Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«ALQA» радиосы: Алаш аманатын арқалаған бір жыл

2347
«ALQA» радиосы: Алаш аманатын арқалаған бір жыл - e-history.kz

Кеше Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында рухани-танымдық «ALQA» радиосының 1 жылдығына орай республикалық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды e-history.kz порталы.  Салтанатты жиында радионың өткені мен келешегі сараланып, алдағы жоспарлары таныстырылды. 

Дөңгелек үстел Астана қаласы Мәслихатының төрағасы Табиғат Қабденұлы Зейнұлқабденнің құттықтау сөзімен ашылды. Мәслихат төрағасы жаңа заман талабына сай жұмыс істеп отырған ақпарат құралының қысқа уақыт ішінде қоғамнан өз орнын алғанын атай келе, шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

«ALQA» радиосының Бас редакторы Серік Сейітманның айтуынша, радио жұмысы бір жыл бұрын нөлден басталған. «2024 жылдың 10 маусымында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен эфирдегі жұмысымызды бастадық», – дейді ол. Осы уақыт аралығында студияны заманауи құрылғылармен жабдықтау, кәсіби команда жинау, бағдарламалар кестесін құру, сайт пен мобильді қосымшаны іске қосу сияқты ауқымды жұмыстар атқарылған.

Радионың басты ерекшелігі – эфирге шығаратын өнімдерінің 100 пайыз төл туынды болуында. Бұл ерекшелік отандық телеарналардың да назарын аударған. Серік Сейітманның сөзінше, екі телеарна радио бағдарламаларын өз эфиріне шығаруға ниет білдірген.

Радионың «ALQA» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Бас редактордың айтуынша, бұл атау Алаш зиялыларының ағартушылық идеяларымен үндеседі. «Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жиырмасыншы ғасыр басындағы қазақ зиялыларының баспасөзге түгел атсалысып, бұл салаға ағартушылық сипат бергенін атап өтті», – дейді Сейітман. Ол Президенттің аға буынның сара жолын лайықты жалғастыру қажеттігін айрықша тоқтағанын еске салды. «Бұл – Алаштың аманатын арқалаған «Алқа» радиосының аты да, заты да мемлекеттік маңызға ие деген сөз!».

Радионың негізгі мақсаты – төл мәдениетіміз бен дәстүрлі дінімізді, тарихымыз бен өнерімізді насихаттау арқылы діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру. Сонымен қатар, Қазақстанды бейбітсүйгіш, зайырлы мемлекет ретінде танытып, ұлттық рухани кеңістікті сапалы дүниелермен толтыруды көздейді.

«ALQA» радиосы алдағы уақытта ауқымды жобаларды қолға алмақ. Бас редактордың айтуынша, басты жоспар – радио толқынынан жиілік алу. «Жаңалықтар қызметін іске қосу, ақпараттық репортаждар тарату, тыңдармандармен тікелей эфирде кері байланыс орнату секілді Радиоарнаны жанрлық жағынан түлету ісі де сол күндердің еншісінде», – дейді Серік Сейітман.

Мерейтойлық шараға қазақ радиосының ардагерлері Сауық Жақанова мен Аманжан Еңсебайұлы арнайы қонақ ретінде қатысып, жас буынға ақ батасын берді. Олар «ALQA» радиосының жұмысын жоғары бағалап, дәстүр мен жаңашылдық сабақтастығы туралы ойларымен бөлісті.

Сондай-ақ, жиынға мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері Серік Тәукебаев, Төлеген Қуанышев, Қанат Естек, алаштанушы ғалымдар Айгүл Ісмақова, Қайрат Сақ, дін маманы Нұрлан Байжігітұлы сияқты зиялы қауым өкілдері қатысып, ақпарат және ағартушылық тақырыбында құнды пікірлерін ортаға салды.

Кеш соңында күйшілер Айтжан Тоқтаған мен Ахат Байбосынов күйден шашу шашса, әнші-актриса Алтынай Нұрбек әннен тарту жасады. Бір қызығы, шарада өнер көрсеткен өнерпаздардың басым бөлігі, соның ішінде театр және кино актері Әділ Ахметов пен рекордшы Темір Сыпатай да «ALQA» радиосының бағдарлама жүргізушілері болып табылады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?