Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Елімізде реставратор мамандар тапшы»: Астанада ІІІ Қазақстан музей конгресі өтіп жатыр

1409
«Елімізде реставратор мамандар тапшы»: Астанада ІІІ Қазақстан музей конгресі өтіп жатыр - e-history.kz

Астанада ІІІ Қазақстан музейлері конгресі өтіп жатыр. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өтіп жатқан шараға Мәдениет және ақпарат министрлігінің және «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетінің халықаралық ұйымы қолдау білдіріп отыр.

Бас аяғы үш күнге созылатын маңызды шараға Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Беларусь, Түркменстан реставраторлары мен музей ісінің мамандары, ғылым мен мәдениет саласындағы жетекші сарапшылар мен зерттеушілер келіп қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, конгресс тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау мәселелері бойынша ғылым, мәдениет және музей ісі өкілдері арасында теориялық және практикалық тәжірибе алмасуға арналған кәсіби алаңға айналып үлгерген. 

«Биылғы конгресіміздің тақырыбы музей экспонаттарының реставрация және консервация жұмысына арналып отыр. Мұнда өңірлік музейлердің басшыларын шақырып отырмыз, өйткені реставрация мәселесі елімізде өте өзекті. Тәжірибе мәселесіне қатысты шаралар зертханаларда өтеді. Онда өте ежелгі дәуірдің экспонаттары бар. Мысалы, қола ғасырына жататын үгітілуге шақ тұрған қылышымыз бар. Одан бөлек матадан жасалған бұйымымыз бар. Оларды тіпті біз ұстауға мүмкіндігіміз жоқ. Соларды мата, металл, ағаш мамандарына көрсетіп, қалай қалпына келтіре алатынымызды талқылаймыз. Бұл бізге зор тәжірибе болады», - дейді тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық музейі директорының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Ақмарал Ибраева.

Биылғы Конгресс тақырыбы музейлік құндылықтарды консервациялау және реставрациялау мәселелеріне арналып отыр. Себебі, елімізде Ұлттық музей жанынан Ғылыми консервация және реставрация орталығы ашылғалы отыр. Мамандардың айтуынша, бұл реставрация саласына үлкен қарқын бермек. Сондай-ақ елімізде реставраторлар тапшылығын жоюға септігін тигізер еді дейді Дейді ҚР Ұлттық музейінің реставраторы Құралай Төлегенова.

«Реставрация дегеніміз көне жәдігерлердің бүлінген жерін тоқтатып, зақымдалған жеріне мейлінше зиян келтірмей ем қолдану деген сөз.  Күрделі әрі өте қиындығы көп сала. Сол себептен де болар, елімізде реставраторлар онша көп емес. Көне жәдігерлерді, жаңғыртып жүрген реставратор мамандар қазіргі кезде жалпы саны 100-ге жетер жетпес қана. Есесіне территориямыз өте үлкен, соған сәйкес тарихи жәдігерлер мен ескерткіштер де өте көп. Музейлердің саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Сол жәдігерлерімізді келесі ұрпаққа жеткізу осы  реставратор мамандардың қолында», - дейді ол. 

Айтуынша, бұл мамандыққа елдегі екі жоғарғы оқу орны ғана маман даярлайды.

«Шынын айту керек, ғасырлар бойы сақталып, мұра болып қалған құнды жәдігерлерді келесі ұрпаққа жеткізетін кәсіп иелері жекелей әртүрлі ұстаздан тәлім алып жүр. Бірақ соған қарамастан отандық реставраторлар тарихи мұраларымызды жаңғырту ісінде қолдан келгенін жасап жатыр. Қазақстанда реставрация саласы бар  және ол біршама дамыған. Бұл салада өзін-өзі жетілдіріп, ұстаздарынан білім алған реставраторлар жұмыс істейді. Олардың арасында тәжірибелі мамандар да, жас буын да бар. Мысалы, Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы, Орталық музейлерде және Астана мен Семей қалаларында реставрациямен айналысқан мамандардың еңбегі ерекше. Кейбір ұстаздар зейнеткерлікке шықса да, өмір бойы шәкірт болуды жалғастырып, реставрациялық жұмыстарын тоқтатпайды. Мәселен, жетпіс жастан асқан бір ұстаз әлі күнге дейін белсенді түрде еңбек етіп келеді.

