Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Отарлау және оның зардабы

2648
Отарлау және оның зардабы - e-history.kz

Республикалық ұлттық басылым «Егемен Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 2 қазан күнгі санына көрнекті қайраткер тұлғаның атынан: «Патшалық Ресейдің отаршылдығы басқа елдердің отаршылдығынан асып түспесе, кем түскен жоқ. Ұлан-ғайыр даламыз империя меншігіне айналды. Дініміз тәрк, тіліміз ғаріп, мәдениетіміз мүшкіл, өзіміз мүскін қалге ұшырадық», деген тұжырым жарияланыпты. Бұл дегеніміз – халқымыздың ұзақ жыл отарлық езгіде болғанын ресми түрде мойындау еді.

Дәл қазіргі қазақ қоғамында өз басым түсінбейтін психологиялық күрделі ахуал бар. Ол өзіміздің ұзақ жыл отарлауда болып, аламат ойранның заодабынан құр сүлдеріміз ғана қалғанын мойындамау және оны қалыпты көрініс деп білу. Бұл нені білдіреді? Яғни, үш ғасырға созылған отарлау зардабының таты қазақтың бойынан әлі өшпегендігіне айғақ. 

Бүгінгі таңдағы қазақ қоғамында балталасаң бұзылмайтындай қалыптасқан, тіпті күнделікті өмір сүру дағдысына айналған: жалтақтық, екіжүзділік, жағымпаздық, рухсыздық т.б. келеңсіз қасиеттер отарлаудың зардаб екені анық. Аса ұлтжанды ғалым марқұм Аманкелді Айталының «Отаршылықтың рухани зардабының салдарынан біз ақыл-ойымыз басқаға тәуелді, ынжық, дәрменсіз, өресіз, басқа біреудің ақылымен жүретін күйге тап болдық. Бұндай процесті батыстық әлеуметтану ғылымында «жағымды (позитивтік) дискриминация» десе, біз сияқты өз елінде өзі лайықты орын ала алмай отырған халықтың жағдайын әлеументтану ғылымында «ішкі отаршылдық (внутреннний колониализм)», деп жазуында терең мән жатыр. 

Сол сияқты ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында өмір сүрген итальяндық ойшыл Н. Макиавелли: «Ұзақ уақыт құлдықта болған халық еліне деген құштарлықтан, патриотизм мен имандылықтан айырылып, көнгіш жалтақ, тілалғыш, жағымпаз болады», десе, қазақтың тағы бір арысы атақты ұлтшыл Сәбетқазы Ақатаев 1994 жылы «Ана тілі» газетіне жариялаған мақаласында: «Ұзақ жыл отаршылық езгіде болған халық көнелік тарихи тамырынан айырылып, ұлттық генефондысы өзгеріске ұшырайды. Бірақ бұндай күйге халық өздігінен тап болмайды, отарлаушылар, яғни, қожайын езгісіндегі халықтың мешеу болғанын, шыққан тегін, меншікті парасатын, тілі мен дінін білмейтін, мақау болғанын қалайды» деген пайым айтады.  

Сөйтіп ұзақ жылғы отарлаудың зардабынан халқымыз ХІХ ғасырдың басына қарай бұрынғы жауынгерлік рухын жоғалтты, бұрынғы хандары жеккөрінішті жағдайға ұшырады, әрбір ру орыстың басқаруымен тыныш өмір сүруді ойлады, бұрынғы ел-жер қорғайтын шайқастың орынын барымта басты. Абай атамыз айтқандай, осылай жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады екен (Он төртінші қарасөз). 

Отарлаудың зардабына ұшыраған жұртты, қорқытпай, я параламай, ақылменен не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетіріп тынады да, өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма–сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады (Абай. Қырық бірінші қарасөз). Міне, бұл Абай атамыз айтқан отаршылдықтың зардабы. 

Сол сияқты, ұлтшыл оқымысты Сәбетқазы Ақатаев марқұм: «Қазақ баласы өзінің халқына тән рухтың барлығын жатырда оқып туатын еді. Отарлаудың зардабынан қазіргі жатыр осы жадыны жоғалтты. Өзімізді-өзіміз танудан қалдық. Сағынып көрісетін дархан қазақ баласының арасына жік түсті, кінәратшыл, кекшіл мінез бітті, кісілігімізді емес, кигенімізді, мінгенімізді, ішкен-жегенімізді мақтан тұттық. Арада достасудан гөрі араздық оты даяр. Бұрын ата тергеп, туыстық дәнекер іздесек, қазір жөн сұраса келе ажырасып қалатын болдық, тұтас қазақты «үш жүзге» бөлдік», дейді.

