Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бесінші Барақ баяны

2386
Бесінші Барақ баяны - e-history.kz

Сурет: ЖИ

XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысы – қазақ халқы үшін сындарлы кезең болды. Жоңғар шапқыншылығы, ел ішіндегі бытыраңқылық, сыртқы қауіп-қатерлермен қатар, ұлттың тағдырына жауапты тұлғалардың тарихи аренаға шыққан уақыты да осы кезеңге сай келеді. Осындай ауыр, аумалы-төкпелі заманда ел мен жердің тұтастығы үшін басын бәйгеге тіккен  төрт Барақ батырдың есімі қазақ даласына кеңінен жайылды, бұл төрт тұлғаның атын халық ерекше ардақ тұтты. Бірі – төре тұқымынан шыққан, хандық билікке үміткер, күрделі саяси қайшылықтар кезеңінде ел мүддесін көздеген Барақ сұлтан болса, екіншісі – батырлығымен танылған, ұлт азаттығы жолындағы күресте есімі ерекше аталған қайраткер Барақ Қонысұлы, үшіншісі – жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде қол бастаған батыр, Орта жүздің Найман тайпасының Көкжарлы руынан шыққан – Барақ Шүркеұлы ( Көкжал Барақ). Төртіншісі – Кіші жүзден шыққан әйгілі батыр Барақ Сатыбалдыұлы. 

Барақ Сатыбалдыұлының батыр атағы 18 жасында Алакөбік батырды жекпе-жек шайқаста жеңгеннен кейін шықты. Сол кезеңде қазақ даласында осы төрт батырдың есімі белгілі болғанын аңыз-әңгімелер мен халық ауызынан жазып алынған жыр-дастандардан анық байқаймыз. Ерғожа Құлпыбаев халық аузынан жазып алған «Барақ батыр» дастанында қос Батырдың ерлігін былайша баяндайды:

«Заманында ер болып

Екі Барақ келер», – деп,

Аян берді әруақ.

«Әуелгі Барақ» дегенім –

Қоныстың ұлы Құлбарақ.

Заманында ер болып

Өтіп еді сол Барақ.

«Екінші Барақ» дегенім –

Сатыбалды ұлы – бұл Барақ,

Асынғаны – жау-жарақ,

Алакөбек кәпірге

Ұмтылып еді Аллалап,

Алакөбек кәпірді

Өлтіріп еді паршалап [1, 26 б.].

Біз бұл үзіндіден сол кезеңдегі қос Барақ батырдың ерлігін, жау шапқыншылығына қарсы тұрып, батырлық болмысын ашық көрсеткенін байқаймыз.  Бірақ, патша үкіметі қазақ жерін отарлағаннан кейін Барақ есімді батырлар халық жадынан шығып, жұрт жиылған жерде ерлікке толық жыр-дастандардың айтылуы азаяды.  Жыршы Тілеумағамбет Аманжолұлы «Асау-Барақ» жырын 1914 жылы қағазға түсіріп алған нұсқада қазақ даласында үш Барақ батырдың есімі белгілі болғандығын айтып, оларды жеке-жеке былайша суреттейді: 

Бұл дүниенің жүзіне,

Келген екен үш Барақ.

Бірінші Барақ дегенім,

Шыңғыстан ұлы хан Барақ,

Алакөбік батырды,

Өлтірген жоқ бұл Барақ.

Екінші Барақ дегенім,

Қоңыстың ұлы Құлбарақ,

Алакөбік батырды,

Өлтірген жоқ бұл бірақ.

Үшінші Барақ дегенім,

Қарақойлы Табынннан,

Сатыбалдыұлы ер Барақ,

Өлтірген еді сол Барақ. 