Реставрация – өмір бойы оқуды талап ететін кәсіп. Қазақстандық реставраторлар шетелде де білім алады. Мәселен, мамандарымыз соңғы екі жылда Ресейдің  реставрация ғылыми-зерттеу институтынан бір айлық оқу курстарынан өтіп келді. Олар иконалар, металл, қағаз, мата және археологиялық жәдігерлерді қалпына келтіру бойынша тәжірибе жинақтады. Сондай-ақ, мамандарымыз Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан сияқты елдерде тәжірибе жинақтады. 

Қазақстанда реставрация саласы бар және ол даму үстінде. Отандық мамандар халықаралық тәжірибені меңгеріп, өз білімдерін жетілдіруде. Конференциялар мен тәжірибе алмасу шаралары бұл салаға жаңа серпін беріп, реставраторлардың кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етеді. Бұл – тарихымызды сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізудің маңызды жолы.

Бұл салада әдістеме мен методикаға сүйену өте маңызды, өйткені әрбір жұмыстың нәтижесі қайтымды болуы тиіс. Реставрацияланған жәдігерлер уақыт өте келе өзгеріске ұшыраса, кейінгі реставраторлар оларды қайта қалпына келтіре алатындай болуы керек. Осы тұрғыда халықаралық және отандық конференциялар реставраторларға шабыт беріп, жаңа әдістемелерді үйренуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар мамандардың білімін жетілдіріп, мотивациясын арттырады», - дейді Ұлттық музейдің реставраторы Құралай Төлегенова. 

Бүгінде Ұлттық музейде 200 000-нан астам жәдігер сақталған. Олардың кейбірі күнделікті реставрацияны қажет етеді. Жыл сайын реставраторлар жүзден астам жәдігерді қалпына келтіреді. Олардың жұмысы реставрациялық кеңестің қатаң бақылауында болады. Жыл басында әр реставратор қордағы ең қажетті жәдігерлерді таңдап, оларды қалпына келтірумен айналысады. 

19-21 мамыр аралығында өтетін мәдениет қызметкерлері форумы аясында ұйымдастырылған бұл шара музей саласының өзекті мәселелерін талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Құрылған сәтінен бастап Конгресс музей саласымамандарының кәсіби қауымдастығы үшін маңызды әрі күтілетін оқиғаға айналды. 

2023 жылы өткеналғашқы Конгресс аясында 60-қа жуық музейден 200-ге тарта маман қатысып, «Өзбекәлі Жәнібеков мұрасыжәне музей ісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелікконференциясы, мемориалдық музей-қорықтарғаарналған панельдік сессия және реставраторларғаарналған тәжірибелік семинар ұйымдастырылды.

2024 жылы 23-24 қыркүйек күндері өткен екінші Конгресс халықаралық сипат алып, Ұлттық музей алаңында 12 елден 100-ден астам зерттеушінібіріктірді. Оның аясында «Музеология: Қазақстан – Франция» халықаралық форумы өтіп, Лувр бастағанФранцияның жетекші мәдени және ғылымимекемелері өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар жаңа медианы қолдану арқылы жасалған цифрлы өнертуындылары мен креативті жобалар ұсынылған «Цифрлы күз» фестивалі болып өтті. 

Ал биылғы III Конгрес Реставрация және заманауи музей ісінің өзекті мәселелеріне арналған.

«Қазақстанның Ұлттық музейінде осымен үшінші рет өткізіліп отырған Қазақстан музейлерінің конгресі биыл реставрация және консервация мәселелеріне арналып отыр.

Үш күнге созылатын конгресс аясында теориялық және практикалық сессиялар ұйымдастырылды. Күндізгі бөлімде Ресей, Түркия, Өзбекстан және Түркіменстаннан келген музей мамандары мен ғылыми институт өкілдері өз тәжірибелерімен бөліседі. Түстен кейін практикалық мастер-кластар мен шеберлік сағаттары өткізіледі. Бұл сессияларда реставраторлар мен музей қызметкерлері темір, қағаз, мата және басқа материалдардан жасалған жәдігерлерді қалпына келтіру әдістерін үйренеді. Аймақтардан келген мамандарға арнайы құралдарды қолдану және реставрация әдістері көрсетілуде», - дейді Ұлттық музейдің баспасөз хатшысы Айгүл Айтмұханова.

Конгресс алғашқы күні Түрксой ұйымына мүше мемлекеттердің музейлер кеңесінің отырысы өтті. Бұл отырыста Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан музейлері Түрксой музейлер кеңесіне мүшелікке қабылданды. 

