Хандықтан мұраға қалған жерін қайтару жолындағы қиян-кескі күресі, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен партиясын құрған тарихы шынайы тарихи айғақ-деректерге сүйене отырып баяндалады.

Зерттеушінің айтуынша, Алаш арыстарының «Алаш» атауын таңдап алуының өзіндік мәні бар. 

«Зерттеушілер «Алаш» сөзін «Қазақ» атауының баламасы деп жүр. Бұл өрескел қателік. «Алаш» Жошы ұлысының екінші атауы. Өзі құрған ұлысты Алаш орда деп атады. Кейін батыс зерттеушілер шартты түрде Алтын орда деп атап кетті. Әлихан Бөкейханның Алашорда атынан Жапония үкіметіне жіберген өтінішінде былай дейді: Алашорда атауын ХІІІ ғасырдағы Ұлығ Ұлыс немесе Алтын Орданың құрметіне алдық. Басқаша айтқанда Алаш дейді». Яғни Әлихан Бөкейхан осы тікелей өзінің бабасы Жошы құрған ұлысты қайта жаңғыртуды мақсат тұтты. Алайда сол кездегі озбыр жүйе Әлиханның арманын іске асыруына мүмкіндік бермеді. Кезінде бабаларымыз мекен еткен жер ұлан-ғайыр алқапты қолдан ыдыратып, бес мемлекетке бөліп жіберді», - дейді Сұлтан Хан Аққұлұлы. 

Кітап қалың оқырман қауымға – ғалым, профессор мен оқытушылар ұжымы, студенттер мен магистранттар, докторанттар мен ұлт тарихын сүйетін қауымға арналады. Алаштанушының еңбегін «Меломен» дүкенінен сатып алуға болады.       

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?