Біз сөз еткелі отырған бұл төрт Барақ батыр емес,  сол кезеңде есімі қазақ жұртына жайылған, Торғай өңірінен шыққан Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы). Барақ Жанұзақұлы төрт Барақ батырмен замандас, ерлігі ел есінде сақталған батыр, Тобыл-Торғай өңіріне кеңінен белгілі әулие, емші болған. Тарихи деректерге сүйенсек, Шығысқа көкжал Барақ, Батысқа Барақ Сатыбалдыұлы, ал Солтүстікке Барақ Жанұзақұлы қорған болып, үш жүздің басын қосып, қол бастаған батырлар атанған. Бірақ, ауыз әдебиетінде Барақ батырлардың есімін шатастыру, батырлық ерліктерін бір-біріне теліп жіберу жиі кездеседі. Үш Барақ батыр замандас болғанымен, хронологиялық тұрғыдан алғанда Барақ Жанұзақұлы жас жағынан Барақ Сатыбалдыұлынан әлдеқайда үлкен болған. Сондықтан Ержоға Құлпыбаев, Ережеп Білеуов халық ауызынан жазып алған аңыз-әңгімелер, жыр-дастандарда «табын Барақ», «Көкжарлы Барақ», «Қарабалуан Барақ»  лақап аттары арқылы батырлардың ерлігі, бет-бейнесі айшықтала түседі.

Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы) — ХVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген, қазақ халқының би-шешендері мен ел ағалары қатарында ерекше орны бар тарихи тұлға. Ол шамамен 1696 жылы (кей деректерде 1722 жылы) қазіргі Қостанай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Алдияр ауылында дүниеге келген. Оның әкесі Жанұзақ – аты кең жайылған, атақты түйе балуан Қарабалуан атымен тарихи деректерде есімі қалған. Қарабалуанның өзі жастайынан қайратты болып өсіп, небәрі 18 жасында-ақ батыр атанған. Шыққан тегі мен тектілігі сай келетін бұл әулет қазақ даласында ерлікпен де, елдікпен де аты қалған. Ру шежіресіне сүйенсек, Қарабалуан мен әйгілі Жәнібектің үшінші аталары – Сарыжетім мен Шақшақ – бір туған. Ал Қарабалуан мен Дәуітбай өмір бойы айырылмас, егіз қозыдай тату болған. Осындай тектілік пен рухани сабақтастықтан нәр алған Барақ Жанұзақұлы өз заманында батыр, әулие ретінде танылып, ел ішіндегі даулы мәселелерді әділ шешіп, қара қылды қақ жарған турашылдығымен аты шыққан [2, 238 б.].

Барақ батыр –  XVIII ғасырда өмір сүрген, ел тарихында есімі алтын әріппен жазылған ерекше қабілетті әскери қолбасшы, әрі Абылай ханның сенімді серігі. Ол – атақты жаужүрек батыр, қолбасшылық дарынмен танылған Қарабалуан Алдиярұлының үшінші ұлы. Әкесінен дарыған ерлік пен қайсар мінез Барақтың тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті.

Барақтың анасы – текті жерден шыққан, қазақ даласына аты мәлім дана Төле бидің туған немере қарындасы. Анасы Жасқан – жаратылысынан ерекше қасиет дарыған, емшілік қабілетімен танылған, ел ішіндегі рухани әрі дәрігерлік көмек көрсеткен абзал жан болған. Оның бойындағы осы емшілік қасиет Барақ батырға да қонған [3, 6 б.].

Барақ батырдың арғы атасы – Алдияр баба, ежелден Қостанай өңіріндегі Обаған төңірегін мекендеген. Бұл қасиетті мекен Алдияр ұрпақтары үшін атақонысқа айналып, талай ұрпақ осы жерде дүниеге келіп, ел қорғау жолында ерлік көрсеткен. Әкесі Қарабалуан (Жанұзақ) Шақшақ Жәнібекпен қатарлас, қол бастаған әйгілі батыр атанған.  Шақшақ Жәнібек пен Қарабалуан Алдиярұлы аттары қатар айтылып, Солтүстіктен шыққан қос батырдың есімі үлкен жорықтарда, әсіресе жоңғарларға қарсы күресте бірге аталып, үлкен қолбасшылық көрсетіп, ірі жеңістерге жетіп отырған. Шақшақ Жәңібек батыр мен Қарабалуан(Жанұзақ) батырдың ерлігі жайлы Сәлім Меңдібай «Қарабалуан мен Жазы би» атты мақаласында: 

«Бұған:

Кім озар Қошқарұлы Жәнібектен,

Шақшақтың шөбересі асыл тектен.