«Биыл Ақтау қаласы Түрксойдың мәдени астанасы болып жарияланғаны білесіздер. Оның үстіне Ұлттық музей осы ұйымның музейлер кеңесіне төрағалық етіп отыр. Яғни Конгресстің ұтымды тұстары өте көп. Мәселен кешегі отырыста музейлерді дамыту, реставрация және консервация мәселелері, қаржыландыру және мамандарды шетелде оқыту сияқты өзекті тақырыптар талқыланды. Сол секілді Алматы музей дирекциясының өкілдері шетелдік оқу бағдарламаларына мамандарды жіберу, қаржылық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Себебі, кейбір музейлерде сирек мамандықтардың, әсіресе реставраторлардың жетіспеушілігі байқалады, ал тәжірибелі мамандардың көбі зейнеткерлікке шығып жатыр. Осы мәселені шешу үшін келесі буын мамандарды дайындау және шетелдік оқу бағдарламаларын ұйымдастыру қажеттілігі айтылды.

Заманауи технологиялар тарту мәселесі де қозғалып жатыр. Конгрестің соңғы күнінде технологиялық компаниялардың, соның ішінде ETC, INTmedi, Panasonic және Pitch сияқты ұйымдардың өкілдері музей экспозицияларына заманауи шешімдер енгізу мүмкіндіктерін таныстырады. Музейлердің заманға сай болуы үшін жаңа технологияларды қолдану маңызды. Сондай-ақ, ақпаратты халыққа тартымды етіп жеткізу үшін сторителлинг және нарратив құру мәселелеріне арналған баяндама өтеді. Бұл сессияда музей экспонаттарының құндылығын аша түсетін мәтіндер мен презентациялар дайындау әдістері талқыланады.

Қазақстан музейлерінің III Конгресі – музей саласын дамытуға, реставрация және консервация мәселелерін шешуге, сондай-ақ халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталған маңызды шара», - дейді ол. 

Маман пікірі

Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің суретші реставраторы Құрманғазы Қадыров:  

Қазақстанда реставрация саласы ұлттық мәдени мұраны сақтаудың негізгі тірегі болып есептеледі. Өтіп жатқан реставраторлардың жиыны осы саладағы мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және жастарды тартуға бағытталған маңызды шара болып отыр. Кеше басталған бұл жиында мастер-кластар, пікірталастар және тәжірибелік сабақтар өтіп жатыр. 

Жиынның басты мақсаты – реставраторлардың тәжірибе алмасуы, жаңа технологиялар мен әдістерді үйренуі және жастарды осы салаға баулу. Реставрация – музейлердің жаны, өйткені ол тарихи жәдігерлерді, археологиялық олжаларды және мәдени құндылықтарды қалпына келтіріп, ұлттық мәдениет пен дәстүрді жаңғыртуға мүмкіндік береді. Мысалы, Ахмет Ясауи кесенесінің қақпасы сияқты тарихи нысандарды консервациялау және реставрациялау осы сала мамандарының тынымсыз еңбегі арқылы жүзеге асты. Жиын барысында металл, керамика және басқа материалдармен жұмыс істеудің әдістері көрсетілді. Бұл тәжірибелер әсіресе жас мамандар үшін құнды болары сөзсіз. Сонымен қатар, реставрация орталығы ашу жоспары талқыланды, бұл саладағы инфрақұрылымды дамытуға және мамандарды даярлауға септігін тигізеді.

Қазақстандағы реставраторлардың кәсіби деңгейі әртүрлі: өте білікті мамандар да, орташа деңгейдегілер де бар. Мысалы, Алматыдағы Ә. Қастеев атындағы өнер музейі мен Ұлттық кітапханада тәжірибелі реставраторлар еңбек етеді. Алайда, мамандар саны өте аз, бұл бірнеше себептерге байланысты:

Арнайы оқу орындарының жоқтығы: Реставрация саласына мамандар даярлайтын арнайы мектептер мен орталықтар жоқ. Қазіргі реставраторлар көбінесе тәжірибелі ұстаздардан, мысалы, Қырымбек ағамыз сияқты мамандардан үйреніп жүр. Алайда нақты орталық жоқ. 

Реставрацияға сұраныс бар, бірақ жеткілікті деңгейде емес. Музейлер мен археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлерді қалпына келтіру қажеттілігі артып келеді, бірақ жұмыс көлемі мамандар санын арттыруға жеткіліксіз болып отыр. 

Жастардың қызығушылығы жақсы, бірақ басында айтып өткенімдей, оларды оқытатын жүйелі білім беру бағдарламаларының болмауы және мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі маман тапшылығын арттырып отыр.