Қалай десек де, Қазақия патшалық Ресейге 176 жыл, Кеңестік Ресейге 74 жыл, барлығы 250 жыл отар болды (Манаш Қозыбаев). Отарлаушы  ел  отарланған қоғамның да, жеке адамның да өміріне көптеген зобалаң әкеледі. Оның ең бастысы белгісі – халықтық, елдік сананың ыдырауы, жікшілденуі, қалыптасқан әлеументтік, топтық, дәстүр қағидалардың ығыстырылуы, ұлттық психологияда жаңадан жағымсыз қылықтардың пайда болуы һәм жазушы Мұхтар Мағауин айтқандай, біз жаңа заманға ескі отарланған құлдық санамен енуі. Яғни, жоғарыдан не айтса соны құп көретін құлдық сана. Ұлттық мүддені, көк тиынға татымайтын күйкі бірдеңеге айырбастай салу үрдісі қалыптасты. Тіпті бұл ұят саналмайтын  дәрежеге жеттік. Алаш қайраткері Қошке Кемеңгеров айтқандай: «Қазақ орыстан білім ала алмады, олар үлгі көрсетудің орнына қазақты талады, алдауға үйретті («Езілген ұлттар» мақаласынан). 

Осындай жаман әдеттің қазақ қоғамында қалыптасу салдарынан «ұлтсыздық» дейтін дерт жайлады. Яғни, қазіргі ең басты дерт – ұлтсыздық. Бүгінде басымызда тұрған кесел, ертеңгі тұман мен күмән – түп-түгел осы отаршылық дертінің зардабы. Бір жағынан бұған кінәлі – қазақтың өзі. Тәуелсіздік келген күннен бастап, өз мүддесін, ұлт мүддесін қорғай алмай отыр (Мұхтар Мағауин: Ұлтсыздану ұраны. «Алаш», Алматы – 2004. 13-б).

Оның сыртында, үкімет һәм қоғам тарапынан  жойдасыз (тотальный) мәдени-рухани экспансияға тосқауыл-тыйым болатын шаралар қолға алынбай жатыр әсiресе, әлеуметтік желідегі жағымсыз қылықтар қазақ халқының мәдени-рухани төлтумалығына өлшеусiз зиян келтiруде. Жас ұрпақ көз алдымызда дүбәраланып, тiптен кiсәпiрленiп барады. 

Расында, монополиялық өктемдік төсіңе өрлеп, басыңа шықса; саған ойлау құқын бұйыртпай, тек қана орындау хұқын бұйыртса; тек қана «мен жазған ішірткіні рухани дәру ет» десе; батысқа ұқсаған бір жерің болса іске татып, ұқсамағанның бәрі жабайылықтың айғағы ретінде миыңа құйылса... Міне, осындай сұмдықтан кейін не болар еді? Не болатынын бір ұлт білсе, қазақ білуге тиіс. Түптеп келгенде, мұндай этностың әрбір субьектісі екі ұдай сезімде болып, мәңгілік өз жүрегі өзіне шабуыл жасаумен ғұмыр кешеді. Оның емі – рухани азаттық және рухани жаңғыру (Ақселеу Сейдімбек). 

Америкалық түрік оқымыстысы, әрі Орта Азияны зерттеу қауымдастығының президенті Кемал Карпат мырза 1993 жылы Алматыға келіп, қазақ ғалымдарымен сұхбаттасу барысында былай деген екен: сіздер «Қазақстан және Орта Азия» деген жалпыласқан терминнің арғы жағында қандай пиғыл тұрғанын білесіздер ме? Осындай терминдерді дүниеге келтірушілердің көздегені – қазақ халқын, қазақ жерін ортаазиялық бауырларынан бөліп алып, сіңіріп жіберу. Күндердің күнінде жүзеге асуы тиіс осындай іске жергілікті жұрттың психологиясын дайындаудың жоспарынан туындаған атау бұл. Сол сияқты, «Қазақстан халқы», «Қазақстан жері» дейтін терминдердің астарында да «қазақ» атауын қазақ халқын жоюдың жоспары жатыр, дегені бүгін әрбір қазақ ойланатын дүние (Әбдуәли Қайдар. «Қазақ қандай халық?. «Дайк-Пресс», Алматы 2008. 314-б).

Тәуелсіздік алған халықтар үшін ең маңызды мәселе – отаршылдықтың зардабынан арылу. Себебі, отаршылдар өзінің тарихын, мәдениетін, тілін, өмір салтын отарланған халыққа аямай сіңіріп кетеді. Соның нәтижесінде, бүтін халықтың рухани болмысы ластанады... Осыны әңгіме ете қалсаңыз, құлдық санадағы қауым: біздегі жағдай басқаша ғой, Қазақстан көп ұлтты ұлтты ел ғой, деп шыға келеміз. Сөз жоқ, елдің бірлігі мен татулығы қажет. Бірақ қандай идея негізінде бірігіп, татуласамыз. Мәселе осында. Осындай жасқаншақтықтың салдарынан қазақша сөйлеуді қойдық, әлі ұлтсыздану дертінен айығар емеспіз. 