Қалмақты қонысынан қойдай қуып,

Халқы үшін қабырғадан қанын төккен.

Қасына Қаракерей Қабанбайы,

Жаурынын жауға болжай біліп шеттен.

Жолдасы Қарабалуан, күрең шешен,

Әйтеже, табын Сәрке, тама Есетпен, –  деп жырлаған атақты Нұрхан ақынның сөздері дәлел», – деген ақын өлеңін ұсынады. Сәлім Меңдібай «Қарабалуан мен Жазы би» атты мақаласында қос батырдың достығының берік болуына мынандай үш себеп болғандығын атап өтеді: 

«Біріншіден, екеуі жақын ағайын, туыс. Аралары төрт ата. 

Екінші себеп, Қарабалуан атақты Абыз биге бата аламын деп барғанда Абыз би: «Ел бастап би боламын десең, алдыңа келгеннен әділдігіңді аяма. Көп бастап жол аламын десең жолдастың мыңын алма, бірін ал. Мың кісіге татитын өз туысың бар, ол – Шақшақ Жәнібек», – дейді.

Үшіншіден, Қарабалуан 18 жасынан әйгілі батыр болып танылған», – дегенмен қос батырдың да есімі бала күнінен алыс-жақын қазаққа жетіп, бірі – Тархан атанса, екіншісі – Қарабалуан атанған.  Қарабалуанның әкесі Алдиярдың балалары: Қожамжар, Қарабалуан және Өмірзақ. Осы үш әулет кейін Обаған маңында өркен жайып, өз заманында ел басқарған, жауға қарсы тұрған, би-батырлар шыққан текті тұқымға айналды. Соның ішінде Қарабалуан – жауынгерлік қабілетімен, қолбасшылық дарынымен көзге түсіп, есімі елге танылған тұлға болды. Алдияр баба жайлы ел аузында сақталған бір ерекше жайт бар: құлағының үсті тұсынан сәл жоғары жерде шаш өспейтін бір кішкентай қал шыққан екен. Осы ерекшелікті байқаған ағасы Мадияр әзілмен, әрі сүйіспеншілікпен оны «таз» деп атай бастаған. Бұл атау кейін ұрпаққа беріліп, Алдияр әулетін жұрт «Таз руы», немесе «Таз әулеті» деп атайтын болған. Бұл – тектілік пен шежіренің бір бөлшегі ретінде қалған.

Барақ Жанұзақұлының ата-тегі, шежіресі("Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде". Т.  Х : Арғын. – Алматы: «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, 2011. - 211 бет.)

Барақытың әкесі Жанұзақ батырға Қарабалуан атағы 18 жасында Кіші жүздің түйебалуанын жеңгені үшін беріліп, Қарабалуан аты қазақ даласына жайылған. Барақ батырдың өзі  1740-1758 жылдар аралығында қазақ жерін жоңғар-қалмақ басқыншыларынан азат ету жолында өткен маңызды тарихи оқиғаларға – Ордабасы жиынына, Бұланты мен Аңырақай шайқастарына белсене қатысқан. Бұл шайқастар – қазақ халқының тағдырын шешкен, ел бірлігінің, үш жүздің тізе қосқан ынтымағының көрінісі болған ірі тарихи кезеңдер еді. Сол майдан даласында Барақ батыр ерлігімен танылып, қол бастаған, ел қамын ойлаған ерлердің сапында жүрген. Барақ батырдың есімі халық жадында ғана емес, жазба деректерде де сақталған. Атап айтқанда, Бұқар жырау өз жырларында оны ерлік иесі, ел қорғаны болған батырлар қатарында атаған. Бұл – Барақтың ел алдында сіңірген еңбегі мен абыройының жарқын айғағы. Сонымен қатар, Барақ Қарабалуанұлы – Абылай ханның жанында жүрген сенімді серіктерінің бірі болған. Ол хан ордасындағы күрделі саяси-әскери істерге қатысып, Абылайдың сенімін толық ақтаған. Жау келгенде қол бастап, ел ішінде даулы мәселе туса, бітімге бастайтын білікті тұлға ретінде де танылды. 