Реставрация процесінде ең маңызды мәселе – жәдігерлердің түпнұсқалығын сақтау. Кейде реставраторлар затты қалпына келтіреміз деп, оның тарихи мәнін жоғалтып алады. Мысалы, ескі жәдігерді тазалау немесе қаптау кезінде оның бастапқы бейнесі бұрмалануы мүмкін. Сондықтан реставрацияда химиялық ерітінділерді, элементтерді және технологияларды мұқият қолдану керек. Бұл салада дұрыс білім мен тәжірибе маңызды.

Қазақстан реставраторлары Ресей, Италия және Түркия сияқты елдердің тәжірибесіне сүйенеді. Себебі, бұл елдерде реставрация мектептері мен орталықтары жақсы дамыған. Мысалы, Ресейде Эрмитаж және Третьяков галереясы сияқты мекемелерде реставрация саласындағы жетістіктер әлемге әйгілі. Қазақстанда да осындай орталықтар ашу және халықаралық мамандармен бірлескен жобаларды дамыту қажет. Жиын барысында осы мәселелер талқыланып, тәжірибе алмасудың маңызы айтылды.

Яғни реставраторлардың мәдени мұраны сақтаудағы үлесі орасан зор. Мысалы, Ахмет Ясауи кесенесінің қақпасы, Берел қорғанынан табылған алтын әшекейлер және басқа да археологиялық олжалар реставраторлардың еңбегі арқылы сақталып бүгінге жетіп отыр. Алайда, реставрация орталықтары мен арнайы оқу орындары болмаса, бұл саладағы жетістіктер шектеулі болады.

 

19 МАМЫР
I панелдік сессия – «АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗАТТАРДЫ КОНСЕРВАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ РЕСТАВРАЦИЯЛАУ» 
Конференция барысында тарихи-мәдени мұра мен археологиялық нысандарды сақтау мәселелері, реставраторлардың кәсіби деңгейі мен құзыреттілігін арттыру, сондай-ақ осы саладағы ғылыми-зерттеу тәсілдерін дамытуға қатысты өзекті мәселелер қарастырылады.
 
ІI панелдік сессия – «АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗАТТАРДЫ КОНСЕРВАЦИЯЛАУ ЖӘНЕ РЕСТАВРАЦИЯЛАУ ӘДІСТЕРІ» ПРАКТИКУМЫ 
Практикум аясында керамика, ағаш, былғары, органикалық материалдар мен металлдан жасалған бұйымдарды реставрациялау бойынша маман-практиктерге, археолог-тарихшыларға, өнертанушылар мен мәдениеттанушыларға арналған мастер-кластар өткізіледі. Пәнаралық әдістер мен халықаралық тәжірибеге ерекше назар аударылады.
 
20 МАМЫР
III панелдік сессия – «XVIII-XX ҒҒ. МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ» АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГІ
Семинар осы тарихи кезеңге жататын музейлік заттарды сақтаудың әртүрлі тәсілдерімен танысуға, қазақстандық бейнелеу өнері туындыларын реставрациялаудағы ғылыми-зерттеу және әдістемелік тәсілдерді зерделеуге бағытталған. Сонымен қатар, музейлік заттарды зерттеу мен оларды музейлендіру мәселелері, сондай-ақ әртүрлі сала мамандары арасындағы ықпалдастықтың мүмкін формалары қарастырылады.
 
IV панелдік сессия – «XVIII-XX ҒҒ. МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ШЕБЕРЛІК САҒАТТАРЫ  
Қатысушылар кескіндеме туындыларына, табиғи-тарихи коллекция заттарына, қағаз негізіндегі шығармаларға, металлдан, матадан, ағаштан жасалған бұйымдарға реставрация жүргізудің кейбір әдістері бойынша кәсіби мәселелерді тәжірибе жүзінде талқылап, құнды тәжірибе ала алады.
 
21 МАМЫР
V панелдік сессия – «МУЗЕЙ ІСІ ЖӘНЕ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРА» ФОРУМЫ
Форум музей саласының жетекші сарапшыларымен мамандарын жинап, өзекті тенденциялардыталқылауға, заманауи технологияларды енгізуге жәнетарихи-мәдени мұраны сақтауда музейлердің рөлінқайта қарастыруға арналған. Мақсат – музей ісіндеинновациялық тәсілдерді дамытуға ықпал ету, музейлерді кең аудитория үшін қолжетімді, интерактивті және эмоциялық тұрғыдан әсерлі ету. Форумда ETC, INTmedi, Panasonic және Pitch компанияларының өкілдері баяндама жасайды.
 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?