Жалпылай айтқанда, отардан босаған ел сол отаршылдар қалдырған зардаптан құтылмай толық тәуелсіздікке ешқашан қол жеткізе алмайды. Ұлттық тұтасқан мемлекеттің іргетасын қалау үшін кез келген этнос қоғамдық-әлеументтік жарасымы нық орныққан, біртұтас ақпараттық өріс аясында өмір сүруі шарт. Біртұтас ақпараттық өріс этнос жадын тұтастандырып қана қоймайды, сонымен қатар, этноидеалдың да тұтасуына себепші. Әрбір этножаралым жадының біртұтастығы қожырай бастағанда, оның этнотөлтумалығы да дүбәраланады. Ал, этнос ыдырағанда бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі түсінгілері де келмейтін бірнеше әлеуметтік топтар пайда болады. Этнос тағдырына қатысты көзге көрінбейтін, кейде бақылап-пайымдауға бір адамның өмірі де жете бермейтін осы бір күрделі де нәзік үдеріске айырықша сезімталдықпен қарау қажет. Нағыз ұлтжандылық пен мемлекетшілдіктің сыналар жері де осы (Ақселеу Сейдімбек. Қазақтың ауызша тарихы. «Фолиант», Астана – 2008 ж. 47-б).

Оның сыртында, тәуелсіздік түсіне де кірмеген, ұлттық санасы мүлде жоқ немесе бұлыңғыр, үйіндегі баласымен жат тілде сөйлесетін, жоғарыдан түскен партиялық нұсқаумен ғана күн кешкен, көбіне-көп қандастарын кеміту, халқын сатумен мансапқа жеткен, жетекші тәртіптің жандайшабы болған, ішіп-жемнен басқаны ойламаған партиялық номенклатура адамзат тарихындағы ешбір төңкерісте, жаулау соғыстарында болып көрмеген ұтысқа шығып бар билікті, бар байлықты басып қалды (Мұхтар Мағауин: Ұлтсыздану ұраны. «Алаш», Алматы – 2004. 12-б).  Міне, бұл қазіргі қазақ қоғамындағы кеселдің үлкені және біздің отаршылықтан арыла алмауымыздың басты себебі осы. 

Отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Одан құтылу үшін бір-бірін әрі итеріп, бері жығатын әуре-сарсаң емес, ортақ жолындағы ынтымақ керек. Ондай ынтымақ бір-бірімізден мін іздеу жолымен емес, әрқайсымыздың көкейтесті мүддемізді бірдей елеп, бірдей ескеру жолымен орнайды. Төле, Қазыбек, Әйтеке есімдерінің әлі күнге ауыздан түспейтіні де сондықтан. Олар замандастарына сүйек сындырысып, жаға жыртысуды емес, бірі жең, бірі жаға, бірі іні, бірі аға болуды, өзара теңдік арқылы елдікке, елдік арқылы өзгелермен теңдікке жетуді үйреткендіктерінде (Әбіш Кекілбай. «Үш пайғамбар» құрастырған А. Нысаналы. «Дәуір», 1992 ж. 144-б).

Шындығында, бүгінгі бұқара тәуелсіздіктің қадірін түсінбей жүр! Оған себеп, бүгінгі қазақ тәуелсіздік жолындағы күресте өмірге келген ұрпақ емес. Азаттық үшін жан берісіп көрген жоқ. Сол себепті тәуелсіздіктің құнын білмей жатыр. Ұлттың руханиятын, тілі мен дәстүрін қолдай алмай отырғаны да осыдан. 

Жалпы әлемдік тарихта отарлаушылар отарланған халыққа конформизм психологиясын қалыптастырады. Өздерінің ығына жығылғыш, екіжүзді, тұрақсыз, ыңғайшыл адамдар тобын жасайды. Олары отаршылық жүйеге тәуелді түрде өмір сүреді. Бұдан құтылатын жол: барлық орта мектеп бағдарламасына  ұлттық танымды насихаттайтын жеке пән енгізу керек. Сондай-ақ, күллі тұрғындарды толық қамтыған халықты отансүйгіштікке тәрбиелейтін мемлекеттік көпсалалы бағдарлама қажет. Егер осыны қазір жасамасақ кеш.