Барақ батырдың есімі Емельян Пугачев бастаған 1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысына қатысуымен байланысты да аталады. Бұл қозғалыс патша үкіметінің езгісіне қарсы бағытталып, оған қазақтардың бір бөлігі де қолдау білдірген. Солардың қатарында Барақ Жанұзақұлы да болып, ер жүректігімен көзге түскен. Ол отаршылдыққа қарсы бұл күресте қарапайым халықтың сөзін сөйлеп, орыстың отарлық саясатына қарсы бағытталған шабуылдарға қатысқан. Осыдан кейінгі тарихи белесте, яғни 1783–1797 жылдары өткен Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыста да Барақ батыр белсенді рөл атқарған. Сырыммен ниеттес болған Барақ ел бірлігін ту етіп, отаршыл әкімшілікке қарсы ұйымдасқан күреске қатысып, шекара бойын қорғауда батырлығымен ерекше көзге түскен. 

Абылай ханның Барақ батырға қарата айтқан: «Өзің батыр, өзің әулие екенсің ғой. Сені ел емші-батыр, бақсы-балгер деуші еді, мен сені әулие батыр деп атаймын», [4, 4 б.]. – деген мына бір сөзі ел аузында күні бүгінге дейін сақталып жеткен. Абылай ханның бұл сөзі жайдан-жай айтылмаған. Оның түп-төркіні – Барақ батырдың бойындағы ерекше қасиеттер мен дара болмысында жатыр. Шешесі Жасқан – Төле бидің немере қарындасы, тектілік пен көрегендіктің иесі болған, әрі емшілік пен бақсылық өнерді терең меңгерген киелі жан еді. Ол сол дәуірдің өзінде халықты табиғи шөппен, дұғамен емдеген, ырым-сырымды жетік білген, ел ішінде беделі зор әйел болған. Осы қасиеттердің бір бөлігі ұлы Бараққа да дариды. Бала күнінен шешесінің жанында жүріп, емшілік пен бақсылық ілімнің қыр-сырын үйренген Барақ есейе келе бұл қасиеттерді ел қажетіне жарата білді. Ол тек жауға қарсы қол бастаған батыр ғана емес, халықты түрлі сырқаттан емдеп, рухани дем берген шипагер, көріпкелдігімен де ерекшеленген. Сондықтан да ел арасында оны бірде «емші батыр», енді бірде «әулие Барақ» деп атаған. 

1996 жылы Қостанай облысында белгілі тарихи тұлға, ел қорғаны Барақ Жанұзақұлының туғанына 300 жыл толуына орай ұрпақтарының бастамасымен мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылып, батырдың құрметіне арнайы мемориалдық кешен мемлекет қарамағына өткен. Бұл ескерткіш нысан – қазақ халқының тарихи жадын сақтау мен ұрпаққа өнеге ету бағытындағы маңызды мәдени нышандардың бірі болып табылады. Кесене архитектуралық жағынан дәстүрлі порталды-күмбезді стильде салынған. Жобаның жалпы көлемі – 8,5 × 6,5 метр, тікбұрышты жоспарда орындалған. Құрылым бұрыштарында сыртқа шығыңқы етіп өрілген тірек бағандар орналасқан, бұл ортағасырлық қазақ мазарларына тән кеңістіктік-кеңістік үйлесімділікті айғақтайды.