Ұлтшыл жазушы Смағұл Елубай айтқандай, азаттық алған елдің басты мақсаты – асау өткелден неғұрлым тез, әрі шығынсыз өту, яғни отаршылдық қамытынан тезірек құтылуымыз қажет және ұлт болып ұйысып, іргелі мемлекет құру үшін адамдарға туыстық, мақсат-мүдде ортақтығы ғана емес, рухани нәр алар тамырларының да бірлігі аса қажет. Мұндай тамырлар – ұлтқа ортақ рухани қасиеттерi: ана тiлi, музыкасы (өнерi), дәстүрi, дiнi. Ұлттың тұтастығын қамтамасыз ететiн «желiм» iспеттес осынау рухани құндылықтары тиiсiнше қызметiн атқарып тұрған ұлт қана бiрлігі мықты ұлы күшке айналмақ. 

Өйткені, өз ұлтының рухани қазынасының нәрiн болмысына сiңiрген адам ғана өзiн халқымен бiртұтас сезiнбек. Ал, ұлт руханиятынан нәрлену мүмкiндiгi шектелген халықтың азаматтары жел қуған қаңбақша түрлi жат елдiк мәдениеттердiң ықпалында кетiп, ұлттық тамырынан ажыраған жағдайда бiрлiгi ыдырап, өзге елдiң отарына айналады, ассимиляцияға ұшыратылып, ұлт ретiнде жер бетiнен мүлде жойылмақ (Қасен Қожа-Ахмет)

Оның бер жағында, отарлаушылар әкелген кесірлерді өркениеттің жемісі, прогресс деп қабылдаған халық өзінің төлтума мәдениетін ешқашан жаңғырта алмайды (Аманкелді Айталы).

Осындай отарлаудың зардабынан құтылудың тағы бір жолы – қазақтың ұлы мен қызы қазақ балабақшасына, бірінші сыныптан бастап, қазақ мектебіне баруы тиіс. Ұлт болып сақталып қалудың бірінші шарты бұл! (Рахманқұл Бердібай).

Бүгінгі ұлтын сүйетін, халқына жаны ашитын қазақ азаматтарының бойында екі аманат бар:

Біріншісі – ата-баба аманаты ұлттық құндылықтарға адалдық;

Екіншісі – болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік немесе профессор Тұрсын Жұртбай айтқандай, халықты мүсәпірліктен құтқаратын – тәуелсіз ақыл-ойға ие, дербес әрекет жасауға қабілеті бар қайратты тұлғалар. 

Егер біз қазіргі тәуелсіздікті сақтай отырып, ұлттық мемлекет құрғымыз келсе:

  • Қоғам өміріне қазақы орта қалыптастыру;
  • Тарихи сананы тереңдету;
  • Мұсылманшылықты, дәстүрлікті жаңғырту;
  • Қазақстандағы орыстарды тарихи шындыққа көзін жеткізу, менмендіктен арылту;
  • Ұлтсызданған қазақтардың топ-деңгейін анықтап, әртүрлі тобына арналған ұлттық-ағарту бағдарламасын жасау;
  • БАҚ жұмысын түбегейлі ұлттық рухани мақсатқа бейімдеу, қажет. 

Біздің тәуелсіздікке қол жеткізуіміз – үлкен ойшыл Әбіш Кекілбаев айтқандай, бұған дейінгі бабаларымыздың ғасырлар бойы өз халқының тағдырын ойлап, сол жолда талай мәуесі қырқылғанымен, тамыры үзілмеген азатшыл қазақтың рухы.  

Тәуелсіздік бізді басқасын айтпағанда, Кеңес Одағы заманында орын алған сталиндік зұлмат, голощекиндік жасанды аштық және 490 дүркін қазақ жерінде жарылған атом бомбасынан (26 рет жер бетінде, 87 рет атмосферада, 354 рет жер астында), жөнсіз жыртылған жер, сұраусыз бұзылған су (Арал тағдыры) сияқты ақтаңдақтардың жалғаса беруінен құтқарды. 

Кеңес Одағы ыдырап, ұлттық республикалар тәуелсіздік алып жатқан тұста Г. Попов деген шовинист «Московские новости» газетінің 1989 жылғы 17 қыркүйектегі санында: «Өз отаны Қазақстанда көпшілік бола алмай отырған қазақтар ешуақытта көпшілік болмайды, сондықтан олардың болашағы да жоқ» деген екен. Бұл сәуегейдің айтқаны орындалмады.

Үнді көсемі Рабиндранат Тагор: «Әрбір халық әлем қауымдастығы алдында өзінің басқаға ұқсамайтын ерекше ұлттық болмысымен дараланып тұрмаса, ол халық жойылуға бет бұрған, қасірет жолындағы ұлт» дегені, расымен де шындық.

Жоғарыда келтірілген деректерді оқып отырып, ғаламат отарлаудан қалай аман қалғанымызға еріксіз таңданасыз. Дейтұрғанмен, 250 жыл батпандап кірген отарлау зардабынан ширек ғасырда толық арыла қоюымыз қиынның қиыны екен. 

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан айтқандай: «Әр ұрпақ  өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпеген де, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар».

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?