Портал бөлігінің биіктігі – 3,6 метр, ал мазар қабырғаларының биіктігі – 3 метр. Құрылыстың негізгі материалы – силикатты кірпіш; ал цоколь мен тірек бағандар – керамикалық кірпіштен қаланған. Мазардың ең көрнекті элементі – дулыға пішініндегі күмбез, ол ағаш қаңқа негізіне орнатылып, сырты мыспен қапталған темір жапырақтармен көмкерілген. Күмбездің жалпы биіктігі – 6 метр. Кесене аумағында тәу етушілерге арналған арнайы үй және құдық бой көтерген, бұл – діни-рухани маңызы бар тарихи нысанның қызметін арттыра түседі. Мазардың басты кіреберісі оңтүстік-батысқа бағытталған. Үш тірек бағанмен безендірілген басты порталдың ортасында жерлеу кезінде қойылған араб жазуы бар темір плита сақталған. Сонымен қатар, солтүстік-шығыс жағында қос бағанды кіру есігі орналасқан. Мазар ішкі жағынан да өңделген: солтүстік-шығыс қабырға тұсында жерлеу орнына қойылған құлпытас бөлігі орнатылған. Кесене айналасы темір қоршаумен қоршалған, ал кешен алдындағы бастапқы алаңда батыр туралы қысқаша мәлімет жазылған гранит тақта қойылған [5, 212 б.]. 

Қостанай облысының Сарыкөл ауданына қарасты Крылов ауылынан солтүстік бағытта шамамен 14 шақырым қашықтықта орналасқан Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы) зираты – өңір тұрғындары мен жалпы мұсылман қауымы үшін аса құрметті рухани орындардың бірі болып саналады. Барақ батыр – XVIII ғасырда ел тәуелсіздігі жолында қол бастаған даңқты жауынгер ғана емес, ерекше емшілік және көріпкелдік қасиеттерімен танылған тарихи тұлға. Сол себепті де халық арасында ол «әулие Барақ» деп аталған. Осы зиратқа екі ғасырға жуық уақыт бойы қазақ мұсылмандары арнайы келіп, батырдың рухына тағзым етіп, құран бағыштап, дұға тілеп, құрбандық шалып отырады. Келушілер әулие зиратының басында түнеп, түрлі рухани сырын, тілектерін айтып, Алладан шипа, медет сұрайды. Бұл үрдіс –  ислам дініндегі «зират зиярат ету» дәстүрінің жергілікті деңгейдегі көрінісі.

Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы) кесенесі
Барақ Жанұзақұлы (Қарабалуанұлы) кесенесінің сыртқы көрінісі 

Жергілікті халықтың сенімінде Барақ батырдың рухы адамдарға рухани жәрдем беріп, жүрек түкпіріндегі адал тілектердің орындалуына себепші болады деген түсінік қалыптасқан. Осы сенім мен тарихи жадтың арқасында зират маңында құдық, тәу етушілерге арналған арнайы үй-жай салынған. Мұның барлығы – ұлттың тарихи тұлғасына деген ұрпақ ықыласының, рухани жалғастықтың белгісі. Қазіргі таңда бұл орын тек діни тәу етудің ғана емес, сондай-ақ өлкетану мен тарихи-мәдени туризмнің маңызды нысаны ретінде үкімет қарауына алынған. 

 

Әдебиеттер тізмі: 

1. Бабалар сөзі. Жүз томдық. 60-том. Тарихи жырлар / томның редакция алқасы: С. Қосан, С. Қасқабасов, С. Майлыбай, Қ. Алпысбаева. - Астана : Фолиант, 2010. - 446, [2] б.

2. Дүтпаев, С. Барақ батыр: (батыр кесенесінің тарихи негізі) // Сарыкөл. - 2017. - 17 тамыз. - 6. Б.

3. Сулейменов М. Барак-батыр третий, самый мудрый //Казахстанская правда.-1997.- 26 марта. с. 8.

4.Меңдібай,Сәлім(журналист).Қарабалуан мен Жазы би / Сәлім Меңдібай // Халық тарих толқынында: мақалалар жинағы. - Астана, 2014. - Т. 3. - Б. 385-389

5. Қазақстан тарихы этникалық зерттеулерде. Т.  Х : Арғын.  – Алматы: «Алаш» тарихи зерттеу орталығы, 2011. - 432 бет

Суреттер:  kieli.kz

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?